Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Есім хан (1598-1628) 2 page


Date: 2015-10-07; view: 1420.


Оңтүстік Қазақстан өңірі уақытша жоңғар өктемдігінде қалып қойды

 

 

Кіші жүздің Ресей империясы құрамына кіруі

Жоңғар қаупінің жойылмауы билеушілерден сыртқы қауіптен құтқаратын жол іздеуді талап етті. Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1680-1748) Ресейдің құрамына енуді ойластырды. Әбілқайыр ханның мақсаттары қазақ ауылдарының шаруашылық мұқтажымен де байланысты болды. Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңуді де ойлады. Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету- оның мақсаттарының бірі болды. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы Ресеймен əскери одақ құру болды. Əбілқайыр хан Петербургке аттанған елшілері - Сейітқұл Қойдағұлұлы мен Құтлымбет Қоштайұлына Ресейдің қол астына кіру туралы құжат тапсырды. 1731 жылғы 19 ақпанда Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы хан ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады. 1731 жылғы 10қазанда Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге ант берді. Патша үкіметі қазақ- жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндеп жаулап алу мақсатын көздеді. 1734 жылы мамырда Сенат хатшысы И.К.Кириллов басқарған экспедиция жабдықталып, Қазақстанға жіберілді. 1735 жылы Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі қаланды. 1738 жылы тамызда Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В.Н.Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының сьезін өткізді. Кіші жүз бен Орта жүзден барлығы 60-қа жуық старшын Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді. 1740 жылы тамызда Əбілмəмбет хан мен Абылай сұлтан Ресейге ант берді. Алайда Орта жүз дербестігін әлі де сақтады. 1741-1742 жылдары қонтайшы Қалдан- Серен (Галдан Цэрэн) Орта жүз бен Кіші жүзге екінші “ақтабан шұбырынды” жорықтарын жасады. Орта жүз қазақтары Ор бекінісіне дейін ығыстырылды. 1742 жылы 20 мамырда Ресей Сенаты қазақтарды жəне шекаралық бекіністерді қорғау жөнінде жарлық шығарды. 1742жылы 2 қыркүйекте Орынбор комиссиясының төрағасы И.Н. Неплюев Қалдан Серенге жолдаған хатында Ресейдің қарамағындағы қазақтарға қысым жасамауды талап етті. Ресей үкіметі Əбілқайырдың дара билігінің күшеюіне қарсы болды. Империяның қысымына шыдамаған Əбілқайыр Ресейден қайтадан бөлініп кетуді ойластырды. 1748 жылы Əбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты. Əбілқайыр ханның 1731жылы Ресей билігін мойындауы Қазақстан тарихындағы өзекті оқиға. Бұл қадамның жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығына белгілі дәрежеде шек қойғаны мәлім.

 

 

Қазақстан 18 ғасырдың ортасында

 

Әбілқайыр қазасынан кейін Кіші жүзде екі хандық орнады. Оңтүстік-шығыс бөлігінде–Батыр сұлтан, солтүстік-батыс бөлігінде Нұралы. Бұл жағдай патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік – шығыс аудандарын отарлауы үшін қолайлы болды. Патша əскерінің қуғынына ұшыраған 50000 башқұрт Қазақ хандығына қашып, қазақ ауылдарынан қорғаныш тапты. Бұл жағдай Ресей билеушілері тарапынан Кіші жүз қазақтарына өшпенділікті күшейтті. 18 ғасырдың 20-жылдары Алтайды патша үкіметінің отарлауы барысында пайда болған кен орындары мен зауыттарға қауіп төнді.

1747 жылы патшайым Елизавета Петровна үкіметі Демидовтар əулетінің қолында болған Алтай тау-кен кəсіпорындарын орыс патшалары отбасыларының меншігі деп жариялады.

1745 жылы күзде қалмақтардың билеушісі Қалдан Серен қайтыс болды.Таққа талас басталып, Орталық Азиядағы саяси жағдай шиеленісіп кетті.1755 жылы жоңғар тайпалары арасындағы талас нəтижесінде Жоңғар хандығы əлсіреді. Бұл жағдайды Пекин сарайы өз мүддесіне пайдалануға тырысты. 1755 жылы 19 шілдеде жоңғар мемлекетінің иелігі Цин өкіметінің меншігі деп жарияланды. Əмірсана Цин билігіне қарсы шығып, қазақ сұлтандары Абылай мен Əбілпайызға арқа сүйеді. Маньчжур – Цин əулеті Əмірсананың қарсылығын жаныштай отырып, Жоңғарияны түбегейлі талқандауға кірісті. 1758 жылы Жоңғария толық талқандалды. 1761 жылы империялық əкімшілік бірлестік – Шыңжан (жаңа шекара) құрылды.

18 ғасырдың 40-50 жылдары Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірі бекініс шептермен қоршалып, Горькая, Ертіс, Колыван, Есіл немесе Пресногорьковск шептері пайда болды. Қамалдар қыспағында қалған қазақтардың көшіп - қонатын жерлері тарыла бастады.

18 ғасырдың 60 жылдары қазақ - орыс сауда байланыстарының кеңейген кезеңі. Сауда айналымының орталығы Орынбор қаласы болды. Шыңжаңмен сауда байланысының орталықтары - Семей, Өскемен, Бұқтырма қоныстары. Ташкент, Бұхар, Қоқан жəне Қашғар көпестерінің жиі келетін сауда орталығы - Қызылжар (Петропавл) қаласы.

1756 жылғы қыркүйекте Жайық жағасына жақын жерлерде қазақтарға мал жаюға алғаш рет ресми шек қойылды. Ал 1757 жылғы желтоқсанның соңында Кіші жүз ханы Нұралыға Жайықтан мал айдап өтуге қазақтарға тыйым салынғандығы жөнінде шешім тапсырылды. Кіші жүздегі Нұралы хан мен Батыр сұлтан арасындағы кикілжіңді пайдаланған Петербург билеушілері Каспий теңізі мен Жайық өңіріндегі шұрайлы жерлерді казактарға тартып əперді. Ертістің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді бекініс коменданттары иеленіп алды. Бекіністерден алғашында 10 шақырым, кейін 50 шақырым жерге дейін қазақтардың мал жаюына тыйым салынды. 1760 жылы Ертіс өңіріне Ресейдің əр түкпірінен жерсіз шаруалар, қылмыскерлер, Доннан, Башқұрт жерінен казактарды əкеліп қоныстандырды. 1799 жылғы 21 қарашада император I Павел жарлығымен Орта жүз қазақтарының 45000 отбасына Ертістің оң жағасына мал жаюға, қайтадан қоныстануға рұқсат етілді.

Патша үкіметінің қазақтардың өз жерін пайдалануына шек қоюы, орыс-казак шаруаларын қоныстандыра бастауы қазақтардың жерін басып алу шараларының бастамасы болды.

Абылай хандығы

Абылай хан (Əбілмансұр, Сабалақ)1711–1781 жылдары өмір сүрген. Ол қазақ хандығының бұрынғы шекарасын қалпына келтіріп, елдің саяси – экономикалық дамуына өзгерістер енгізген мемлекеттік қайраткер. Абылай қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай, қанжығалы Бөгенбай, тарақты Байғозы, Малайсары, Баян батырлардың күшін біріктіре білді.

1745 жылғы қонтайшы қазасынан кейін таққа таласушылардың бірі - Əмірсана Абылайды паналап, Орта жүзге қашты. Әмірсананың қазақ жерін паналауын Маньчжур – Цин әулеті шабуыл жасау үшін пайдаланды. 1757 жылы маусымда қытай қолбасшылары Фу Дэ, Чжао Хой бастаған əскер Қазақ шекарасына басып кірді. 1757-1760 жылдары Қазақ елінің дербестігін, жерінің бірлігін қамтамасыз ету мақсатында Абылай Пекинде Қытай билігін мойындады. 18 ғасырдың 20-30 жылдары жоңғарлар басып алған шекаралық аймақтағы жайылымдар дипломатиялық жолмен қайтарылып алынды. 1760 жылы қытайлар Тарбағатай таулары маңайында көшіп жүрген қазақтарды қудалағанда, оны келіссөздер арқылы шеше білді. Жоңғария жойылғаннан кейін, оның жерін басып алған Маньчжур-Цин билеушілері Абылаймен келісе отырып жаңа шекара белгіледі. Абылай Орта Азия хандықтарымен байланысын дамытуға көңіл бөлді. 1771жылы үш жүз өкілдері Абылайды барлық қазақтың билеушісі деп таныды. Оның Жоңғарияға қарсы азаттық күрестегі, халықтың басын біріктірудегі рөлін, Ресей мен Қытайдың қыспағына қарамастан, іс жүзінде елдің дербестігін сақтап қалғандығын мойындады. 1778 жылы 24 мамырда II Екатерина Абылайды тек Орта жүздің ханы етіп бекітті. Абылай хан Ресеймен қарым-қатынаста бейбіт жағдайда болу қажеттігін ескеріп, ресми түрде бодандықты мойындады. Ал іс жүзінде тəуелсіздігін сақтады.

Хан билігіне қойылған шектеулерді Абылай хан мойындамады. Ірі ұлыстарды билеуге өзіне жақын сұлтандарды тағайындады. Билердің қызметіне шек қойды. Өз сарайында топтасқан халық батырларының қолдауына сүйеніп, жоспарларын қиындықсыз іске асырып отырды. Абылай хан қазақтардың Ертіс, Есіл бойы, Көкшетау, Тарбағатай өңіріне егін шаруашылығын дамытуын қолдады. Абылай хан төңірегіне белгілі жыраулар, ақындар топтасты:Үмбетей жырау,Тəтіқара ақын , Бұқар жырау. 1781 жылы Абылай хан дүние салды. 1781 жылы Абылайдың бас мирасқоры Уəли хан болып сайланды. Уәли сұлтанды Ресей мемлекеті Орта жүз ханы ретінде танығанымен, ол мемлекет басқаруға қабілетсіз болды. Қазақ хандығының бірлігін Абылай сияқты қамтамасыз ете алмады.

 

Қазақтардың 1773-1775 жылдардағы Е.И.Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы

Е.Пугачев басқарған 1773-1775 жылдардағы орыс шаруалар соғысына Еділ мен Жайық бойындағы башқұрт, татар, Орта жəне Кіші жүз қазақтары қатысты. Қазақтардың қарсылығын туғызған жағдайлар: Патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-батысындағы шұрайлы жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беруі. Петербург билеушілерінің осы аймақты жазалаушы топтармен ойрандатуы. Жайық бойында патша үкіметінің бекіністерді көптеп салуы. Кіші жүздің ірі ақсүйектері – Ералы, Досалы, Айшуақ сұлтандар, Нұралы хан көтерілісті қолдады. Алайда Жайық бекінісін қоршаудағы Пугачевтің сəтсіздігі Нұралы ханның көмек беруге асықпауына себеп болды. Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалы басқарған топты көмекке жіберді. Қазақ жігіттері Жайық бекінісін қоршауға табан тіресе қатысты. Кулагин бекінісін алуда басты күш қазақтардан құралған топ болды. Орынборды қоршауға 200-ге жуық қазақ қатысты. 1773 жылдың қарашасында Пугачевтің манифесіне арқа сүйеген қазақтар Жайықтың оң жағасына өтіп, малдарын жайды. Нұралы хан бастаған ақсүйектер екі жақты бағыт ұстанды-соғысты пайдаланып, жер тапшылығын жою, өзіне бағынышты қазақтарды қазақтарды тəуелділікте ұстау жəне жеңілсе патша алдында ақталу.

Орынборды қоршаудағы сəтсіздік Пугачев күштерінің Троицк бекінісіне шегінуіне себеп болды. Орта жүзден Дəуітбай би Пугачевтің үндеуіне қолдау білдіріп, старшындармен бірігіп, соғысты қолдайтын шешімге келді. 1774 жылғы күзде Сібір шептеріне шабуылдаған қазақтар патша əскерінің қысымымен Сырдария бойына ығысты. Бұхар хандығына дейін барған Орта жүз қазақтары Тобыл мен Есіл өзендері бойына қайтып оралды.

1774-1775 жылдары Сібір шегінде орналасқан патша əскері 3500 болса, 1775 жылы қосымша 626 адам, кейін 409 солдат әкелінді. 1775 жылы Жайық бойындағы шаруалар соғысы əлсіреді. А.В.Суворов бастаған күш Пугачев көтерілісінің басты орталықтарын талқандады. 1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысына қазақ халқының белсене қатысуы орыс-қазақ байланысындағы маңызды оқиға.

 

 

Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының 1783-1797 жылдардағы көтерілісі

1773-1775 жылдырдағы шаруалар соғысына қазақтардың жаппай қатысуы Нұралы хан бағытының әлсірегенін көрсетті. Кіші жүзде билігін күшейту үшін патша үкіметі әкімшілік басқаруға өзгерістер енгізді. Неплюевтің кезінде 1744жылы құрылған Орынбор губерниясы таратылды. Кіші жүздің көп бөлігі Сібір және Уфа басқармасына бағындырылды. Қазақтардың Жайықтың сол жағасына өтуін бақылайтын Орал шекаралық басқармасы құрылды. 1783-1797 жылдары болған көтерілістің басты қозғаушы күші шаруалар, старшындар, билер, ру басшылары болды. Көтеріліс аумағы Еділ жағалауынан Арал теңізіне дейінгі жерлерді қамтыды. Көтерілістің мақсаты патша үкіметінің отарлауына шек қою, Орал казак əскерлерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Нұралы хан мен сыбайластарының озбырлығына шек қою болды. Көтеріліс басшысы – байбақты руының старшыны, батыр жəне шешен Сырым Датұлы.1783 жылдың күзінде батырдың Орал казак əскерімен ашық түрде арпалыс жолына түсуі басталды. 1785 жылғы 17 ақпанда көтерілісті басу үшін аттандырылған генерал-майор Смирновтың тобында 300-ге жуық Орынбор қазағы, 2000-нан астам башқұрт, бірнеше зеңбірек болды. 1785 жылғы наурызда көтірілісшілерге қарсы 1000-нан астам казак тобымен старшина Колпаков жəне Пономарев аттанды.

Жем өзені бойында шоғырланған көтерілісшілер саны 7 мыңға жетті. Сырым тобы Сахарная бекінісіне шабуылдағанда сұлтан Айшуақтың баласы Атақ шайқаста қаза тапты. Сұлтан Айшуақтың өзі Орал қаласында тұтқындалды. Жазалаушылардың Нұралы ханның туыстарына қол көтеруі көтеріліс сипатын өзгертті. 1785 жылғы жазда болған Кіші жүз старшындарының съезі Нұралыны хандықтан тайдыру жөнінде шешім қабылдады. Орынбор өлкесінің губернаторы барон О.A.Игельстром Кіші жүзде хандық билікті жоюға негізделген жоба ұсынды. Көтерілістің қайта жандануын тездеткен жағдай 1791 жылы Орск маңында Ералының хан (1791-1794 ж.ж.) болып сайлануы болды. 1794 жылы Ералы хан қайтыс болып, 1795 жылы Есім хан (1795-1797) болып сайланды. Нұралы ұрпағының хандық билікке келуі Сырымның қарсылығын өршітті. 1796-1797 жылдардағы қысқы жұт, ханның салықты көбейтуі көтерілістің қайтадан күшеюіне түрткі болды. 1797 жылы Сырым тобының хан сарайына шабуылы кезінде Есім хан өлтірілді. 1797 жылыТөменгі Жайық бойындағы феодалдық топтар Нұралының ұлы Қаратайды хан көтерді. Барон Игельстром ұсынысымен Айшуақ сұлтан төрағасы болып белгіленген хан кеңесі құрылды. Кеңес құрамына Нұралы ханның ұрпағы енгізілмеді. Осы арқылы патша үкіметі Сырымды өзіне жақындатуға тырысты. 1797жылы күзде патша үкіметі Айшуақты хан етіп бекітті.

1797 жылы Қаратайдың қуғынынан құтылу үшін Сырым Датұлы Хиуа хандығына өтіп кетіп, 1802 жылы Хиуада қайтыс болды. 1801 жылы 11 наурызда патша үкіметі қазақ руларына Жайықтың өтуге, мал жаюға рұқсат берді. Көтерілістің жеңілуіне әсер еткен жағдайлар: феодалар мен старшындық топтар арасындағы алауыздық, руаралық қайшылықтар, көтерісшілердің нашар ұйымдасуы, Сырымның көтерілістің əр кезеңінде мақсаттарын өзгертуі.

 

18 ғасырдағы Қазақстан мәдениеті

Қазақстанның Ресей құрамына енуі әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірге өзгерістер әкелді. Қазақстанды орыс және шетел ғалымдары зеттей бастады. Князь Александр Бекович-Черкасский экспедициясы саяси қатынас тұрғысынан сәтсіз аяқталғанымен, Батыс Қазақстан аумағын игеруде ғылыми жағынан маңызды болды. И.Д.Бухгольцтің әскери жорық экспедициясы I Петрдің “Азияға жол іздеу” талабымен құрылған жеке тапсырмасы болды. Экспедиция құрамында болған тұтқындағы швед И.Г.Ренат “Жоңғария картасын” жасады. Г.Ф.Миллер Қазақ хандығы туралы мағлұматтарды оқып, зерттеп жүйеге келтірген. “Сібір тарихы” еңбегінде Орта жүз туралы жазған мәліметі ерекше бағалы. Г.Миллердің жазбаларында орын алған ерекше мәлімет, жоңғар тұтқынынан Абылай сұлтанды босатуға қатысқыны туралы жазғаны. П.И.Рычков Қазақ өлкесінің этнографиясы туралы терең ғылыми мұра қалдырды. “Орынбор өлкесінің топографиясы”, “Орынбор тарихы” еңбектерінде қазақ тарихының даму кезеңдері мен қиыншылықтарын атап өткен. П.И.Рычковтың баласы капитан Н.П.Рычковтың “Қырғыз-қайсақ даласы туралы күнделік жазбалар” атты еңбегінде Еділ қалмақтарының қазақ даласы арқылы Қытайға қашуы туралы мәліметтер, Кіші жүз қазақтарының өмірі туралы қызықты бақылаулар бар. Әбілқайыр ханның сол кезде жақсы сақталған бейітін суреттеп жазған. Неміс саяхатшысы, натуралист П.С.Палластың “Россия мемлекетінің әр түрлі аймақтарына саяхат” еңбегінде халықтың жағдайы, орналасуы, әскери бекіністердің салынуы суреттеледі. И.Муравин, Д.Галдышев, Я.Гуляевтер Әбілқайыр, Нұралы хандардың ордасында бірнеше рет болған. Орск маңында хандар мен сұлтандардың съезіне қатысып, өлкедегі саяси жағдайды суреттеп жазған.

Қазақ мәдениетінің тарихында 18 ғасыр ерекше орын алады. Халық ауыз әдебиеті шығармашылығының өкілдерінің бірі -Ақтамберді жырау шығармаларын Қаракерей Қабанбайға, Қанжығалы Бөгенбайға арнаған. Тәтіқара ақын шығармаларында шақшақ руынан Жәнібек, дулат руынан Бөкей мен Сағыр, Дербісәлі, уақ руынан Баян, Бөгенбай ерліктерін шабытпен жырлады. Сонымен бірге Абылайдың керемет қасиеттерін жырлаған. Үмбетей жырау Абақкерей руының батыры Жауғашарға, Бекболат биге арнап жыр шығарған. Бөгенбай батырға арналған жоқтауында Абылайдың өмірін, қызметін, көрнекті қолбасшы Бөгенбайды мақтан етті. Бұқар жырау өмірінің соңғы жылдары Абылайдың кеңесшісі болған. Жанақ ақынның шығармашылығының ең басты жетістігі “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасының ерекше бір нұсқасын таратуы.

 

ІІ бөлім. 19 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы. Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы

19 ғасырдың I жартысында жергілікті өнеркәсіп пен кәсіпшіліктің жаңа салалары қалыптасты. Ертіс, Жайық, Каспий, Зайсан көлі маңайында қазақтар балық аулауды тұрақты кәсіпке айналдырды. Қазақстанның батыс, солтүсті к-шығыс аудандарында тұз өндіру және оны сату жолға қойыла бастады. Шығыс, орталық аймақтарында түсті металдар, тас көмір өндіретін кен орындары ашылды.

19 ғасырдың I жартысы - Қазақ елінің Орта Азия хандықтарымен, Сібірмен, Цинь империясымен сауда байланыстарын кеңейте түскен кезең. 1803 жылғы 19 мамырда Ресей үкіметі керуендер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көпестерге өздерін қорғайтын қарулы топ ұстауына рұқсат берді. Ірі сауда орталықтарыПетропавл (Қызылжар), Ақмола, Орал, Семей, Бұқтырма, Орынбор, Омбы. Қазақстанның батыс өңіріндегі ірі сауда орталығы Кіші Орда (хан Ордасы) болды. Орта Азиямен сауда байланысын дамытуда Петропавл қаласы ерекше болды.

Халық арасында ықпалы кеміген хандар патша өкіметінің билеп-төстеу саясатына қарсылық көрсете алмады. 1781-1819 жылдары Орта жүзді басқарған Уəлидің қатігездігі халықтың наразылығын туғызды. Патша үкіметі 1815жылы екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Бөкей – 1817 жылы, Уəли – 1819 жылы қайтыс болғаннан кейін Орта жүзге хан тағайындалмады. 1822 жылы “Сібір қырғыздарының жарғысы” шықты. Авторы – Сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанский. 1822 жылғы “Жарғының” басты мақсаты - Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде əкімшілік, сот, саяси басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тəртіптерді əлсірету. Орта жүз әкімшілік жағынан ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Ауыл 50-70 шаңырақтан, болыс 10-12 ауылдан, округ 15-20 болыстан құралды. Округтер Омбы облыстық басқармасына бағынды. Оларды басқару округтік приказдарға жүктелді. Cөз жүзінде округті билеу аға сұлтанға берілсе де, істі шешуде көпшілік пікір алысу жүйесін енгізу олардың рөлін әлсіретті. Орта жүз жəне Ұлы жүздің бір бөлігінің территориясы “Сібір қырғыздарының облысы”деп аталды.

Батыс Сібір генерал- губернаторлығына Тобыл, Том, Омбы,Сібір қырғыздарының облыстары кірді. Орталығы – Тобыл, кейін Омбы (1839 жылдан бастап). Округтер- Қарқаралы, Көкшетау (1824ж), Баянауыл (1826 ж), Аякөз (1831ж), Ақмола (1832ж), Үшбұлақ (1833ж), Аманқарағай (1834ж), 40-50 жылдары құрылған Көкпекті, Құсмұрын, Алатау. Болыс сұлтандары өмірлік мерзімге сайланып, билік мұрагерлікпен берілді. Ауыл старшындары мен аға сұлтандар 3жылға сайланды. Аға сұлтандарды тек сұлтандар ғана сайлады. Оларға майор əскери шені, ал 10 жылдан кейін дворяндық атақ берілді. Сот ісі 3-ке бөлінді: қылмыстық істер, талап ету,шағым айту. 1822 жылғы реформа Қазақстанды басқаруды жеңілдетіп, өзара рулық қырқыстарға соққы берді. Орта жүзде хандық билік жойылды. 1824 жылы Орынбор губернаторы П.К.Эссеннің “Орынбор қазақтарын басқару жөніндегі Жарғысы” қабылданды. 1824 жылы Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға қызметке шақырылып, Кіші жүздегі хандық билік жойылды.

Бөкей Ордасындағы хандық билік 1845 жылға дейін сақталды.

 

Қазақтардың 1812 жылғы Ресейдің Отан соғысына қатысуы

Қазақ, орыс халықтарының байланыстары шаруашылық және мәдени салалармен ғана шектеліп қалған жоқ. Бұл байланыс Ресей халықтарының француздардың шапқыншылығына бірлесе тойтарыс беруінде де көрінді. Наполеон орнатқан континенттік блокаданы əлсіретуде, қазақтардың мал жəне мал өнімдерін Орынбор өлкесіндегі сауда орталықтарына жеткізуінің маңызы зор болды. Наполеон армиясымен соғыста атты əскер ерекше рөл атқарды. Бұл қазақтардан жылқы сатып алу мөлшерін арттырып отырды. Соғыс қарсаңында Орынбор губерниясында 40 кавалериялық полк құрылды. Қазақтар Орынбор полктерінде, əсіресе Орал казактарының əскери топтарында көп болды. 1812 жылғы қазан - қараша айларында Орынбор губернаторы Г.С. Волоконскийдің соғыс басталғандығы туралы манифесі қазақ ауылдарына жетті. Қазақтарды жауға қарсы күш жұмылдыруға шақырған – старшын Байсақал Тілекұлы.

Елтон тұз өндіру орнының жұмысшылары Батыс майданға 1млн. пұт тұз жөнелтіп, 22000 сом жинап берді. Риддер, Зыряновск, Белоусовка кен орындарының жұмысшылары мыс, қорғасын балқытуды көбейтіп, соғыс қажетіне 239 сом жинады.

Соғыс туралы хабардан кейін жүздеген қазақ жігіттері бүкіл ел бойынша ұйымдастырылып жатқан халық жасақтары мен тұрақты әскери бөлімдерге тіркеліп, майданға аттанды. 1812 жылғы қыркүйекте ерлігі үшін Майлыбайұлы күміс медальмен, Зындағұлұлы көгілдір ленталы медальмен марапатталды. 1812 жылғы 27 шілдеде Малаево Болото, Левия ұрыстарында Мұрат Құлшоранұлы мен Еріш Азаматұлына хорунжий атағы берілді. Вязьма түбіндегі ұрыста 1-тептяр полкінің жасауылы Сағит Хамитұлы ерлігі үшін 3-дəрежелі "Қасиетті Анна" орденімен марапатталды. Рамоново шайқасында атты әскер жауынгері Боранбай Шуашбайұлы, жасауыл Ықсан Əубəкірұлы ерлікпен шайқасты. Башқұрт полкы құрамында ақын Нарынбай Жанжігітұлы "Георгий" орденінің толық кавалері болды. Жанжігітұлы мен Байбатырұлы Лейпциг, Глогау, Веймар, Ганау, Франкфурт шайқастарына қатысты. 1814 жылғы 14 наурызда император І Александрдың бұйрығымен Парижге құрметті жеңімпаздар ретінде кірген əскер арасында Əмен Байбатырұлы мен Нарынбай Жанжігітұлы болды.


<== previous lecture | next lecture ==>
 | Есім хан (1598-1628) 3 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.14 s.