|
Лек. №4Date: 2015-10-07; view: 1594. Лек.№2 ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақ әдеби тілі
Қарастырылатын мәселелер: 1. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қызмет еткен тілдің сипаты. 2. ХV- ХVІІ ғ.ғ.қызмет еткен қазақтың төл әдеби тілі,оны зерттеу. 3. а) ХV- ХVІІ ғ.ғ.қазақтың ауызша әдеби тілінің құрамы,нормалануы. ә) Аталған кезеңдегі әдеби тілдің лексикасында кездесетін көнерген сөздер.б 4. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақтың төл әдеби тілінің грамматикалық құрылымы. 5. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақ әдеби тілінің стильдік сипаты.
Қосымша әдебиеттер:
1. «Бес ғасыр жырлайды»,- «Жазушы» баспасынан, 1989 ж.
2. «Ай, заман-ай,заман-ай»
3. «Ақын-жыраулар антологиясы»
1. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қызмет еткен тілдің сипаты. Аталған кезеңде өмір сүрген халықтың мәдени, рухани өмірінде жаңа құрыла бастаған халықтың сөйлеу тілі, қазақ халқын құрған ру-тайпалардың ертеден келе жатқан поэзиясы тілінің негізінде қалыптасып, дамыған ауызша әдеби тілі. Сонымен қатар, хан жарлықтары, елдер арасындағы қатынас қағаздары, кейбір жазба құралдарында шежірелердің жазба тіліне қызмет еткен Орта Азиялық түрки тіл өмір сүрді. Осылардың ішінен ерекше тоқталып, тілді структуралық тұрғыда зерттейтініміз – поэзияға қызмет еткен ауызша әдеби тіл. Ал қазақ хандарының концеляриясына , кейбір тарихи шежірелер тіліне қызмет еткен ресми тілдің тарихы мүлде бөлек. Ол бірде шағатай тілі, бірде түрки тіл деп аталды. Сонда негізінен тоқталатынымыз – жоғарыда атап кеткеніміздей ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақ әдеби тілі. Оның себебі, 60-ж.ж. басында ХV- ХVІІ ғ.ғ. өмір сүрген қазақ жырауларының есімдері табылды, еңбектері әдебиет теориясы тұрғысынан зерттелді. Мұралар қазақ әдебиеті тарихына енгізілді (М.Мағауин). Біз білеміз, көптеген ғалымдар осы кезеңде қазақтың әдеби тілі болды дегенге қосылмай келген. Ал тілші ғалымдар оның тілін, құрылымдық ерекшелігін, жанрлық, стильдік сипатын зерттейді.
ІІ. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қызмет еткен қазақтың төл әдеби тілі,оны зерттеу. Қазақтың төл әдеби тілінің тарихын ХV- ХVІІ ғ.ғ. бастасақ, оған хандық кезеңде өмір сүрген көркемсөз шеберлерінің тілі жатқызылады. Олар Сүйінішұлы Қазтуған, Шалкиіз, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Марғасқа, Тәтіқара, Доспамбет,Шобан, т.б. Әрине аталған кезеңдегі әдеби тіл үлгілерін тілдің құрылымдық қабаттарына қарай толық талдау мүмкін емес. Әсіресе , оның фонетикалық күй қалпын дәл сол кезеңдегідей айту мүмкін емес,қиын. Себебі, бұл әдеби тіл үлгілері ауызша сақталып, ауызша жеткен. Ал грамматикалық құрылысында дәл сол әдеби тіл үлгілері туған кездегідей деп айтуға болмайды. Олар да азды-көпті өзгеріске ұшыраған. Тілдің структуралық бөліктерінің ішінде өзгеріске көп ұшырайтыны да, көненің көзіндей сақталатыны да – лексика. Дегенмен, бұл әдеби тіл үлгілерінің тілдік, стильдік ерекшеліктері де бар: а) Ол ерекшеліктер ауызша әдеби тілдің ауызекі сөйлеу тілінен жоғары тұратынын көрсетеді. ә) Әрі белгілі бір дәстүрлілікті, жүйелілікті сақтағандығын көрсетеді. б) Әрі соңғы дәуірлердегі поэзия тілінен ажыратылатындығынан байқалады.
ІІІ.а)ХV- ХVІІ ғ.ғ.қазақтың ауызша әдеби тілінің құрамы,нормалануы. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақтың төл әдеби тілінің структуралық құрылымына талдау жасау барысында олардың тақырыбы мен идеялық мазмұнына назар аудару қажет. Осы тұрғыдан келгенде, мұраларды 3-ке бөлуге болады: 1. Дидактикалық толғау, тақырыбы – ақыл, насихат айту; 2. Арнау толғау, тақырыбы – ел қорғау,батырлық; 3.Портрет өлеңдер. 1. Аталған кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамы қарапайым сөзден (қарапайым лексикадан) тұрады. Ақын-жыраулар ғажап образ жасауда лексиканы қоршаған ортасынан, табиғаттан алғандығы байқалады. Мысалы, Асан Қайғыда: - Құйрығы жоқ,жалы жоқ- Құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ,қолы жоқ- Жылан қайтіп күн көрер!? Немесе Шалкиіздің Би Темірге айтқаны: - Жоғары қарап тас атпа, Жуық түсер қасыңа. Жаманға сеніп сөз айтпа, Күндердің күні болғанда, Сол жаман айғақ болар басыңа. Көріп отырғанымыздай, ғажап параллель, аналогиялар жасаған дидактикалық сипаттағы үзінділерде аң-құс, мал, өсімдік атаулары шебер қолданылған. 2. Аталған кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамында жауынгерлік, әлеуметтік ұғым атаулары да кездеседі. а) Әлуеметтік ұғым атаулары: жұрт, халық, хан, қызметші, дұшпан, би ұлы, бай ұлы,т.т. ә) Батырлы лексика: найза, алдаспан,ауыр қылыш, қанды көбе,т.т. Сонымен қатар мынадай қимыл ұғым атаулары да кездеседі: түменді бұзу, жауды қайтару, дұшпанның көзін қамау, атқан оғын оздыру,т.т. 3. Абстракті ұғым атаулары: атақ,даңқ, дәулет, пейіл, жалған, қайрат, т.т. Бұларды іштей 2-ге бөлуге болады: І. Қазақтың төл сөздері. ІІ. Араб-парсы сөздері. 4.Ойды нақтылау, дәлелдеу, салыстыру мақсатында антонимдер қолданғандығы көрінеді: хан-қара, жақсы-жаман, дос-дұшпан, т.т. 5. Сын есімді есімшелі тіркесті эпитет: қалайылаған қасты орда, егеулеген болат найза, т.т. 6. Тұрақты тіркестер: сегіз қиыр шар тарап, жалған дүние, т.т. Байқаймыз, қазақтың төл әдеби тілінің лексикасында орыс тілінен сөз ауысқандығы көрінбейді.
Лексиканың нормалануы а) Талдау барысында айтылған кезеңдегі белгілі бір мағынада тұрақталып, дәстүрлі нормаға айналғандығы байқалады. Мәселен, «жұрт» сөзі «территориялық тұтастық» мағынасында қолданылған. ә) Мынадай сөздер әлеуметтік термин ретінде қолданылған: хан, құл, аға, шора, би ұлы, бай ұлы, т.т. Мысалы, Доспамбетте: Азаулыда аға болған ерлер көп. «Аға» сөзі – жасы үлкен ер адам деген мағынадан бөлек мағынада қолданылып тұр. «Аға» сөзі түрік елінде әскери адамға , басшыға айтылады. Қазір аталған сөз активтену үстінде (аға сержант, аға оқытушы, төраға, ел ағасы,т.т.). Немесе мынадай қару-жарақ атаулары тілдік норма болды: садақ, жебе, адырна,т.т.
ә) Аталған кезеңдегі әдеби тілдің лексикасында кездесетін көнерген сөздер. Көнерген сөздер Біз білеміз, әдеби тілді танытатын үлгілер ауызша сақталып, ауызша жеткен. Сондықтан оны жеткізуші түсініксіз сөздерді түсінікті сөздермен алмастырып жеткізуі мүмкін. Бірақ көнерген сөздер кездеседі. Оларды 3 топқа бөлуге болады: 1. Бұл күнде мүлде қолданылмайтын сөздер. 2. қазір де түсінікті, бірақ қолданыстан шығып қалған сөздер. 3. қазір де қолданылатын, бірақ өзгеше мағынаға ие сөздер. Мәселен, сындырау, тебір, абғыту, нараду, күлем сөздерінің мағынасында қолданылмайды. Ал мына сөздер: ал (көне түркілік - қол), жазы – (дала, жапан дала), салу (қалдыру, тастап кету), т.т. Төмендегі сөздердің мағынасы түсінікті, бірақ аталған кезеңде өзгеше қолданылғандығы көрінеді: Қарындас сөзі қазір ер адамнан кейінгі әйел жынысты туысқан деген мағынаны білдіреді,заттық ұғым атауы. Ал аталған кезеңде қандас, ағайындас деген мағынаны білдіргендігі байқалады. Мәселен, Асан Қайғыда: - Ол күнде қарындастан қайырым кетер. Немесе Шалкиізде: - Ол қарындас, ән жолдас. Қыршын сөзі – жас өсімдік мағынасында қолданылғандығы байқалады. Мысалы, Шалкиізде: - Жағасына қыршын біткен тал еді. Осындай мағынада жұмсалып келгендігін эпостар тілінен де байқалады. Мысалы, Ш.Уәлихановтың зерттеуінде: - Құмға біткен қобаршын Кесіп алып сал еттім. Немесе Қадырғали Жалайридің «Жамиғат тауарихында»: - Дария арасындан, Қырчынлар йығып, Сал бағлап Дарияны кечті. Ал қазір қыршын – «жас» деген мағынада қолданылады және ол өмірден ерте кеткен адамға ғана айтылады. Көнерген элементтердің кездесуінің мынадай себептері бар: 1. Әдеби тіл үлгілерінің поэзия түрінде болғандығынан. Себебі, ұйқас, өлшем өзгертуге көне бермейді. 2. Әдеби тіл нормаларының тұрақтала бастауынан.
ІV. ХV-ХVІІ ғ.ғ. қазақтың төл әдеби тілінің грамматикалық құрылымы. Негізгі грамматикалық категориялар қазіргі грамматикалық нормаға жақын. Оның мынадай себептері бар: 1. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақ әдеби тілі халық ретінде қалыптаса бастағанда басқа түркі халықтарынан ажырап ,орныға бастауынан:тілдік ерекшеліктері нормалайтын 2.Түркі тілдерінің фонетика-грамматикалық жүйесінің баяу өзгеретіндігінен: 3.Әдеби тілді танытатын нұсқаларының ауызша таралып,ауызша жеткендігінен.Себебі,келесі ұрпаққа өтер кезде жаңасымен алмастырылғандығында: Дегенмен аталған кезеңдегі әдеби тіл үлгілерінде кейбір грамматикалық тұлғаларының өзгеше формада болғандығы заңдылық: а)Ол есімдіктердің септелуі:мекім, т.т. ә)Шығыс септігінің –дың, -дің формасында болуы: М.Шалкиізде : Ер өзіңдін соқыратын, Бұ кеткендін қайтпаса. б)Мақсатты келер шақ жасауда –арға формасының қолданылғандығы байқалады: в)Есімшенің ауыспалы шағын жасайтын –атын,-етін,-йтін ”тұғын” формасында кездеседі. М., Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін.
Сөзжасам жүйесі.
Жаңа ұғым атауларының негізінен синтетикалық тәсіл арқылы жасалғандығы байқалады. Бірақ,жұрнақ аз. Жұрнақтар –лық,-лік,-лы,-лі,-дай,-дей, т.т
Стилистика. ХV- ХVІІ ғ.ғ. қазақтың төл әдеби тілінің стильдік ерекшелігіне талдау жасау кезінде ғалым Құмат Өмірәлиевтің пікірін негізге алған жөн. Ғалым: «Авторларының көрсетіліп жүргеніне қарамастан «ортақ мотивті, көп вариантты авторларын тап басып айтуға қиын шығармалар»,-деп таниды. Әрі мына тілдік ерекшелігін атап көрсетеді: 1.Өлең-толғаулардың лексикалық, фразеологиялық, грамматикалық қайталауларға құрылуы; 2.Синтаксистік құрылымы жағынан ауызекі сөзге жақындығы; 3.Ұйқас құрауда,сөз таңдауда еркіндіктің бар екендігі. Біз білеміз, аталған кезеңде әдеби тілд үлгілері шешендік өнерге жақын. Сондықтан да болар риторикалық сұраулар, параллельдер, аналогиялар, қайталаулар кездеседі. Мәселен, а) Асан Қайғыда: - Көлде жүрген қоңыр қаз, Қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, Су қадірін не білсін?
Немесе Шалкиізде: - Қоғалы көлдер, қом сулар кімдерге қоныс болмаған. Немесе Доспамбетте: - Айналайын, Ақжайық, Ат салмай өтер күн қайда?! Немесе Шобанда: - Жиынымның ішінде Түрлі- түрлі бай да бар, Түменді бұзар ер де бар, Суырылып шабар батыр бар, Суың түсті жүйрік бар. Немесе Шалкиізде: - Менің ием бұлай етсе: Айналаңды берік етер, Жиған малын тәрк етер, Атын, тонын бұлды етер, Өз басыңды олжа етер. Немесе Шобанда: - Ал дегенде аларға Алып жерге саларда Алқалаған ауыр қолдар тоқтауға. Немесе Шобанда: - Саф арғымақ байлаған, Найзасына жалау байлаған. Қабардының бағазы Жүйрігіне шыдамай Желіп шықты көк тауға. Қайт - қайт десем қайтпайды, Қайтқанды намыс көргенге ұқсайды. Жоғарыдағы аталған көркемдеу тәсілі мен көркемдеу ерекшелігінен басқа ықшамдау да кездеседі. Мысалы, Асан Қайғыда: - Арғымағың жамандап, Тұлпар қайдан табарсың. Немесе Доспамбетте : - Тоғай қондым өкінбен. Немесе Марғасқада: - Ей, Қатағанның хан Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын.
Халық ауыз әдеби тілі. Оның ауызша әдеби тілге қатысы Біз білеміз, ауыз әдебиетіне халықпен бірге жасасып, ұрпақтан - ұрпаққа ауызша жеткен, авторлығын жоғалтса да, үнемі жетіліп, шыңдалып келген әдеби туындылар жатады. Оның бірнеше түрі бар, әрқайсысының тілдік, жанрлық ерекшелігі бар. Қазақ халқының мол ауыз әдебиеті мұраларының ішінде эпостар ХV-XVII ғасырдағы ақын-жыраулар творчествосына тілдік тұрғыдан жақын. Бұл жақындық, әсіресе, көркемдік тәсілі мен лексика-фразеологиялық сипатынан көрінеді. Мәселен, ХV-XVII ғасырдағы қазақтың төл әдеби тіл үлгілерінде де ақын-жыраулар образды табиғаттан алады. Эпостарда да солай. Қарлығаның аналық бейнесін саулы інгенге теңеу, Қыз Жібектің «тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» деп берілуі, Ақжүністің портретінің «наурыздың ақша қарындай, ақ бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай» деп берілуі осыны дәлелдейді. Сонымен қатар қару –жарақ атаулары да ұқсас. Мысалы, бадана көзді кіреуке; алты аршын ақ болат,көк сүңгі, т.т. Ауыз әдеби тілінің өзіндік ерекшелігі: Фольклор, ауыз әдебиеті мұраларының авторының белгісіз болуы; Негізінен ауызша тарағандықтан көп вариантты болуы; Кейбір сөздер,сөз тіркестері ортақ болып, бір шығармадан екінші шығармаға ауысып жүруі; Бірнеше өнердің бірлесе көрінуі, яғни фольклор синкретті өнер. Ғалым Ә. Жұбанов ауыз әдебиетінің тілі «әдебиетке түсіп» қалыптасқан халық тілі екендігі, яғни «әдеби тіл» екендігін айта келіп: «Өмір сүру формасы ауызша болғандықтан фольклор тілі өзінің біршама әдеби жүйесін бұзбас үшін «өзгеше тілдік штамбтарды», ерекше тек ауыз әдеби тіліне тән белгілерді, көне тұлғаларды, айырым, айшықты сөз оралымдарын бойына сақтап, соларды өзіндік стильдік нормасы ретінде тұтынады. Ал қандай да бір норманы ұстану дегеніміз – жүйеге түсу, әдебилену болып табылады» - дейді. Сондықтан қазақ әдеби тілінің тарихында ауыз әдебиеті тілінің өзіндік орны бар. Сол себепті Р.Сыздықова қазақ төл әдеби тілін 3-ке бөледі.
Кітаби тіл. Оның басты белгілері. Кітаби тіл дәстүрі деген тілдік құбылысты былай түсінуге болады: 1. Жалпыхалықтық сипат ала алмаған тіл (Егер жалпыхалықтық сипат алса, әдеби тіл дәрежесіне көтірілер еді). Ол жекелеген шығармалар тілінде қолданылған араб –парсы сөздері мен формалары, туыстас түркі тілдерінен кездесетін жеке сөздер мен грамматикалар. 2. Қазіргі тілімізде қолданудан шығып қалған көне тіліміздің қалдықтары. Бұл топқа Орта ғасырлық түркі тілдерінің қалдықтары ғана емес, жалпы көне түркі тілінде дербес қолданылып келген, кейінгі кезде белгілі бір шығарманың немесе белгілі бір дәуірдің жазба тілінде ғана кездесетін жекелеген сөздер мен көне формалар жатады. 3. Біз білеміз, кітаби тіл, яғни жазу мәселесі сөз болғанда, сауатты жазу, орфографиялық заңдылықтар айтылуы керек. Бұл қазақ әдеби тіліне тән орфографиялық дәстүр, заңдылықтар сақталмаған тіл. Себебі, көптеген түркі халқы (татар, өзбек, қазақ,т.т.) араб алфавитімен жазып, бірақ әр халықтың тілінің ыңғайына қарай әр түрлі оқыды. Сондықтан кітаби тіл грамматикалық жағынанкөптеген түркі халықтарына ортақ дәстүрі бар тіл. Ал қазақ әдеби тілінің орфографиялық заңдылықтары үндестік заңына негізделеді. Негізінен кітаби тіл дәстүрі 20 ғасыр басына дейін қазақтың төл әдеби тілімен қатар қолданылып келді. Қазақтың төл әдеби тілімен салыстырғанда кітаби тілдің мынадай тілдік ерекшеліктерін атап көрсетуге болады: 1. Сөз басы қысқы «й»-ден басталуы: йол, йігіт, йақшы, йамур,т.т. 2. Кейбір сөздердің көне тұлғаларда жұмсалуы: тауға (тағға), тиді (тейді), т.т. 3. Қосымшалардың үндестік заңына бағынбай жалғануы: дұшпанлық қылды; досчылық етшті; йгітлікте өлді; тағлы-ташты йер; қарындашлар; бекләр,т.т. Немесе бұндай дыбыстық ерекшелік септік жалғауларында да кездеседі: Қоңыратының патшағы ерді (Қоңыраттың патшасы еді). Бұл тілдік ерекшеліктер аталған кезеңдегі іс-қағаздар тілінде де, шежірелер тілінде де байқалады. Мәселен, «Шежіре – и түрікте»: - Ғақыллы уа мағрифатлы кіші еді. Йақшы уа йаман халық баршасы келгенден соң ол Оғыз хандан қалған уәлайатлар, уа өрік, уа тірік маллар – баршасы бұ айтқан патшаһ задаларының ұлығына ұлықша уа кішісіне кішіше берді. Құжаттар тілінде: -Орал йуыртындағы башқұртлар да бузулуб шыққанлардүр. Аны да күш-қуатыңыз бірлән алғаныңыз йоқдүр. Біз өзіміз оқ қайтаруб йбергәнбіз. Біздің ол йақшылық ішләріміз де умыт болуы тұрадүр. Байқаймыз, екеуінің де стилі бір, дыбыстық ерекшелігі де ұқсас.
Лек. №3 XVIII ғасырдағы қазақтың төл әдеби тілі
Қарастырылатын мәселелер: 1. XVIII ғасырдағы тарихи –әлеуметтік жағдай 2. XVIII ғасырдағы тілді танытатын үлгілер 3. XVIII ғасырдағы қазақ төл әдеби тілінің алдыңғы кезеңнен айырмашылығы. 4. XVIII ғасырдағы қазақтың төл әдеби тілінде кезедесетін текстологиялық қайшылықтар. І.Алдыңғы дәрістерде сөз еткеніміздей, қазақ әдеби тілінің қазақ қоғамына, мәдениетіне, рухани дүниесіне және халықтық мүддесіне қызмет етуі мен дамуы қазақ халқының саяси –экономикалық және мәдени өмірімен, сол кездегі тарихи жағдаймен тығыз байланысты. Біз білеміз, XVIII ғасырдағы қазақ халқының сыртқы жауларға, жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресі ғасыры болды. Әрі солтүстіктегі қуатты көрші орыс мемлекетінің қол астына енуінің басталу кезеңі болды. Осыған орай, С.Датұлы бастаған ұлт азаттық көтерілісі сияқты ірі оқиғалар кезеңі болды. Россиямен болған қарым –қатынас қазақ халқының экономикалық өміріне сауда –саттық сияқты жаңалықты әкелді. Орыс ғалымдары қазақ байлығын, тұрмыс–салтын зерттеуге кірісті. 1798 жылы Омбыда тілмаш, писарь дайындауға «Азия» мектебі ашылды. XVIII ғасырда қазақ жеріне ана тілде оқытылатын ұлттық мектептер, баспа орындары болған жоқ, қазақ тілінде кітаптар шығарылған жоқ. Алайда сол кезде қоғамға қызмет еткен тілдің типтерін, оның жай-күйін, оның нормалану процесін танытатын үлгі –нұсқалар болды. ІІ. Оған көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға қызмет еткен ауызша әдеби тілді жатқызуға болады. Оның өкілдері: Ақтамберді, Шал, Бұқар, Көтеш,т.т.Аталған кезеңде өмір сүрген сөз зергерлері мұнысымен шектелмейді. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты еңбекте Жанкісі, Есет, Қобылан жырауларды атауға болады. Бұған қоса, шешендік сөздің авторы ретінде танылған Байдалы шешенді де жыраулар қатарына қосады. Әдебиет зерттеушісі Қ.Мұхамедханов: «Байдалы Бұқардың замандасы, сөз өнерінің өрен жүйрігінің бірі. XVIII ғасырдағы ақын-жыраулар қатарынан орын алатын адам» - деп көрсетеді. Бірақ осы аталған ақын-жыраулардың бәрінің әлеуметтік үні бірдей болмаған. Сондықтан бір ғасырлық қыруар сөз дариясын бізге жеткені, сүзіп алынған маржаны – аты аты атлған ақын-жыраулар. Олардың ішінде шығармасының көбі жеткені – Бұқар жырау. Оның себебі: 1. Үлкен тарихи –әлеуметтік мәселелерді көтере алуында; 2. Мұсылманша хат тануында; Әңгіме етіп отырған дәуірде қазақ ауыз әдебиетінің мол мұралары болды. Өкінішке орай, сол кездегі жазып алынған варианттары болмағандықтан тарихын дөп басып айту қиын. Сонымен қатар ресми іс-қағаздары болды. Бұлар хан-сұлтан, старшындардың патша үкіметіне жазған, бір –бірлеріне жазған арыз –өтініштері, мәмілелері. Аталған кезеңде орыс саяхатшылары мен чиновниктері орыс тілінде жазған материалдары болды. Бұлардың тілінде жекелеген қазақ лексемалары кезедесіп қалады. Әрі кейінгі кездерде архив қазыналарынан табылған сөздіктер болды. Мәселен: а) Парсы және татар диалектілері сөздігі; ә) 49 орыс сөзінің қазақша және орысша аудармалары берілген аударма сөздігі; б) Хиуа және мешер, бұқар, қырғыз тіліне аударылған орыс сөздерінің тізімі; в) 1774 жылы жазылған орысша –қазақша сөздік. Осы аталған мұралар қазақ тілінің тарихын зерттеуде пайдасы тиер құнды екені сөзсіз. Дегенмен көркем әдебиетке, поэзияға қызмет еткен ауызша әдеби тіл негізгі болды.
ІІІ.Қазақтың ауызша қалыптасып, ауызша дамыған төл әдеби тілінің XVIII ғасырда да алдыңғы кезеңдегідей өрісі, қолдану аясы, жанрлық сипаты, әлеуметтік қызметі, т.т. әлі де шағын болды. Көріп отырғанымыздай, әдеби тіл көркем әдебиетке, оның ішінде поэзияға қызмет етті. Әдебиетті зерттеушілердің айтуына қарағанда XVIII ғасырда қазақ поэзиясының дамыған кезеңі. Сондықтан да алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сапалық мазмұнында айтарлықтай өзгешелік бар. Ол мынадан көрінеді: 1. Тақырып кеңейген: ел қорғау, батырлықты дәріптеу; 2. Үлкен тақырып – әлеуметтік, қоғамдық жағдайды суреттеу; 3. Тақырып мұсылмандықты насихаттау. (Ұқсастығы – лексикалық құрамында. Негізінен қарапайым лексикадан тұрады). Тақырыптың айқын болуы және көбеюі сапалық мазмұнына өзгеріс енгізді. Себебі әр тақырыптың оны ашатындай лексикалық құрамы болады. Сонымен қатар аталған кезеңде қазақ әдеби тілінің алдыңғы кезеңнен тағы бір айрмашылығы – нақтылық, даралық бар. Нақты тарихи оқиға, нақты тарихи тұлға, нақты тарихи жер-су аты кездеседі. IV. Аталған кезеңдегі әдеби тіл үлгілеріне текстологиялық қайшылықтар негізделеді. Оның себебі мынада: а) әдеби тіл үлгілері ауызша сақталып, ауызша жеткендіктен; ә) әдеби тіл үлгілері дидактикалық сиптта болғандықтан, нақылға, афоризмге айналып, бір ақынның айтқаны екіншісінен табылу, ааторын жоғалтудан. Оны төмендегі үлгілерден байқауға болады: Адам жасы жайында Бұқарда: - Жиырма деген жасының, Ағып жатқан бұлақтай. Отыз деген жасының, Жарға ойнаған лақтай. Қырық деген жасының, Ерттеп қойған аттай. Шал ақында: - Он бес деген жасым-ай, Жарға ойнаған лақтай. Отыз деген жасым-ай , Таудан аққан бұлақтай. Қырық деген жасым-ай, Байлаулы тұрған құр аттай. Ал Дулатта: - Он бес деген жасым қайда, Жарға ойнаған лақтай. Қайда кеттің жиырма бес, Тастан шыққан бұлақтай. Жиырма бес барма маңайда, Жайлаған жасыл құрақтай. Байқаймыз, тақырып біреу, идея да біреу, жеткізудің формасы да біреу. Осы тұрғыдан келгеде де ғалым Қ.Өмірәлиев Бұқар жыраудың «Бұл,бұл үйрек, бұл үйрек», «Ей, айтшы,Алланы айт», «»Ай, заман-ай, заман-ай» сияқты шығармаларын жыраудікі емес деп таниды. Тіпті, «Көк көгершін, көгершін» деген толғауын Бұқардікі емес, мұндағы образдар оған жат, «Еділдің арғы жағын алты ай жүріп айналдым» -деген жолдар Еділ –Жайықты мекендеген Доспамбет, Шалкиізге,т.т.тән деп есептейді. Бірақ ғалымның бұл пікірімен келіспеуге де болады. Себебі тура осындай жолдар эпостарда да кездеседі. Мәселен, Бұқарда: - Көк көгершін,көгершін, Көк кептер ұшар жер үшін. Көгала қамқа жамылып Ерлер жортар мал үшін. Тең тең үшін, тең үшін, Терек кестім сал үшін. Еділдің арғы жағын алты ай жүріп айналдым. Немесе «Ер тарғын» жырында: - Көк көгершін,көгершін, Көк кептер ұшар жер үшін. Баданамды басқа бөктеріп, Күн –түн қатып жортқанмын. Балтаға бардым тал үшін, Талды кестім сал үшін. Айналасы алты айшылық Еділге Тарланды талай-талай салғанмын. Немесе «Алпамыс батыр» жырында: - Ақ сұңқар ұшар жем үшін, Ерлер жортар ел үшін. Байқаймыз, фольклор тіліндегі оралымдар Бұқар тілінде де кездеседі. Ғалым Қ.Өмірәлиев Бұқардың дінге қатысты айтылған өлеңдері де Бұқардікі емес дегенді айтады. Бірақ жыраудың мұсылманша хат танығанын білеміз. Әрі дін туралы ойлары «Бірінші тілек тілеңіз» өлеңінде де көрінеді. Мысалы: - Бірінші тілек тілеңіз Жер қайысқан қол келіп, Желкілдеген ту келіп, Одан да бір сасып қалмасқа. Несеме - Үшінші тілек тілеңіз Үшкілсіз көйлек кимеске. (Үшкілсіз – мезгілсіз ажалдан сақта дегенді білдіреді ). Немесе - Бесінші тілек тілеңіз Бес уақытта бес намаз Біреуі қаза болмасқа. Немесе - Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас. Көріп отырғанымыздай, жырау дін, мұсылмандық туралы ойларын бірнеше өлеңдерінде дәлелдей алған.
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің структуралық құрылымы Қарастырылатын мәселелер: 1. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамы 2. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің сөзжасамы 3. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылымы 4. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің стильдік ерекшелігі, стилистикасы 5. XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің іс-қағаздары І. Аталған кездегі сөздік құрамы негізінен қазақтың төл сөздері мен кірме сөздерден тұрады. Кірме сөздер араб –парсы сөздерінен тұрады.
Қазақтың төл сөздері Жоғарыда атап кеткеніміздей бұл кезең қазақ қоғамы үшін шұбыра көшу мен қоныс аударудың заманы болды. Сондықтан көркем әдебиеттің тақырыбы да ел қорғау, мадақтау. а)1.Сондықтан да жауынгерлік лексика кездеседі: кіреуке, сауыт,найза, оқ, берен сияқты қару-жарақ атаулары; елдік, бірлік, жаулық сияқты сөздер кездеседі. 2. Мынадай тұрақты эпитеттер кездеседі:қоңыраулы найза, болат найза, кіреуке тон. ә) Жоғарыда атап кеткеніміздей, алдыңғы кезеңмен (әдеби тілдің сипатымен) салыстырғанда нақтылық, даралық бар. Сондықтан жалқы есімдер кездеседі. Мысалы,Тәтіқарада: - Қамыстың басы майда, түбі сайда, Жәнібек Шақшақұлы болат найза. Алдынан су, артынан жау қысқанда Ер жігіттің ерлігі осындайда. Байқаймыз, тарихи тұлғаның атауы бар. Бұған қоса, аталған кезеңдегі (атауларға) тарихи жер-су атауларй кездеседі. б) Әлеуметтік лексика кездеседі: хан,ханзада, бек, қараша, күң,т.т. Әрі бұл лексикалар сол кездегі әдеби норманы танытады. в) Қарапайым лексика кездеседі: Мысалы, Бұқарда: - Дөңгелек арба жүре алмас, Екі арысы сынған соң. Бұл жерде ел билеушісі, кемеңгері болмаса, елде бүтіндік болмайтыны «арба», «екі арыс» лексемалары арқылы беріліп тұр. Немесе Ақтамбердіде: - Жеңіме жамау түскенін, Жарлылық сенен көремін. Жағама қолдың тигенін, Жалғыздық сенен көремін. Ғажап аналогия, параллель «жең», «жаға», «жалғыздық» сөздері арқылы беріліп тұр. г) Аталған кезеңде әдеби тілдің лексикалық құрамында тұрмыстық ұғым атаулары кездеседі. Бұдан қазақ халқының қалай өмір сүргенін, немен айналысқанын көруге болады. Мысалы: - Ақ сары атан еспелі, Ел жайлауға көшкелі. Немесе - Семіз жарау байда бар, Бұйрығы бітеу қой да бар. Жарау – күтілген,жаратылған,бапталған жүйрік ат дегенді білдіреді,заттық ұғым атауы. ғ) Шаруашылыққа байланысты: саудагер, базар, орақ, масақ теру, т.т.
Кірме сөздер (араб- парсы сөздері) 1. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздер: дүние, момын, дуәлет,заман, халық, әлем, адам,құрмет, абырой,өмір,дүние, ғалам, т.т 2. Әрі күнделікті сөйлеу тілінде қолданыла бермейтін ислам дініндегі сөздер: хикмет, қыдыр, құдай, пір, фәни, нәубат, ғайбат, т.т. 3. Оқу –ағарту саласына қатысты: дәуіт, әлім, сауыт, сия, ғалым, т.т Негізінен бұл сөздердің көбі фонетикалық тұрғыдан «қазақиланған» тұлғалар.
ІІ. Сөзжасамы Сөзжасамдық амал-тәсілдердің ішінен синтетикалық тәсілдің актив қолданылғандығы байқалады. Негізінен ең актив қолданылған жұрнақтардың қатарында: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік. Мысалы, билік, жақсылық, қулық, кәрілік,т.т. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сөзжасамдық жұрнақтардың көбейгендігі байқалады: -лы, -лі, -ты, -ті, -сыз, -ақ, -ек, -тай, -дай, -аған,- еген, -улі, -шақ, -шек, -шық, -шік, -дас, -ша, т.т. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда -у жұрнаға активтенгендігі байқалады. Мысалы: дүниенің өлшеуі, Алланың жазуы, т.т.
|