|
Астана,2014 жыл 8 pageDate: 2015-10-07; view: 595. Қойлық
Қаялық Іле алабындағы аса ірі ежелгі қаланың орны (ІХ-ХІІІ ғ.). Қойлық Қарлұқ қағаны - Арыслан ханның ордасы болған. Бұл қала туралы монғол кағаны Мөңкеге жіберілген француз елшісі Вильгельм де Рубрук 1253 жылы жолжазбаларында: «Біз сол жерден бұрын базары болған және оған көптеген көпестер катынап тұрған Қаялық деген үлкен қала таптық» - деп жазады. Қаланың тұрған орны туралы түрліше жорамалдар бар. Қазақстан Республикасы ҰFA археологтары жүргізген соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер қаланың орны қазіргі Алматы облысы Сарқант ауданы Қойлық ауылы маңындағы қираған құрылыстар екенін анықтады. Саудакент
Орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Қаратаудың солтүстік беткейінде қазіргі Байқадам кентінің маңында орналасқан. Ежелгі деректерде ол Сугулхан (X ғ.), кейінірек Сулхан (XIII ғ.) деген атпен белгілі. Саудакент VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығына айналған. ҚазКСР ҒА-ның Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде 11 мұнаралы дуалмен қоршалған ескі қаланың орнын аршып алған. Қала орнынан табылған құмыралар, қыштан жасалған түрлі ыдыс-аяқтар оның VI-XV ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді. Мәдениеттердің өзара қарым қатынасы
Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысы Шаруашылық, мәдени және саяси байланыс Көшпелілер мен отырықшылар арасындағы байланыс мәселесі тарих ғылымында әр түрлі пікірлер туғызып отыр. Біраз зерттеушілер көшпелілер мен отырықшылар қарым-қатынасын олардың арасындағы қырғи қабақ қақтығыстар, соғыстар, жаулап алу әрекеттерімен байланыстырады. Бұл ретте көшпелілер белсенді рөл атқарды деп есептейді. Енді бір топ зерттеушілер бұл қарым-қатынастағы көшпелілердің орнын төмендетіп көрсетуге тарысады. «Көшпелілер отырықшылардың мәдени жетістіктерін қиратушылар, не болмаса өздеріне қабылдап алушылар болды» деген пікірлер де жиі кездеседі. Көшпелі және отырықшы жұрттардың арасындағы қатынас әр заманда, әр түрлі аймақта әрқалай болды. Олардың карым-қатынасында қақтығыс, соғыстармен қатар бейбіт сабақтастық, шаруашылық, сауда, мәдени өзара әсерлер аз болған жоқ. Мал өнімдеріне мамандандырылған көшпелі экономика егіншілік өнімдерін, қолөнер бұйымдарын отырықшылардан алса, отырықшылар мал өнімдерін, кейбір қолөнер заттарын, қолөнерге қажетті шикізаттарды көшпелілерден алып отырды. Мұндай сауда, айырбас қатынастары, әсіресе отырықшы халықтар мен көшпелі елдер көршілес орналасқан шекаралық, аймақтарда пәрменді түрде іске асып отырды. Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі, садақтың түрлері, қылыш, ат әбзелдері де көшпелілерден келген. Мысалы, VI ғасырда түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ертоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару-жарағына, киіміне еліктеді. Мысалы, VII—VIII ғасырлардағы түркілердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған. Таң әулеті кезіндегі Қытайда көшпелілердің киімі кең таралды, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйектері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілерде б.з.д. 1-мыңжылдықта пайда болған өнердегі «аң стилі» Қытайдан Дунайға дейінгі аралықтағы отырықшы елдерге де кең таралды. Көшпелілердің өзіндік саяси мәдениеті болды. Олар ел басқарушыларын ерекше қасиетті адам, Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді, ерекше басқару жүйесі, империялық қызмет шендері, рәміздері, ел басқарудағы ерекше мұрагерлік дәстүрі болды. Осы мемлекеттік басқару тәртібін көшпелілер кейбір жаулап алған отырықшы елдердің саяси жүйесіне орнықтырып та отырды. Көшпелілер отырықшы халықтардың бір-бірімен мәдениет алмасуына, олардың бірінен екіншісіне мәдени үдерістердің ауысуына себепші болды. Көшпелілер миграциясы, олардың бір отырықшы елдерден кейін келесі бір отырықшы халықтарды жаулап алуы арқылы мәдени диффузия іске асып отырды. Ерте орта ғасырлар заманында көшпелілер отырықшылармен тек қана соғысып қойған жоқ, сонымен қатар өзара тығыз бейбіт байланыста болды. Көшпелілер отырықшы елдер шеберлеріне өздеріне қажетті құрал-сайман, жабдықтарға тапсырыс жасаумен қатар оларды кажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен бірге көшпелілер отырықшылардан түрлі қолөнер түрін үйренді. Қала-дала байланыстары. IX—XII ғасырларда қалыптасқан қала мәдениеті жағдайында қолөнер мен сауда дамыған кезде отырықшы өркениет көшпелілердің экономикалық қарым-қатынастарының қажетті құрамды бөлігіне айналды. Бұл кездегі көшпелілер мен отырықшылардың қарым-қатынасы қалаларды жаулап алудан бастап, қарапайым айырбасқа дейін түрлі сипатта болды. Бұл кездегі қала мәдениетінің өсуі, мүлік теңсіздігінің күшеюі көшпелілерді қызықтыра түсті. Қалалар көшпелілердің сауда-саттық жасайтын орталықтарына айналды. Қарлұқтардың, тоғыз-оғыздардың жартылай отырықшылыққа айналуы жөнінде ортағасырлық авторлар жазған. Көшпелілердің Азия мен Еуропада қағанаттар түріндегі ерте мемлекеттіліктерінің пайда болуы 1-мыңжылдықтың екінші жартысындағы аймақтық әлеуметтік-саяси, экономикалық ерекшеліктерін анықтаушы фактор болды. Қыпшақтардың оңтүстік Ресей даласында пайда болуы Киев Русін өзінің оңтүстік-шығыс шекараларын қорғауды ұйымдастыруға, бекіністер салуға мәжбүр етті. Көшпелілер мен отырықшылардың шекаралық аймағының материалдық мәдениеті аралас болды. Аралдың шығыс маңы, Сырдың төменгі ағысы, Шу, Талас өңірі, Жетісу көшпелілер мен отырықшылардың ежелден және ұзақ уақыт тоғысқан аймағы болды. VII ғасырларда салынған Жетісу қалаларының көбі түрік қағандарының ордасы ретінде пайда болып қалыптасты. Жетісуда отырықшы мәдениет VI—XIII ғасырлар бойында көбейіп, қанат жая бастады. Түркеш, Қарлұқ, Қарахандар қағанаттарының халқы көшпелілер мен отырықшылардан тұрды. Қарлұқ, әсіресе Қарахандар дәуірінде көпшілік көшпелілер отырықшылыққа өтті. Осы кезеңде көп пайда болған қоныстар мен қалалардың ерекше түрі — төрткүлдер. Осы I кезеңдегі қала жұртының материалдық мәдениетінде қалалық жөне көшпелілік сипат араласты. Мысалы, ауланың ішінде киіз үй тігіп отыру салты, ауладағы кең мал қоралар, т. б. Жетісуда ортағасырлық қалалардың қирауының, қала мәдениетінің құлдырауының басты себебі — әскери саясат тәртібіне байланысты болды. Алдымен хорезмшахтың қидандарымен, одан соң наймандармен соғысы. Содан соң Жетісуды монғолдардың жаулап алуы. Соғыстардан, шапқыншылықтардан, ең алдымен, қалалар мен қоныстар қатты зардап шекті. Өндіріс, мәдениет ошақтары қиратылды, қала халқы жаппай Сырдария мен Ферғанаға қоныс аударды. Қалалардың қирауына ішкі, отырықшы иеліктердің өзара қақтығыстары да себеп болды. Іле даласында қала мәдениеті XIII ғасырда, Шу аңғарында — XIV ғасырда, Талас өңірінде XV ғасырда құлдырап, тоқырай бастады. Жетісуда кала мәдениетінің мүлде кұруы Ақсақ Темірдің Моғолстанмен соғыстарының салдарынан болды. Қазақстан аумағында исламды таратушылар арабтар емес, Орталық Азияның қалалық мәдениет орталықтарынан шыққан саманидтер болды. Араб мәдениетімен бірге араб жазуы, араб сәулет өнері, қыштан жасалған бұйымдары, эпиграфикасы келді. Мұсылмандық түркі қоғамының интеллектуалдық өміріне біршама өзгеріс әкелді. Арабтық, мұсылмандық мәдениетті меңгерген ғалымдар тобы қалыптасты: әл-Фараби (X ғ.), Жүсіп Баласағұни (XI ғ.), Махмуд Қашқари (XI ғ.), әл-Хорезми (XIV ғ.), т.б. Қазақстанда мұсылман дінін таратушы топтар пайда болды. Олар: хатибтар, мутаввалдар, молдалар, имамдар, т.б. Орта ғасырларда Месопотамия жерінен шыққан манихей діні қазақ жеріне Мәуереннахр отырықшылары арқылы келді. VIII ғасырда Батыс Түрік қағандары шығыстан келген манихей дініне колдау жасады. Манихей дінінің Қазақстандағы орталығы Тараз қаласы болды. Осы қалада жазылған манихейліктердің «Екі негіз жөніндегі қасиетті кітабы» (VIII ғ.) «он оқ бұдұн елін» (түркілерді) дінге қарату мақсатын көздеген еді. Манихей дінінің негізгі қағидасы бойынша, өмір жағымды, таза күштер мен зиянды, кара ниетті күштердің күресінен тұрады. Олар ілгерілеушілікке, дамуға қарсы болды, отбасын, өмірдің қызығын тәрк етті. Мал етін жеуге қарсы болды, тек өсімдік тағамдарын пайдалануды уағыздады. Б.З. V ғасырында Қазақстан жеріне несториандық сарындағы христиан діні ене бастады. Несториандар қасиетті Мария Құдайды емес, адам бейнесіндегі Христосты туды деп мәлімдеді. Сол үшін қуғындалған Нестордың ізін куушылар өз дінін шығыс елдеріне таратуға бет алды. Осы дінді әрі қарай таратушы Сириядан шыққан несториан-христиандар біртіндеп оны Бактрия, Парфия, Мәуереннахрға, Қазақ жеріне, одан Қытай мен Моңғолияға таратты. Несториандың христиандардың V—VIII ғасырларға жататын шіркеулері, ескерткіштері Тараздан, Меркеден, т.б. оңтүстік және Жетісудың ортағасырлық қалаларынан табылды. Орта ғасырларда бұл өңір халқы көне шамандық-тәңірлік дінмен қатар әр жерде буддизм, манихейлік, христиандық діндерді ұстанды. Бұл өңірде IX—X ғасырлардан бастап мұсылман діні кең таралып, негізгі дінге айнала бастады. Орта ғасырларда оңтүстік өңірде осындай діни синкретизмнің (күрделі араластықтың) пайда болуы да көшпелілер мен отырықшылардың мәдени қарым-қатынасының нәтижесі еді. Сонымен, көшпелілер мен отырықшы халықтардың арасында тығыз байланыс болған. Бұл байланыс бірде жаугершілік, бірде арагүдік қақтығыстар, алым-салық түрінде болса, ал көпшілік жағдайда бейбіт қарым-катынас, сауда, айырбас түрінде іске асты. Көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттердің жиі, тығыз араласуына Ұлы Жібек сауда жолындағы калалар үлкен өсер етті. Көшпелі және отырықшы шаруашылық-мәдени тұрпаттың өзара әсері, әсіресе олардың шекаралық аймақтарында күшті жүрді. Көшпелілер мен отырықшылар шаруашылық-экономикалық, мәдени байланыстары арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты. Ұлы жібек жолының жолдары мен бағыттары
Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен. Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры ІІ Юстинианның стратгі Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған.Осымен қатар ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған. Таразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін қазір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлігі Жібек жолының және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтарга жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын. Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған. Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұл қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ. дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұл қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың көпке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді. Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады. Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған. X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған. Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген. Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлігінен археологтар Есік, Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол қазіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар. Тәлхизден басталатын теріскей жолы Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екіоғыз қаласына жетеді. Ол кәзіргі Дунғановка селосының орнында болған. Вильгельм Рубрук бұл қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 ж. болған В. Рубрук осынау қалада «сарациндер» (иран көпестері) тұрушы еді— деп жазады. Жол Екіоғыздан шығып, қарлықтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Қойлақ) барады екен. Бұл шаһардың хан базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX— елшісі, монах-сопы В. Рубрук хабарлайды. Қаялық — қарлықтар орталығы болған, IX г. —XIII ғ. бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлықтар қоластына қараған. Қаялық Қаратал өзені алқабында көзіргі Антонов селосының шет жағында тұрған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы өткен. Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріл, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбалықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа шығандап кетеді екен. Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғ. саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған. Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа иек артып, Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне барған. Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шавғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен. Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа қаласына баратын болған. Одан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай — Жентке кеткен. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Ургенішке қаражол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Кавказға асып кететін болған. Жібек жолының осы бөлігі XIII ғ. өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шулы-дулы шаһарлар үстімен жүретін болады. Шавғар VIII ғ. деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шүйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Казіргі Түркістан тұрған жерде, Шавгармен қатар X—XIII ғғ. Яссы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Яссауи сол шаһарда тұрып, уағыз-насихатын жүргізеді. Шавгардан шыға жол оғыздар астанасы — Янгикентке қарай тартатын. Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге баратын. Әуелі, Шавгардан, кейінірек Яссыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутукчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін. Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады. Жолдың Отырардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Қаратаулық жатаған белесінен асып; ал Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы — бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырдың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Ормамбет сияқты қала жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр бастаухаттарында айтылатын. Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кентау сияқты жайлауларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн. Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, Қимақтар қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған.
|