![]() |
Лшем мен секірісDate: 2014-03-19; view: 885. Қайсыбір зат, я болмаса құбылыстың өзіне тән сапасы, сонымен қатар, сандық жақтары болады. Бір қарағанда олардың бір-бірімен байланысы жоқ, әрбіреуі өзінше өмір сүріп жатқан сияқты. Бірақ, ол үстірт көзқарас. Мұқият терең қарасақ, біз олардың бірлігін байқаймыз. Белгілі бір сапаға соған сәйкес сан келеді – біз оны заттың өлшемі дейміз. Олай болса, өлшем сандық сапа, я болмаса, сапалық сан деп айтуымызға да болады. Екіншіден, өлшем белгілі бір сапаның шеңберіндегі әр-түрлі сандық өзгерістердің бірлігі. Мысалы, судың сандық өлшемі 0 – 100 градусқа шейін. Бұл сандық шеңберде су өз сапасын жоймайды, бірақ 100 градусқа бір ғана градус қосылса, өлшем бұзылып, су жойылып дереу буға айналады. Сол сияқты әрбір металдың да өзінің өлшемі (константасы) бар, егер ол 1 градусқа өссе, ол балқи бастайды. Егер екі шақырымдық биіктікте атылған оқ секундына 7910 м. жылдамдыққа дейін жетсе, ол бәрібір жердің гравитациясының шеңберінен шыға алмай ақырында құлайды. Бірақ, оның жылдамдығы тек 1 м. ғана өссе болды (7911 м.) – жер жылдамдығы ғарыштыққа айналып, ол жерге құламайды. Егер де жылдамдықты 11189 м.сек. жеткізсек басқа планеталарға ұшуға мүмкіншілік аламыз, ал жылдамдық 16662 м.сек. жетсе – басқа жұлдыздарға ұшуға болады. Менделеевтің ашқан химиялық жүйесін алсақ, онда да осы заңдылықты байқаймыз. Атомның өзегінің заряды өскен сайын ескі сапа жойылып, жаңа элементтер пайда болады ( су тегінің өзегі – 1 протоннан тұрады, 2 –гелийге айналады, 3 – литиге, 4- бериллиға т.с.с.). Ақшалы азамат қашан капиталистке айналады? -Ақшанның сандық мөлшері оны тікелей өндірісте жұмыс істеуден босатып, басқа адамдарды жұмысшы ретінде жалдауға мүмкіндік пайда болған кезде,- дер едік. Сонымен, бір сапаның екіншіге өтуі зат, энергия, я болмаса информацияның қосылуы, я кемуімен байланысты екен. Әрбір сапалық өзгерістер сандық өзгерістердің негізінде пайда болады. Жаңа дүниеге келген сапа өзіндік жаңа мөлшерді талап етеді. Мысалы, судың көлемін будың көлемімен салыстырсақ - ол екі түрлі. Бурдың шеңберіндегі молекулярлық байланыстар сумен салыстырғанда мүлде өзгеше. Заттың өлшемі сандық өзгерістер арқылы бұзылған сәтте секіріс пайда болып, ол дереу екінші затқа айналады. Сонымен, секіріс деп ескі сапаның өлшемінің бұзылуы арқасында жаңа сапаның дүниеге келуін айтамыз. Дүниедегі заттар мен құбылыстар әр-түрлі шексіз болғандықтан, олардың өзгеруі тек өзіне тән жолдармен өтеді. Бірақ, қалай айтқанда да секірістің аты секіріс, ол көбіне жарылыс, күрт, интенсивті қарқынмен жүреді. Мысалы, микроәлемдегі бір элементарлық бөлшектің екіншіге айналуы секундтың миллиардтаған бір бөлігінде өтсе, мегаәлемдегі сапалы үрдістер миллиондаған жылдарға созылуы мүмкін. Философиялық әдебиетте басқа пікірлер де кездеседі. Мысалы, секіріс "жарылыс", я болмаса "бірте-бірте" өтеді деген пікірді келтірсек те болғаны (қараңыз: П.В.Алексеев, А.В.Панин. Философия., М., Проспект, 1997, стр.481.). Мұндай көзқарас секірістің мән-мағнасын жоққа шығарып "бұлдырлатып" жібереді. Күрделі объектілердің сапасының сандық өзгерістер арқылы жетілу сатыларын секіріске теңейді. Ал, ол секіріс емес, өйткені, мұндай жағдайда өзгерістер сол сапаның шеңберінде өтеді. Сандық мөлшер арнасынан шығып, сапа бұзылған кезде жағдай күрт өзгеріп, - секіріс басталады, ол заттың тез арада түбегейлі өзгеруіне – басқа затқа айналуына әкеледі. Біздің елімізде жүріп жатқан түбегейлі өзгерістер,- осы тұрғыдан алып қарағанда, - нағыз секіріс болып саналуы қажет. Өйткені, күрделі өзгерістер тек қоғамның кейбір салаларын ғана қамтып жатқан жоқ, ол қоғамның барлық құрылымдарында жүріп жатыр. Экономика саласына келер болсақ, тоталитарлық жоспарлы жүйе нарықтық жеке меншікке негізделген шаруашылыққа ауысты; халықты әлеуметтік жағынан тұрпайы теңеу саясаты жаңа топталу саясатына ауысты, әлеуметтік құрылым күрделене бастады; қоғамның саяси саласында бірпартиялық жойылып әр-түрлі таптар мен топтардың мүдделерін қорғайтын көппартиялық жүйе дүниеге келді; бәрін өз астына көмкерген тоталитарлық мемлекет – Левиафан жойылып, жаңа "азаматтық қоғаммен", "адамдардың құқтарымен" санасып жұмыс істейтін мемлекет қалыптасуда; қаншалықты қиындықтың астарында жүріп жатса да, рухани-адамгершілік салада да үлкен өзгерістер байқалады. Қоғамтану салаларындағы деректерге жүгінсек, өтпелі дәуір шамамен 15-20 жылға созылады екен. Бірақ, Дүниежүзіндегі бірде-бір ел ТМД елдері сияқты бүкіл елдің байлығын мемлекеттің қолына өткізген жоқ-ты. Сондықтан, біздің "секірісіміз" ерекше, аса қиын жағдайда өтуде. Дегенмен, аталған жылдардың шеңберінде нарықтық экономикаға негізделген демократиялық құқтық мемлекеттің мықты іргетастары қаланады деген үміттеміз. Әңгіме, осындай тағдырлы өзгерістерде өз руханиятымызды сақтап әрі қарай дамыта алсақ болғаны. Енді аталған ойды нақтылай келсек, 1985-1991 ж.ж. өткен тарихты сараптау, ойлану-толғану, біз неге дүниежүзілік қауымнан қалып қойдық, оған кім кінәлі, не істеу керек,- деген ойлармен болдық. Практикалық түрде, бұл уақытта әлі нақтылы реформалар басталған жоқ-ты. Тек, Кеңес қоғамы құрдымға кетіп, жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болған кезден бастап нақтылы реформалар басталды (1991 ж.). Сонда, теоретикалық болжамдарға жүгінсек, күрделі реформалар 2005-2010 ж.ж. аяқталуы қажет. Мүмкін, Түркменстан, Беларус, Тәжікстан сияқты елдерде ол бұдан да ұзаққа созылуы, ал аса тез қарқынмен келе жатқан Қазақ елі оны ертерек бітіруі ғажап емес, өйткені, реформалардың кейбір салалары Ресейден тез өтуде ( жекешелендіру, муниципалдық, пенсия жүйесі, аграрлық реформалар т.с.с.). Тағы да айту керек – тек өз болмысымызды осы үрдістерде жоғалтпауымыз қажет. Қорыта келе, біз "сапа", "сан", "өлшем", "секіріс" категорияларының бір-бірімен тығыз байланысты болып, белгілі бір жүйені құрайтынын байқадық. Оны әдебиетте "Сапа мен санның өзара бір-біріне өту заңы",- деп атайды. Ал, оның мәнін біз жоғарыда көрсетуге тырыстық. Ғылымдағы негізгі мақсаттың бірі – зерттеліп жатқан объекттің өлшемін анықтау. Адамдардың өмірі мен жүріс-тұрысында әрқашанда өлшемнен тыс шығып кетпеуге әдеттену қажет. Сонау көне заманда Солонның айтқан "өте ешнәрсе",- деген нақыл сөзін ұмытпағанымыз жөн. Жүйе, элемент, құрылым Жоғарыдағы талданған категориялар сияқты - жүйелік те болмыстағы заттар мен құбылыстарға тән қасиет. Ол Дүниедегі ретке келгендікті, белгілі бір заңдылықты, хаосқа қарсы тұрған үрдістерді сипаттайды. Жүйе дегеніміз белгілі бір тәртіпке келген өзара байланыстағы элементтер жиынтығы. Элементтер деп нақтылы тұрғыдан алып қарағанда әрі қарай бөлінбейтін жүйенің негізінде жатқан оның бөлшектерін айтамыз. Басқа жағдайда, байланыстарда сол элементтердің өзі жүйеге айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, бүкіл Дүниені - жүйенің жүйесі ретінде қарауға болады. Әрбір элемент белгілі бір жүйенің қалыптасуына қатысады. Егер ол болмаса, онда жүйе де қалыптаса алмайды. Элементтердің өзара байланысы мен іс-әрекеті жүйенің жаңа - өз элементтерінің қосындыларына тең емес - қасиеттерін тудырады. Мысалы, суды құрайтын су тегі мен от тегі – бөлек-бөлек алсақ - жаңғыш. Ал судың элементтері ретінде біріккен кезде, керісінше, отты сөндіретін қасиетке ие болады. Қайсыбір жүйе - өзіне тән құрылымнан тұрады. Құрылым (структура) деп жүйенің элементтерінің арасындағы тұрақты байланыстары мен қарым-қатынасының жиынтығы айтылады. Ал тұрақты байланыстар – заңдылықтың негізінде жатқан жоқ па? Олай болса, құрылымды - элементтердің заңдылықты байланыстары десек те болғаны. Дүниедегі сан-қилы жүйелерді ең жалпы түрде екіге бөлуге болады. Оның бірі – бейорганикалық, яғни, өлі табиғаттағы кездесетін жүйелер. Оған мысал ретінде күн жүйесін, неше-түрлі химиялық қосындыларды, техникалық жүйелерді келтірсек те болғаны. Олардың ерекшелігі – жүйе оны құрайтын құрамдас бөлшектеріне тәуелді. Мысалы, күн жүйесін құрайтын планеталардың біреуі болмағанда жердің орбитасы басқа болып оның бетінде, мүмкін, өмір пайда болмаған да болар еді ! Екінші – органикалық жүйелерді алсақ, олар өзінің өте күрделілігімен, сонымен қатар, бүртұтастықтың өзінің құрамдас бөлшектеріне қарағанда басымдылығының арқасында өмір сүреді. Олар өз-өзін толықтырып, өзіндік даму дәрежесіне дейін көтеріледі. Оған мысал ретінде қайсыбір тіршілікті алуға болады. Бейорганикалық жүйелердің бөлшектері (элементтері), салыстырмалы түрде қарағанда, дербес болып, өз-өздігімен өмір сүре алатын болса, органикалық жүйелердің элементтері жүйеге толығынан тәуелді, одан сырт қалса - өмір сүре алмайды. Мысалы, адамның бауыры мен бүйрегі біртұтас организм жүйесінен тыс өмір сүре алмайды, өз өмірін тоқтатады. Тек қана организм жүйесінің шеңберінде ғана басқа организмнің құрамдас бөліктерімен қарым-қатынасқа түсіп қана өмір сүреді. Органикалық жүйелердің екінші керемет қасиеті – олардың ішкі даму бағдарламасының болуы. Оның терең мән-мағнасын бүгінгі таңда тез қарқынмен дамып келе жатқан генетика ғылымы зерттейді. Қоғам өмірінде ол саналы түрде жасалған мақсат-мұратқа айналады. Мысал ретінде “Қазақстан – 2030” бағдарламасын келтіруге болады. Бүгінгі таңда ашылған ең күрделі жүйе, әрине, - қоғам. Қоғам өмірінде миллиондаған адамдар өмір сүреді. Олардың бәрі де саналы пәнделер, өз өмірін жоспарлап, өз алдына неше-түрлі мақсаттар қойып, оны іске асыру жолында басқа адамдармен топтасып, көзге көрінетін сан-алуан қарым қатынастарға түседі. Ал, көзге көрінбейтін саны жоқ қатынастарды тіпті есептеу мүмкін емес! Мысалы, дүкенге барып бір нан сатып алсаңыз – ол тек қана сізбен сатушының қарым-қатынасын көрсетіп қана қоймайды. Сол элементарлы байланыс сізді саны жоқ астыртын миллиондаған адамдармен қосады. Ол нанды ұннан жасайды, ал оны өндіру үшін бидай қажет, ол үшін егін егу керек, оған тракторлар мен септіргіштер керек, ал оларды жасау үшін темір рудасын өндіріп, оны металлургия комбинатында балқыту керек …т.с.с.!!! Қоғамның күрделі жүйе екендігін реформа барысында, әсіресе, саясаткерлер естерінен шығармау керек. “Ең алдымен экономика саласындағы реформаларды жасап алайық, қалғаны бірте-бірте өз орнына келер”,- деген жалаң да тұрпайы ұрандар, құдайға шүкір, бүгінгі таңда келмеске кетті. Экономика қоғамның іргетасын құрайтындығы - хақ. Сонымен қатар, бүгінгі таңда “адам факторы” негізгі қоғам байлығына айналып жатқаны да еш күмән туғызбайды. Қоғамды Дүниедегі ең күрделі жүйе ретінде қарағанда, оның өзі де ішкі оған бағынышты субжүйелерден тұратынын айқындаймыз. Бүгінгі кең тараған пікір – оны 4 субжүйеге бөлу: 1.экономикалық жүйе; 2.әлеуметтік жүйе; 3.саяси-құқтық жүйе; 4. рухани-адамгершілік жүйе; Олардың әрбіреуінің өзіндік элементтері, құрылым заңдықтары бар. Бірақ, оларды талдауды “әлеуметтік философияға” арналған тарауымызда қарастырамыз. Бүтін және бөлшек “Бүтін” және “бөлшек” ұғымдары өзінің мазмұны жағынан “жүйе” және “элементке” өте жақын. Дегенмен де олардың айырмашылығы да жоқ емес. Бүтін деп өзінің іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса, құбылысты айтамыз. Бөлшек деп бүтіннің құрамына кіріп оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса, құбылысты айтамыз. Бүтін мен бөлшектің жүйе мен элементтен айырмашылығы – бүтін заттың бірлігін, ерекшелігін көрсетсе, жүйе – бірліктің көптүлігі арқылы көрінеді. Бөлшек бүтіннен тыс байланысқа түсіп өмір сүре алмайды, ал элемент бүр жүйенің құрамдас бөлігі ретінде, сонымен қатар, басқа байланыстарға да түсуі мүмкін. Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен қатар, өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтінге келер болсақ, ол өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар арқылы өз ерекшеліктерін болмысқа әкеледі. Бүтін мен бөлшектің өзара байланысын зерттеуде екі асыра сілтеушілік бар. Біріншісі бүтінді асыра бағалайды – оны холизм (hole,- ағылшын сөзі,- бүтін) десе, екіншісі бөлшекті негізгі деп есептейді – оны меризм (mere,- ағылшын сөзі,- қарапайым) деп атайды. Мысалы, тірі организмді алсақ, меризм оны механикалық, физикалық, химиялықтың қосындыларына тең деген пікір айтады. Холизм же жоғарыдағы үшеуімен қатар, организмнің төртінші - бәрін біріктіріп, оны өмір сүру мен дамуға итермелейтін “х-факторды” мойындайды. Соңғы – рухани (Аристотельдің сөзімен айтсақ - заттың энтелехиясы), ол – танылмайды. Мәселенің шын шешіміне келер болсақ, тірі организм өз заңдылықтарының (биологиялық) негізінде өмір сүреді, сонымен қатар, төменгі қозғалыс формалары (механик., физик., химиялық) тәуелді түрде оның өмір сүруінде сақталып, өз қызметтерін атқарады. Холизмді асыра түсіну негізінде саясатта неше-түрлі тоталитарлық тұжырымдамалар дүниеге келеді. Ол идеялар өмірде іске асқан жағдайда жеке адамдардың мақсат-мүдделері толығынан қоғамдық жалпы мүдделерге бағынышты болуы керек. Жеке адам өмірінің құндылығы, қажеттігі, оның өз алдына қойған мақсат-мұраты, оларды іске асыруға бағытталған әрекеттері т.с.с. бәрі - қоғамдық жалпы мүдденің шеңберінен тыс шықпау керек. Оны уақытында большевиктер мынандай мақал-мәтелмен берген: “ағашты шапқанда – жоңқалар ұшады” (сондағы “жоңқалар” – жеке адам өмірі! ). ХХ ғ. пайда болған неше-түрлі тоталитарлық режимдер миллиондаған жеке адамдарды өзінің қияли “қоғамдық мүдделеріне” қарсы келді деп құртып жіберген жоқ па?! Енді бүгінгі таңда “либералдық демократия” саясатынан туындаған “әлеуметтік атомизм” тұжырымдамасына келер болсақ, ол, керісінше, жеке адамның мүдделері мен мақсат-мұратын қоғамдық мүддеден гөрі биік қояды. “Жеке адамның іс-әрекетіне толығынан жол ашылсын!”, “Адам құқтары мен еріктігі басымқы болсын!”,- деген ұрандардан “керісінше тоталитаризмді” байқауға болатын сияқты. Нәтижесінде, “мықтылар” мен қарабеттілер қоғамдық мүддені басып-жаншып әлеуметтік қайшылықтарды үшкірлетті. Әрине, бөлшек, бөлік деген сөздердің өзі “бөліну, өз еркін іске асыру”, - деген мағна береді. Бірақ, екінші жағынан, ол тек бөлік қана, сондықтан, тұтастың, бүтіннің шеңберінде өмір сүруі қажет. Олай болса, тұлға қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, сонымен қатар, қоғам жеке адамның мүддесі мен мақсат-мұратымен санаспай, оны толығынан өз еркіне көндіруге әрекет жасамауы қажет. Адам қауымшыл, қоғам адамгершіл болғанда ғана екі жақтың мүдделері іске асып үйлесімді дамуға жол ашылады. Мазмұн және форма Келесі талдайтын категориялар – мазмұн және форма, өйткені, біз болмысты талдауда әрі қарай тереңдей түсеміз. Мазмұнға зат, я болмаса құбылыстың барлық құрамдас бөліктерінің жиынтығы, олардың қасиеттері мен байланыстары, қайшылықтары жатады. Форма деп мазмұнның өмір сүру тәсілін, оның ішкі ұйымдасу тәртібін айтамыз. Мысалы, М.Ауезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясын алсақ, оның мазмұнына қазақ халқының сайын даласындағы ХІХ ғ. сан-қилы оқиғалар, Абайдың өмір кезеңдері, оның философиялық толғаулары т.с.с. жатады. Романның формасына келер болсақ, оған әр-түрлі тараулардың бір-бірімен байланысы, автордың стилі, көркем сөзінің ерекшеліктері т.с.с. жатады. Ол – романның ішкі формасы. Сонымен қатар, роман баспадан оқушыларға арналып, арзан қағазға басылып, жұмсақ мұқабамен түптелуі мүмкін – ол оның сыртқы формасы.Ол басқаша да болуы мүмкін - қымбат ақ қағазға басылып, ішінде суретшінің жасаған құнды түрлі-түсті суреттемелері де болуы мүмкін. Заттың сыртқы формасы кейбір жағдайда өте мәнді болып келеді. Мысалы, ұшақтың, сүңгуір қайықтың, автомобильдің т.с.с. сыртқы формасы мақсатқа лайықты болмаса, ол өз қызметін дұрыс атқара алмас еді. Сондықтан, ғалымдар құстың қанатын, балықтың дене формасын зерттеп оны осы өндірістерде пайдаланады. Тарихи форма категориясын философияға еңгізген ұлы Аристотель болды. Оның ойынша, материя пассивті, енжар, өзіндік дамуға мүмкіндігі жоқ, езілген саз сияқты. Оны Дүниеге келтіретін, дамытатын форма ғана. Материя формасыз, форма – материясыз өмір сүре алмайды. Жаңа дәуірде материяның ішкі өзіндік күш-қуатын мойындап оның белсенділігі мен форманың оған тәуелділігін көрсеткен Ф.Бэкон болған-ды. Тарихи, Гегель алғашқы рет мазмұн категориясын философияға еңгізіп оны материя мен форма арасындағы дәнекер ретінде қарайды. Маркстік философияда мазмұн мен форма даму үрдісін анықтауда пайдаланатын категориялар ретінде қаралады. Бүгінгі таңдағы нәтижелерге келер болсақ, мазмұн мен форманы бір-бірінен айыруға болмайды, қайсыбір мазмұн - формаланған, форма – мазмұнды.; олар қайшылықты бірлікте, даму үрдісінде бір-біріне өтуі мүмкін; бір-біріне сай келгенде ең тиімді даму үрдісі жүреді. Мазмұн мен форманың ара-қатынасын талдауда екі бір-біріне қарсы пікір бар. Сонау Аристотельден келе жатқан көзқарас – форманың белсенділігі. Екінші, негізінен алғанда, маркстік философиядағы көзқарас – мазмұнның бастаушылығы мен форманың тұрақтылығы. Заттың мазмұны басқалармен үне бойы байланыста болғаннан кейін өзгеріске ұшырап, белгілі бір кезеңде ескі формаға симай, оны өзгертеді – жаңа пайда болған форма мазмұнның әрі қарай дамуына жағдай туғызады. Біз, жалпы алғанда, екінші пікір дұрыс па деген ойдамыз. Сонымен қатар, қоғам өмірінде саналы адамдар өмір сүргеннен кейін, олар жаңа формаларды тудырып, мазмұнды соған сай етіп өзгертеді. Ол әсіресе айқын өтпелі даму кезеңдерінде көрініп отыр. Экономика саласындағы жаңа меншік формаларын өмірге еңгізу шаруашылық үрдістердің күрт дамуына жағдай жасады. Муниципалдық, пенсиялық реформалар жаңа формаларды еңгізу арқылы жүруде – соның арқасында бұл салаларда да үлкен өзгерістер байқалады; қоғам өміріне жаңа формаларды еңгізу, негізінен алғанда, жаңа заңдарды қабылдау арқылы іске асып жатыр; Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді – оның бәрі де қоғам өміріндегі форманың белсенділігін, оның мазмұнға қарағанда алда жүретінін көрсетеді. Сонымен қатар, форманың мүмкіндіктерін асыра бағалау – формализм деген теріс құбылысты тудырады. Ол, әсіресе, басқару жүйесіндегі шен иелерінің қызметімен байланысты. Ондай адамдарды халық “қағаздық жан” (бумажная душа) деп атайды. Олар мәселені мазмұнына қарап шешудің орнына неше-түрлі ұсақ-түйікке арқа салып, тежейді. Реформа барысындағы көп өзгерістер өмірге жаңа заңдар, формаларды еңгізумен байланысты екенін жоғарыда көрсеттік. Бірақ, сонымен қатар, барлық еңгізілген жаңалықтар жақсылыққа әкелді деп айту да қиын. Мысалы, бұрынғы совхоздар мен колхоздарды жою, тіпті жақсы пайдалы жұмыс істеп тұрған кейбір шаруашылықтарды жасанды түрде банкроттау, әрине, ауыл шаруашылығын дамытуда жасалған үлкен қателіктердің бірі болды. Тиімді саясат арқылы сол ескі формаларға жаңа мазмұн беріп дамытуға, әрине, болар еді. Қазіргі уақытта, кіші-гірім фермерлер өндірісті дамытуға күші жетпей қайта бірігу үрдісінде. Алып жерлерді игеріп жатқан қаланың лендлордтары тек өз қамын ойлауда, бұрынғы ауылдың құрылымы, әсіресе, әлеуметтік сала жан аярлық қалде. Олай болса, әңгіме тек жаңа формаларды еңгізуде ғана емес, сонымен қатар, жаңа жағдайда дамуға мүмкіндік жасай алатын ескі формаларды да ұқыпты пайдалануда болса керек.
|