Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Ылым. Таным методологиясы 2 страница


Date: 2014-03-19; view: 916.


Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстар бір-бірімен сансыз неше-түрлі байланыста болғаннан кейін, диалектикалық методологияның зерттеуші алдына қоятын келесі талабы – заттың неше-түрлі байланыстарын жан-жақты зерттеу. Әрине, ол байланыстардың шегіне жетіп барлығын қамту мүмкін емес. Дегенмен де, мейлінше көбірек қамту – бізді қателіктерден сақтайды.

Дүниеге келген әрбір зат үне бойы бір орнында тұрып қалмайды. Ол өзгеріске ұшырап, неше-түрлі сатылардан өтеді, ақырында - өмірден озады. Сондықтан, диалектиканың негізгі талаптарының бірі – зерттелетін объектіге тарихтық тұрғыдан қарау.

Дүниеге әр зат өз қайталанбас болмысымен келеді, сонымен қатар, басқа заттармен ортақ қасиеттері арқылы бірігіп байланысады. Олай болса, әр зат өз ерекшелігімен құнды. Сондықтан, қайсыбір зерттеудің негіздерінің бірі болып нақтылық қағидасы жату керек, өйткені, барлығына бірдей абстрактылық ақиқат танымда ешқашанда болған емес.

Диалектиканың әрбір категориясының методологиялық мәні бар, өйткені, олар Дүниенің сан-қилы жақтарының ең жалпы, мәнді байланыстарын бейнелейді. Ал Дүние қайшылықты жаратылғаннан кейін диалектикалық категориялар пар-парымен бірге, сонымен қатар, қайшылықты болып келеді. Сондықтан, қайсыбір сандық өзгерістер ертелі-кеш заттың өлшемін бұзып жаңа сапаның пайда болуына, себеп – салдарға, шындық жаңа мүмкіндіктің пайда болуына, кездейсоқтық - қажеттіктің іске асуына т.с.с. әкеледі.

Енді диалектикаға қарсы келетін метафизикалық методологияны талдау үшін, ең алдымен осы ұғымның мағнасын анықтау керек. Уақытында Аристотельдің болмыс іліміне арнаған "Бірінші физика" атты еңбегін Андроник Родосский "Метафизика" (физиканың әр жағында,- деген мағна береді) деген атпен жарыққа шығарған болатын. Сол уақыттан бастап осы күнге дейінгі бұл категорияның негізгі мағнасы – болмыс ілімі, табиғаттың әржағында жатқан терең философиялық мәселерді талдау. Мысалы, "бұл Дүние шектелген, я шексіз бе, мәңгілік, я уақытша ма?" , "ақиқат, ізгілік, әсемдік, бақыт дегеніміз не?", "Құдай бар ма, я жоқ па?" т.с.с.

Жаңа дәуірде Г.Гегель бұл категорияға екінші мағна берді. Ол - диалектикалық методологияға қарсы тұрған даму тұжырымы. Олай болса, метафизика дамуға қандай тұрғыдан қарайды,- деген заңды сұрақ туады.

Қозғалыс, дамудың қайнар көзін метафизика сыртқы ықпал, себептен көреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мысалы, тұлғаның білім алуы оған білім беретін мұғалімдердің сапасына байланысты (сыртқы ықпал). Бірақ, сол адамның білімге деген құштарлығы, білгенімен білмейтіні арасындағы ішкі қайшылық оның жүрегінде от болып жанбай, ол қандай керемет оқытушы, академиктер сабақ берсе де терең білім ала алмайды. Керісінше, ондай ішкі талпыныс болса, ол өз белсенділігі арқасында жақсы маман болып шығуы ғажап емес. Бүгінгі өмірде "Мен шет елден оқып келдім",- деп ысқырғаны тауды жарғанмен, айдағаны бір-ақ ешкі азаматтарды жиі кездестіруге болады. Оларды шет елдерде оқытуға әке-шешелерінің қолы жеткенмен, балалары үміттерін ақтамады.

Метафизика дамуды "заттың бірте-бірте үлкейуі, я болмаса, кішірейуіне" теңейді. Мысалы, ананың ішіндегі пайда болған ұрық, метафизикалық тұрғыдан қарағанда, кішкентай аяқ-қолы, басы бар адам. Ол ананың ішінде 9 ай үлкейіп-өсіп дүниеге келеді. Ал қазіргі ғылым мұндай көзқарастың дұрыс еместігін көрсетіп отыр. Шынында, ұрық 9 айдың ішінде бүкіл тіршіліктің млрд. жылдар бойы өткен жолын қысқаша қайталап өтеді. Ал дүниеге келген жас сәби тұлғалық қасиетке ие болу үшін негізінен 3 жасқа шейін халықтың мыңдаған жылдар бойы дамытқан тілін игеріп, " Мендік" сезімге жетеді. Мұны ғылыми тілде онтогенездің (нақтылы организм) филогенезді (тектің дүниеге келіп, өмір сүруі) қайталауы дейді

Метафизика дамуды өткен сатыны қайталаумен теңейді. "Бұл ай астындағы дүниеде еш жаңалық жоқ, бәрі де өз шеңберіне оралады. Қыстан кейін тағы да көктем, жаздан кейін келетін күз тағы да қыс мерзіміне әкеледі",- деген "терең" пайымдауды оқырман талай рет естіген болар. Сырттай қарағанда, дәл сол сияқты. Бірақ, биылғы қыс өткенмен толық тең емес. Табиғатта біз байқай алмайтын, я болмаса, мән бермейтін жаңалықтар үне бойы болып жатады да, мыңдаған жылдардан кейін белгілі бір жаңа сапаға әкеледі. Өкінішке орай, адамның бұл өмірдегі өмірі өте қысқа. Егер де біз мыңдаған жыл өмір сүрсек, онда біз өміріміздің соңында табиғаттың жаңарғанын, жас кезімізде болмаған құбылыстардың Дүниеге келгенін байқаған болар едік. Біз, мысалы, өткен заманда динозавр, птеродактиль сияқты алып жануарлар мен құстардың өмір сүргенін білеміз. Оның айғағы – жер астында қалған солардың сүйектерінің қалдықтары. Қорыта келе, табиғаттың өзі үне бойы даму үстінде екенін, метафизикалық "бір шеңбердегі қайталаудың" жалғандығын байқауға болады.

Қоғамтану, саясат, дипломатия т.с.с. салаларда софистика мен эклектика жиі кездесетін құбылыстар. Софистиканың шыққан тегі – көне Греция, нақтылап айтсақ - Афиналық демократия кезеңі. Билікке ұмтылып, бақталастыққа бой ұрған Афинаның бай азаматтары сайлау кезеңінде халық алдына өз саяси бағдарламаларын ұсынып бір-бірімен айтысқа түседі. Жеңіске жету, көп жағдайда, құлаққа жағымды майда сөйлеу, өз саяси ұстамының ақиқаттығына сендіру, халық алдында өз даналығы мен көрегендігін көрсетумен т.с.с. байланысты болды. (тіпті бүгінгі күнгі біздің өміріміз сияқты!!! Тек біз оны қазір "пиар-технология" дейміз). Ал ол үшін риторика (әсем сөйлеу өнері), қисын (ойды дәлелдеу, я болмаса терістеу өнері), философия (даналыққа жету өнері) сияқты пәндерден сабақ алуға тура келді. Бұл пәндерден сабақ беретін мамандар тыңдаушылардың талабына сай айтылған ойды қалайша теріске шығару, бұрмалауға болатыны жөнінде дәріс берді. Осы себептерге сәйкес софистика дүниеге келеді. Сондықтан да грек халқы "софистика" деген сөзді "жалған даналық",- деп түсінді (софистиканың философиялық негіздерін қалаған Протагор жөнінде осы кітаптың "Антикалық философияға" арналған тақырыбынан оқыңыз).

Софистика деп саналы түрде жалғанды ақиқат деп, болмаса, керісінше, дәлелдеу әрекетін айтамыз. Ол, бір жағынан, қоғам өмірінің күрделігі, оның шеңберіндегі топтардың әр-түрлі мүдделерінің болуы, екінші жағынан, саясатта үстем топтың өз мүддесін іске асыру жолындағы іс-әрекетінен шығатыны сөзсіз. Мысалы, бүгінгі таңдағы аса үшкір мәселе – халықаралық терроризмді алар болсақ, - оның шынайы қайнар көзі – жыл сайын сарқылып келе жатқан энергия ресурстарын зорлық-зомбылық жасап күші келгендердің қайта бөлу әрекетінен туындайды. Нақтылай келсек, 2003ж. басталған Ирактағы соғысқа кінәлі – Саддам Хусейннің саяси режимі емес(ақырында, сол елді АҚШ басып алып бірде-бір адамзатқа қауіпті қару-жарақ, қанша іздесе де, таппай қойды), АҚШ-тың сол елдің мұнайын өз қолына алуына бағытталған іс әрекеті жатқаны сөзсіз. Бірақ, сол елдің әкімшілігі неше-түрлі софистикалық "дәлелдемелерді" пайдаланып, халықаралық қауымдастық алдында төккен абыройын жуып-шайып жатқаны …

Эклектикаға (eklektіkos,- грек сөзі, таңдау,) келер болсақ, ол адамның саналы түрде белгілі бір саладағы әр-түрлі ымыраға келмейтін құбылыстарды таңдап, бір арнаға құю әрекетінен пайда болады. Мысалы, қауымдықтың негізінде мыңдаған жыл өмір сүрген халыққа жекелік философиясын тарату (индивидуализм), бұл бағытты жалғыз ғана дұрыс жол деп есептеу – эклектиканың бір түріне жатады. Сондықтан да, либералдық саясат біздің елде күйзеліске ұшырауда,- десек, шындықтан алшақ болмаспыз. Мысалы, бүгінгі таңдағы біршама ауыл адамдарының тағы да ұжым болып жұмыс істеуге ұмтылуы – соның айқын көрінісі. Ал шындыққа жүгінсек, Шығыс елдерінің біршамасы (Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония Қытай т.с.с.) Заманның қойған Талабына қауымдастық жолмен-ақ Жауап берді.

Әрине, ғылым тану методологиясы да бір орнында тұрып қалмайды. ХХ ғ. 80 ж.ж. Батыста "синергетика"(бірге іс-әрекет жасау мағнасын береді) ілімі пайда болды. Оның негізін қалаған И.Пригожин мен Г.Хакен болды. Синергетика – ашық және өз-өзіне толығынан тең емес жүйелердің өзіндік ұйымдасуы мен өзгеру, даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Ал, енді осы берілген анықтаманы талдап көрелік.

Расында да, бұл Дүниеде бәрі де бір-бірімен байланысты болғаннан кейін "жабық жүйе" болуы тіпті де мүмкін емес. Бұрынғы Кеңес қоғамының артта қалуының себептерінің біріне Батыс елдерінен өзін жабық ұстағысы келгені емес пе? Ал соғыстан кейінгі Албанияны алсақ, Батыс пен Шығыстан жабылған ол ел - Еуропаның нақ ортасында болса да - қайыршылық деңгейге жеткен жоқ па?

Ашық жүйе, әрине, ешқашанда өз-өзіне толық тепе-тең болмайтыны да айдан-анық, өйткені, ол жүйеге неше-түрлі басқа заттар мен құбылыстар өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ, бүкіл Дүниені біртұтас "Үлкен Жүйе" ретінде қарасақ, онда оның тепе-теңдігін кім, я болмаса, не бұзады?,- деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі ғылым оны вауумнан көреді.

Енді "өзіндік ұйымдасу" ұғымына келер болсақ, бұл идея философия тарихында көптен бері бар. Материяның ішкі өзіндік күші арқылы дамуға мүмкінгі бары жөнінде уақытында Б.Спиноза, К.Маркс сияқты ойшылдар айтқан болатын. Бірақ, өлі табиғатты зерттейтін жаратылыстану ғылымдарында көпке дейін "теормодинамиканың екінші бастамасы", яғни, табиғатта болып жатқан энтропия (ыдырау, хаосқа айналу) заңы "өзіндік ұйымдасу" идеясына өз кедергісін тигізген болатын. Сондықтан, биология саласына Ч.Дарвин еңгізген "эволюция, күрделену" заңдылықтары, жалпы жаратылыс тану ғылымында үлкен қайшылықты тудырды. Бір жағынан энтропия заңдылығы Дүние бара-бара суып, тұрпайыланып хаосқа айналады десе, екінші жағынан, биология ғылымы тіршіліктің үне бойы күрделенуін мойындады. Міне, синергетика ілімі осы қайшылықты шешеді.

Синергетика ғылымы хаостың жасампаздық бастамасын, эволюциялық үрдістегі конструктивтік, тәртіпті тудыру мүмкіндігін көрсетеді. Бір жағынан Дүниеде ыдырау, шашылу, тарау үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан, күрделену, тәртіпке келу, дамуды байқауға болады.

Енді өзгеру, даму заңдылықтарына келер болсақ, ол Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарға (өлі, тірі табиғатқа, қоғам өміріне, ой өрісі дамуына) ортақ болып шықты. Синергетика ілімі бойынша, даму барысындағы ашық та тепе-теңдікте емес жүйе алғашында бірте-бірте күрделене және тәртіптене түсіп, ақырында өзінің бейтұрақтық бифуркациялық (әр тараптық) нүктесіне келіп тіреледі де, оның алдында, практикалық түрде, әрі қарай тұрақты дамудың сан-қилы жолдары ашылады. Жүйенің қай жолға түсетіні – белгісіз тек оны анықтайтын "Ұлы Мәртебелі Кездейсоқтық". Ол даму механизмінің қажетті кілті. Сонымен, бұл теорияның "ақылға симайтын" ғажап жағы – кездейсоқттың дамудағы ерекше рөлі. Шексіз кездейсоқтықтардың біреуі "таңдалғаннан" кейін, жүйе жаңа тұрақты даму барысына көшеді (келесі бифуркациялық нүктеге дейін).

Әңгіменің қиындығы мынада. Мұндай жүйенің әрі қарай даму жолын алдын-ала анықтау тіпті де мүмкін емес. Әрине, компьютерлік бағдарламалар арқылы біршама даму жолдарын анықтауға болады. Дегенмен де, жүйенің қай жолмен әрі қарай дамитыны әрқашанда белгісіз болып қала береді. Сонымен, даму барысындағы көптінділік мойындалды да, бұрынғы классикалық біртінділік даму заңдылықтары (заттың дамуының бастауын, қазіргі ақуалын зерттеп болашақта не болатынын болжау) сирек кездесетін құбылысқа айналды.

Синергетика іліміндегі флуктуация ұғымының (болар-болмас нәрсенің бейнақтылық дәрежеге көтерілген үлкен күрделі жүйені жаңа даму жолына түсіріп жіберу мүмкіндігі) қоғамтануда, саясаттағы рөлі зор. Қоғам өміріндегі даму үрдістері бифуркациялық нүктеге жақындаған кезде, қайсыбір кездейсоқтық оқиға, тіпті жеке адамның іс-әрекеті, ойламаған жерде үлкен әлеуметтік дүмпулерге әкелуі мүмкін.

Сонымен, синергетика - философиялық-методологиялық дәрежеге көтерілген соңғы жылдардағы теория десек қателеспейтін болармыз. Осы теорияның арқасында біршама диалектикалық категориялар – мүмкіндік пен шындық, кездейсоқтық, біртінділік пен көптінділік, ақпарат, қайшылық, себептік т.с.с. - өздерінің жаңа жақтарымен көрініп, ғылымда басқаша елеулі мағнада қолданыла бастады.

Өзіндік дайындыққа арналған сұрақтар:

Сезімдік танымның формаларын келтіріңіз.

Интуиция (ішкі көкей көз) дегеніміз не?

Ақиқат дегеніміз не?

Ақиқатқа жетудегі жаңылу мен жалғанның айырмашылығын көрсетіңіз.

Танымдағы методтардың қызметі қандай?

Теория дегеніміз не?

Экспериментті кейбір кезде неге “табиғатты тергеу” дейді?

Категориалдық синтез дегеніміз не?

Дедукция кеңінен қай ғылымдарда қолданылады?

10.Қазіргі ғылымдағы моральдық құндылықтар маңызының өсуінің себебі неде?

Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер.

1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж.

2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2001 ж.

3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А.

4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002.

 

16 тақырып. Қоғам болмысы

16.1.Қоғам ұғымы

Болмыс категорияларын талдай келе енді бүгінгі таңдағы ғылымға мәлім ең күрделі дәрежеде ұйымдасқан - қоғам болмысына келіп тірелдік. Өйткені, біз білетін Ғарыштағы Жер бетінде өмір сүріп жатқан саналы пенде – адамдар - бір-бірімен бірігіп, сан-қилы қарым-қатынастарға түсіп қоғамды құрайды.

Қоғам ұғымының орнына көп жағдайда оған мән-мағнасы жағынан жақын категориялар қолданылады. Сондықтан, ең алдымен біз оларды бір-бірінен айыра білуіміз қажет. “Ел” және “қоғам” категорияларын салыстырсақ, біріншінің географиялық жағы басымды. Мысалы, Қазақ елі – Азия құрылығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. “Қауым” және “қоғам” категорияларына келер болсақ, біріншіге жан-ұя, ру, тайпа, халық, ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары жатады. Ал “мемлекет” пен “қоғамды” салыстырсақ, - ол мұхиттағы айсберг сияқты: судың бетіндегі көрінетін алып мұздың кішкентай ғана бөлігі – ол мемлекет болатын болса, су астындағысы - қоғам. Қоғам өміріндегі сан-алуан қарым-қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет-ғұрып, моральдық, эстетикалық, т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді.

Кең түрде алғанда, қоғам деп адамдардың арасында қалыптасатын сан-алуан байланыстар мен қарым - қатынастардың жиынтығын айтамыз. Бұл арада мына нәрсеге көңіл аудару қажет – ол байланыстар мен қарым-қатынастар сол қоғамның өзіндік өмір сүруіне жеткілікті болуы керек. Алайда, “өз-өзіне жеткілікті” деген ұғымның өзін нақтылай түсу қажет. Өйткен себебі, бүгінгі таңда бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, барлық қазіргі өмірге керекті заттарды шығара алмайды. Сондықтан, басқа елдермен экономикалық, саяси-құқтық, мәдени-рухани байланыстарға түседі. Олай болса, “өз-өзіне жеткілікті” деген ұғымды қалай түсінуге болады? Белгілі қоғам өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан руханияты, дүниесезімі, өмір салтын сақтай отырып, негізгі өмірге қажетті нәрселерді өзі өндіруі қажет. Мысалы, бүгінгі өтпелі қоғамда жер көлемі бойынша 10-шы орында болсақ та, ет, көгөністерді басқа елдерден алатын болсақ, онда біз өз-өзімізге жеткіліксіз боламыз. Әрине, Қазақстан - Бразилия емес, сондықтан, тропикалық аймақтарда өсетін апельсин, мандарин, банан сияқты жемістерді, кофе, шай сияқты тағамдарды шет елдерден алмаса болмайды. Сондай-ақ жеңіл мәшине, неше-түрлі компьютерлер, радио – теле аппаратураларды да алуға болады. Сонымен қатар, жер бетіндегі үлкен егін өсіретін ел болғандықтан, ауыл-шаруашылығына керек механизмдерді өзіміз шығармай көсегеміз көгермейді. Күнбе-күн өмірге керек заттардың көбін де өзіміз дүниежүзілік талаптарға сай етіп шығара білуіміз қажет. Сонда ғана біз өз-өзімізге жеткілікті қоғам боламыз. Бұл мәселелер қазіргі саясаттану ғылымында “ұлттық қауіпсіздік” категориясы арқылы талданады. Оқырманның байқағанындай, бүгінгі таңда біз көп өмірге керек тауарларды шығара алмай, сырттан әкелуге мәжбүр болып отырмыз.

Екінші үлкен сұрақ - қоғам өміріндегі сан-алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың ішіндегі негізгі - оның іргетасын құрайтындар қандай болмақ?

Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс - қоғамдағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені, бір қарағандағы қоғамның жануар тобырынан айырмашылығы – ондағы рухтың пайда болып сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қоғам өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адам басқалармен саналы қарым-қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, оларды іске асыруға тырысады. Яғни, идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, қоғам өмірін анықтайтын - билік басындағы ұлы тұлғалардың саналы іс-әрекеті. Мұндай көзқарасты сонау Көне заманнан бастап Жаңа дәуірде өмір сүрген ағартушылардың еңбектерінен байқауға болады.

“Халық - шөп, ел билеуші – жел. Жел қай жаққа үрлесе, шөп сол жаққа майысады”,- дейді көне Қытай философиясы.

Орта ғасырдың ұлы ойшылы Аль-Фарабиге келер болсақ, ол қоғамның ақуалын Халифтің адалдығы, әділеттілігі, көрегендігімен байланыстырады. Сол замандағы Еуропа ойшылдары А.Августин, Ф.Аквинский қоғамның дамуын алдын-ала болжанған Құдайдың әмірімен ұштастырады.

Жаңа дәуірде өмір сүрген француз ағартушысы Ш.Л. де Монтескье қоғамның өрлеуін “ағарған монархтың” іс-әрекетімен байланыстыра отырып, қоғам өміріндегі заңдарды жетілдіруді бірде-бір шешуші фактор ретінде қарайды (мұны “құқтық көзқарас” деп әдебиетте атап кеткен болатын). Бүгінгі таңда да мұндай көзқарастар кеңінен таралған. Әрине, қоғам өміріндегі заңдар сапасының биік болғаны оның дамуын тездететіні сөзсіз. Сонымен қатар, заңның өзі – адамдардың (кәсіби заңгерлердің) рухани туындысы емес пе?

ХХ ғ. ұлы ойшылы К.Ясперс те тарихтағы рухани төңкерістерді қоғамның дамуының негізіне жатқызады. Оның ойынша, “адами ақуал - әрқашанда рухани ақуал”. Мұндай көзқарастарды қорыта келе, қоғамды талдаудағы идеалистік жол десек те болғаны.

Сонымен қатар, ХІУ ғ. өмір сүрген араб ойшылы Ибн-Халдун қоғамды талдауға жаңа үлгі еңгізеді. Оның ойынша, әр-түрлі қоғамдардың бір-бірінен айырмашылықтары негізінен алғанда материалдық игіліктерді қалай өндіру, бөлу, тұтынуымен байланысты,- деген қорытындыға келеді. Алайда, ұлы ойшылдың көзқарастары соңынан ұмытылып, тек қана 5 ғасырдан кейін К.Маркстің еңбектерінде жаңадан негізделеді.

К.Маркс қоғамтану саласына, негізінен алғанда, екі жаңалық еңгізеді. Оның бірі - қосымша құн теориясы, ал екіншісі – тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасы. Ең алдымен, бұл екі жаңалықтың да дүниеге келуі капиталистік қоғамның қалыптасып, дамуымен байланысты болғанын атап өту қажет. Егер К.Маркс Дүниеге келмегеннің өзінде басқа ғалымдар ертелі-кеш оларды ашатыны сөзсіз еді. Өйткені, мыңдаған жылдар бойы бұрынғы қоғамдарда әр-түрлі сословиялық-заңдық қатынастармен бүркеленіп келген экономикалық қатынастар Жаңа дәуірде ашылып ғалымдардың назарын аудара бастайды.

Енді К.Маркстің бірінші ашқан жаңалығына келер болсақ, капиталдың өндіріс айналымында өсуі - оның ерекше бір ғажап қасиетінен туындамайды. Бұл үрдіс тарих сахнасында ерекше тауардың пайда болуымен байланысты. Ол – жұмысшы және оның еңбекке деген күш-қабілеті. Оның тек өзіне ғана тән қасиеті - өз бағасынан да жоғары қосымша құн тудыруында жатыр. Мысалы, капиталист жұмысқа қабылдаған адамға 500 доллар жалақы төлейді. Ол оның жан-ұясын асырауға, өзінің күнбе-күнгі жұмысқа деген күш-қуаты мен қабілетін толықтырып отыруға жетеді. Бірақ, ол шынында 1000, я болмаса, 1500 долларға жуық материалдық игіліктерді жасауы мүмкін. Ол – капиталистің байлығын өсіретін қосымша құн. Оны халықтың жалпақ тілімен айтсақ - қанау дейміз. Әрине, К.Маркстің ашқан бұл теориясының уақытында қоғамның саяси саласы мен жұмысшы қозғалысына тигізген үлкен әсерін айтпай кетпесе болмайды. Өйткені, ол бұл құбылысты жеке меншікке негізделген шаруашылыққа ғана тән, - деген тұжырымға келеді.

Алайда, адамды адам қанау (эксплуатация) мемлекеттік (яғни, қоғамдық) меншікке негізделген қоғамда да болуы мүмкіндігін өткен Кеңес қоғамының тарихы айқын көрсетті. Бұл қоғамда, әсіресе, ауылдағы механизаторлар, сауыншылар, кен өндірісіндегі шахтерлар, металлургтар т.с.с. топтардың қаналғаны қазір баршаға мәлім.


<== previous lecture | next lecture ==>
Ылым. Таным методологиясы 1 страница | Ылым. Таным методологиясы 3 страница
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.048 s.