![]() |
Ылым. Таным методологиясы 8 страницаDate: 2014-03-19; view: 793. Қорыта келе, адамды рухани пенде десек те болғаны. Оның ішкі тебіреніс, үміт, сенім, т.с.с. құндылықтарға толы шегі жоқ өз рухани Ғарышы бар. Оның өзегі - адамның өзіндік санасында. Адам санасы арқылы өз-өзінен алшақтап, өзіне сындық рухани көкей көзімен қарай алатын мүмкіндікке жетеді. Ешбір жануардың мұндай қасиеті жоқ. Әрине, адамның дене қажеттіктері бар, ол баспанасыз, ішетін-жейтін тамақсыз, киім-кешексіз өмір сүре алмайды. Оны да естен шығармаған жөн. Оларды және т.б. заттарды алуы үшін адам еңбек етеді, басқа адамдармен неше-түрлі қарым-қатынастарға түсіп, өмірге бейімделуге тырысады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда көп адамдар өмірдің мән-мағнасын сол материалдық заттарды қуумен, солар арқылы өмірден ләззат алумен байланыстырады. Осы жолда ол өзінің рухани пенде екендігін тіпті естен шығарып, өз өмірінің мән-мағнасын жоғалтып-та алауы мүмкін. Естен мынаны шығарып алмаған жөн. Материалдық байлық, қаншалықты көп болғанымен – шектелген. Егер байлығыңыздың жартысын үлестірсеңіз – тек жартысы ғана өзіңізде қалады. Ал рухани байлық - шексіз. Егер бір сүйкімді әуенді шығарып, оны таратсаңыз, ертең-ақ ол жүздеген мың адамның көңіл-күйін байытып шаттыққа әкеледі. Құрманғазы бабамыз өмірден кетсе де, оның рухы әр қазақтың жүрегінде сақтала бермек, яғни, ол - өлген жоқ. Сонымен, адам дене және рух. Денесіз рух, рухсыз – дене жоқ. Дүниенің қызығына салынып, рухты аяққа басып, я болмаса, рухты биік ұстап, дене қажеттіктерімен санаспауға тағы да болмайды. Осы арада бір аңызды келтірейік. Бір адам жолдасына қонаққа келген екен. Сол сәтте, досы өнер адамдарын шақырып, “сіз қандай аспаптың үнін ең алдымен тыңдағыңыз келеді?,- депті. Сонда қонағы “ең алдымен қуырылып жатқан еттің дыбысын тыңдасақ қайтер еді”,- деген екен. Енді осы арада “руханият” ұғымын талдауға уақыт келген сияқты. Өйткені, рухтың негізгі мақсаты - дүниенің бірлігін, үндестігін қамтамасыз ету, оны жетілдіру болғанымен, шынайы өмірде біз бұрмаланған, қирату, бөлу, қарсы қойу, жоюға бағытталған рухты да байқауымызға болады. Оны халық “зұлым рух”,- дейді. Руханияттыққа келер болсақ, ол өмірді толыққанды безендіру, материя мен рухты бір-біріне қарсы қоймай, бірге жетілдіру, үндестікке жеткізу, адам өмірінің жан-жақтылығын, мейлінше бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету,- дер едік. . Өзіндік дайындыққа арналған сұрақтар: 1. Рух дегеніміз не? 2. Жан мен рух арасындағы айырмашылықты көрсетіңіз; 3. Қазіргі қоғамның рухани құлдырауының себебі неде? 4. Рухани құндылықтар деп нені айтамыз? 5. Қандай саяси-құқтық құндылықтарды білесіз? 6. Моральдық құндылықтардың ерекшеліктері қандай? 7. Әсемдік дүниені құтқара ала ма? 8. Діни құндылықтардың ерекшеліктері қандай? 9. Діни экстремизмнің себептері неде? 10. Отанды сүю дегеніміз не? Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер. 1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж. 2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2001 ж. 3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А. 4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002. 17.Ислам: энциклопедический словарь. М..1991 17 тақырып. Адам болмысы Адам ұғымы Адам - ғарыштың тудырған ғажап пендесі. Өйткені, оның денесі болса да, ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алып қарағанда адамның басқа тіршілік әлемінен айырмашылығы – шексіздікке кетеді. Сондықтан, ғасырлар бойы қайсыбір дін “адамды Құдай жаратты” деген қағиданы осы уақытқа дейін ұстап отыр. Философияның көп мәселелері ішіндегі ең өзектілерінің бірі – адам мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитарлық ғалымдар ғана емес, сонымен қатар, жаратылыс танушылар да “антроптық принципті” қолдап отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын “Ұлы Жарылыстың” негізінде пайда болған Дүние - Ғарыш Әлемі - қажетті түрде сан-алуан кездейсоқтар тоғысының барысында тіршілікті, содан кейін саналы пендені – адамды тудырады екен. Философия тарихында мыңдаған жылдар шеңберінде адамға деген сан-алуан анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны - “Homo Sapіens” – саналы адам, яғни, ол - рухани пенде. Адам өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларды іске асыруға ұмтылады. Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен сан-алуан саналы қарым-қатынасқа түседі. Адамның неше-түрлі алаңдау мен күту, қайғы мен қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар. Американ саяси қайраткері, сол елдің “Конституциясын” жасауға ат салысқан Д.Франклин адамға “Homo Faber” - құралданған адам,-деген анықтама берді. Шынында да, тек қана адам еңбек құралдарын жасап оларды үнемі пайдаланады. Мысалы, маймыл жерде жатқан бұтақты, я болмаса тасты алып пайдалануы мүмкін. Бірақ, содан кейін ол оны лақтырып тастайды да, оған екінші рет қайтып оралмайды. Бірде-бір маймыл жасанды өз ойына сәйкес келетін құрал жасап көрген жоқ. Оны істей алатын тек қана адам. Уақытында ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіkon”- қоғами жануар - деген болатын. Ол да адамның тектік қасиеттерінің бірі. Өйткені, ол басқа адамдармен бірігіп қана өзінің сан-алуан қажеттіктерін өтей алады, яғни, қоғамның шеңберінде ғана өмір сүре алады. Алғашқы қауымдық қоғамдағы жазалаудың ең қатаң түрі – адамды остракизмдеу, яғни рудың шеңберінен шығарып тастау болатын-ды. Жаңғыз қалған адам әрі қарай өмір сүре алмай жыртқыштарға жем болады. И.Кант адамның ішкі ар-ұжданына таңғалып, оған “Homo Morales” деген анықтама берген болатын. Уақытында ұлы Абай оны “нұрлы жүрек”,- десе, Шәкәрім “үш анықтың” біреуіне жатқызды. Егер де адамның ар-ұжданы болмаса, ол жануарлардан қулық-сұмдығы жүздеген есе асатын нағыз жан түршігерлік сайтанға айналар еді. Бүкіл көркем әдебиеттің дәріптейтін аса құнды адамның қаситеті – оның ар-ұжданы. Қиын-қыстау жағдайда нағыз адам өз ар-ұжданын, абыройын сақтап қалу жолында өзінің тәнін құрбан етуге дейін барады. Австрия ғалымы В.Франкл Құдайды Ғарыштан, тіпті оның әр жағынан іздеу керек емес, ол – адамның ішіндегі оның ар-ұжданы деген ғажап ой айтады. “Homo Aestetіcus” – сұлулыққа ұмтылған адам - деген анықтама да адамның ғажап жағын бізге көрсетеді. Адам дүниедегі кез келген нәрсенің әсем жағын байқап одан ләззәт алатын пенде. Ыстық жаз күндердің бірінде күннің орасан-зор қан-қызыл түсте батуы ешкімді де немқұрайды қалдырмайды. Керісінше, ол бізге шабыт беріп шығармашылыққа, табиғаттың кереметтігін мойындауға, оған бас иуге итермелейді. “Әсемдік Дүниені сақтап қалады”,- деген Ф.Достоевскидің нақыл сөзі жоғарыдағы ойлардан шықса керек. Біз болсақ, тек қана ар-ұжданға, моральдық құндылықтарға сенер едік, өйткені, өкінішке орай, бүгінгі өмірде салқын лебізді, ар-ұжданның талабына сәйкес келмейтін сұлулық жиі кездеседі. Голландия ойшылы И.Хейзинга адамға “Homo Ludens” – ойнайтын адам – деген ат қойып, сол жөнінде көлемді еңбек жазды. Адам өз өмірінің шеңберінде жүздеген әлеуметтік рөлдерді ойнайды. Мысалы, ол - әке, жұмыста есепші, біреудің жолдасы, я болмаса, туысы, саяси партияның мүшесі, ауладағы футбол командасының капитаны т.с.с. Әрбір рөлдің мазмұны мен әлеуметтік нормалары өзгеше. Тіпті өлер алдында адам сол рөлді ойнап, ол да болса оны қоршаған жақындарына өнеге болып қалады. Сонымен, рөлдер тек театр сахнасында ғана ойналып жатқан жоқ, ол бүкіл жер бетінде адамдар бар жерде жүріп жатыр. Ал жануарларға келер болсақ, олардың күшіктері бір-бірімен ойнап өз табиғи инстинктерін оятады, уақыт өтіп есейген сәтте олар тоқталады. “Homo Erectus” – тік жүретін адам – деген анықтаманың да терең мазмұны бар екенін байқаймыз. Адамға ұқсас маймылдардың тарихи адамға айналу барысында, оның алдыңғы екі қолы жерге түскеннен кейін босап, еңбек ету арқасында нағыз ғажапқа – ешқандай теңдесі жоқ - адамның қолына айналады. Адам өз қолдарымен 2000-нан артық әр-түрлі нәрселерді жасайды екен !!! (микроскоп арқылы көздің жарасын тігуден бастап, алып экскаваторды басқаруға дейін). Бірде-бір жануардың осындай икемі бар дене мүшесі жоқ. Егер де жер бетіндегі адамдардың бәрі де жойылып, тек бір ғана адамның қол сүйегі қалса, соған қарап, Ғарыштан ұшып келген саналы пенделер осы жер бетінде ақыл-ойдың, рухтың болғанын байқар еді !!! Өйткені, адамның қолы – рухтың дүниеге келу барысындағы сонымен бірге қалыптасқан туындысы. Француз ойшылы Э.Кассирер адамға “Homo Sіmbolіcus”- нышан, белгі жасайтын адам – деген анықтама берген болатын. Кең түрде алғанда символға қайсыбір халықтың тілі, бабалардан қалған аңыз-дастандар, дін, өнер қағидаларын, неше-түрлі өмірдегі кездесетін белгілерді (мысалы, машинамен келе жатып, алдымыздан ортасында қызыл кірпіш көрсетілген дөңгелек белгіні көргенде, біз тоқтап әрі қарай жүрмейміз) т.с.с. жатқызамыз. Қайсыбір нақыл сөздер, көркем әдебиеттегі салыстырма, бейне, мысалдардың т.с.с. әр жағында неше-түрлі мән-мазмұнның жатқанын байқауға болады. Мысалы, Прометей бейнесі бізге нағыз адамды сүйу (гуманизм), ал Сизиф болса нәтижесіз зардапқа әкелетін еңбек, Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу – мөлдір махаббатың символдары ретінде көрінеді. Ф.Ницше адамға “уәде беретін жануар”, Ж.Ж.Руссо “бұзылған жануар” деген анықтама берген болатын. Адам сондай күрделі, сан-қилы пенде болғаннан кейін оған беруге болатын анықтамаларды жалғастыруға болады. Мысалы, адам “күле алатын”, “жылай алатын”, “өлетінін білетін” т.с.с. пенде. Бірақ, У.Оккамның ұстарасы “мән-мағнаны қажеттіктен тыс көбейту керек емес”,- дейді. Олай болса, жоғарыда көрсетілген адамның қасиеттеріне негізделе отырып, оған біршама көлемді анықтама беруге мүмкіндік келген сияқты. Адам – санасы арқылы Дүниені танып-білетін, соның нәтижесінде еңбек құралдарын жасап, өзара бірігіп, қоршаған жағалай ортаны өзгертіп, сан-алуан қажеттіктерін өтей алатын пенде,- дер едік. Ал, жоғарыда көрсетілген және басқа да адамдардың сан-алуан қасиеттерін осы анықтамадан бірте-бірте шығаруға болады.
Адамның дүниеге келу мәселесі Адамның Дүниеге келу мәселесі - ғылымдағы ең терең құпиялардың бірі. Біз оны Дүние, болмыстың өзінің пайда болу мәселесі мен жалпы тіршіліктің жер бетіне келуімен пара-пар келетін мәселе дер едік. Осы аталған үш тұңғиықтың біреуіне тереңдеп көрелік. Философия тарихында мыңдаған жылдар бойы кең таралған теологиялық тұжырым – адамды Құдайдың жаратқан пендесі ретінде түсінеді. Христиан діні тіпті адамды Құдай өз бейнесі мен ұқсасты ғылып жаратты деген тұжырым айтады. Сондықтан, оның санасы, рухы бар және сол себепті ол табиғаттың әміршісі болуы керек,- дейді. Әрине, соңғы қағида адамның тәкәппарлығы мен өркөкіректігін тудыруы ғажап емес. Бүгінгі Еуро-Атлантикалық цивилизацияға көз жіберсек – ол соның дәлелі болмақ. Ислам діні Алла-тағала адамды саналы ғылып жаратқанмен, осы фәниде басқа тіршіліктердің арасынан өз орнын табуға шақырады, Ол оған табиғат әміршісі бол демейді. Буддизмге келер болсақ, ол адамды тек қана рух ретінде түсініп, олай болса, материалдық құндылықтардан үзілді-кесілді бас тартуға шақырады, өйткені, рух – материядан жоғары. Әрине, адам жөніндегі теологиялық көзқарасқа осы уақытқа дейін миллиондаған адамдар сенеді, сондықтан, онымен санаспауға болмайды. Теологиялық тұжырым ешқандай дәлелдеуді талап етпейді, тек қана осы мәселе жөніндегі діни құжаттарға толығынан сену қажет. Алайда, бүгінгі таңдағы адамзаттың пілдей бөлігі оған сенбей, ғылыми деректерге сүйенген тұжырымдарды талап етеді. Екінші мутациялық тұжырым – осыдан 5 млн. жыл бұрын болған шынайы оқиғаға сүйенеді – ол Еуро-Азиялық құрылық пен Африканың бір-біріне соқтығысуы, соның нәтижесінде жердің жоғарғы қабатына радиоактивті заттар шығып бүкіл тіршілікті өз сәулелерімен улап, тұқым қуу механизмдеріне залалын тигізуі. Нәтижесінде, бізді тудырған адамға ұқсас маймылдар әлсіз, инстинктері сөнген ұрпақтарды дүниеге әкеле бастайды. Оларды, біріншіден, көп жылдар бойы тәрбиелеу керек болды, екіншіден, сөнген инстинктердің орнына олардың миы тез өсіп сананың пайда болуына әкелді. Бір қарағанда, мұндай болжау қызықты және ғылыми деректерге негізделген сияқты. Алайда, мутация үрдістерімен айналысып жүрген экологтар мен генетиктердің жеткен нәтижелері бұл тұжырымға теріс баға береді. Бүгінгі таңдағы зерттеулер бірде-бір радияциялық мутацияның оң нәтиже бермейтінін, ол тек организмнің құлдырауына әкелетінін көрсетеді (Семей полигоны, Арал теңізі маңындағы экологиялық апаттың құрбандары, олардың мутацияға түскен сәбилері осы ащы шындықты дәлелдейді). Үшінші - Ғарыштық тұжырым – адамды бізден де жоғары “ғарыштық зерде” жаратты,- деген дәлелдеуі жоқ қиял айтады. Енді ғылыми деректерге негізделген реалистік тұжырымды талдайық. Оған алғаш рет жол ашқан ағылшын ғалымы сэр Чарльз Спенсер Дарвин болды. Өзінің дүниежүзілік сапар шегу барысында көне заманнан қалған адамға ұқсас маймылдардың сүйек құрылысын зерттей келе адамның маймылдан эволюциялық үрдістің нәтижесінде жаратылғаны жөнінде тұжырым айтты. Сол кездегі қоғамдық пікірге ол жарылған бомбадай болды. Дегенмен де, бұл пікір бірте-бірте ғылымда өз орнын тауып, оны дамыған теоретикалық қағидаға айналдырған Ф.Энгельс болды. Ол адам мен қоғамның біруақытта бір-бірімен байланысты түрде дүниеге келгенін айтады. Философиялық тілде оны антропосоциогенез деген ұғыммен береді. Бұл үрдістің шын мәні – биологиялық қозғалыс формасынан әлеуметтікке секіріс арқылы өту болатын-ды. Миллиардтаған жылдар бойғы даму барысында жер бетінде тіршіліктің миллиондаған дамыған формалары бір-біріне тығыз байланысты түрде дүниеге келіп, өзінің ең биік мәресіне - “ақылды жануарларға” дейін жетті. Оларға маймыл, ит, піл, жылқы, дельфин т.с.с. жануарларды жатқызуға болады. Олардың кейбіреуі өз даму барысында нақтылы түрде ойлау (жасап - қателесу арқылы) , өз өмір шеңберінде бірдемеге үйрену, жағалай ортаға ыңғайлы түрде бейімделу мүмкіндіктеріне жетеді. Зоологиялық күшке негізделген үйірлік өмір сүру түрі дүниеге келеді. Бұл биологиялық өмір сүрі тәсілінің жеткен ең биік шыңдары еді – оның шеңберінде әрі қарай жетілудің мүмкіндері толығынан сарқылып біткен болатын. Енді әрі қарай жетілу үшін әлеуметтік және дүниені идеалды түрде бейнелей алатын сана, рухтың дүниеге келуі қажет болды. Міне, мұндай мүмкіншілік табиғаттың күрт өзгеруімен байланысты өмірге келді. Жер бетінде ауа райы өзгеріп, ну ормандар сиреп, ақырында маймылдар жер бетіне түсуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, олар артқы екі аяғына тұрып, алдыңғы аяқтарымен жердегі жатқан кепкен бұтақты, тасты т.с.с. алып пайдаланды. Бірте-бірте маймылдың алғы аяқтары адамның қолына ұқсас бола бастады. Бұл өзгерудегі шешуші нәрсе – еңбек құралдарын жасап, оларды үне бойы пайдалануда еді. Өйткені, “бірде-бір маймыл ешқашанда бірде-бір еңбек құралын жасап көрген жоқ”,- дейді Ф.Энгельс. Енді теоретикалық тұрғыдан сонау көне заманда болған осы үрдісті талдап көрелік. Ең қарапайым тасты тасқа ұру арқылы жасалған “ашель кескішін” алсақ, оны жасау үшін ең қажет нәрсе - оның тұрпайы формасын үне бойы есте сақтау қажеттігі. Екіншіден, өзеннің жағасында көп жүріп соған ұқсас тасты тауып алу. Содан кейін ол тасты екінші таспен соғып өңдеуі керек. Ол аса ұқыптылықты талап етіп оның назарын дамытады. Егер ол тасты ақырындап соқса, ол өңделмейді, қатты соқса, - қаққа жарылып, бүкіл істелген іс заяға кетеді. Нәтижесінде, өкінішке ұқсас сезім пайда болады. Енді ол тағы да жаңа тас іздеуге мәжбүр болады, яғни, оның ырқы қалыптасады. Енді екінші тасты ол аса ұқыптылықпен өңдеп, ақырында құралды істеп шығарады. Сол сәтте қуаныш, шаттыққа ұқсас сезім оның жүрегін кернейді. Егер істелінген зат қисықтау болып шықса, ол ыңғайсыз және еңбек ету барысында тез сынып қалады. Сондықтан, ол екінші құралды симметриялық тұрғыдан мұқият қарап жасайды – ол оған үлкен қанағат, қуаныш сезімін әкеледі. Симметриялық форма бірте-бірте оның санасына кіріп, нәтижесінде, қарағайдың симметриялық бұтақтарын, т.с.с. заттарды көргенде оның жүрегінде себепсіз тамаша сезім пайда болады. Ол сезім болашақта сұлулық ұғымын тудырып адамның жан-дүниесінің ажырамас бөлігіне айналады. Сонымен, қарап отырсақ, ең тұрпайы еңбек құралын жасаудың өзі адамның сана-сезімін, назарын, ырқын, керек десеңіз,тіпті оның эстетикалық сезімін оятады екен. Еңбек құралдарын жасап, бірге еңбек ету барысында, әсіресе, аң аулауда бір-біріне ақпарат жеткізу қажеттігі пайда болады. Олай болса, тілдің алғашқы формасы – ымдау, дене, қол қимылы арқылы байланыс жасау дүниеге келеді. Ал сезім толқындары негізінен неше- түрлі дыбыс арқылы жеткізілді. Соңынан үйірдің ішіндегі аса дарынды пенделер күнбе-күнгі жиі кездесетін қажетті нәрселерге ат қойып, басқаларды соларға үйретеді. Жер бетінде әр-түрлі тілдердің пайда болуы, құрылым ерекшеліктері – олардың жағалай қоршаған табиғаттағы дыбыстарға еліктеуінен пайда болса керек деген ойдамыз. Адамның санасы мен дене құрылысының өзгеруіне, әсіресе, оның миының өсуіне отты игеріп пайдалану үлкен әсерін тигізді. Отқа пісіріп жеген тамақ, әсіресе, отқа қақталған ет мидың тез дамып көлемінің өсуіне әкелді. Екінші жағынан, піскен тамақ жеңіл қорытылғаннан кейін оның іш-қазаны өзгеріп, жақ сүйегі мен азу тістері де кішірейді. Үшіншіден, үңгірдің іші отпен жылынып дене үстіндегі жүндердің азайуына әкелді. Сонымен, еңбек құралдарын жасау және оны пайдаланып еңбек ету – басқалармен бірігіп қана іске асатынын байқадық. Миллиондаған жылдар бойы үйір – негізгі қауымдасу формасы болғанын білеміз. Әрине, ол жартылай биологиялық, жартылай әлеуметтік құбылыс болса керек. Антропологтардың пайымдауы бойынша, осыдан 40-50 мың жыл бұрын үлкен секіріс болып - үйір руға айналады, нағыз таза әлеуметтілік дүниеге келеді. Міне, осы уақыттан бастап қазіргі адам толығынан қалыптасып (кроманьон адамы), оның жер бетіндегі тарихы басталады. Рудың шеңберінде бұрынғыдай ретке келтірілмеген жыныс қатынастары жойылады, өйткені, бәрі бір-бірімен қанға негізделген туыстықта. Егер де алғашқы үйір өз-өзіне жеткілікті құбылыс болса, енді рулардың арасында жан-жақты қарым-қатынас пайда болады. Оның негізінде болашақ ұрпақтарды жалғастыру мәселесі жатты: ол үшін “қыз алу, қыз беру” керек болды, құдалық рәсімдер, неше-түрлі әдет-ғұрыптар тез уақытта пайда болып, қалыптаса бастайды. Тек рудың шеңберінде ғана нағыз адами махаббат сезімі дүниеге келеді, өйткені, ұнатқан қызы, я болмаса, жігіті жанында емес, алыста, - басқа руда. Сондықтан ол оны аңсап, қиял-арманға шомылады, бір сәт болса да көзінің қиығымен көріп қалғысы келеді, сүйіктісін дүниедегі ең әсем сұлуға теңеп өз шығармашылық шабытын оятады. Моральдық қағидалар мен құндылықтар да рудың шеңберінде қалыптаса бастайды. Егер де үйірдің шеңберінде біреу аяғын сындырып алса, ол өлер еді,- оған ешкім көмектеспейді. Рудың шеңберінде өзара көмек беру, аяу, жақсы көру, қорғау, қамқорлық көрсету т.с.с. моральдық құндылықтар мен сезімдер пайда болады. Үйірдің руға айналуын түсіну - қоғам тану ғылымдарындағы ең қиын мәселелердің бірі. Уақытында Ф.Энгельс “гносеологиялық тұжырымды” ұсынған болатын. Оның ойынша, алғашқы адамдардың сана-сәзімі өскен сайын олар қаны жақын адамдардың жыныстық байланысы жаңа ұрпақтарды әлсірететінін байқап, үйірдің ішіндегі жыныстық қатынастарға тиым салады. Сол себепті үйір руға айналады. “Тотемдік” және З.Фрейдтің “әкені өлтіру” тұжырымдары да терең қарағанда гносеологиялық негіздеуге жақын. “Тотемдік” тұжырым “біздің шыққан тегіміз неде?”,- деген сұраққа жауап беруді талап етеді, ал “әкені өлтіру” де балалардың арасындағы жақындықты сезінумен байланысты. Бүгінгі таңда біршама этнографтар мұндай көзқарастарды сынға алады. Біздің ойымызша, шындыққа жақын “бейбіт өмір қажеттігі” жөніндегі тұжырым болса керек. Ол және де біршама тарихи деректерге негізделген. Алғашқы үйірлер тұрақталған жерлерде археологтар бір мәнермен өлтірілген адамдардың сүйектерін табады. Оларды арт жағынан байқатпай келіп таспен басына ұрып өлтірген. Жүргізілген зерттеулер өлгендердің бәрі де еркектер екенін көрсетті. Осыдан ғалымдар оның себебін әйелдер үшін талас арқылы болғанын болжайды. Еркектердің санының азайуы - олар негізінен аңшы болғаннан кейін - аштыққа, тіпті үйірдің құрып кетуіне әкелетін қатер туғызады. Сондықтан, бейбіт өмір қажеттігі үйірдің ішіндегі жыныс қатынастарына тиым салуға мәжбүр етіп, нәтижесінде, үйір руға ауысады.
|