![]() |
Ылым. Таным методологиясы 13 страницаDate: 2014-03-19; view: 996. Осы сәтте біз кейбір ауқатты әлеуметтік топтар, біршама жастар арасында кең тараған өмірлік бағдарлауға тоқталсақ дейміз. Ол “тек болашақты ойлап өмір сүрсең, соңында көрдің алдына келесің. Сондықтан, қазір және тап осы жерде өмірден ләззәт ала біл”,- деген соңғы жылдары пайда болған қағида. Мұндай қағиданың пайда болуының негізінде біршама себептер жатыр. Біріншіден, бұрынғы Кеңес қоғамының шеңберіндегі “болашақ коммунизм” жөніндегі идеология жалғандығының әшкерленуі. Екіншіден, Батыс “бұқара мәдениетінің” тұрпайы туындыларының тигізген және қазіргі уақытқа дейін тигізіп жатқан әсері. Үшіншіден, тарихи кезеңнің ерекшелігіне байланысты кейбір адамдардың тез арада байуы, жеңіл жолмен келген ақша буының әсері дер едік. Әрине, өмірдің әр сәтін бағалап тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар, болашағын ойламаған адам жаз айында бір гүлден екіншісіне қонып, күздің келетінін байқамайтын көбелекке ұқсар еді. Екінші жағынан, мұндай өмірге деген көзқарас адамның саналы пенде ретіндегі абыройы мен ар-намысын аяққа басады дер едік. Өйткені, қай ел болашақ ұрпақтарын ойламайды? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – тоталитарлық қоғам кезінде ласталған жер, су, ауаны тазарту болмақ. Болашақ ұрпақтар радиация, тұзды ішімдік су, түтін ауаның не екенін тарихи фильмдерден ғана көрсе екен деп тілейік. Екіншіден, кең түрде алынған ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесі. “Болашақта ұлттық мәдениет түрлері қоғам өмірінің сыртқы шеңберіне ысырылып, мұражай экспонаттарына айналады да, батыс “масс-медиа” жасаған бұқараға арналған туындылар үстем болады”,- деген “батысшылардың” қара пейіл болжамдары іске аспауы керек. Ол үшін жас ұрпақ білімді, өмірге белсенді қатысатын, өз мәдениетін қорғай алатын нағыз Отаншыл азамат болуы тиіс. Отанын сүйген азамат білімі мен мәдени дәрежесі өскен сайын бүкіладамзаттың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздігіне ренжиді, өз халқының өмірін адамзат тағдырымен тығыз байланысты екенін байқайды (жаһандану үрдістері). Сонымен, ол бүкіладамзатты сүю дәрежесіне көтеріледі. Өз жерін шын сүйген азамат бүкіл тіршілікті дүниеге әкелген Планетамызды, оған өзінің бітпес күш-қуатын төгіп тұрған жұлдыз – Күнді, бүкіл Галактиканы өзін сияқты сезініп, “Ұлы мәртебелі Табиғатқа” осы ғажап болмысқа - Өмірге - әкелгені үшін шексіз алғысын айтудан қажымауы керек. Ал, егер адам Құдайға сенсе, өзінің Соған деген махаббатының арқасында Оны өз жүрегінен табуы әбден мүмкін
Әдебиет: 1. Кiшiбеков Д.,Сыдықов.Философия,А-1994. 2. Есiм Ғ. Философия Алматы, 2001 ж. 3. Мырзалы С. Философия әлемiне саяхат (Оқу құралы). Қостанай, 1999ж. 4. Әбiшев Қ. Философия (Жоғарғы оқу орындарына арналған). Оқулық. 5. Ғабитов Т. Философия 2002 ж. Алматы,2002ж. 6. Тұрғынбеков Философия 2001 ж. Алматы, 2000ж 19 тақырып. Адамзат алдындағы ғаламдық мәселелер Жаһандану үрдістерінің философиялық астары. Жаһандану дегеніміз не? Мыңдаған жылдар бойы өркениеттік даму шеңберіндегі адамдардың арманы, бір жағынан, басқа ұлт пен ұлыстармен кездесу, мәдениет үлгілерімен алмасу, бірге бейбіт өмір сүру т.с.с. болса, екінші, шамасы, ешқашанда орындалмайтын – Ғарыштағы басқа саналы тіршілікпен, яғни рухпен жүздесу қиялы болатын. Осы тұрғыдан алғанда, көне заманның атақты императоры, ғұлама Аристотельдің тәрбиесінде болған Ескендір, Орта ғасырдағы теңдесі жоқ ұлы Шыңғыс-хан, Иван-Грозный т.с.с. саяси қайраткерлердің іс-әрекеттерінің астарында "жаһандану идеясы" жатса керек. Мүмкін, олар оны саналы түрде пайымдамаса да, ішкі "көкей көзімен" сезген болар. Тек бүгінгі таңда, ХХ ғ. аяғы мен ХХ1 ғ. басында бұл идея бүкіл адамзаттың жан-дүниесінде тұрақты орын алған сияқты. Кейбіреуге ол ұнауы, я болмаса, ұнамауы да мүмкін, бірақ, бірде-бір мемлекет одан оқшау өмір сүре алмайды. Олай болса, жаһандану идеясы философиялық тұрғыдан қажетті түрде қаралып, сарапталуы керек. Жаһандану дегеніміз – бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Мысалы, бүгінгі Қазақстан қоғамы басқа елдермен экономикалық сауда-саттық қарым-қатынасқа түсіп дамып келеді. Алысқа бармай-ақ, өзіңіз бен өз үйіңізге қараңызшы. Үстіңізде Еуропа елдерінің бірінде тігілген костюм, аяғыңызда – Турциядан әкелген туфли, астыңызда Германия, немесе, Америкадан шыққан жеңіл мәшине, үйіңізде Ресейдің тоңазытқышы, Оңтүстік Кореядан шыққан шаң сорғыш, Жапониядан шығарылған магнитофон, арабтардың тоқыған кілемі, ас дайындайтын бөлмеңізде Үнді елінен әкелген шай, Мароккодан келген апельсин, Ираннан әкелінген финиктер, АҚШ-тан келген тауықтың аяқтары, Қытайдан әкелінген ыдыс-аяқ т.с.с. Мұндай мысалдарды шексіз келтіре беруге болады. Сонымен қатар, біз басқа елдерге мұнай бен газды, жүн мен мақтаны, қара және түрлі-түсті металдар мен тас көмірді т.с.с. жіберіп жатқан жайымыз бар. Бұл сауда-саттықтың құрылымына қарағанда, әрине, көкірегі ояу азаматқа неше-түрлі ауыр ойлар келеді. Мүмкін, біз шынында да "жаңа бодандық" ауруына шалдыққан болармыз? -Алайда, ондай тұжырымға келу әрі ертерек сияқты. Өйткені, біздің дербестік алып дамып жатқанымызға басы-аяғы он жылдан сәл артық қана уақыт болды ғой. Бүгінгі өкімет неше-түрлі инновациялық бағдарламалар қабылдап, "ұлттық қаржы қорын" жасап, өндірісті дамытуға бел байлап, сол жұмыстарға нақтылы кірісіп жатқан жайы бар. Оған халқымыз да дайын. Енді саяси салаға келер болсақ, Қазақ елі бүкіл Дүниежүзілік қауымдастықпен терезесі тең қарам-қатынас орнатуда. Біздің ел дербес мемлекет ретінде мойындалды. Саяси салаға "көп партиялық", "адам құқтары", "құқтық мемлекет" т.с.с. ұғымдар кіріп, өзгеріске ұшырап жатыр. Біз тек қана БҰҰ ғана ғана кіріп қоймай, басқа да халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналып жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақ елі өз төл мәдениетімен біршама халықтарды таныстырып, солардың қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, "бұқара мәдениеті" деген үғым сөздігімізге кіріп қана қоймай, соның "Отандық үлгілері" жасалуда. Жоғарыда келтірілген Қазақ елі өмірінен алынған деректердің бәрі де Жер бетінде жүріп жатқан жаһандану үрдістерімен байланысты екенін бір қарағанда-ақ байқауға болады. Қоғамды материалистік тұрғыдан қарау методологиясының тұрғысынан алып қарағанда, жаһандану үрдісінің негізінде ғылыми-техникалық революция жетістіктерін пайдалану арқылы өндіргіш күштердің күрт дамуы, (тек ХХ ғ. өндіргүш күштердің дамуы өткен 5000 жылдан асып түсті!) млрд. тонна тауарлардың бір елден екінші елге өтуі, байланыс жүйелердің жетілуі т.с.с. құбылыстар жатыр. Екінші жағынан, табиғи ресурстардың Жер бетінде әр-түрлі шоғырлануы, сондықтан, елдердің бір-бірімен осы байлықты бөлісу, алмасу мәселелері де жаһандану үрдісіне өз ықпалын тигізбей қоймайды. Жер бетіндегі мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуына, олардың арасында пайда болатын қайшылықтарды шешуге екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), оның әр-түрлі салаларды бақылауға арналған мекемелері (ЮНЕСКО, ЮНКТАД т.с.с.) үлкен ықпал жасауда. Бүгінгі таңда жүздеген аймақтық ұйымдар жұмыс істеуде (Еуропа Одағы, ТМД, АСЕАН, ОАЕ т.с.с.). Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың бір-бірімен жақындасуына бұқаралық ақпарат тарату мекемелері (БАҚ) өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда бірде-бір алыс-жақындағы ел, тіпті сонау Тынық мұхитында орналасқан аралдардағы халықтарға дейін адамзаттың назарынан тыс қалмайды. Жұмыстан кейін үйге келіп, телевизор, я болмаса радио, интернет арқылы сол күні тек өз еліңде ғана емес, бүкіл жер бетінде қандай маңызды оқиға болғаны жөнінде ақпарат алып, соны өзімізше сараптаймыз, өйткені, біз оларға немқұрайлы қарай алмаймыз. Адамзат жетістіктеріне сүйсіне қараймыз да, қателіктеріне – бірге өкінеміз. Бүгінгі адамзат - "Ғарыш кеңістігінде Жер деген "кемемен" ұшып бара жатқан біртұтас астронавтар командасы" ,- дер едік. Келесі назар аударатын нәрсе – жаһандану үрдісі бүкіл адамзатты "бір қалыпқа" салғандай әсер етіп жатыр. Өйткені, барлығы да компьютерлік есептеуден өтіп, белгілі бір стандарттарға сай болуы керек . Олай болмайынша, сіздің өндірген тауарды сырт елдерге шығаруға болмайды. Сондықтан, миллиондаған адамдардың киген киімінде, жүретін машиналарында, үйіндегі жиһаздарда, тіпті дем алатын орындарында, музыка мен өнерде, әсіресе, бұқаралық мәдениетте – біркелкілікке деген ұмтылысты байқаймыз. Сонымен қатар, бүгінгі адамзат әр-түрлі мата жыртыстарынан жасалған кәдімгі қазақтың көрпесіне де ұқсас. Өйткені, әр елдің, халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған мәдениет үлгілері, тілі, ділі, әдет-ғұрпы бар. Ол оған аса қымбат. Біз оның тіпті бағасы жоқ,- дер едік, өйткені өз төл мәдениетінен айырылған халық - тарих сахнасынан жоғалып кетеді. Ал ондай жағдайдың болуы – адамзаттың өшпес күнәсі болар еді. Әр халық басқа елдерге ең алдымен өз мәдениеті, өмір салтымен қызықты. Бүгінгі таңдағы адамзатты шыны мен бетоннан жасаған биік ғимараттармен таңғалдыра алмайсың, ол оған таңсық емес. Ал Біржан-сал, Тәттімбет, Сегіз-серінің т.с.с. ұлы перзенттердің өлеңдері, ғұлама Абайдың қара сөздері, көне заманнан сақталған эпос, дастандар оларды шынында да таңғалдырып, осындай бабаларымызды тудырған халыққа деген ізгі ықыласын оятатынына біздің күмәніміз жоқ. Жаһандану үрдісі әр-түрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі. Сонымен қатар, жаһандану үрдісі біршама бүкіладамзаттық теріс салдары бар проблемаларды тудырды. Енді оларды қысқаша сиппатайық. Жаһандану үрдісі шеңберіндегі өзекті мәселелер Ең бірінші орында ядролық соғыс қару-жарақтың жетілуі мен халықаралық бақылаудың шеңберінен шығып кетуі жатыр. Бұрыннан келе жатқан ядролық қаруы бар бес мемлекетке бүгінгі таңда Үнді, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Израиль сияқты елдер қосылды. Біршама елдер ядролық технологияны игеру үстінде (Иран, Солтүстік Корея). Әңгіменің қиындығы- бұл қосылған жаңа елдер халықаралық шиеленістер аймағында орналасқан. 2001ж. Үнді мен Пәкістан арасындағы қақтығыстар сол елдердің мемлекет қайраткерлерінің "ядролық қаруды қолдануымыз мүмкін" деген жантүршігерлік қорқытуымен аяқталғанын білеміз. Бұл проблеманы шешудің негізгі жолы – барлық ядролық елдерді (соның ішінде ешкімге де артықшылық жасамай) халықаралық бақылау негізінде жаппай қарусыздандыру болмақ. Атомның күш-қуаты тек АЭС-терді салу арқылы бейбіт жолға қойылуы керек. Өкінішке орай, ядролық мемлекеттердің "өзімшіл пиғылы" бұл мәселені үзілді-кесілді шешуге кедергі жасауда. Алайда, бұл мәселе ертелі-кеш шешілмейінше, бүкіл адамзат үстіндегі "ядролық дамокл қылышы" сол үрейінде тұра бермек. Екінші үлкен мәселе – бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, жағалай ортаны ластау – адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкіндігі. Біз бұл мәселені толығырақ арнаулы тарапта талдаған болатынбыз (қараңыз: осы кітап, 31-38 б.б.). Үшінші – демографиялық мәселелер, яғни, жер бетіндегі халықтың тым тез қарқынмен өсуі. Егер соңғы мыңжылдықта жер бетіндегі халықтың саны 15 рет өссе, оның бірінші рет екі есеге өсуі 700 жылда болса, соңғысы – 40 жылда (егер 1956 ж. жер бетінде 2,8 млрд халық өмір сүрсе, 2004 ж. –6,3 млрд.). Әрине, бұл деректер үлкен ойға қалдырады. Бұл өсімнің 9/10 даму барысындағы елдерге жатады. Сонымен қатар, дамыған елдердегі халықтың құрылымын алар болсақ, онда кәрілердің саны өсіп (жақсы жағдайдағы өмір ұзақтығына байланысты), сонымен қатар туу деңгейі тым төмендеп кеткен. Сондықтан, ол елдерде халықтың өсуі түгіл, оны ескі деңгейде сақтау үлкен мәселеге айналуда. Демографтардың болжауынша, алдағы уақытта Үнді халқының саны қытайлықтардан да гөрі өсіп, ал Африкада халықтың саны 1,5 млрд. дейін жетуі мүмкін. Халқы тез өсіп жатқан даму үстіндегі елдердегі өндіргіш күштердің төмендігі, ауыл шаруашылығы өнімділігі, тұрғындардың жалпы мәдени деңгейі, білім беру саласы – бәрі де сын көтермейтін жағдайда. Мұндай ақуал бұрыннан келе жатқан өмір салтын ұстау, бала тууға шек қоймау әдетімен байланысты екені айдан анық. Сондықтан, бұл үрдіс таяу арада бәсеңдейді деу артығырақ болар. Дегенмен де, Қытай еліндегі соңғы 15 жыл шамасында жүргізілген демографиялық саясат өз күшін көрсетті. Ертелі-кеш басқа елдер де сондай саясатқа көшуі мүмкін. Жаһандану үрдісі "Солтүстік пен Оңтүстік" проблемасын тудырды. Бұл төртінші мәселе. Жалпылай келе, экватордан жоғары орналасқан елдердің даму қарқыны мен өмір сүру деңгейі төмен жатқан елдерден гөрі анаұғұрлым биік. Егер де дамыған елдерде тойымсыздық жолына түскен "алтын млрд." тұрып жатса, жер бетінде осы күнге дейін тағы 1 млрд. жуық адам, басқа қажеттіктерді өтеуді айтпағанның өзінде, күнбе-күн азық-түлікке жарымай отыр, ал 75 млн. аштықтың зардабынан жыл сайын дүниеден кетеді. Бұл дамыған елдер мен дамып келе жатқан елдердің арасындағы қайшылықтың өсуімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан елдер дамыған елдерге 1 трлн. доллардан артық берешекті!!! Олар оны өтеу түгіл, оның өсімінің өзін төлеуге қиналады. Сондықтан да, Кубаның көсемі Ф.Кастро БҰҰ-ның мінбесінен осы борышты сызып тастауға шақырды. Алайда, дамыған елдер ондай шараға барар емес. Ал мұндай жағдайдың өршуі кедей елдердің наразылығын тудырып, неше-түрлі экстремистік қозғалыстарға дем береді. Әрине, дамыған елдер оларға көмек жасағандай болады. Жылына, шамасымен 50 млрд. доллларға жуық қаржы бөлінеді (салыстырыңыз: 2003-2004 ж.ж. АҚШ бір ғана Ирактағы соғысқа 200млрд. артық қаражат жұмсады). Өткен ғасырдың екінші жартысында дамыған елдер "көмек" ретінде ауыр да кір өндіріс салаларының біршамасын дамып келе жатқан мемлекеттерге аударды. Нәтижесінде, олар үш ұтысқа ие болды: өз елдерінің экологиясын дұрыстады, екіншіден, арзан жұмыс күшін пайдаланып, табыстарын өсірді, үшіншіден, ол елдердің шикізаттарын пайдаланды. Дегенмен де, ол кезде дамыған елдер мен дамып келе жатқандардың арасындағы айырмашылық бірте-бірте қысқарады деген үміт болатын-ды. ХХғ. 70-80ж.ж. бұл айырмашылық, керісінше, күрт өсе бастады. Өйткен себебі, біршама дамып келе жатқан елдер жаңа компьютерлік бағдарламаға негізделген технологияларды игеруге халықтың жалпы білімінің төмендігінен қол жеткізе алмады. Ғалымдардың есебі бойынша, кейбір елдер дамыған мемлекеттерден 150 есеге дейін қалып қойыпты!!! Егер де, шикізатқа бай елдер табиғи байлықтарын сатып күн көрсе, жоқ елдер – дүниежүзілік сауда үрдісінің шетіне ысырылып, қайыршылықтың ауыр зардабын көруде. Сонымен, құрметті оқырман, халықаралық терроризм мен экстремизмнің негізгі қайнар көзі Ислам дінінде емес, дамып келе жатқан елдердің аянышты әлеуметтік-экономикалық жағдайында екенін түсінген боларсыздар. Енді бесінші мәселеге келер болсақ, жоғарыда көрсетілгендей, халықтың білім деңгейін көтермей, бүгінгі технологияларды игеру мүмкін емес. Адам тіпті әріптерді танып, оқи алғанның өзінде де "функционалдық надандықта" болуы мүмкін. Яғни, ол компьютерлік технологияларды игеріп, жұмыс істей алмайды. Олай болса, білім беру мәселесі де жаһандану үрдісінің негізгі проблемаларының біріне айналып отыр. Екінші жағынан, надандық демографиялық мәселені шешуге де кедергі тудыратыны белгілі. Дүниежүзілік практика "жан-ұяны жоспарлау" тек сауатты, салауатты да білімі жоғары елдерде ғана іске асатынын көрсетеді. Алтыншыдан, соңғы кезде ғалымдар жаһандану үрдісінің негізгі проблемалары ретінде денсаулықты сақтау мәселесін атауда. Өйткені, бүгінгі таңда адамзаттың жағалай ортаны түбегейлі өзгертуі мен адамдардың денсаулығы төмендеуінің арасындағы байланысты анықтап отыр. Оның куәсі ретінде жүрек, бүйрек, бауыр, мұрыннан қан кету, СПИД, рак т.с.с. "цивилизация ауруларын" келтіруге болады. Егер де, дамыған елдердегі аурулардың көбі тамақты көп ішу, аз қозғалыста болу, шылым шегу, тәндік-сезімдік өмір бағытын ұстаудағы жолда байлықты өсіремін деп жүйкені тоздыру т.с.с. себептерден болса, дамып келе жатқан елдерде жағалай ортаның ластануы, баспана қиындығы, ішетін ас-су сапасының төмендігі туберкулез, трахома, малярия т.с.с. "әлеуметтік ауруларды" тудырады. Жаһандану үрдісі миллиондаған адамдардың бір елден екіншіге, бір континенттен келесіге миграция жасауына әкеліп жатыр. Сондықтан, жұқпалы аурулар бүкіл Дүниеге кеңінен тарап адамзаттың үрейін туғызуда… Жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде негізінен екі бағыт қалыптасты. Олар: технооптимизм (болашақ жарқын) және технопессимизм (болашақ қасіретті). Технооптитмистік көзқарастар өз мәресіне ХХғ. 60 жж. жетті. Ол кезде ғылыми-техникалық революция (ҒТР) жетістіктерін кеңінен өндірісте пайдалану қарқын алған болатын. Дж.Гелбрайт, Р.Арон т.б. ғалымдар ғылым мен техниканың дамуы "бұқаралық нарықты" тудырып болашақта Жер бетіндегі барлық халықтарға тамаша өмір әкеледі деген ой тастады. 80ж.ж. Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тофлер сияқты ғалымдар "ғылымның негізгі өндіргіш күшке" айналуына байланысты барлық жер бетінде қорланған мәселелерді компьютерлік технологияларды өмірге еңгізу арқылы шешуге болатынын айтты. Алайда, жақын арада-ақ, ҒТР-дің теріс салдарлары да айқындала басталды. Көп елдер экологиялық дағдарысқа ұшырады. Шикізат қорлары шексіз еместігі анықтала басталды. Дамыған елдер мен артта қалған елдердің арасында қайшылық өсе бастады т.с.с. Әрине, бұл теріс өзгерістер технопессимистік көзқарастарды тудырды. Технопессимизм (Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен т.б.) қазіргі қоғам адамдарды ғылым мен техниканың құлына айналдырады,- деген пікір айтты. К.Лоренц ҒТР адамдарды мыңдаған жылдар бойы бейімделген табиғи жағалай ортадан жұлып алып "тастан жасалған джунглиге" қамады. Кейбір адамдар жылдар бойы табиғатқа шыға алмайды. Автоматтар адамдарды ауыр қара жұмыстан босатқанмен, оның жүйкесін анағұрлым тез тоздырады. Қиындығы жоқ жеңіл өмір адамның күшті сезімдерін, өмірге деген жігерін әлсіретіп, зерігуе әкеледі. Іші пысқан адам не істерін білмей, өз өміріне қанағаттанбай, нашамен әуестене бастайды… Технопессимистер тәндәк-сезімдік өмір бағдарламасынан бас тарту, тойымсыздық пиғылды жою, қанағатқа келу мәселелерін көтерді. Батыста, Рим қаласында 1968ж. көрнекті ғалымдар "Рим клубын" құрып, адамзат алдында тұрған орасан-зор қиын мәселелерді зерттеуге кірісті. Нәтижесінде, "жарылған бомбадай" дүниежүзілік қауымға әсерін тигізген "Өсудің шегі" (The Lіmіt of Growth) деген баяндама 1972ж. дүниеге келді. Бұл баяндамада Табиғат байлықтарының шектелгені жөнінде, әрі қарай жаңа өндіріс кешендерін салу экологиялық теңдікті жойып, адамзатты апатқа әкелу мүмкіндігі баса айтылды. Осы клубтың бірінші президенті А.Печчеи адамзатқа ең керекті нәрсе – руханияттылық, әсірсесе – адамгершілік. Тек сонда ғана қорланған мәселелерді шешуге болады деген пікірге келеді. Орыстың ұлы ғалымы Н.Моисеев "ХХғ. адамзатқа ескерту жасады. Егер ХХ1 ғ. ол оған мойын сұқпаса, құрып кетуі мүмкін",- деген ой тастайды. Әрине, бүгінгі таңдағы ұлы ғалымдар алаңдауының терең себептері бар. Уақытында ағылшын ойшылы лорд Честертон айтқандай, байлық адамды аздыртады. Өкінішке орай, материалдық байлықтың өсуі, көп жағдайда, соншалықты рухани өрлеуге әкелмейді. Керісінше, рухани құлдырау байқалады. Оны бүгінгі таңдағы өз өмірімізден-ақ көріп жатырмыз. Бұл қайшылықты жою адамзаттың қолынан келер ме екен? -Болашақ өмір оны көрсетер деген ойдамыз.
Дүниежүзілік қауымдастық шеңберіндегі тәуелсіз Қазақстан (қорытынды есебінде) Адамзат тарихы көрсеткендей, қайсыбір империя ертелі-кеш ыдырайды. ХХғ. 80ж.ж. бастап Жер бетіндегі соңғының бірі болып Совет Одағы да үлкен дағдарысқа түсіп, соның нәтижесінде 90ж.ж. басында тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болды. Тарихта бірінші рет бабаларымыздан қалған алып территорияда қазақ халқының басы бірігіп, әр-түрлі жағдайлармен келген басқа ұлт өкілдерімен қосыла өз мемлекеттігінің негізін қалай бастады. Жас мемлекеттің алдында негізінен үш үлкен іс жатыр еді. Біріншіден, біртұтасынан (тотальды) мемлекеттік меншікке өткен ұлт байлығын жекешелендіру (приватизация) арқылы нарықтық экономиканы орнату, екіншіден, саяси қондырманы бүгінгі таңдағы талаптарға сай етіп өзгерту (көппартиялық, құқтық мемлекет т.с.с.), үшіншіден, халықтың тілі мен ділін, рухани өмірін қалпына келтіріп қайта жаңғырту болатын.
|