Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Кіріспе


Date: 2015-10-07; view: 800.


Мақсаты:Пәннің мақсаты мен міндеттерімен танысу. Әдебиеттерге шолу жасау.

«Қазақ мәдениетінің тарихы» курсы Қазақстан Республикасындағы қазақ мәдениеті дамуының тарихын ашады. Оның негізіне алғашқы қауымдық құрылыстан бастап қазіргі заманғы кезеңге дейінгі қазақ халқының мәдениетінің қалыптасу кезеңдері жөнінде нақты деректер береді.

Бұл курс Қазақстан тарихымен тығыз байланыста. Берілген оқу курсы алғашқы қауымдық құрылыстан бастап қазіргі кезеңге дейінгі мәдениет тарихын қамтиды.

«Қазақстан мәдениетінің тарихы» пәнінің өзекті мәселелерін, әсіресе бұрыннан қалыптасқан мәдени құндылықтар тарихы жүйесін жаңа заман тұрғысынан қайталау қажеттілігі туындап отыр. Сындарлы кезеңдердің талқысынан өтіп қана қоймай, осы бір тарихи дәуірдердің рухын жинақтап, мейлінше бай тәжірибе-тағылымды өз бойына сіңіре білген, өзінің сан-саналық қасиеттерімен ерекшеленетін «мәдениет» атты ұлы күштің бағзы замандардан-ақ адамзат баласының зерттеу және оқып-білу объектісіне айналғандығы ақиқат. Қазақстан мәдениетінің тарихы — жас мамандарды біртұтас және жан-жақты тұлға ретінде қалыптасып қана қоймай, олардың бойындағы өзіндік қабілеттері мен табиғи қасиеттерін барынша дамытатын өркениеттілік құндылықтарға негізделген ілім жүйесін құрайды. Қазақстан мәдениетінің тарихы — мәдениеттанудың басты объектісі және адамның табиғаттан тыс болмысының жемісі мен адамзат баласының сан ғасырларға созылған тарихи тәжрибесін адам санасында қалыптастырып, болашақ ұрпаққа бере білудің басты саласы. Сонымен қатар, нәтижелік тұрғысынан алып қарастырғанда, мәдениет адамзат баласының өмірі мен қызметін жан-жақты ұйымдастырудың түрлі формаларының жиынтығы болып табылады. Қазақстан мәдениетінің тарихы заман ағысына байланысты материалдық және рухани байлықтардың түбегейлі өзгеруін қамтамасыз ете отырып, маманның рухани-адамгершілік, мәдени құндылықтар болмысын байытып, жалпы мәдени құндылықтардың маңыздылығын арттыра түседі. Демек, Қазақстан мәдениетінің тарихы білім беру жүйесіндегі негізгі мақсаты оқушылардың адамзат баласының мәдени жетістіктерін игеруге, мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының әмбебаптық заңдылықтары мен негізгі түрлерін меңгеруге және әлемдік мәдениеттің інжу-маржанын өз беттерімен түсініп-білуге, кәсіби деңгейлерін одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Курстың мақсаттары мен міндеттері

Халық даналығының мерей-мақтанышы-мәдениеттің мыңдаған жылдық тарихы, бел-белестері, қалыптасу кезеңдері бар.Қазақ халқының мәдениеті оның ұлттық тарихының өнімді өзегі, құрамдас бөлігі, маңызды саласы. Сондықтан оны игеру, өз алдына ғылым ретінде танып, оқып үйрену қазақпын дейтін әрбір адамның азаматтық парызы, қасиетті борышы, тұрмыс тіршілігінің таусылмас талабы, қажеттілігі.

Мұндай қажеттілік пен талап ата-бабалары ғасырлар бойы арман етіп аңсаған елінің егемендігіне, тәуелсіздігіне қол жеткізіп, дербес мемлекет құрып, өз алдына отау тігіп жатқан қазақ халқының тағдырындағы өзгерістерден туындап отыр.

Бүгінгі таңда әлеуметтік және экономикалық саясаттың нысанасы-адам және оның тұрмысы, еңбегі, отбасы, рухани дамуы, өмір салты болып табылады. Қазіргі таңда төл мәдениетімізді дамыту қоғамда кеңінен көтеріліп жүрген әлеуметтік проблемалардың бірі. Сондықтан жастарға осы пән – мәдениет туралы білім берудің және тәлім - тәрбие берудің негізгі бір жолы. Ол студенттерді эстетикалық, жан-жақты дамуына әсерін тигізеді:

- адамзат баласының мәдени өркениеттілік тәжірибесін игеру, олардың тұтастығы мен өзара ерекшеліктерін сараптау;

-әлемдік мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының жалпы зандылықтарын айқындау;

-қоғам мәдениетінің қазіргі даму жағдайы мен бағыттарына мәдениеттанулық тұрғыдан сипаттама беру, өзекті ғаламдық мәселелермен олардың болашағын болжау. - Студенттерді пәннің теориялық негіздерімен таныстыру.

- Халықтың озық әдет-дәстүрлерін кеңінен насихаттау,одан ғибрат алуға үндеу, тозық дәстүрлерден аулақ болуға шақыру.

- Мәдениеттің дамуы туралы толық мәліметтер беру.

- Студенттерді өз туған жерін, елін, ата-баба мұрасын құрметтеуге, өз отбасын сыйлауға, сүюге тәрбиелеу.

Бақылау сұрақтары:

1. Курстың мақсаты мен міндеттерін атау.

Әдебиеттер:

1.Х. Маданов. Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері. Алматы: 1995.

2.Ә.Хасенов. Қазақстан мәдениеті мен өнерінің дамуы. – Алматы., 1987.

№ 2-3 лекция. Тақырыбы: Алғашқы қауымдық құрылыс тұсындағы Қазақстан халықтарының мәдениеті.

Мақсаты: Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне сипаттама беру.

Жоспары:

1. Алғашқы қауымдық құрылыс тұсындағы Андрон мәдениеті.

2.Беғазы-Дәндібай мәдениеті.

1.Адамзат тарихының тас дәуірі, мыс (қола) және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінетіні белгілі. Соның алғашқы кезеңінде өмір сүрген адамдардың тастан құрал жасап, ол құралдардың археологиялық қазба жұмыстарының барысында бізге жетуі «тас дәуірі» деп аталатын шартты атаудың шығуына себеп болды. Осы дәуірдің өзі үш кезеңге бөлінді. Палеолит -бастапқы, ежелгі ; мезолит - орталық,; неолит - соңғы кезең. Бұл кездерде адам баласы дамудың аса ұзаққа созылған азапты жолын өтті. Осы жолда олар үнемі ізденіп, тіршілік тәжірибелерін жетілдіріп, табиғатпен тіл табыса білді. Олардың мезолит кезеңінде садақпен жебені ойлап табуы, шағын тастардан әртүрлі қалақшалар жасауы қажымай-талмай алға басудың жемісі болды. Біздің заманымызға дейінгі бесінші мың жылдықта басталған неолит дәуірінде тас құралдары кеңінен пайдаланылды. Тастарды тегістеу, тесіп, бұрғылау, ағашты арамен кесу сияқты технологиялық әдістердің игерілуі, тұрмыста тас балта, кетпен, дәнүккіш, келі, келісаптардың пайдаланылуы үлкен жетістік болды.

Тас дәуірін ауыстырған қола дәуірінің тұсында діннің бүгінгі бітім-бейнесін қалыптастырып үлгірген Еуразияның ұлы даласын мекендеген адамдар қолға мал ұстап, жерге дән сіңіріп, бірлесіп аң, балық аулау, сөйтіп, топтанып өмір сүру салтын игерді. Еңбек құралдарына ортақ меншік қалыпатасты.

Әртүрлі өлшемдегі мыс пен қалайының, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы болып табылатын қола еңбек кұралдарымен қару жасау үшін негізгі шикізат болды. Қоламен бірге түсті металдардың әсіресе қалайы мен мыс рудаларының табылып, кен көздерінің ашылуы, металл өңдеуді игеру далалықтардың алдынан дамудың жаңа көкжиегін ашты. Олардың мал шаруашылыгымен бірге металл өңдеу кәсібін жолға қоюын тездетті.

Қола дәуіріндегі, Еуроазияның ұлы даласын мекендеген тегі мен тағдыры ортақ туыс тайпалар бір үлгідегі, бір стильдегі, бірыңғай мәдениет қалыптастырды. Оның мұралары Ачинск маңындағы Андроново селосының қасынан табылғандықтан, ол мұралар «Андрон мәдениеті» деген атпен жұртқа белгілі болды.

Қола дәуірінің алғашкы кезеңін (біздің з.д. XVIII -ғ.ғ.) және орта кезеңін (біздің з.д. ХУ-Х ғ.ғ.) түгел қамтыған Андрон мәдениетінің иелері алғашқы қауым адамдарына қарағанда өздерінің өмір тәжірибесінің, сана-сезімінің анағұрлым өскендігімен ерекшеленеді. Отырықшылық дағдысын игеріп, қасынан әртүрлі шаруашылық жайлар мен мал ұстайтын орындар салынған жертөлелерде тұрған олар малшылық, егінші-диқаншылық кәсіппен айналысты. Олар сонымен бірге металдан еңбек құралдарын, қару-жарақты, сәндік бұйымдарын жасай білді. Тесігі бар, түп жағы шығыңқы балта, сағанасында ойығы бар пышақ, балға, шот, егін орағы, пішен шабатын шалғы сияқты кұралдарды өздері жасап күнделікті тұрмыста кеңінен қолданды. Қару-жарақ жасау жетілдірілді. Найза, жебелердің өзгеше ұштары пайда болды. Сәндік бұйымдардан білезік, айна, мойынға тағатын моншақтар, ілмешектер жасалды.

Андрон мәдениеті кісі жерлеу рәсімін жетілдірді. Өлген кісілерге тастан қоршалып зираттар тұрғызылатын болды. Кең жерлерде, әсіресе Жайық бойында зираттардың орнынан биік обалар үйіліп, өлік тастан, ағаш бөренеден жасалған табытқа бүгулі күйінде қырынан жатқызылып, осы обалардағы шұңкырларға жерленді. Олардың жанына саздан жасалып, өрнектеліп үшбұрыш айқыш-ұйқыш және Тура тартылған сызықтармен безендірілтен құмыраға азық салып қою әдеті де болған. Ыдыстардың түбі шығыңқы, домаланып келетін болса енді түбі орнықты, жайпақ болатын болды. Олардың сыртына өрнектер салынды. Сөйтіп, өндіріс техникасының жетілуі және қоладан, балшықтан істелген ыдыстардың әдемілігі Андрон мәдениеті деңгейінің жоғары болғанын көрсетті.

Андрон мәдениеті көшпелі мал шаруашылығының еуропалық классикалық үлгісін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Біздің жыл санауымызға дейінгі ХVІІ-ХV ғасырларды қамтып жатқан Федоров нұра кезеңінде ірі қараны, сиырды көбірек ұстаған далалықтар мекен-қоныстарының маңынан ұзап кете алмады. Кейінірек қола дәуірінің алакөл-атасу кезеңінде олардың баққан малының ішінде жылқы, түйе, қой түлігі көбейіп,оларға алысқа ұзап, шырқай көшіп малды тұнық су,шұрайлы шалғынды жерлерде жайып көшпелі тұрмыстың салт-дәстүрін игеруге қол жеткізді. Мұның өзі малдың өрісінің ғана емес, көшпелілердің ой-өрісінің кеңуіне, олардың түсінігі мен мәдениетінің, уақыт пен кеңістік жөніндегі дүниетанымының қалыптасып, этномәдени болмысының даралануына жол ашты. Оны осы тұста дамыған егіншілік мәдениетінің жәй-күйінен де көруге болады. Оның деректері Шығыс Қазақстан облысындағы Усть-Нарым қонысынан табылған егінші-диқаншы құралдарының қалдықтары арқылы анықталған. Мұндай құралдар, дән түйіршіктері Қазақстанның басқа да жерлерінен көптеп кездесті.

2.Андрон мәдениетінің табиғи жалғасы Дәндібай-Беғазы мәдениеті болды. Ол Андрон дәсүрлерін сақтай отырып оны жаңа мән-мағына, мазмұн, соны түрлермен байытты. Қарағанды маңындағы Дәндібай ауылы және Балқаштың солтүстік маңындағы Беғазы қойнауынан қазба жұмыстарының барысында табылған бұл мәдениетке жататын мұралар орталық Қазақстанның көп жерлерінен ұшырасады. Олар Андрон мәдениетінің біраз жетілдірілгенін сипаттайды. Бұл тұста тұрпаты ерекше бейіттік тамдар, жатаған, домалақ ыдыстар пайда болдьқ.Өлген адамдарды жереу ғұрпының да өзгергені байқалады. Өліктер бұрынғыдай бүктелген қалыпта емес аяқ-қолын созып шалқасынан жатқызылып жерленетін болған. Бұл тұстағы молалардан адамдардың мүлік теңсіздігін сипаттайтын дәлелдер де табуға болады.

Дәндібай - Беғазы мәдениеті тұрмыс-тіршілікте қолданылатын заттарды, құралдарды жасау үшін тас металл, мал сүйектерін кеңінен пайдаланудан да көрінді. Бұл тұста қоғамның өндіргіш күштерін дамытуға мыс, қалайы, алтын кендерінің ашылуы металл өңдеудің дамуы зор әсерін тигізді. Мыс өндіру Жезқазған, Успенск өңірінде жүйелі жолға қойылды. Қорытылған мыс, қалайы, темірдең еңбек құралдары, ыдыс-аяқ сәндік бұйымдар істелді. Жауынгерлік қарулар жасалып, олар үнемді жетілдіріліп отырды. Ол кездегі негізгі қарулар жебе, найза, қанжар, орақ, айбалта, семсер, сүмбі, тұтқыш шанышқы, айыр, қақпан т.б. осы сияқтылар болды. Садақ жебесінің, одан атылатын оқтың бірнеше түрлері өмірге келді. Аламан оқ, тіз оқ, кез оқ, тұқыл оқ, кәбе бұзар оқ, қозы жауырын оқ, аймандай оқ, томар оқ, доғал оқ сияқты оқтардың көбі сол тұста пайда болды.. Зергерлік, ісмерлік өнер өріс алды. Жан-жануарлардың, дүние дидарын толтырған рухтың, даналардың, желеп-жебеушілердің, әулие-әнбиелердің, тәңірінің бейнесін елестететін өнер туындылары, қыстырма, бой тұмар сияқты заттар шықты. Табиғатты пір тұтумен қоса адам пішіндес құдайға мойынсынушылық белең ала бастады. Ру, тайпа бабалары, жеке адамдар тұлғаланып, айрықша бейнеге, жинақталған ұғымға айналды. Олар кейінгі келе келе адам бейнесіндегі сын тас, балбал тас сияқты мәдени мұраларды туғызды. Сөйтіп алғашқы қауымдық кұрылыс аясында пайда болып, қола дәуірінің өзінде-ақ ежелгі қазақ жерін мекендеген барша халықтардың мәдени-тарихи дамуындагы жаңа кезеңнің ірге тасы қалана бастады. Бұл біздің заманымызға дейінгі XI-VIII ғасырларға тұстас кезең еді.

Бақылау сұрағы:

1. Алғашқы қауымдық құрылыс тұсындағы Андрон мәдениетіне сипаттама беру.

2.Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшеліктерін ата.

Әдебиет:

Негізгі:

1.А.Күзембайұлы. Е.Абиль. История Казахстана. Санкт-Петербург. 2004.

2. Межуев В.М. Мәдениет және тарих. – М., 1997.

3.Е.Әбіл. История государства и права Республики Казахстан.

4.Марғұлан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана. Алма-Ата: 1966.

Қосымша:

5.Ы.Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы» - Алматы,1991ж.

6.С.Кенжеахметұлы. Жеті қазына. – А., 2001.

7.Әуезов М. «Уақыт және әдебиет» - Алматы, 1962 ж.

№ 4-5 лекция.Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы ежелгі тайпалар мәдениеті

Мақсаты:Қазақстан аумағындағы ежелгі тайпалар мәдениетіне сипаттама беру

Жоспары:

1.Сақ тайпалық одақтар мәдениеті

2.Үйсін, қаңлы мемлекеті мәдениеті

Негізгі ұғымдар: сақ, үйсін, қаңлы тайпалары.

Сабақтың әдісі:ауызша баяндау

1.Сақтар туралы айтқанда оның қазақ атауының шығуына да әсерін тигізгені көптеген еңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» деген еңбегінде «Қазақтар - түрік, моңғол тектес халықтардың екі бұтағынан (ғүн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады.қазақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың II - ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап, шаңырағын көтерген Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы Орта Азияның бүгінгі байтақ Қазақстанның далалары, Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени типінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық болды. Негізінен қой, түйе, жылқы және ірі қара өсірген көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтар Батыс және Орталық Қазақстан жерлерінде, шөл және шөлейт далаларда жыл бойы көшіп жүріп мал, жан бағып күнелтіп өтті, Тянь-Шань, Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы-орманды, ашық-жазық алқаптарын мекендеген жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малдарын қыста тұрақты қора жайларда, жазда жайлауда ұстады. Малдың қора жайларына жақын жерге ағаштан қиып, тастан қалап жылы тұрғын үйлер салып, өздері сонда тұрды. Отырықшы болып мал ұстап, егіншілік-диқаншылықпен айналысқан сақтар табиғи су қорлары мол, шабындық жайылымдык алқаптары көп Оңтүстік Қазақстан жерін, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойын мекен етті.

Біздің заманымызға дейінгі 529-558 жылдарда парсы елінде патшалық құрған Кирдің ажалы да сақтардан болыпты. Сақ әулетін басып алмақшы болып жорыққа шыққан Кирдің әскерлеріне Кармандыкпен қарсы тұрып, оларды қанды майданда қырғынға ұшыратқан сақтар Кирдің өзін қолға түсірген. Оны тұтқындаған сақ әулетіне кіретін массагет тайпасының жасақтары екен. Грек тарихшысы Геродаттың айтуында «массагеттердің» әйел патшасы Томирис шайқаста парсыларды жеңгеннен кейін жарғақ тұлыпқа қан толтырып, оның ішіне парсы патшасы Кирдің басын салып, «аңсағаның қан еді, іш енді соны!»- деп тұлыпты дарияға лақтырған.

Бұдан сабақ жасамай, сақтарды бағындыру ниетінен бас тартпаған Парсы патшасы Дария біздің заманымызға дейінгі 918 жылы ауыр қолмен сақтардың жеріне баса-көктеп кіргенде, бұл да сақтардың тегеурінді қарсылығынан қатты жеңіліске ұшыраған. Осы соғыста ержүрек сақтардың талайы тапқырлығы, ерлігімен көзге түсіп, есімдерін мәңгі өшпейтін даңққа бөлеген. Солардың бірі Ширақ деген сақ жігітінің ерлігін грек тарихшысы Полишен былай суреттейді: Ол... «Өзінің денесін пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып өзін сақбастықтарынан қорлық көрген етіп көрсетеді. Ширақ өзінің руластарынан кек алатын кісі кейпіне кіріп, парсы әскерлерін оларға бастап барамын деп алдап, адастырып сусыз шөлге апарады. Парсы басқыншылары судан, шөлден қырылады. Ақырында Ширақ оларға «мен сендерді адастырып, қырғынға ұшыраттым, елімді аман алып қалдым, мен дегеніме жеттім. Енді қолдарыңнан келгеніңді істей беріңдер», - деп басын құрбандыққа тігіп келгенін паш етеді.

Әлемнің көп елдерін бағындырып жеңімпаз қолбасшы атанған Александр Македонскийдің әскерлері де сақтардан ауыр жеңіліске ұшырап, қолбасшысының өзі жазылмайтын жарақат алған. Ширақтың ерлігін естіп, сақтардың батырлығы мен батылдылығынан сескенген ол әскерін кері әкетуге асыққан.

Сақтардың ұзақ жылдар дамып қалыптасқан биік мәдениеті болған.Жазуы қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген руй жазуы немесе түркі жазуы деп есептеледі.Осы жазумен жазылып қалған көптеген деректер қазба жұмыстарының барысында мол табылған. Сақтардың жалпы адамзаттық мәдениеттің асыл нұсқасы деп бағаланып жүрген даналық өрнектерінен (скифский зверинный стиль) бүгінгіге жеткен мұра көп. Олар Алтайдағы Пазырық қорғанынан, Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған.

1969-1970 жылдарда Алматы қаласына таяу жердегі Есік өзенінің сол жақ бетіндегі Есік обасын қазған археологтар ертедегі Жетісу өңірін жайлаған сақтардың экономикалық өмірі, өнері мен мәдениетінен деректі мағлүмат беретін мол мүраға кездесті. Жалпы жұртқа «алтын адам» деген атпен белгілі болған бұл мұра басын батысқа беріп шалқасынан жатқызылып жерленген 17-18 жастағы сақ жауынгерінің бойынан табылды. Оның басына кигізілген шошақ төбелі биіктігі 60-70 см. тымақ барыстың, таутекенің, арқардың, аттың, кұстың бейнесімен өрнектелген екі жүзден аса таза алтын әшекеймен безендірілген. Бас киімнің маңдай жағынан алтыннан жасалған қос аттың мүсінін және ұзынша екі жапырақты көруге болады. Мойнына таққан бұрама алтын алқаның ұшынан жолбарыстың басы көрініп тұр. Жас жігіттің жүқа тоқылған ішкөйлегі, оның сыртынан киген қызыл былғары бешпеті бар екен. Бешпет үш мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген. Беліне кесек алтынмен безендірілген қайыс белбеу буынған жас жігіттің оң жағына ұзын темір семсер, сол жағына алтынмен апталған әдемі қанжар асылыпты. Осы қабірден шыққан отыздаған ыдыстардың арасындағы күміс тереннің сыртына 26 әріптен тұратын екі жол жазу жазылған. Мазмұны анықталып әзірге оқыла қоймаған. «Есік жазуы» деп аталып кеткен бұл жазулар Қазақстан тұрғындарының бұдан екі, екі жарым мың жылдар бұрын жазу таңбаларын жасап, оларды пайдалана білгенін айғақтайды.

Жалпы сақтар өздері тұтынған қару-жарақ, ыдыс-аяқ тағы басқа нәрселеріне әртүрлі малдар мен аңдардың, қошқарлардың, текенің, аттың, түйенің, қодастың, арыстанның, аюдың суреттерін салып әшекейлеуді ұнатқан.Тіпті қанжардың сабын, ошақтың бұтын, айылбасты тағы басқа нәрселерді белгілі бір хайуанаттарға ұқсатып жасаған. Көшпелі сақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттері бар күмістен, темірден жасалған ыдыс-аяқ, тарақ қаруларды археологтар сақтардың жерленген жерінен де тапқан. Өлген адамның жанына бұлармен бірге марқұмның көзі тірісінде мініп жүрген аты да көмілген. Қабірдің үстіне топырақтан оба жасалып ол таспен қоршалатын болған. Сақтардың діні тәңірлік дін. Олар Көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды тіршілік мұраты деп білген. Сақтардың қалыптасқан наным сенімі биік мәдениеті болған. Олардын мәдени-рухани ықпалының ізін Казақстанмен қатарлас жатқан Иран, Ауған, Пәкістан, Үнді елдерінен күні бүгінге дейін көруге болады.

Қазақ халқының негізін құраған халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар туралы айтқанда оның қазақ атауының шығуына да әсерін тигізгені көптеген еңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов «Қазақтың тегі туралы» деген еңбегінде «Қазақтар - түрік, моңғол тектес халықтардың екі бұтағынан (ғүн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады.қазақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың II - ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап, шаңырағын көтерген Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы Орта Азияның бүгінгі байтақ Қазақстанның далалары, Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени типінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық болды. Негізінен қой, түйе, жылқы және ірі қара өсірген көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтар Батыс және Орталық Қазақстан жерлерінде, шөл және шөлейт далаларда жыл бойы көшіп жүріп мал, жан бағып күнелтіп өтті, Тянь-Шань, Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы-орманды, ашық-жазық алқаптарын мекендеген жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малдарын қыста тұрақты қора жайларда, жазда жайлауда ұстады. Малдың қора жайларына жақын жерге ағаштан қиып, тастан қалап жылы тұрғын үйлер салып, өздері сонда тұрды. Отырықшы болып мал ұстап, егіншілік-диқаншылықпен айналысқан сақтар табиғи су қорлары мол, шабындық жайылымдык алқаптары көп Оңтүстік Қазақстан жерін, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойын мекен етті.

Грек, Рим, Ахамендік Иран жазбаларында «скифтер» деген атпен белгілі болған сақтардың өте жауынгер халық ретінде аты шықты. Қарсыласына қатал, досқа адал сақтар қастасқан жауының қанын ішпей тынбаған. Шайқастарда жеңілген жауының жан терісінен шылбыр, бас сүйегінен ішімдік ішетін ыдыс жасап, жыл сайын өткізілетін мереке-мейрамдарда осындай ортақ ыдыстан ұрыстарда ерлігімен көзге түскен батырлар жұрт алдында ішімдік ішу бақытына ие болған.

2.Ежелгі қазақ жерінің кезінде орасан зор жер аумағын қоныс мекен еткен, біздің жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырда бой көтеріп, біздің жыл санауымыздың 216 жылына дейін өмір сүрген ғұн ұлысы 24 тайпадан тұрған. Бұл тайпалардың басын біріктіріп бір орталыққа қаратқан, ғұн ұлысының шаңырағын көтерген әйгілі Мөде батыр. Оның тұсында елдің шығысында Лиаухы өзенінен батыста Памир тауына дейінгі солтүстік Байкал көлінен оңтүстікке, ұлы Қорғанға дейінгі ұланғайыр өңірге үстемдік жүргізген ғұндар көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен бірге олар өте жауынгер халық болған. Олардың тегеуріні Шығыста Қытайдың елін, жерін қорғау үшін ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен. Батыста Рим империясының құлауына да себепші болған ғұндар еді. Олардың тізесі батқан қытайлар ғұндар туралы өз шежіре тарихында мол деректер қалдырған.

Ғұндар ұлысы ұзақ тарихи жолдан өткен. Оған қараған тайпалардың ежелгі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы, аландармен араласып кеткені, арғын, қыпшақ сияқты рулардың ғұндардан тарағаны туралы нақты деректерге сүйенген болжамдар көп. Бұл жөнінде Қазақ совет энциклопедиясының І томында «Ғылыми жағынан ерекше көзге түсетін жай - арғын тайпасының елдік аты (этнонимі) ежелгі заманда жасаған Ғұн елінің атын еске түсіреді. Сол елдің аты арғын тайпасының атында сақталды деуге болады... Қыпшақ елінің ұраны - «ойбас» немесе «ойырбас», ол ғұндардың атақты батырының аты. Бұл көптеген ғалымдардың қыпшақтар ғұннан тараған деуіне дәлелдің бірі болуы тиіс» - делінген .

Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін айғақтайтын далелдер олардың моласынан шыққан жүннен істелген бұйымдардың, ою-кестелердің, өрнектердің олардың құрылымы жағынан қазак арасында. кең тараған ою-өрнектермен ұқсастығынан да табылған демек, үйсін, қаңлы аландардың, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге әбден болады. Негізінен түркі тілінде сөйлеген ғұндар дың діні тәңірелік дін, жазуы түркі жазуы болған.

Ғұндардан тараған тайпалардың қазақ халқының тарихи-мәдени болмысын, бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқанын айту керек.

Солардың бірі үйсіндер туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымыздан бұрынғы екінші ғасырда белгілі болған. Жетісу жерін Шу, Талас, Іле өзендерін Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндердің қолөнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі өрмек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден, қару-жарақ, еңбек, өндіріс құрал-саймандарын, таға, қазан жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектер-мен безендіріліп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп одан киім-кешек тігіп, өрмекпен жүн мата тоқыған. Үйсіннің қазба мұралары бұл тайпа мәдениетінің үш кезеңнен өткенін айғақтайды. Бұлардың алғашқы кезеңі біздің заманымыздан бұрынғы 3-1 ғасырлар болса, орта кезеңі -біздің заманымыздың 1-3 ғасырлары, соңғы кезеңі 3-5 ғасырлары болды. Бұл айтылған кезеңдердің алғашқысында қыш құмыра ыдыстар қолмен жасалған, әрі шағын, қарапайым болған. Орта кезеңдегілері қолмен істелген арнаулы дөңгелек арқылы айналдырып өңделген және ірірек, бүйірлі іші тереңірек болып келген. Соңғы кезеңдегілері ар-наулы дөңгелек арқылы сапалы істелген. Ол ыдыстар жақсы күйдірілген саз балшықтан жасалып, сырты әралуан өрнектермен әшекейленген.

Үйсіндер жайлаған жердегі обалардан табылған сәндік бұйымдарға көшпелі тұрмысты, аңшылықты, үйсіндердің наным-сенімдерін бейнелейтін суреттер, арыстан, жолбарыс, қабылан, құлжа, тауешкі, бұғы, бөкен бейнелері салынған. Ерттеулі атты ұстап тұрған адамдардың мүсіні қойылған шамдалдар, түйелі көш, әр алуан құс бейнелерімен нақышталған әйелдердің сәндік бұйымдары үйсіннің өнері мен мәдениетінің әжептәуір дамығанын дәлелдейді.Қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйтқы болған қаңлылардың да үйсіндермен деңгейлес мәдениеті болды. Қаңлылардың ресми жазба заңдары болган. Олар ата-ананың аруағын қатты сыйлаған. Жыл сайын маусым айында ата-бабаларды еске алу рәсімін өткізіп тұрған. Музыка мәдениеті күшті дамыған қаңлылардың қос шекті, бес шекті музыка аспаптары, даңдабыл, сыбызғы, сырнайлары болған. Қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Рухани деңгейі биік салт-дәстүрі қалыптасқан қаңлылар біздің жыл санауымызға дейінгі 1-2 ғасырларда 200 мың үйі, 600 мың жаны, 120 мың әскері бар ірі мемлекеттердің бірі болған. Қаңлы елі мен шектесіп жатқан алаңдар да мәдениеті дамыған, шаруасы шалқыған ел екен. Арал теңізінің маңын қоныс еткен алаң елінің ауа райы жылы, жері құнарлы, шөбі шүйгін, малға, егіске қолайлы, жеміс-жидегі жеткілікті болыпты. Бұл жердегі алаңдар алшын, алаша, алаш сияқты Кіші жүз руларын өрбіткен үлкен тайпа болған деседі. Жалпы қазақ халқының негізін қүрайтын сақ, ғұн тайпаларының одағы, оған кіретін ру, ұлыстар қазақ мәдениетінің қайнар бастауында тұрған.

Бақылау сұрақтары:

1.Ғұндардың мәдениетін сипаттау.

2.Үйсіндердің мәдениетіндегі ерекшеліктерді ата.

Әдебиет

Негізгі:

1.А.Күзембайұлы. Е.Абиль. История Казахстана. Санкт-Петербург. 2004.

2.Х. Маданов. Қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері. Алматы: 1995.

3. Межуев В.М. Мәдениет және тарих. – М., 1997.

4.Хасенов Ә. Қазақстанның ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы мәдениеті, Алматы,1987.

Қосымша:

5.Әуезов М. «Уақыт және әдебиет» - Алматы, 1962ж.

6.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Хрестоматия. – Алматы,1993ж.

7.Маданов Х., Мусин Ч. «Ұлы дала тарихы» - Алматы,1994ж.

 

№ 6-7. Тақырыбы: Ежелгі қазақ жеріндегі V-X ғасырлардағы түркі қағанаттары мен алғашқы феодалдық мемлекеттердің мәдениеті.

Мақсаты:Түрік қағанатының құрылу тарихын еске түсіріп, олардың және алғашқы феодалдық мемлекеттердің пайда болуын сипаттап, мәдениетіне тоқталу.

Жоспары:

1. Көне ескерткіштер мен сәулет өнерінің мұралары

2.Әдеби жазба ескерткіштері (Орхон, Енисей жазбалары «Қорқыт ата» кітабы, «Оғыз наме»)

З.Түркі тілдес тайпа халықтарының наным-сенімдері

4. Түркі тектес тайпалардың материалдық мәдени игіліктері

1.Қарахан қағанатының астанасы сән-сәулеті, ғылым-білімдегі табыстары мен аты шыккан Баласағұн қаласы. Қазак жерінде бұл сияқты қалалар аз болмаған. Еуропа мен Азияны, Батысы пен Шығысты байланыстырып жатқан отырықшы ел мен көшпелілер қарым-қатынасына өзек болған қалалардың арасында ұлы жібек жолының бойында жатқан Суяб, Тараз қалалары құрылысы, сәулет өнерінің өзгешелігімен көзге түскен. Осындай мәдени орталықтардың бірі Отырар туралы жиналған көп мағлүматтар бар. Ол ертеректе Тарбан деген атпен белгілі болған. Арабтар осы дәуірге келіп орныққаннан кейін оны Фараб деп атаған. Сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған ғимараттары бар бұл қалада ең бай кітапхана болған. Осы қала туралы Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінде - руналық жазбаларда да деректер кездеседі. Тараз, Суяб, Отырар, Сығанақ, Испиджаб, Қаялық сияқты қалалар Византия, Иран, Кавказ, Алтай, Шығыс Түркістандағы елдермен сауда жасауда, мәдени байланысты өрістетуде үлкен роль атқарды. Керуен жолындағы қалаларда сауда-саттықпен бірге қолөнершілік, сәулет өнері кеңінен дамыды. Қолөнердің осы уақытқа жеткен, қазба зерттеу барысында табылған үлгілері ол кезде темірден, тастан, алтын, күмістен әшекейлеп жасаған сәндік бұйымдар, тұтынатын заттар болғанын дәлелдейді. Сонымен бірге осы аймақтардың тұрғындары қолданған аспаптар, құралдар, әбзалдар олардың иелерінің мәдени дәрежесінің, өмір тәжірибесінің осал болмағанын байқатады. Оларға сәулет өнерінің жұрнақтары тастан қашалған, тастан істелген үлгілерді қоссақ көз алдымызда белгілі дәреже, биік дамыған мәдениеті бар бүтіндей бір өсемдік әлемі пайда болады. Әсіресе, соңғы жылдарда табылған тастан істелген үлгілердің өздерінің қайталанбайтын ерекшеліктерімен көз тартатынын айтуымыз керек.

Түркі тілдес халықтардың этникалық құрамына негіз болған көшпелі және жартылай көшпелі қаңлы, қарлұқ, шігел, тұқси, яғма, оғыз, қимақ, қыпшақ сияқты евроназия құрылығын еркін жайлаған тайпаларда өздерінің өмір сүрген, мекен еткен, қоныс қылған жерлерінде тастан жасалатын өрнектелген белгілер қалдыру әдеті болған. Еуропалықтар кумандар деп, орыстар половцылар деп атаған осы тайпалардан қалған ескерткіш тастар ресейдегі қара топырақты аймақтың ұшы - қиырсыз далаларынан да кездеседі. 80-інші жылдарда Ворошиловград Мұражайында ашық аспан астына қоршалған алаңдағы көрмеге осындай 58 тас мүсін қойылған. Әртүрлі, бірін-бірі қайталамайтын үлгіде жасалған осы туындылардың арасында сәбиін көтерген ананың тастан қашалған мүсіні бар екен. Осындай мүсінді 1860-жылдарда ішкі Ордадағы нарын құмынан орыс жағрапия қоғамының мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов тапқан. Қазір Санкт-Петербургтегі эрмитажда жұрттың тамашалауына қойылған бұл мүсін тас жөнінде «ішкі ордадан табылған тас қатын» деген атпен ол «Пчела» журналына мақала жарияланған.

Түрік тілдес халыктар тас қашап, мүсін жасау кәсібін жетілдіріп, оның өнерлік сипатына айрықша мән берген. Соны айғақтайтын Оңтүстік-Сібір, Орталық және Орта Азия жерлерінде балбалтас, сағанатас, мүсін-тас, қүұлпы-тас ескерткіштері жиі ұшырасады. Олардың атауы сыртқы түріне, қашалып жасалған формаларына қарай пайда болған. Соңғыларын ежелгі қыпшақтар «білбіл» деп атаған, адам бейнеленген тасты «мүсін тастар» деп атайды. Олардың арасында әйелді бейнелейтіндері көп кездеседі. Қазақстан, Алтай, Монғолия даласында «қызтас», «келіншектас», «кемпіртас» деп аталатын, сондай-ақ атаусыз жай әйелді бейнелейтін тастар да жиі ұшырайды. Құлпытасты, мүсінтасты көне түрік заманында елдің көсегесін көгерткен көсембасшыға, белгілі батырға, жүйріктігімен аты шыққан жыраулар мен шешендер зиратына қоятын болған. Мүсін тастардың үлгісі әр дәуірде әртүрлі болған. Олардың жасалуын өздерінің үлгілеріне, ерекшеліктеріне қарап Әлкей Марғүлан үш кезеңге бөлген. Біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-І ғасырлармен біздің заманымыздағы V ғасырлар аралығында қойылған тастан жасалған ескерткіштер мейлінше биік келеді де олардың ұшар басына әйелдің немесе ер адамнын бас пішіні бейнеленеді. Екінші кезеңдегі, яғни, V-VІ ғасырлардағы тас мүсіндер бұрынғыдай биік емес орта мөлшерде, адамның сыртқы тұрқын ғана елестететіндей етіп қашалған. Ал VI-VIII ғасырлардағы соңғы кезеңде тастан жасалған мүсіндерден адамның бет-бейнесін, көзін, мұрнын, мұртын, құлағын, әйел болса сырғасын, моншағын айқын аңғаруға болады. Олардың арасында қару-жарақ асынған жасақтардың бейнесі де кездеседі.

Ашық далаларда, жота төбелерде жерден кісі бойы тіпті одан да биік көтеріліп тігінен тізбектеліп түрған балбал тастар да кездеседі. Олар Қазақстанда Жасыбай келінің маңынан жиі ұшырасады. Осындай тастардың күмбез көтеру үшін, мазарлар салуға пайдалануы, құрылыс материалдарының барған сайын күрделеніп, бұрын саз балшық, қамыс, шиден салынып келген үй-жайлардың енді күйдірілген кірпіштен салынуы, олардың қабырғаларының, биік босағаларының неше түрлі ою-өрнек нақыштармен безендірілуі V-Х ғасырлардагы Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі өмір сүрген қағанаттарда аз болмаған.

Енисей бойында Минуиск қаласының маңында екі мәрте болып қазба жұмыстарын жүргізген фин археологиялық қоғамының экспедициялары да өздеріне түсініксіз таңбамен толтырылған тастан жасалған ескерткіштер кездескені туралы хабарлар жариялайды. Ондағы таңбаларда Ядринцев экспедициясы тапқан тастағы қашалған жазуға ұқсас еді. Рунь (жұмбақ) жазудың сырын ашуға көптеген ғалымдар ынтызарлық білдіреді. Қалмақ немесе монғол жазуы, кент жазуы, скиф славян жазуы деп жорамал айтушылар да аз болмаған. Бірақ ол жазулардың ғылыми жолмен сырын ашып, оқып беру керектігін, мұның әлемдік маңызы бар жаңалық болатынын ғылыми көпшілік жақсы түсінді.

Осындай жаңалықты бір мезгілде ашқан, 1898 жылы жұмбақ жазулардың сырын анықтаған, олардың таңбаларының бүгінгі белгілі бір нақты әріптерге сай келетінін және бұлардың көне түрік тілінде жазылғанын ғылыми жолмен ешбір күмәнсіз дәлелдеп берген екі адам болды. Оның бірі - Данияда түратын скандинавия, фин жазбасының тарихымен шұғылданып жүрген белгілі ғалым Вильгельм Томпсен, ал екіншісі орыс ғалымы шығыстанушы, академик В. В. Радлов болды. Соңғысы Ядринцев назар аударып айрықша мән берген екі үлкен сағана тастағы жазуларды түгелдей оқып, орыс, неміс тілдеріне аударып, әлемдік ғылыми жұртшылығының игілігіне айналдырды.

2. Орхон өзенінің маңынан VІ-VІІІ ғасырлардан қалған тас мүралар әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып оны зерттеуге ықыластыларды көбейтті. Ядринцевтен кейін әр жерден ғылыми зерттеу экспедициялары шығып, осы маңда қазба жұмыстарын жүргізді. Солардың бірі чехтың археологы Л. Исил Карақорым маңындағы ескі зираттан Күлтегін мүсінінің басын, оның әйелінің бейнесі салынған белгінің бір бөлігін тапты. Осы ескерткіштерде кездесетін жазулардың қашан жазылғаны мұқият тексерілді. Сөйтіп бұл Орхон жазуларының біздің заманымыздағы VIII ғасырда жазылғаны даусыз дәлелденді. Мәселен, Күлтегін ескерткішіндегі жазулар 732 жылы, Білге қаған құлпытасындағы жазулар 735 жылы, ал жинақтап қорытып айтатын болсақ, көптеген жазулардың VII ғасырдың алғашқы жартысында, яғни, 716-735 жылдарда жазылғаны расталды. Ол жазулардың көшпелі түркі ұлыстарының бұрын-соңғы еш жерде кездеспеген әрпімен көне түрік тілдерінің сөйлеу ерекшеліктеріне икемделген фонетикалық та, грамматикалық заңдылығы бар сол тұстағы халыққа тараған жұртқа белгілі әріптермен жазылғанын В. Томпсон анықтап айқын дәлелдермен көрсетіп берді. Бұл түйінді тұжырымның дұрыс екенін сонымен бірге аталмыш Орхон-Енисей, сондай-ақ, Талас жазуларының біздің жыл санауымызға дейінгі бір мың жылдықтағы өздерінің жазба мәдениеті болғанын, үйсін дәуіріндегі Орталық Азия, Орта Азия, Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың жазуына ұқсастығын, тіпті, оның көптеген әріптерін дәлме-дәл қайталайтындығын, демек, солардың табиғи жалғасы екенін дәлелдеген көптеген пікірлер айтылды. Мұндай пікір айтушылардың арасында Қазақстан мен Орта Азия елдерінен шыққан лингвист-ғалымдар да аз болған жоқ.

Осы тасқа қашалған жазуларға қандай сипаттама беруге болады, оларда не айтылған? Бұл жазулардың Х ғасырлардағы түрік тайпаларының жоғары мәдениетінің үлгілері болғандығы. Осы жазулардың сыры мәлім болғанға дейін Шалқар кеңістікте шашырап жатқан түрік тайпаларының жазу, сызуы болмаған деп есептелді. Ал бұл тастар олардың жоғарғы биік мәдениеті, жазу-сызуы, көңілге қонымды дәстүр-салты болғандығын айғақтайды. Онда тарихи деректер де аз емес және олардагы әдеби үлгіге жататын көркемдік талғамның биіктігіне кайран калмасқа болмайды. Әдебиеттің өмірді, тарихи шындықты бейнелейтін көркемдік нұсқа екенін ескеретін болсақ, бұл жазуларда осы екеуінің қатысып жатқанын байқау қиын емес. Демек, жазулар оны қалдырған VI ғасырдағы түрік тайпаларының жыл санауымызға дейін өмір сүрген ертедегі арғы ата тегімен тығыз байланысы болғанын, өткенін, өшкенін терең білгенін, зердесіз болмағанын аңғартады. Олар өздерінің дәурен сүрген кезеңін, өмір салтын, ерлігін, елдігін мақтан етеді. Ашық аспан мен кара жердің арасында тіршілік еткен адамдардың түркі тектес тайпалары болғанын, онан Бумын қаған, Үстем қаған сияқты кемеңгер басшылар шыққанын, елде береке байлықтың, бірліктің болғанын, соның арқасында төрт тараптан аңдыған жаулардың еңсесінің басып, басы барын еңкейтіп, аяғы бардың тізесін бүктіріп, бағындырғанын жазады. Ол жаугершілік заман болған. Тынымсыз соғыстар, қырғын шайқастар, ала-пат айқастар жұртты мезі еткен. Сондықтан бейбітшілік халықтардың аңсаған арманы, абзал мұраты болған. Түрік қағандары сол бейбіт өмірді орнықтыруға күш салған. Осы бейбітшілікті орнату жолындағы күресте аты шыққан Күлтегіннің ерлігі ерекше екпінді ырғағы бар жыр жолдарымен баяндалатынын, оның 16 жастан 47 жасқа дейінгі, яғни өмірінің соңғы сәтіне дейінгі ерлік істерінің соншалық шабытпен жырланатынын Мұхтар Әуезов те аса үлкен толғаныспен атап өткен. (11 том) «Тоныкөк» жырында елдің береке бірлігінің ұйтқысы, ел басшыларының ақиқатшыл, асқан дарынды ақылгөйі Тоныкөктің тамаша тапқырлығы сөз болады. Халқымыздың ертеден ұтымды айтылған сөзге тоқтаған, даналық сөзді сыйлай білген қасиеті де айқын көрінеді. Онда өнегесі мол өсиетті, ұшқын атқан ұтқыр сөздер де көп кездеседі. Тоныкөктің, Күлтегіннің, Білге Бумын, Үстеме қағандардын үлгілі істерін тас жазуларда оны қашап жазғандар келешекке үлгі етеді. Жалаңаш халықты киіндіріп, өлімші халықты тірілтіп, кедейді бай етіп, аз халықты көп етіп, елге жақсылық ойлап, әлемнің төрт бұрышындағы жұрттарды бейбіт тату еткен қағандардың даналығын дәріптейді. Осы жазбалардағы елді, ерді, ел басқарған көсемдерді мақтап марапаттаудан сол тұстағы тұрмыс-тіршілікте өркениетті өмір салты, жоғары дамыған мәдениеттің нышандары болғанын айқын аңғарамыз.

Қазақ мәдениетінің қалыптасуы мен дамылсыз дамуындағы оның ажарын ашатын, оқыған, білген адамына нәр дарытатын VІІ-VІII ғасырларда Сырдария бойын мекендеген оғыз қыпшақтар арасында пайда болып, сан ғасырлар бойы аса бағалы тарихи мәнін, көркемдік қасиет, сапасын жоймай, ауыз әдебиетінің асыл мұрасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа тарап келе жатқан шығармалардың бірі - «Қорқыт ата кітабы» (Китаби дедем Коркут).

Жұрттың жадында, халықтың аузында аңыз-әңгіме ретінде сақталып келген бұл кітаптың, қазір әлемде екі ғана қолжазбасы бар екені мәлім болып отыр. Ұзақ он екі жырдан немесе он екі оғыз-намеден тұратын «Қорқыт атаның оғыз тайпасы тіліндегі кітабының» бір данасы Дрезден қаласындағы кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорында, ал алты жырдан тұратын оның екінші қолжазбасы Италиядағы Ватиканның Аристолика кітапханасында сақталып келеді.

Қорқыттың кім болғанын түрік тектес, түрік тілдес халықтарда, оның ішінде қазақта білмейтін кісі аз. Ол - сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген атақты батыр, айтулы ақын, асқан күйші. Оның анасы оғыз, әкесі қыпшақ болған. Казақтардың бүгінгі қонысына иелік еткен бұл ұлыстар халқымыздың этникалық арқауы, алыстағы арғы ата тегін құрайтын қайнары болды. Оғыз тайпаларының сыр бойында ертеде Янги Кент, Узкент, Жент, Отырар, Шаршыкент, Сүткент деген кенттері олармен қанаттас көршілес жақын жатып ырысты ынтымақ, қызу қарым-қатынаста болған қыпшақ тайпаларының Сығанақ, Сауран, Түркістан сияқты қалалары қазақтың бүгінгі мәдениеті мен салт-дәстүрінің алғашқы бастапқы үлгілерін өмірге келтірді. Осы қалалар мен кенттерде талай тамаша үздік, ақылды да білімді, өнерлі де өнегелі адамдар өмір сүрді. Солардың бірі Қорқыт еді. Ол Сырдарияның төменгі сағасындағы қазіргі Қармақшы ауданының жерінде болған Женкент қаласында дүниеге келіп, өсіп-өніп, тіршілік етіп керемет күй-жырларын, нақыл-ғибрат сөздерін шығарып, күллі адамзатқа өшпес ғұмыр іздеп, еш жерде тұрақ тыныштық таппаған. Қайда барса да Қорқыттың көріне кездесіп, ақыры осы қалаға оралып дүние салған. Көзі тірісінде атағы шартарапқа жайылып кейін оның аты аңызга айналады. Ол туралы аңыз оның дүниеге келмеген кездерінен басталады. Аңызда Қорқыттың Ғазиз анасының құрсағында үш жыл жүргені айтылады. Жыл сайын толғатып жеңілдене алмай жүрген ана бойына бала біткеніне үш жыл толып, босанар сәті жеткенде, тер басып бойын кернегенде, жалбарынып төңірге көздің жасын төккенде, төңіректі қою қараңғылық қаптап, ызғырық жел соғып жерден, көктен, аспаннан селдетіп жауын жауады. Қара түнектен қаптаған қара жауынға ұшыраған қара таумен Сыр бойының ұштасқан жері содан бастап Қараспан аталған. Қорқыт туар кезде Қараспанды су алған, қара жерді күл алған, ол туарда ел қорқып, туғаннан кейін қуанған деп келетін жырлар соған орай айтылған. Үш күн бойы дамылсыз соққан дауыл, дүниені дүрілдеткен дүлей күш жер басқан тірі пенде мен жан-жануарды қатты қорқытқан. Осындай сәтте дүниеге келген сәбидін аты Қорқыт болған. Ол туғанда жайма шуақ жайдары күн шығып, қорыкқан жұрттың жүрегі орнына түскен. Міне, осылай басталатын Қорқыт ата туралы аңыз небір ғажайып жалғасын тауып айтыла береді.

Осындай аңыздарға негізделген Қорқыт ата кітабы жай дүние емес, даналық шежіресі. Онда ертедегі оғыз қыпшақтардың күнделікті тұрмыс тіршілігі, қайғы қуанышы, қайырымдылық пен қаталдықтың, ерлік пен ездіктің, жақсылық пен жауыздықтың көріністері суреттеледі. Ғибрат аларлық үлгі етерлік жайлар сөз болады.

Қорқыт ата туралы Ватикан архивінде: «Расул пайгамбар (Мүхаммед пайғамбар) заманына жақын түста (VIII ғасырда) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт, атты бір ер болыпты. Ол Оғыз ішіндегі барлық уәлаятты өзіне қаратып, неше бір ғажайып сөздер айтатын. Қорқыт ата Оғыз қауымының мүшкіл халі туралы сөйлер еді. Әрине, ісі болса жұрттың бәрі оның алдына келіп, кеңес сұрап, ол нені бұйырса, соны '' қабыл етер еді» - деген деректің бар екені 1980 жылы Стамбулда шыққан «Дада Қорқыт» кітабында келтірілген.

Қорқыт ата Инал, Құл еркін, Қанды қожа сияқты Алтай, Ертіс, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу, Талас, Сайрам, Сыр, Қаратау, Жетісу өлкелерін билеген хандарға ақылгөй уәзір болған. Ата-бабадан қалған қасиетті қонысты, межелі жер мен мекенді жаудан қорғау, жер-суды пайдалану, дау-жанжалды, таласты істерді ақылмен шешіп, қылмысты жазалау, әскер ісін ұйымдастыру, халық жиналыстарын өткізу, ас беру, той жасау сияқты істердің жөн-жосығын, тәртіп жоспарын белгілеуге Қорқыт ата мұрындық болған.

Халықтың зердесінде сақталған ел ішінде нақыл сөз болып тарап кеткен Қорқыттың асыл сөздері де көп. Олардың кейбірі халқы сүйіп қадірлейтін, сонынан жұрт ерген, өзі уәзір болып ақылгөйлік құрған хандарға арналған. Мәні мен мазмұнынын дұрыстығы мәңгі ескірмейтін бұл сөздерді жұрт бүгін де сүйсіне қайталайды.

Тәккапарлықты тәңірі сүймейді. Көңілі пасық ерге дәулет бітпес. Ескі темір біз болмас, тозған мата бөз болмас. Ежелгі жау ел болмас, еткен өмір оралмас, өлген кісі тірілмес. Есекті жүген дегенмен ат болмайды. Қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ. Ақын тілді, ат тұяқты келеді», - дейді ол.

Қорқыттың біраз сөздері ата-анаға, балаға, шыншылдыққа арналған. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ананың көңілі балада. Жақсы ана үшін бала екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе отбасының мерейі. Адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумаганы жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы», - дейді Қорқыт.

Қорқыт атаның жарасымдылыққа, келбет, көрікке байланысты айтқандары да көңілге қонымды-ақ. «Инабатты болса - әйел көрікті, ақсақалы жарасса - шал көрікті, сүйікті болса - ағайын көрікті, үлкен шаңырақтың жанында отау көрікті, жібек шатырдың жібі көрікті, өнегелі болса бала көрікті» - дейді ол.

Қорқыт ата әрқашан да ақиқатты ардақтай білуге үндеген. «Өтірік өрге баспайды» дейді ол. Өтірікші болғаннан өмір сүрмеген артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп сонша өмір сүрсе де аз. Хан ием, сізге сансыз ұзақ ғұмыр тілеймін. Тәңірі сізді жаманшылықтан сақтап, бақ дәулетіңізді арттыра берсін!» - деп өзінің Миран әскер бекінісіндегі жазбалар» Британия музейінің кітапханасында сақтаулы тұрған мұра. Бұл да шамамен VIII ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған деп есептеледі. Миран қолжазбаға қарағанда, үлкен айдау жолдың бойында орналасқандықтан, одан әскери және жай адамдар арнаулы рұқсат қағазбен өтетін болған. Сөйтіп бұл арадан өтушілер қолжазба кітапқа мұқият тіркеліп отырған. Сонымен бірге кітапқа бекіністе орналасқан түрік гарнизонындагы әртүрлі шендегі әскер адамдарына берілген қару-жарақтар, басқа да нәрселер жазылған. Бұл қолжазба шығыс Түркістан тарихына байланысты көптеген мағлұмат беретін маңызды мәдени мұралардың бірі болып саналады.

Жалпы алғанда «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғыз наме» жырларының, сондай-ақ «Өсиет кітабы», «Миран әскер бекінісіндегі жазбалар» сияқты көне түрік мұраларының түрік тектес халықтардың оның ішінде қазақ халқының мәдени келбетін, ұлттық психологи-ясын қалыптастырудағы елеулі рөлі болғанын айтуымыз керек. Бұл туындыларсыз қазақ мәдениеті өзінің бүгінгі биік деңгейіне көтеріле алмас еді деген ғылыми қортындылардың дұрыстығына бас игіміз келеді.

3.Ежелгі қазақ жерін қоныс еткен түркі тілдес тайпалардан сақталған, өзгеріп жаңа мән-мағынаға ие болған, сөйтіп осы тайпалардан сұрыпталып шыққан қазақ халқының бүгінгі рухани болмысының сол бір алыста, артта қалған замандармен сабақтастығын дәлелдейтін - салт, дәстүрлер, наным-сенімдер аз емес. Солардың ішінде V-Х ғасырларда өмір сүрген түркі тілдес тайпалардың наным-сенімінің тәңірі діні мен күнге, айға, жерге, отқа табынумен байланысты болғанын айту керек. Осы өңірде болып, ондағы осы тайпалардың тұрмыс тіршілігін, рухани өмірін, наным-сенімін зерттеген Еуропа саяхатшысы Плано Карипини олардың шығып келе жатқан күн мен айға табынатынын өз көзімен көрген. «Қыпшақтардың діні туралы сөз қозғасақ, - деп жазған араб саяхатшысы ибн Аль-Асир, - олар шығып келе жатқан күнге табынады» (ТизенгаузенВ. Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды т. 1 спб, 1984, 76 бет).

Қазақта күн мен айдын құдіретті сұлулығы туралы аңыз әңгімелер аз кездеспейді. «Бір байдың Күн мен Ай деген екі сұлу қызы болыпты, - деп келеді солардың бірі. - Екеуі де бетінен нұры тамған теңдесі жоқ сұлу екен. Сөйтсе Ай Күнге қарағанда көріктірек болыпты. Күн сіңілісінің сұлулығын күндеп, бір күні Айдың бетін тырнап алыпты». Осы сияқты аңыз әңгімелер қазақтар арасында күні бүгінге дейін ұшырасады.

X ғасырда Еділ болғарларына келген араб елшісі Ибн Фадиан Маңғыстау түбегінде болғанда оның тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаса, «бір тәңірі!» деп көк аспаннан көмек сұрайтынын байқаған. Мұсылман діні түркі тілдес халыктардың ресми дініне айналғаннан кейін де бұқара халық тәңірге табыну жоралғысынан бас тартпаған. Оның кейбір қалдықтарын халық арасынан қазір де байқауға болады. Шоқан «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген мақаласында әлемдік дүниені сүюді, табиғатқа деген шексіз махаббат пен адамдардын рухын қастерлеуді, аруағын ардақтауды шамандық деп атай-ды. «Шамандық діндегі адам, дейді ол, құдіретті күн нұрына қарап таңданды, осыншама жарықтың құпиясына түйсігі жетпей табынды, қара аспанға нұр сепкен айды көріп те табынды, ертедегі адам табиғаттың барлық құбылысына мінажат етті, өзінің ұғымы жетпейтін, уақыт сияқты мәңгі түсініксіз күштердің бәріне бас иді, көк аспанды, - көк тәңірі деп атады. Шамандық сенімнің дүниеге келуі жалпылай немесе жекелей табиғатты қадір тұту, қастерлеу болып саналады» (Ш. Уәлиханов, таңдамалы, Алматы, 1985, 170

бет).

Түркі тілдес халық тайпаларының сенім-нанымында шамандық елеулі орын алған. Шаман дегеніміз емші, тамыр ұстаушы, балгер, жын құрсанған бақсы. Оларды абыз деп те атаған. Бұл қобыз деген сөздің өзгерген түрі. Алтай, Ойраттарда қобызды шамандар тартады. Ал қазақта, оның алыстағы аталары, қыпшақта оны абыздар тартқан. Одан кейінгі олардың жын шақырып тартатыны - «Қорқыт күйі». Тыңдаған адамының сай сүйегін қозғайтын бұл күйдің шынында да шипалық касиеті бар ма деп қаласыз. Қорқыттан кейін өмір сүрген, аты әйгілі, киелі бақсылардың бірі Қойлыбай туралы да Қазақтар арасында аңыз көп. «Қойлыбай бар бақсының түп атасы, оқ тартар садағы іспетті» деп суреттейді оны Шоқан. Бірде ол қобызын аламан бәйгеге салған деген аңыз бар. Жүздеген сәйгүлік қосылған бәйге аттарының келе жатқанын көргенде қолына қанжарын алып әулие, пірлерін жәрдемге шақырып Қойлыбай сарнап қоя береді. Сол-ақ екен бәйге жақтан бір кара дауыл рып, отша лапылдаған аптап ыстық жел соғады. Бір кезде сол дауылдың артынан қалың қара кәрі, ат тұяғының дүбірі естіледі. Демде бәйге аттарының ал-дынан қар борандатып, алты құлаш тамырымен ала жібін сүйреткен алып ағаш көрінеді. Сөйтсе ағаш дегені Қойлыбайдың қобызы, дауыл мен желді суырып келе жатқан көкаман жынының екпіні екен деп айтылады аңыз әңгімеде.

Көл егесі Қамбар-ау Шөл егесі Қамбар-ау Қарағыма көз сал-ау, Рахым қылсаң құдай-ау! Сенен өзге кім бар-ау? Ғашықтардың пірі едің Ләйлі-Мәжнун Сәруар-ау! Сүрінсе қолдап алып жүр, Пәлекет келсе қағып жүр Қосақтап қойдай бағып жүр, Бір ғашықтың дертінен Қарағым менің неғып жур? Ғазіреті ер сұлтан Рахым қылып сен тұрсаң, Баба түкті шашты Әзиз Баламды Сізге тапсырдым. Бұл қисса біз сөз етіп отырған VІІІ-Х ғасырлардан кейін шыққан. Оны «алла», «құдай» деген кейінірек XIV ғасырларда ислам діні арқылы енген сөздерден аңғару қиын емес. Бірақ бұлайша мінәжат етудің тым ертеректен Тәңірі діні үстемдік етіп тұрған кездерден байқалып жалғаса бергенін айту керек.

Бақсы балгерлер ырым, әдет-ғұрыптарды уағыздаушы, орнықтырушы болды. Жақсылыққа бағыштайтын, жамандыққа ұрындыратын ырымдарды жұрттың санасына сіңіріп, халықты оның жақсысын мұқият сақтап, жаманынан жиреніп қашық жүруге шақырған. Шоқан осындай ырымдардың ондаған түрін келтіреді"Мәселен кем-кетік адамға садақаға киім-кешек бергенде оның бір түймесін үзіп алып қалу керек. Мал сатқанда бас жібін, жүгенін қоса беруге болмайды. Мал сойғанда қары жілікті тастамай сақтап қойса ол малды, үйді ұры-қарыдан сақтайды деген сенім болған. Үйге тамақ шайнап кіру жаман ырым, ондай адам аузындағысын есіктен аттатпай түкіріп тастау керек. Келген адамға есік ашуға болады, кетерде есікті келген адам өзі ашып шығуы керек. «Қонақтың, кел демек бар, кет демек жоқ» деп рұқсат сұрап кетуге өзі қамдануы осыдан болса керек. Қазақтардың бас киімді, пышақты сыйламауы, ешкімге бермеуі де ырымға жатады. Үкінің қауырсыны, тұяғы жын-періден сақтайды деген де сенім бар. Қазақтар кірпі тікенектерін бесікке байлап, сәбиді жын періден сақтайды. Бірқатар нәрселерді қазақтар киелі деп есептейді.

Солардың ішінде қазақтар мал сүйектерінің кейбіреулерін де киелі санап оларды бал ашу үшін қолданған. Мәселен жауырын сүйекке қарап болжау жасайды. Асықты да тек ойын үшін емес, болжам жасау үшін пайдаланған. Асық алшы, тәйкі, бүк, шік жатады. Оны әртүрлі ырымға бағыштайтын медет әр елде де болған. Бірде қалмақтар жауласамыз деп қазақтарға жалғыз асық әкеліп ишара жасайды.

Ұмай анаға табыну бірте-бірте өмірге шамандық таным-сенімді келтіреді. Оның көк тәңіріне сиыну сияқты қымбат маталар Қытай, Ферғана, Самарқандтан әкелініп тұрған. Әр түрлі түске еніп құбылып, көздің жауын алып тұратын торғын жібек, мақпал,қамқа, атлас маталарынан әйелдердің киімі тігілді. Гүлбаршын, Торғын, Жібек , Мақпал, Қамқа сияқты қыз балалардың есімдері де осы маталардың аттарынан алынды. Мұндай қымбат кездемелерден қағандар, олардың узірлері де киім тіктірді. Қағандар көк жасыл жібектен шапан киетін болған. Уәзірлер киімді басқа түсті матадан тіктірген.

4.Қысқы сыртқы киім мал терісінен, аң терісінен тігіліп, ол тон деп аталды. Қой, ешкі, қасқыр, қарсақ, түлкі терісінен тек тон емес, жейде, шалбарлар тігілді. Құлын терісінен жеңіл жарғақ істелді. Сырт киім көбінесе сол жағыиа түймеленетін болды. Етік тігу үшін сиыр терісінен жасалған былғары пайдаланылды.Оның тігісі сыртына қарап тұрды. Етіктер өкшелі және өкшесіз де болды. Әйелдерге арналып бекем етік деп аталатын қайқы тұмсықты сәнді аяқкиімдер тігілді.

Ер адамдар басына бөрік киді, қозы терісінен істелген бас киім, құндыз терісінен тігілген қамаш бөрік әрі жылы, әрі жеңіл болды. Башлық деп атала-тын бас киім киізден тігілетін болған. Ибн-Фадланның айтуынша, адамның басын, бетін түгел тұмшалап, бүркеп тұратын башлық астынан «адамның екі көзі ғана жылтырап көрінеді екен».

Киіз көшпелі тайпаларда тек киіз үй үшін ғана пайдаланылмай, сонымен бірге одан сырт киім де тігілетін болған. Араб жаһангері Ал-Якуби (IX ғасыр) ежелгі қазақ жерін мекендеген халықтардың киіз басу аса шебер болғанын, олардың бірсыпыра киімдерінің киізден тігілетінін таңдана жазады. Олар жұқа басылған киізден шидем деп аталатын жеңіл жол киімін тігіп киді. Қыста суықтан сақтайтын, жаз-да күн өткізбейтін шидемді қазақтар соңғы кезге дейін киген. Ежелгі қазақжерінің тұрғындары қысқы, жазғы киімге малдың, аңның терісімен бірге мақта, кендір, жүн маталарды пайдаланған. Олардың ұқыптылықпен істелген белге тағатын белбеуі болды. Кездеме матадан қайыстан істелген белге тағатын белбеулер, оған ілінген алтын, күміс, қоладан оймышталып жасаған тоғалары, салпыншықтары, бастырмалары тек белбеудің ғана емес, оны таққан адамның да ажарын

ашып тұрды. Бас киімнің, белбеудің, аяқ киімнің әсемдігіне далалықтар айрықша мән берген.

Бақылау сұрағы: 1. Қандай көне ескерткіштер мен сәулет өнерінің мұраларын білесіңдер?

2.Әдеби жазба ескерткіштерді атап, олардың ерекшеліктерін ата. (Орхон, Енисей жазбалары «Қорқыт ата» кітабы, «Оғыз наме»)

З.Түркі тілдес тайпа халықтарының наным-сенімдері қандай болған?

4. Түркі тектес тайпалардың материалдық мәдени игіліктері жөнінде не білесіңдер?

Әдебиет Н-3,5,8,11, Қ-10,11,13,14

 

 

№ 8-9. Тақырыбы: Х-ХІІ ғасырдағы ежелгі қазақ жерін жайлаған түркі тілдес тайпалардың мәдениеті

Мақсаты: түркі тілдес тайпалардың мәдениетімен танысу, ғұламалардың шығармашылығын анықтау және ноғайлы дәуіріндегі жыр қиссалардың шығу тарихы мен тақырыптарымен танысу


<== previous lecture | next lecture ==>
Есім хан | Микрореакция преципитат (экспресс – метод) – теріс.
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 5.996 s.