Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Кадет корпусы 3 page


Date: 2015-10-07; view: 469.


Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін – Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Европаны басып алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол әскерін Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап келген болатын. 1216 жылы Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлы Жошыны қыпшақ даласында көшіп-қонып жүрген меркіттерді біржолата талқандауға аттандырды. Жошы Торғай даласында қыпшақтарға қарсы 60 мың әскерімен жорыққа шыққан хорезмшах Мұхаммедтің қолымен кездесіп қалды. Екі жақ күні бойы шайқасты, ал түнде монғолдар жаққан оттарын қалдырған күйі кері шегініп кетті.

Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Осы жылы қаңлы, найман және керей тайпалары жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді. Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық пен қырғынға тиым салды. Көптеген елді мекендер, соның ішінде Баласағұн қаласы ұрыссыз берілді, ал Күшлікті монғолдар Бадахшанда ұстап, өлтірді.

Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға сылтау болды. 1218 жылы жазда Шыңғысханның тапсырмасымен құрамында көпестері мен монғол барлаушылары бар, барлығы 450 адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі бар керуен Отырарға аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді жансыздар деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады. Бұған шамданған Шыңғысхан оның қарымтасы ретінде хорезмшах Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін жібереді, ал хорезмшахтың келген елшілерді өлтіруі соғысқа сылтау болады.

Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының жасақтарымен қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол жіберді. Әскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды. Отырар қаласы қоршауға алынды. Өзінің әскерін үш топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы бастаған екінші бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі Бұқараға бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол басқарған әскер мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан тіресе қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай бойы ұстап тұрды. Бесінші айдың аяғында хорезмдік әскербасы Қараджа хаджиб опасыздық жасап, қаланың қақпасын ашып, 10 мың әскерімен монғолдар жағына шығып кетіп, оларды қалаға жіберіп қойды, кейін оның өзі осы опасыздығы үшін монғолдар тарапынан өлтірілді. Қайыр хан өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды. Бірақ күш тең болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда Отырар қаласы алынды, Қайыр хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.

Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас және т.б. қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб және парсы тіліндегі тарихи деректерде монғолдар халқын түгелдей қырып, күл-талқан қиратқан отыз шақты қалалар аталады. Олардың ішінде оңтүстікқазақстандық Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары бар.

Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап алынды. 1221 жылы көктемінде монғолдар Орта Азияны жаулап алуды аяқтады.

Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Индия территориясына ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. Бұл әскер армян, грузин, алан, қыпшақ және орыс әскерлерін Қалқа өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Сөйтіп, 1219-1224 жж. монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына кірді.

Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жатқан жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған ұлдарының санына қарай төрт ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле Шыңғысханның негізгі жұртын – Монғолияның өзін, сондай-ақ монғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мәуераннахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді.

 

 

36. 1941-1945 жылдары республика бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс (35%) қорыту, полиметалл және мыс рудаларын өндіру жөніндегі жетекші орнын сақтап қалды. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит кеніштері (рудниктері), Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты т. б.). Осының арқасында Қазақстан одақтағы молибден мен марганец рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның 80%-ға жуығын өндірді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» - Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды,ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.

Соғыс жылдарында республиканың қара металлургиясы ойдағыдай дамыды. Донбасты фашистер басып алғанда Қарағанды көмір кеніші соғысқа қажетті отынның 65 пайызын өндірген. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн тонна көмір қазды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт салынды. Соғыстың 4 жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 887,9 мың тонна мұнай жөнелтілген. Ал республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша одақта РКФСР-ден кейін екінші орынға шықты. Қызыл Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М. Сатыбалдина, А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады.

Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.

Құрылыстың қарқын алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді, Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин секілді жаңа қалалар мен жұмысшы поселкелері бой кетерді. Қазақстандағы қалалар саны 5-ке, поселкелер саны - 35-ке өсті.

Соғыстың соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы еңбеккерлері фашизмнен зардап шеккен 48 аудан мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.

Қазақстан мұнайының да маңызы аз болған жоқ. Жұмыс істеп тұрған «Эмбімұнай» тресіне 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған бұрғылау скважиналары қосылды. Гурьев мұнай өңдеу зауыты жұмыс істей бастады. Соғыс жылдары республика мұнай өндіруді 40%-ға дейін арттырды. Жұмыс істеп тұрған электрстанциялар жүйесі Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарындағы энергетиканың жаңа ірі және орташа нысандарымен толықты.

Соғыс жылдары жалпы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар мен жеке өндіріс орындары, оның ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар салынды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы аяқталды.

Республикада танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілді. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодактық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа таңк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.

Елдің корғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға женіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдын басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру - 11,3 есе; мақта-мата - 7,4 есе, тоқыма бұйымдары - 4 есе, жүн мата - 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттардың жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия - шинельдермен, 67 дивизия — қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия - жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес. Бүтіндей алғанда республика енеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37%-ға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.

 

 

37.ХҮ ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс аймақтарында тәуелсіз феодалдық иеліктер пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр (1428-1468) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.

Әбілқайыр хандығының территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы – алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы - өзбектер деп аталған түрік тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Әбілқайыр хан мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс әулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар тоқтамады.

Әбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көптеген соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінің Махмұд және Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті.

ХҮ ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақта 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты.

Бұл жағдай Әбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нәтижесінде ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Әбілқайыр хандығы ыдырап кетті.

Әбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі тартыста өлтірілді. Ал Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470-1510) қазақ хандарымен Сырдария мен Қаратау аймағындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілқайырдан тараған Шайбанилар ұрпағының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті. ХҮІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мәуереннахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарынң билігінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін тартып алды. Қазақстан жерінде қалған тайпалар Қазақ хандығының қол астына қарайды.

 

 

38.Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді.

Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары - Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) - Рамазан Амангелдиев қатысты.

1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды.

Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.

Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.

Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағьының Батыры атағы берілді. Көптеген Қазақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.


<== previous lecture | next lecture ==>
Кадет корпусы 2 page | Кадет корпусы 4 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.072 s.