Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Инвестициялар тарту


Date: 2015-10-07; view: 433.


Наурыз

ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА

Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр.

Қазірдің өзінде біз қабылдағанның бәрі – бұл бүгінгі дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу.

Мен тоқтап қалмауды, одан әрі жүруді және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын іске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын.

Ең қиын жылдары біз салуды бастап, елдің жаңа байтағын – Астананы, біз осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр. Келіңіздер, осы жақсы тәжірибені жалғастыратын болайық.

Иә, жаңа қаражат қажет. Осы мақсатта дәстүрлі түрде Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау дұрыс болады деп санаймын. Тұтастай алғанда бұл Ұлттық қордан бекітіліп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгені құрайды.

Бұл – уақытша, бірақ та қажетті шара. Бұл ретте біз қазіргі сәтте бар елдің жалпы резервінің сол көлемін, яғни 47 миллиард американ долларын сақтаймыз. Бұл бізге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенімділік береді.

Қаражаттың басқа бір көзі – бұл бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі. Осыны ескере отырып Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режімінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ біздің депутаттарды да шақырамын.

Қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиіс. Ашығын айтайық, бізге ақша пайда болған осы жылдары сұраныс көбейіп, штаттар қампиып кетті және іссапарлар саны, әрқилы ауқымды мәдениет күндерін өткізу ұлғая түсті. Осы мәселеде баршаның ойланғаны керек.

Қаржы тәртібін бұзушыларға дағдарыс уақытының заңы бойынша қатал сұраныс қойылуы тиіс. Барлық басым емес шығындар – әкімшілік, инвестициялық және басқа шығындар – нөлге теңестірілуі тиіс. Бұл жергілікті бюджеттерге де қатысты.

Босаған қаражат бізге, ең алдымен, қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын іске асыру мүмкіндігін береді. Ол бізге дағдарыс ауыртпалығын еңсеруге ғана көмектесіп қоймайды, сонымен бірге дағдарыстан кейінгі уақытта экономиканың тиімді дамуын қамтамасыз етеді. Ол әрбір қазақстандық отбасына жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.

Жұмыс орындарының жеткіліктілігі Үкімет мүшелері мен әрбір әкімнің Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабілеттілігі айқындалатын негізгі көрсеткіш болуы тиіс.

Әрбір әкім, әр министр апта ішінде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергілікті орындарда қаншасын ашқанымызды білуі тиіс. Нақ осы тұрлаулы дамудың негізі болып табылады.

Өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін мен Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Жергілікті бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бірлесе қаржыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс.

Жұмысынан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Біз кем дегенде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, бұл қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде.

Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табу керек емес. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз.

Біріншіден, бұл коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп осы мақсатқа кететін қажетті шығындарды анықтауды, жұмыстарды қаржыландыруды ғана емес, сонымен бірге бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырамын.

Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол – болашақ дамудың негізі. Бұл қалалар мен жергілікті орындарда орасан көп жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі. Біз халқымыздың сатып алу қабілетін арттырамыз. Егер парасатпен жұмыс істей білсек, босаған адамдарды жаңа мамандықтарға үйрету керек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді. Келіңіздер, қазір осымен айналысайық.

Екіншіден, бұл жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңарту.

Бұл енді ӘКК-лердің міндеті, олар халықтың барынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге міндетті. Мәселенің қаржылық жағы – Үкімет пен әкімдердің құзырында.

Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, аурухана­ларды, медициналық пункттерді жөндеуге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орындарын да құрамыз.

Сондай-ақ, біз салуды белгілеген магистралдық автомобиль және темір жолдарын да тоқтата тұруға тура келеді. Мұның орнына ақшаны облыс орталықтарының, қалалардың төңірегіндегі жолдарды, ауданаралық жолдарды ретке келтіруге жұмсаймыз. Осылайша біз тылымызды бекіте түсеміз.

Үшіншіден, әрбір нақты елді мекендегі жергілікті мәндегі нысандар. Бұл жергілікті биліктің шешуі бойынша жолдарды, клубтарды немесе басқа нысандарды абаттандыру мен көгалдандыру, жөндеу. Бұл мақсаттарға атаулы трансферттер бөлінуі тиіс.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлінуі тиіс. Жұмыспен қамтудың жергілікті проблемалары мен мәселелерін шешу үшін бұл қаражатты қайда жұмсау керектігін олардың өздері шешетін болсын.

Бұл жұмыстың тиімділігі үшін дербес жауапкершілікті тұтастай әкімдерге жүктеймін.

Аталған барлық жобаларды іске асыру үшін біз жергілікті өндірісшілердің әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Осы датаға орай бүкіл Қазақстанда кең ауқымды жұмыс өрістеуі керек. Бұл біздің ұрпағымыз үшін, біздің халқымыз үшін ұмытылмас жылдар. Қазақ ұлтының және бүкіл Қазақстанның тарихында мұндай кезең болған емес.

Осының барлығына тереземіз тең, керегеміз кең ел болғанның арқасында қол жеткіздік, ел ретінде, қазақ ретінде, мемлекет ретінде мұндайлық сәулелі күннің басымызға тәуелсіздіктің арқасында ғана қонғанын біздің ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежіресіндегі ерекше бұл белеске біз барынша дайындықпен баруымыз керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлеріміздің іші-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі.

Сондықтан бұл жұмысты біз қазірден бастауға тиіспіз. Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихаттардың бақылауымен қандай да бір қиындық көріп жатқан тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді, шағын несиелер берер еді.

Осылайша біз жұмыспен қамтылу мәселесін шешіп қана қоймаймыз, сонымен бірге біздің елімізде жаңа өндірістердің пайда болуы үшін ынталандыру жасаймыз.

Төртіншіден, бұл әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту және жастар практикасын ұйымдастыру.

Халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заң бізге бюджет қаражатын осы мақсатқа пайдалануға мүмкіндік береді. 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкіндіктерін іске асырды.

Біздің бүгінгі міндетіміз – қазіргі бар бағдарламалардың аясын кеңейту.

Осы мақсатқа қосымша 8,6 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Сонда біз 96 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз.

Осымен бір мезгілде біз Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеудің барынша ұзақ мерзімін 4-тен 6 айға дейін ұлғайтуға тиіспіз.

Әлемдік дағдарыс жағдайында біздің жұмыспен қамту стратегиямыз кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау жөніндегі толық ауқымды жұмысқа бағытталған.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп қазіргі бар оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырамын.

Біздің адамдарымыз оқып-үйренуге тиіс, бүкіл әлемде адамдар өмір бойы оқумен өтеді. Мына жағдайда қайта оқуға, сөйтіп бүгін қажет болып отырған мамандықты игеруге мүмкіндік те бар, қажеттілік те бар.

Біз қазір барлық ірі құрылыс кәсіпорындарын адамдарды басқа мамандықтарға оқыту үшін қарыз бөлуге міндеттейміз. Барлық жерде осылай болуға тиіс. Егер Үкімет пен әкімдер жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра алса, адамдар оқуға отырады да, жаңа мамандықтарды игеріп алып кетеді.

Кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөніндегі жүйелік жұмыс мынадай мақсаттарды көздеуі тиіс:

· Жаңа мамандық бойынша жұмыс істегісі келетін әрбір адамның оқу мүмкіндігі болуы тиіс.

· Экономиканың еңбек ресурстарына деген болашақ сұраныстарын, ең алдымен, ауыл шаруашылығында қамтамасыз ету.

· Шетелдік жұмысшыларды отандық кадрлармен біртіндеп алмастыру. Біз оларды жартылай қысқартып, өз адамдарымызбен алмастырмақпыз.

Сонымен қатар әлемдік дағдарысқа, біз бастан кешіп жатқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, біз олардың шешілуіне ғана шоғырланып қоя алмаймыз. Біздің болашағымыз экономиканың одан әрі жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты.

Біз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастырамыз.

Ең алдымен бұл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту.

Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйтсе де әлі күнге жанармай сатып аламыз, авиация керосинімен де қамтамасыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек.

Біз осы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты біртіндеп толық қамтамасыз етуге тиіспіз.

Біз Атырауда мұнай-химия кешенін салуды жалғастырамыз. Мойнақ ГЭС-інің құрылысын биыл аяқтаймыз, Екібастұз 1-ГРЭС-ін кеңейту және қайта жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Ол жерде сегіз блоктың орнына төрт блок жұмыс істеп тұр. Бұл дайын, шығынды қажет етпейтін электр қуаты. Екібастұз 2-ГРЭС-інің үшінші энер­гия блогын салу жұмысын жалғастырамыз, биыл Балқаш ЖЭС-ін салуды бастаймыз.

Біздің жоспарларымызда “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” магистралдық газ құбырын салу, “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру бар. Биыл біз дайындық жұмысын қолға аламыз. Онда 5 мың адам жұмыс істейтін болады, ал 2010-2012 жылдары 50 мың адамға дейін жетеді.

Мұның өзі Қазақстанды Еуропадан Азияға жетіп жататын көлік дәлізіне айналдыратын күретамыр болады.

Біз электровоздар, жолаушы және жүк вагондары, жол битумдары өндірісін, химия өнеркәсібін ұйымдастыруға кірістік.

Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз.

Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауылшаруашылық техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақ­стандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық.

Құрылыс үшін басқа да маңызды жобаларды қарастыру керек. Бұл Көксарай су қоймасын, басқа да ірі ирригациялық нысандарды салуды жалғастыру.

Қызылқұм массивінде 60 мың гектар суармалы жерді игеру мақсатын алға қойғанбыз. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен кірме жолдары бар нысандарда жұмысты бастау керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату – маңызды сала. Біз қазір консервіленген жеміс-жидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз. Егер осының бәрін шеше алсақ – онда адамдар қаладан селодағы өнеркәсіпке жұмыс істеуге баратын болады.

Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттық мамандандыру перспективада 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, таяудағы бес жылда ІЖӨ-нің қосымша өсімінің 8 пайызға жуығын қамтамасыз етеді.

Осылайша, өзіміздің стратегиялық таңдаумен жүріп, біз экономиканың нақты бәсекеге қабілетті болатын, сыртқы рыноктарда өз орнымызды табатын секторларында жұмысты дәйектілікпен жалғастырудамыз.

 

* * *

Қазіргі қиындықтар – бұл біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес.

Өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарысын біз 90-шы жылдардың басында еңсердік.

Ол кезде экономиканың құлап түсуі 60 пайызға жетіп, инфляция жылына мыңдаған пайыздармен есептелетін.

Азияның қаржы рыноктары туындатқан екінші әлемдік дағдарысты біз 90-шы жылдардың аяғында еңсердік. Мұнай бағасы онда бір баррель үшін 9 долларға дейін төмендеді. Біз зейнетақы мен жалақыны төлей алмадық. Ол қиындықтарды да біз еңсердік.

Уақыт өтеді, содан кейін біз осы дағдарысты да еңсергеніміз туралы айтатын боламыз. Қалыптасқан жағдайдан объективті шығындармен, бірақ та жаңа өсуге әзір болып шығатын барлық мүмкіндіктер біздің қолымызда.

Дағдарыстар қайталанатын болады, ал біздің мақсат – оны басқаруды үйрену. Әзірге бізде бұл орындалуда.

Бүгінде біз өз күштеріміз бен ресурстарымызды қайта топтастыруға мәжбүрміз және біз мұны сыртқы жағдайлардың ықпалымен істеудеміз. Алайда бұл біз өз бағытымызды өзгертті дегенді тіпті де білдірмейді. Ол бағыт 2030 жылға дейінгі елдің Даму страте­гиясында анықталған. Өмір түзетулерін енгізуде. Бірақ та атап көрсеткім келеді, ол бұрынғысынша қалып отыр.

Барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үштұғырлы міндет болып қала береді.

Бізде дағдарысқа қарсы жоспар бар, мемлекеттік резервтен жеткілікті қаражат бөлінген. Тұтастай Үкімет және Премьер-Министр, мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер дағдарыстан шығу жөніндегі белгіленген шаралардың орындалуына тікелей жауапты болады.

Бүгінгі проблемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз – кемелдіктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы. Біз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын. Бізге өз дамуымыздың жаңа кезеңіне кіруге және біздің жетістіктерімізді еселеуге тура келеді. Мұны да орындайтынымызға сенімдімін.

Белгілеген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет.

Сондықтан да барша қазақстандықтарға аталған шараларды жүзеге асыруға кірісуге, еңбекқорлық пен табандылық танытуға, ұсынақты болуға, жақындарыңа, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге және қамқорлық жасауға шақырамын.

Парламенттің, мәслихаттардың, “Нұр Отан” партиясының депутаттарына сөз арнаймын. Біздің партия үшін дауыс берген сайлаушылар бізге зор сенім көрсетті. Енді қазір, қиын дағдарыс кезеңінде, біз оны ақтап, қоғамдағы дағдарысқа қарсы ауқымды қозғалыстың басында болуға тиіспіз.

Үкіметпен және жергілікті органдармен бірлесіп адамдардың нақты проблемаларын шешу, дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуын, осы мақсаттарға бөлінген бюджеттік қаражаттың жұмсалуын айрықша бақылауға алу керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясына, барлық саяси күштерге сөз арнаймын. Қазір халық туралы кімнің шын мәнінде ойлайтыны, ал кімнің – ойламайтыны сөзбен емес, істе тексеріледі.

Келіңіздер, планета тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру жолында бірігейік!

Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және іспен көмектесейік. Мемлекет қазір нақ осыны жасап отыр. Елде тыныштық пен келісімді сақтау маңызды міндет болып қалады.

Бүгінде бүкіл дүние бір-біріне қарап отыр. Дағдарыстың беті қалай болар екен, одан қай мемлекет қалай шығар екен деп бақылауда. Сан түрлі саясаткерлер, сарапшылар Қазақстан қазіргідей қиындықтан өтер ме екен, осы кезде ел бірлігін сақтап қалар ма екен, бұл ел өзінің мемлекеттілігін құрметтей білер ме екен деп тұрған сын сағатта мен, әсіресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершілік жүктеп сөз арнаймын. Қазір алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жеріміз кең, еліміз бай, істеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетіп жатыр. Бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істейтін кез келді. Бір-бірімізге қарайласатын, көмектесетін, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез.

Барлық мемлекеттік қызметшілерге сөз арнаймын. Қазір біз бәріміз қызмет ететін халықтың алдындағы әрбір басқарушының жауапкершілігі еселеп арта түседі. Жергілікті орындарға жиі шығып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесу керек. Мемлекет қолға алып жатқан шараларды түсіндіріп, адамдарды біріктіру, оларды проблемаларды шешуге көтеру керек.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сөз арнаймын. Біздің қалалардың көшелері мен ауылдардағы тыныштық сіздерге байланысты. Қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек.

Мен бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын! Сіздерді “төртінші билік” деп кездейсоқ атамайды!

Қазір БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде “кеңесші” ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі.

Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалды жиі беру керек.

“Нұр Отан” партиясының мүшелері үйді-үйде көбірек болуға, қандай мамандықтарға қайта оқуға мүмкіндік бар екенін, несиелер мен шағын несиелерді қалай алуға болатынын, қиын жылдарда не істеу керектігін түсіндіруге тиіс. Әр үйге, әр отбасына бару, қарапайым адамдардың көмекшілеріне, кеңесшілеріне айналу керек. Асып-сасатын ештеңе жоқтығын, елдің байтақ екенін, істеген адамға жұмыс жететінін ұғындыру шарт. Сондықтан қай жерде де бірімізге біріміз көмектесіп, білетіндер білмейтіндерге айтып жүруіміз керек. Осының өзі халықты біріктіре түсетін болады.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауы.

2010 жыл 29 қаңтар

 

ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.

Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік.

Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды.

Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік.

Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті.

Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды.

Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды.

Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды.

Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.

Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық.

Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін.

Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. “Қазақстан-2030” Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау.

1. 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі

2. Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты

3. 2020 Стратегиялық жоспары –көшбасшылыққа қазақстандық жол

3.1 Экономиканы әртараптандыру – табыс кілті

3.2 Сауатты сауда саясаты – экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау

3.4 Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші

3.5 Отандық тауарлар – 2020 Жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы

3.6 Өңірлердің дамуы – елдің дамуы

3.7 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары

4. Адам – елдің басты байлығы

4.1 Білім беру

4.2 Денсаулық сақтау

4.3 Өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау

4.4 Ардагерлерге қамқорлық

4.5 Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясат

5. Ішкі саяси тұрақтылық – 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы

6. Сыртқы саясат

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауы.

2011 жыл 29 қаңтар

1. Жеделдетілген экономикалық жаңғырту – Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының жалғасы

Біз Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылына аяқ бастық.

1991 жылдың желтоқсанында, өзіміздің стратегиялық мақсатымыз ретінде орнықтылық пен табысқа жетуді таңдап ала отырып, біз әр жаңа кезеңнің дамуына жаңа бағдарламалар жасап, алға жылжыдық.

Біз кеуделі міндеттерге ұмтылып, оларға қол жеткіздік.

Ел ілгерілеуінің шоғырланған көрсеткішін ғана келтірейін.

1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын.

2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті.

Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік.

Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді.

Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен.

2010 жылдың қаңтарында ел халқына Жолдауымда мен Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жария еттім.

Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың алғашқы жылының нақты қорытындылары бар.

Біз 152 кәсіпорынды іске қостық, 24 мыңға жуық қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік.

Бүкіл ел бойынша барлығы сегіз жүзге жуық әртүрлі өндіріс орны құрылды.

Біз химия және жеңіл өнеркәсіпті белсенді түрде қалпына келтіру мен дамыту үдерісін бастадық, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде серпіліс жасадық.

2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

161 мың тұрақты жұмыс орны және 207 мың құрылыс уақытына есептелген жұмыс орны құрылады.

Алғашқы индустриялық бесжылдықтың алғашқы жылының басты қорытындысы – экономиканың нақтылы секторының есебінен экономикалық өсуде елеулі құрылымдық өзгерістердің басталуы.

Таяу онжылдықтағы Стратегиялық жоспардың мақсаттарын тағы да еске салып өтейін.

2020 жылға қарай біз мынандай көрсеткіштерге қол жеткізуге тиіспіз.

Ішкі жалпы өнім өсуі кемінде 30 пайыз болады.

Өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейінен асып түседі немесе соған жетеді.

Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30 пайызын құрайды.

Экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция кемінде 30 пайызға артады.

Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды.

Халықтың саны 18 миллион адамға жақындайды.

Білікті мамандардың үлесі 40 пайызды құрайды.

Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді.

Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі.

Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады.

2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең.

Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.

Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық мәшине жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады.

Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері селодағы индустрияландырудың осынау маңызды бөлігімен айналысуға тиіс.

Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі қуат шығындарын азайтуды қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі керек.

Шикізаттық емес секторларды дамыту мақсатында Үкіметке Қуат тиімділігінің кешенді жоспарын жасап, бекітуді тапсырамын.

Индустрияландыру өңірлік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастырады.

Үкімет әкімдермен бірлесе отырып Өңірлерді дамыту бағдарламасын жасап, бекітуі керек.

Мұның барлығы – біздің саналған-сараланған жоспарларымыз.

Біз әлі жол басында тұрмыз.

Егер жақсырақ, дәулеттірек өмір сүргіміз келсе, біз осы жұмысты атқаруға тиіспіз.

Мен бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты деген қағидатты жақтаушымын.

Біз алғаш рет «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заң қабылдадық.

Бақылау жүргізудің бүкіл мемлекеттік органдар үшін ортақ қағидаттары мен тәртібі белгіленген. Бұл бизнеске әкімшілік қысымды бұрынғыдан да азайта түсу үшін жасалды.

Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қазірдің өзінде 16 заң қабылданды.

Меншікті қорғаудың құқықтық тетіктері енгізілді, үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізілді, бостандығынан айырумен байланысты болмайтын, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолданудың аясы кеңейтілді. Осының арқасында биылғы жылдың өзінде ауырлығы азын-аулақ және орташа қылмыстары үшін сотталған екі мыңға жуық адам бостандықтан айыру орындарынан шығарылады.

Құқық қорғау органдары аппараттарының саны 15 пайызға қысқартылды. Олардың құрылымдары оңтайландырылды.

Құқық қорғау органдарына тән емес қызметтер жеке секторға берілді.

Сот жүйесінде елеулі өзгерістер жасалуда.

Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр.

Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған.

Тек 2 жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 40-тан астам республикалық деңгейдегі жетекші, облыстық және қалалық ауқымдағы 250-ден астам лауазымды тұлғалар тартылды, олардың арасында 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар.

Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау министрлерінің, статистика жөніндегі агенттік төрайымының, төтенше жағдайлар және қорғаныс вице-министрлерінің, «Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» компаниялары президенттерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды.

Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартты.

Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз.

Бұл жұмыс ымырасыздықпен жалғастырылады.

Бүкіләлемдік банктің 2010 жылғы баяндамасында Қазақстан бизнес мүддесі үшін реформа жүргізуде көшбасшы деп танылған.

Бизнеске неғұрлым қолайлы ахуал жасау жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан 183 елдің арасынан 59-шы орынды иеленеді.

Тұтастай алғанда мемлекеттік органдардың шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фактілері тыйылды деуге жақын қалды.

Өткен жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кедендік одағы жұмысын бастады.

2010 жылдың 10 айының нәтижесінің өзінде Ресеймен және Беларусьпен сауданың көлемі 38 пайызға өсті.

2. Әлеуметтік жаңғырту – жаңа әлеуметтік саясат

 

Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық.

Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту.

Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын.

Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім.

Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни:

жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын;

тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту;

халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын.

Бұл бағдарламалар елдің миллиондаған қарапайым адамдарының күнбе-күнгі мәселелерін шешуге бағытталған.

Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады.

Жаңа әлеуметтік саясаттың басты аспектілеріне нақтырақ тоқталып өтпекпін.

 


<== previous lecture | next lecture ==>
Реакции 1,3-диенов | Білім беру
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 4.292 s.