Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Есім хан (1598-1628) 7 page


Date: 2015-10-07; view: 1138.


Орынбордағы 18-19 қазанда өткен шеру “Демократиялық республика жасасын”, “Самодержавие жойылсын” деген саяси ұрандармен өтті.

Перовскідегі саяси шеру қазақ- орыс жұмысшыларының бірлесуімен өткізілді. Жұмысшы өкілдерінен құралған комитет Петербург темір жол жұмысшыларымен байланыс орнатты. 1905 жылы 25 қазанда Омбыдағы ұйымшылдықпен өткен саяси бой көрсету Батыс Сібір əкімшілігін қатты сескендірді.

Қазақ-орыс еңбекшілерінің интернационалдық бой көрсетуінің ең ірісі – Успен (Нілді) кенішіндегі ереуіл. 1905 жылғы желтоқсанда 12 күнге созылған бұл ереуілге 360 (265 қазақ) жұмысшы қатысты.

Кеніш француз президентінің жиені Карноның меншігі болатын, іс басқарушысы - ағылшын Фелль еді. Жалақының тапшылығы, жұмыс істеу шарттарының ауырлығы, ағылшын капиталистері Мессен мен Гиббердің қатыгездіктері ереуілге себеп болды. Ереуілге «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» ұйымы басшылық етті. Ұйымның құрамына Топорнин, Л.Байшағыров, С.Невзоров кірді.

Талаптары - азық-түлік бағасын төмендету, жалақыны 15, 25%-ға көтеру, үш сыныптық орыс-қазақ учлищесін ашу, жұмысшылардың тұрғын жайларын жақсарту, фельдшер Е.Костенконы, қызметкер М.Ивченконы жұмыстан шығару, жұмысшыларды су өтпейтін киіммен қамтамасыз ету. Кеніштің шетелдік иелері жұмысшылардың талаптарын ішінара қанағаттандыруға мəжбүр болды. Қарағанды көміршілері ереуілшілерді барынша қолдады.

1905 жылғы 16-28қарашада Семейдегі пошта-телеграф қызметкерлерінің ереуілін басу үшін облыс губернаторы Қарқаралыдан əскери күш шақыртты. 1905 жылы 6-7 қарашада Верныйдағы Батыс Сібір батальонында, 21 қарашада Жаркент гарнизонында əскери қарсылықтар болды. 1905 жылы 6 желтоқсанда Өскемендегі жұмысшылар жиынында социал- демократ Крушеев патша үкіметіне қарсы күресте ынтымақтасуға шақырды. 1905 жылы 13 желтоқсанда Павлодарда Ертіс бөлімі жұмысшыларының митингісі өтті.

1906 жылғы басты саяси оқиға - Семейдегі шілде айында 500 жұмысшы қатысқан жаппай ереуіл. Басты талаптары - жұмыс күнін 10 сағатпен шектеу, балалар үшін – 8 сағат, ауырған күндерге ақы төлеу, жалақыны өсіру, күштеп қосымша еңбек еткізуге тыйым салу, әйелдердің құқығын қорғау.

Жергілікті құпия большевиктік топ мүшелері Брудневский,Соловников ереуілшілердің күшін топтастыруға күш салды.

1906 жыл Қазақстан шаруалар қозғалысының өрістеген кезі.1906 жылы Қарқаралы уезінде (Семей облысы), Жаркент уезінде (Жетісу облысы), Əулиеата, Шымкент уездерінде (Сырдария облысы), Орал, Торғай облыстарында шаруалар қарсылықтары болып өтті.

Қазақ шаруаларының қарсылығы туралы “Орынбор өлкесі”, “Орал күнделігі”, “Орал' басылымдарында жарияланды.

Саяси толқулардың жиілеуінен шошынған патша өкіметі шаралар қолдана бастады. 1906 жылы 10 қаңтарда ішкі істер министрі Дурнов өлкедегі қарсылықтарды жаныштауға арнайы тапсырма берді.

Осындай ауыр жағдайға қарамастан, зиялы ұлттық демократиялық қауымның белгілі өкілдері қазақ еңбекшілерінің заңды мүдделерін қорғауда, талаптарын түсіндіруде аянбай күресті. Олардың қатарына Ə.Бөкейханов (Семей облысы), А.Байтұрсынұлы (Торғай облысы), Б.Қаратаев (Орал облысы), М.Тынышпайұлы, Б.Сыртанов (Жетісу) жатады.

Саяси топтардың, партиялардың арасындағы өзара талас, патша үкіметіне қарсы күрес екінші Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде күшейді. Ақмола облысынан большевик А.Виноградов, Торғай облысынан Космодемьянский, Жетісу облысынан ірі көпестің ұлы, еңбекшілер тобының өкілі, Қазан университетін бітірген М.Гаврилов сайланды. Семей облысынан социал-демократ, көрнекті зерттеуші Н.Я.Коншин, Сырдария облысынан еңбекші Колендзян сайланды.

Патша үкіметінің заңына сәйкес “түземдік” халық арасынан депутаттыққа сайланғандар: Ақмола облысынан –молда, мұсылмандық оқу жүйесін сақтап қалуда еңбек сіңірген Ш.Қосшығұлов, Жетісудан–федералист М.Тынышпайұлы,Оралдан – кадет А.Бірімжанұлы, Семейден – ауқатты топтан шыққан Х.Нұрекенұлы.

Мемлекеттік Думаға казак әскері өкілдерінің сайлауы да өткізілді. Жетісу казактарынан Я.И.Егошкин, Сібір казак әскерінен И.П.Лаптев Думаға мүше болды. Семейден сайланған "Семипалатинский листок" газетінің редакторы, қазақ өлкесінің тарихы туралы еңбектің авторы Н.Я.Коншин сайлаушыларға берген уəдесінен бас тартты. Ол Мемлекеттік Думада “Сібір автономияшылары” деп аталған,Сібірдің дербес дамуын жақтаған топқа қосылып кетті.

1905-1907 жылдардағы революцияның жеңілу себептері - қазақ жұмысшыларының аздығы, қазақ ауылдарының басты оқиға орталықтарынан алыста болуы, революциялық күресті ұйымдастыруда ұлттық демократиялық топтардың тəжірибесінің жеткіліксіздігі.

Бұл революцияның Қазақстанның кейінгі саяси қоғамдық дамуына әссері терең болды. Отаршыл саясатқа қарсы тəжірибе жинақталды, ереуілдерді ұйымдастырудағы кемшіліктер кейін ескерілді. Күрес барысында революционерлердің Бәкен Серікбайұлы, Әлімжан Байшағырұлы, Жүсіп Бабайұлы, Мақсұтт Бекметұлы, Тәшен Өтепұлы, Ысқақ Қосқабайұлы секілді белсенді ұрпақтары тəрбиеленді.

 

Қазақстан саяси реакция және I дүниежүзілік соғыс жылдарында

 

1906 жылғы қараша жəне 1910 жылы Столыпин үкіметі қабылдаған аграрлық саясат революцияны тұншықтыруға бағытталды және қоныстанушылар арасынан кулак топтары арқылы тірек табуды ойластырды. Қоныстанушылардың жиі орналасқан ауданы Ақмола, Семей, Орал, Жетісу облыстары болды. 1917 жылы Қазан революциясының қарсаңында 45 млн. десятинадан астам жер тартып алынды. 1913-1915 жылдары Еділ бойындағы аштық салдарынан

Қазақстанға келіп қоныстанушылар саны көбейді.1914 жылы қоныстанушы əр тілдес халық санының 211 есеге көтерілуі, негізінен Ресей шаруаларының есебінен өскен. Столыпиннің аграрлық саясаты қазақтар санының кеміп кетуіне тікелей əсер етті. Ақмола облысында - 36,6% (1897ж.- 61,1%), Семейде - 73% (1897ж. - 87,9%), Сырдарияда - 62,3% (1897ж. - 64,4%), Жетісуда - 60,5% (1897ж. - 80,4%), Торғайда - 58,7% (1897ж. - 90,6%) Орал облысында - 56,9% (1897ж. - 71,3%).

Ал қоныстанушылар саны керісінше артып отырды. 1870-1906 жылдары далалық Қазақстанда 521023 қоныстанушы болған. 1907-1914 жылдары 714395 қоныстанушыға көбейді. Орыс тұрғындарының үлесі: Ақмолада-56,7%, Оралда-40,8%, Торғайда-37,5%, Семейде-24%, Жетісуда-23,5%, Сырдария облысында-6,2%-ға теңелді.

Революциялық толқулардың белсенділігі байқалған өңірлер - өлкенің солтүстік-батыс жəне шығыс аудандары. Өскемен уезіндегі алтын өндіретін “Николай” және “Основательный” кеніштеріндегі ереуіл тегеурінді болып, жұмысшылардың талаптарын талқылау үшін комиссия құрылды. 1911жылы мамырда "Атбасар мыс кендері" акционерлік қоғамы өндіріс жұмыскерлерінің ереуілі отарлық басқару əкімдерін шошындырды.

1912 жылы сəуірдегі Лена қырғыны Қазақ өлкесінде ереуілдің қайтадан кең таралуына əсер етті. “Туркестанский курьер”, “Омский вестник” газеттері Лена оқиғасының Қазақстандағы саяи ахуалға əсер еткенін жазды. 1912 жылы 2-6 қазанда Байқоңыр көмір өндірісінде, Семейдегі су диірменінде, Торғай уезіндегі Шоқпаркөл көмір шахтасында ереуілдер болып өтті. Бұл ереуілдер жалпыимпериялық саяси қозғалыстың құрамдас бөлігі болды.

1914 жылғы көктем мен жаздағы Ресей демократиялық қозғалысының өрлеу кезеңі Қазақ өлкесіне тарады. Доссордағы Орал- Каспий мұнай қоғамының жəне Ембі өндірісіндегі ереуілдер табысты болды. Жұмысшылар жалақыны 26%-ға көбейтуге мүмкіндік алды.

I дүниежүзілік соғыстың басталуы шикізат қоры саналатын Қазақстанның экономикалық маңызын арттырды. 1915 жылғы 25 маусымда “Бұратаналарды мемлекеттік қорғаныс ісіне пайдалану жөніндегі” Ереже жұмысшыларды өндіріс иелеріне байлап берді. Өндіріс орындарындағы жұмысшылардың үстінен полициялық бақылау күшейді. Соған қарамастан ереуілдер үдей берді. 1915 жылғы мамырда Екібастұз көміршілерінің ереуілі талабы жағынан саяси болды. 1916 жылғы тамызда Қарсақбай мыс кенішіндегі ереуілдер саяси күрестің өрлеуінің көрінісі болды.

Қазақ халқының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан өкілдердің бірі - Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937). 1909 жылғы шілде айында Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде патша өкіметінің саясатына қарсылық білдіргені үшін Семей түрмесіне қамалды.1910-1917 жылдары Орынборға жер аударылды. 1913 жылғы наурызда “Қазақ” газетін ұйымдастырып, оның редакторы ретінде патшалық Ресейдің отарлық саясатын әшкерелеуде белгілі рөл атқарды.

1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалысқа қатысқан Міржақып Дулатұлының (1885-1935) шығармалары саяси бағытта жазылған. “Бақытсыз Жамал” романы (1910ж. Қазан), “Азамат” өлеңдер жинағы (1913ж. Орынбор), “Оян, Қазақ!” (1909ж.Уфа, 1911ж.Орынбор),“Терме”əдеби-публицистикалық туындысы (1915ж).

М.Дулатұлы патша үкіметінің аграрлық саясатын өткір сынағандықтан қуғынға ұшырап Семейде, Омбыда, Қарқаралыда болып, қазақ еңбекшілерінің саяси бағытын анықтауда ерекше рөл атқарды.

I дүниежүзілік соғыс жылдары өлкенің майданды және елді шикізат, азықпен қамтамасыз етудегі рөлі күшейді. 1914-1916 жылдары Түркістан өлкесінен майдан қажетіне 300 мың пұт ет, 2089 мың тонна мақта, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынды. Жетісу облысынан соғыстың бірінші жылында 34 млн. сом мөлшерінде мал жəне мал өнімдері əкетілді. Шаңырақ салығы көбейді.

1914 жылы салық мөлшері 600 мың сом болса, 1917 жылы 1 млн. 200 сомға ұлғайды. Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарында майданға әскер қатарына шақырудың жаппай сипат алуынан жүздеген қоныстар ер азаматтардан айырылды. Өндірістегі мамандығы бар жұмысшылар үлесі күрт азайды. Кен өндірісі, көмір, мұнай өндіру құлдырап кетті. Ембі (Жем) өңірінде мұнай өндіру 1914 жылы 265560 тоннадан 1915 жылы 80 мың тоннаға кеміді.

Соғыс жылдары жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Жұмыс күнінің ұзақтығы – 12-14 сағат. 12-14 жастағы жеткіншектердің еңбегін қанау үйреншікті іске айналды. Бір күндік жалақысы 20 тиын болды.

Қымбатшылық артты: ұн -70%, қант-50%, сабын 200% - ға өсті.

Соғыс жылдары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарының қазақ жеріне əкелінуі өлкенің қоғамдық-саяси жағдайына əсер етті. Әскери тұтқындар Қазақстанның солтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарына көптеп жіберілді. Омбы, Ақмола, Семей, Павлодар, Қазалы қалалары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарын қабылдаған басты ошақтарға айналды. 1914 жылдың тамызында Омбыда 20000 əскери тұтқын болған. 1915 жылғы ақпанда Зайсан, Павлодар, Өскемен, Семейде 7490, Ақмола облысында 8612 тұтқын болды. . Әскери тұтқындардың басым көпшілігінің 97,8%-ының қатардағы әлеуметтік топтан шығуы отаршылдық әкімшілікті қауіптендірді. Əскери тұтқындардың ұлттық құрамы әркелкі болды. Славян тектес тұтқындар басым болған. Сонымен қатар түрік, румын, итальян, неміс, венгрлер де болды.

Әскери тұтқындардың басым көпшілігінің 97,8%-ының қатардағы әлеуметтік топтан шығуы отаршылдық әкімшілікті қауіптендірді. Əскери тұтқындардың ұлттық құрамы әркелкі болды. Славян тектес тұтқындар басым болған. Сонымен қатар түрік, румын, итальян, неміс, венгрлер де болды. 1916 жылы Ақмола облысының Петропавл уезінде жалдамалы жұмысқа тартылған тұтқындар көбейе түсті. Ақмола облысында 14 мың тұтқын ауыл шаруашылық жұмысына тартылды.Әскери тұтқындарды шаруашылықта пайдалану туралы ережеде олардың еңбегіне ақы төленуге тиісті болды. Большевиктердің, солшыл-социалистердің үгіті, әскери тұтқындардың өз араларында құпия партия бөлімшелерінің ұйымдасуы жалпы революциялық жағдайды тездетті.

 

I тарау. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалысы. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басталуы

1914 жыл 1 тамызда 38 мемлекет қатысқан I дүниежүзілік соғыс басталды. Соғысты бастаушы бәсекелес әскери-саяси блоктар: үштік одақ (Германия, Австро-Венгрия) және Антанта (Англия, Франция, Ресей). “Қазақ” газетінде Ə.Бөкейхановтың “Тағы соғыс” мақаласы жарияланды: “Бұл соғыстан жалпы жұртқа пайда жоқ. Нарлар алысар, ал шаруасын бұзып, қанын төгетін - сорлы халық болар. Жиырмасыншы ғасырда Еуропа патшалықтарының қылған ісі кімнің алдында ақталмақ".

20 ғасырдың басында Қазақстан шикізат өндіретін әрі сауда рыногы болып танылған отарлы өлке санатында жалпыресейлік шаруашылық кешенінің құрамды бөлігіне айналды. Ресей империясының отарлау саясаты қарқынды жүргізілді. 1907-1912 жылдары елдің еуропалық бөлігінен 2 млн. 400 мың адам Қазақ өлкесіне қоныстандырылды.

1917жылы егістік пен жайылымдардың 45 млн-нан астам десятина жері тартып алынды. Өз елінде жерсіз қалған қырғыз-қайсақ батырақтары пайда болды. Қазақтардың жерін жаппай тартып алу нəтижесінде көшпелілер мен қоныстанушылар арасында қақтығыстар көбейді. Т.Рысқұлов: “1899 жылдан кейін қазақтар мен орыстар арасындағы этностық жанжалдар даладағы өмірдің сипатты белгісіне айналды” деп жазды.

I дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ даласынан арзан бағамен көп бұйымдар жиналды. Cоғыс салығы енгізілді, мемлекеттік заемдар таратылды, баж салығын төлеу міндеттелді, жергілікті халық соғысқа арналған жүктерді, негізінен азықты темір жол станциясына тасуға мәжбүр болды. Әскерге алынған отбасыларына көмек көрсетуді желеу етіп, батырақ қазақтарды кулак шаруашылығына, кәсіпорындарға “ерікті түрде” жұмысқа тартты. 1913 жылы А.Байтұрсынұлы “Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды”- деп жазған болатын.

1916 жылғы көтерілістің негізгі себебі - ұлттық жəне əлеуметтік езгінің халықтың кегін қайнататын деңгейге жетуі. Ал көтеріліске желеу болған негізгі себепші фактор - қазақтан қара жұмысқа жігіт алу. 1916 жылғы 25 маусымда патша үкіметінің “Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы” жарлығы шықты.

1916 жылғы 25 маусымдағы Жарғы бойынша патша үкіметі көптеген орыс солдаттары мен жұмысшыларын көнбіс және арзан жұмыс күші ретінде “реквизицияланған бұратаналармен” ауыстырып, оларды қорғаныс құрылыстары мен тыл жұмыстарынан босатқысы келді. Бұл жағдай қазақ даласында үлкен қобалжу туғызды. М.Дулатұлы: “Жұрт сеңдей соғылды, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды”-деп жазды.

1916 жылы 23 тамызда шыққан Түркістан генерал- губернаторы А.Куропаткиннің құпия бұйрығымен қара жұмысқа шақырудан босатылғандар: болыстық, ауылдық басқармалардың лауазымды адамдары, төменгі полициялық шенділер, имам, молда, мүдəрістер, есепшілер, үкімет мекемелеріндегі жоғары лауазымды жергілікті бұратаналар, дворян жəне құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын жергілікті ұлт өкілдері. Бұл кедейлердің ызасын келтірді.

Қазақстан мен Түркістанның халқы стихиялы түрде бір мезгілде көтеріліске шықты. Көтерілісші жасақтары құрылып, қара жұмысқа шақырылушылардың тізімін, борышқорлық және салық тілхаттарын жойып жіберді, жерді сатубасқармаларын, болыстардың ауылдарын талқандады. Көтеріліске шыққан халық бірінші кезекте отарлауға дейінгі мемлекеттік басқару жүйелерін қалпына келтірді.

Ырғыз, Торғай уездерінде ақсүйектердің 9 өкілі хан көтерілді. Ақмола облысының Ерексай және Әйелді болыстарында хан және 4қазы сайланды. Шерубай -Нұра болысында – Нұрлан Қияшев, Қарашақ болысында – Оспан Шоңов, Верный уезінің Жайымтал болысында – Бекболат Əшекеев, Торғай уезінде – Орта жүздің биі Нияздың немересі Əбділғафар Жанбосынов хан болып сайланды.

Болыстық басқару жүйесі қалпына келтіріліп, ел бегі – əкім, сот алқасы – жасақшы, қазына билеуші – қазынашы,қолбасшы – сардарбек тағайындалды.

Верный уезінің көтерілісшілері Наманған және Таластың жоғарғы ағысындағы Әулиеата уездерінің көтерілісшілерімен байланыс орнатты.

Албандар ұйғыр, қырғыз және дүнгендермен күш біріктіріп, қимыл жасады.

Ə. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған либерал-демократиялық зиялылар қазақтарды “Ресей мемлекетінің бодандары, Отанның перзенті” деп санады. Ахмет Байтұрсынұлы: “Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санймыз”-деп жазды.

Қозғалыс басшылары қазақтарды тыл жұмыстарына шақыруды уақытша кейінге қалдыруды ұсынды. Олар соғыс жеңіспен біткен жағдайда халықтың тағдырын жеңілдетуден және ұлттық автономия құрудан үміттенді. Олар 1916 жылғы қазандағы Үндеу хатында: “Тыңдаңыздар, қан төкпеңіздер, қарсыласпаңыздар”-деп жазды. Либерал-демократиялық зиялылар патша үкіметімен ымыраластық бағыт ұстанды. Олар халықтың амандығын және оның этностық тұтастығын сақтау идеясын бірінші орында ұстады. Тарих осы бағыттың дұрыс болғанын дəлелдеді.

Ұлт-азаттық қозғалысқа революцияшыл – демократияшыл зиялылардың Ə.Жангелдин, Т.Бокин, С.Сейфуллин,Т.Рысқұлов,Ә.Майкөтов, С.Меңдешев, Б.Алманов сияқты өкілдері қатысты. Ал байлар, ауыл старшындары патша Жарлығын жақтап шықты.

1916 жылғы қозғалыс бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін қамтыды. Қозғалыс стихиялы түрде басталды және әлеуметтік құрамы жағынан біртекті болмады. Оған шаруалардан басқа көмір кеніштерінің , мұнай кәсіпшіліктерінің , Ертіс кемешілігінің , Омбы, Орынбор – Ташкент теміржолының қазақ жұмысшылары қатысты.

Қозғалыстың басты қозғаушы күші тұтастай халық бұқарасы болды. Жалпыұлттық бірігу жіне ұлттық тәуелсіздік идеясы қазақ шаруалары мен жұмысшыларын қалыптасып келе жатқан ұлттық буржуазия мен даланың ақсүйектерін, ұлт зиялыларын орыс және шетел капиталына қарсы біріктірді.

 

20 ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениеті

 

20 ғасырдың басындағы Қазақстанның мәдениеті империализм жағдайында өзіне жаңа сапа, басқа бағыт алған өткен мұраның жалғасы болды. 20 ғасырдың басынан Қазан революциясына дейін Семейде, Оралда, Омбыда, Орынборда кітап басып шығару нақты қолға алынды. Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір, Түркістан бөлімдері, Семейдегі, Орынбордағы бөлімшелері басылымдардың шығуына қамқорлық жасады. Қазақ кітаптарын басып шығару ісін жолға қоюда Петербург, Ташкент, Қазан қалаларындағы баспалар үлестерін қосты. 20 ғасырдың басында Ш.Құдайбердіұлының, М.Дулатұлының, С.Дөнентайұлының, А.Байтұрсынұлының, Д.Тынышпаевтың, Ә.Бөкейхановтың шығармалары жарық көрді. 1909 жылы Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы ресми баспадан шықты. Демокартиялық бағытта дами бастаған С.Торайғыров,С.Дөнентайұлы, Т.Ізтілеуов, М.Көпеевтің мұралары шығыс əдебиетінен ерекше орын алды.

С.Торайғыровтың “Шəкірт ойы”, “Алты аяқ”, “Бір адамға”, “Адасқан өмір” шығармаларында қазақ ауылының өміріндегі өзгерістер сипатталады. Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі”, С.Көбеевтің “Қалың малы”, С.Торайғыровтың “Қамар сұлуы” өмір шындығын, халық тағдырын сипаттаған.

А.Байтұрсынұлының “Қазақ салты”, “Қазақ қалпы”, “Жиған-терген” өлеңдері қазақ халқының саяси санасын оятуға арналды. 1900 жылы Петербургте “Қырық мысал” деген кітабы, 1911 жылы Орынборда “Маса” атты жинағы шықты.

Абайдың талантты шəкірті Шəкəрім Құдайбердіұлы (1858-1931) араб, парсы, түрік, орыс тілдерін меңгерген. Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болып сайланған белгілі қайраткер. 1911 жылы жарыққа шыққан “Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі”, “Мұсылмандық шарты” кітаптарында, “Қазақ айнасы”өлеңдер жинағында, “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” поэмаларында Шəкəрімнің мазмұнды ойлары, сырлары орын алды.

Патша үкіметінің 1906 жылы қабылдаған оқу-ағарту ісіндегі ережелері ұлттық аймақтарда орыс-қазақ мектептерінің кеңеюіне жағдай жасады. Ал діни мектептерге, медреселерге кедергілер келтірді. Ағарту ісін дамытуда жəне насихаттауда негізгі орын алған басылымдар: “Айқап” журналы, “Қазақ” газеті, “Киргизская степная газета”, “Сибирская жизнь”, “Степной край”, “Сибирский телеграф” газеттері.

Ауыз əдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев (1846-1945) байлар мен ақсүйектердің жемқорлығын мінеп, оларды, халық алдында əшкереледі.

Қазақ халқының ұлы ақындарының бірі Нұрпейіс Байғанин халық дастандарын ел арасында уағыздап, жыршылық өнерді жаңа тарихи жағдайда дамытты. Халық арасында кең тараған батырлар жырының түп нұсқаларын насихаттауда шеберліктің тамаша деңгейіне көтерілді.

 

20 ғасыр басындағы халық мəдениетіндегі жан-жақты дамыған сала – музыкалық мəдениет. Қазақ музыкасын дамытуға үлес қосқандар: Кенен Əзірбаев, Балуан Шолақ Баймурзин, Дина Нұрпейісова, Үкілі Ыбырай Сандыбаев, Сүгір, қазақтың бұлбұлы Майра Шамсутдинованың музыкалық өнерді дамытудағы орны ерекше. Әншілер Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Əміре Қашаубаевтың орындаулық шеберліктері айрықша. Халық сазгерлері Естайдың “Майдақоңыры”, Үкілі Ыбырайдың “Гəккуі”, Динаның “Көңіл ашары” қазақтың музыкалық мәдениетінің дамуына үлкен әсер еткен туындылар. Патша үкіметінің отаршыл саясатына қарамастан, қазақ халқының өзіндік мәдениет үлгілері тамаша нәтижелерге жетті.


<== previous lecture | next lecture ==>
Есім хан (1598-1628) 6 page | Есім хан (1598-1628) 8 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.155 s.