|
Есім хан (1598-1628) 12 pageDate: 2015-10-07; view: 1648. 1950 жылғы 26 желтоқсанда “Правда” газетінде “Қазақстан тарихы мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық” атты мақаланың жариялануы Е.Бекмахановты ресми түрде саяси айыптаудың басы болды. 1951 жылғы 10 сəуірде “Бекмахановтың б уржу азияшыл - ұлтшылдық көзқарасын айыптау туралы” Қаулы жарияланды. 1952 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айрылды. Мәскеу мен Ленинградтағы ірі ғалымдардың араласуымен 1954 жылғы ақпанда ақталып шықты. 1940-1950 жылдары әділетсіз саяси айыптауға ұшырамаған қазақ зиялылары аз болды. Қоғамтанушы ғалымдар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері - М.Əуезов, Қ.Сəтбаев, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, А.Жұбанов, Е.Ысмайылов, Ю.О.Домбровский, Қ.Бекхожин, С.Бегалин, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, І.Кеңесбаев болды. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сəтбаев, дарынды жазушы Ю.Домбровский Қазақстанды тастап кетуге мəжбүр болды. М.Əуезов Отанынан тыс жерден баспана іздеуге мəжбүр болды. Аса ірі ғалым Ə.Марғұланның көзқарастары ғылымға жат деп танылды. Биология, медицина, геология саласындағы ғалымдарға “космополит”айыбы (өз Отанына, халқына жат) тағылып, қызмет орындарынан қуылды. 1950 жылдардан бастап жазалау әдістері өзгеріп, партия қатарынан шығарып, қызметтен қуу, оған бой бермегендерді психиатриялық ауруханаларға тығу етек ала бастады.
Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП-ның ХХ съезінен кейін есімдері қайта қалпына келтірілген мемлекет қайраткерлері - С.Асфендияров, О.Жандосов, О.Исаев, Л.Мирзоян, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, М.Масанчи, Н.Нұрмақов, А.Розыбакиев. Стаалин қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде өткенге сын көзбен қарау, қоғамдағы күрделі мәселелерге жауап іздеу партияның жиындарында көтеріле бастады. Дегенмен басқару аппаратының кертартпалығынан бұл ұмтылыстар кең қанат жайып кете алмады. Мемлекет басшылығы шалағай саясат жүргізді. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау реформасы аяқсыз қалдырылды. Өз жерінен жазықсыз қуылған шешен, ингуш, қалмақ, балқарларды отанына қайтарды. Ал корейлердің, немістердің, Қырым татарларының, Месхеті түріктерінің құқықтарын қалпына келтіруден бас тартты.
Республика өнеркәсібін қайта құру және одан әрі дамыту 1940 ж. II жартысынан -1960ж. ортасында Қазақстан өнеркәсібінің отын-энергетика саласы жақсы дамыды. 1950 жылдар қарсаңында көмір шабу,қопару, вагондарға тиеу жұмыстары толық механикаландырылды. Көмір өндіру соғысқа дейінгіден 6,5 есе артып, 1950 жылы 17,4 млн тоннаға жетті. Алматыда, Құлсарыда, Өскеменде су электр станциялары, Жезқазғанда жылу электр орталығы салынды. Бұқтырма СЭС-нің құрылысы аяқталды. 1950 жылдардың екінші жартысында электр станциялары мен оның жүйелері бір орталықтан басқарыла бастады. 1945 жылы – 1,15 млрд. квт/сағ, 1960 жылы – 10,6 млрд. квт/сағ электр қуаты өндірілді. Ембі, Жетібай, Өзендегі мұнай өндіру кәсіпорындарының өнімі 2,5 есе ұлғайды. Шымкент, Лениногор қорғасын зауыттары қайта құрылып, нығайтылды.Теміртауда Қазақ металлургия зауыты іске қосылды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қуаты ұлғайтылды. Өскеменде 1947 жылы қорғасын-мырыш комбинаты алғашқы мырышын берді. Шымкент, Лениногор қорғасын зауыттары қайта құрылып, кеңейтілді. 1950 жылдардың алғашқы жартысында өнеркəсіп үлесіне күрделі қаржының 40,4%-ы тиді. Оның 94,7%-ы ауыр өнеркәсіп салаларына бөлінді. Өнеркəсіптің жалпы көлемі - 82%, болат қорыту - 86%, қара металл прокатын шығару - 119%, машина жасау - екі есе артты. 1950 жылдардың II жартысында жүздеген өнеркəсіп орындары мен цехтар іске қосылды. Жезқазған кен байыту фабрикасы, Өскемен тау-кенмашиналары жабдықтарын жасау зауыты, Соколов-Сарыбай комбинатының алғашқы кезектері, Ақтөбе хром қоспалары зауыты. Қарағанды металлургия комбинаты Сібір, Орал,Орта Азияны қамтамасыз ететін негізгі базаға айналды. Қара және түсті металлургияның негізінде машина жасау өнеркәсібінің қалыптасуы баяу жүрді. Жамбыл, Семей, Павлодар, Петропавлда тері илейтін, былғары жасайтын кәсіпорындар салынды. Алматы, Шымкентте мақта-мата комбинаты салынды. Қарағандыда аяқкиім тігу мен шұлық шығаратын кәсіпорындар орын тепті. Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Теміртауда ет комбинаттары, сүт, май айыратын, ірімшік қайнататын зауыттар, ірі наубайханалар іске қосылды. Құрылыс материалдарын шығару көлемі артты. Сазтөбе, Қарағанды, Өскемен, Семей, Шымкентте цемент зауыттары бой көтерді. Талдықорған, Өскемен, Қызылжар, Қостанайда кірпіш зауыттары салынды. 1954-1962 жылдардың арасындағы жасанды миграциялық шаралардың нәтижесінде республика халық санының күрт артуы энергетика, тасымал, құрылыс істерін жоғары қарқынмен дамытты. Темір жолдардың ұзындығы 1945 жылы –8212 шақырым, 1950 жылы –12419 шақырымға жетті. Мойынты-Шу, Өскемен-Зырьян, Ақмола-Павлодар теміржол желілері салынды. Жүк айналымында темір жол тасымалының үлесі басым болды. Автомобиль жолдарының ұзындығы 108 мың шақырымға жетті. Су жолы, құбыр және авиацияның үлесі мардымсыз болды. Соғыстан кейінгі кезден 1960 жылдардың ортасына дейінгі аралықта химия өнеркəсібі пайда болып, дами бастады.Қаратау кен-химия комбинаты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Қостанай жасанды талшықтар зауыты салынды. Қарағанды синтетикалық каучук зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары зауыты кеңейтілді. Химия өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары Қазақстанның оңтүстігінде орын тепті. 1950 жылдардан бастап минералды тыңайтқыштар өндірудің көлемі артты. 1965 жылы республика одақта өндірілетін шойынның 25%-ын, темірдің 9,2%-ын, көмірдің 7,9%-ын, болаттың 12%-ын берді. 1960 жылдардың басында республикада одақтағы күміс қорының 3/4-і, қорғасынның, мыстың, мырыштың жартысынан астамы болған. Қазақстан аумағында атом сынақ алаңы мен ғарышқа ұшу алаңы ор-наластырылды. Қалаларда әскери кәсіпорындар жұмыс істеп жатты.
Экономикалық реформаларға талпыныс. Әлеуметтік даму Шаруашылықты басқару реформаларын жүргізуге талпыныс басталды. 1957 жылы халық шаруашылығын басқару жүйесіне арналған реформа жүргізілді: Орталықтандырылған салалық министрліктер ↓ Халық шаруашылық кеңестері ( аумақтық басқармалар) Қазақтанда одақтық министрліктерге бағынатын және әскери өнім өндіретін кәсіпорындар аумақтық-өнеркәсіптік партия ұйымының нұсқауларын тыңдағысы келмеді. Реформа сәтсіздікке ұшырады. Шаруашылықта жұмыс күші жетіспеді. Соғыс кезінде көшіп келген мамандар туған өңірлеріне қайтты. Жүз мыңдаған қазақстандықтар майданда қаза тапты. Жұмысшылардың кəсіби даярлығы төмен болды. Осы мәселелерді шешу үшін еңбек резервтерінің мектептері мен маман жұмысшылар дайындайтын училищелері ашыла бастады. Республиканың шаруашылық өміріндегі өзгерістер маманданған жұмысшылар қатарының өсуіне ықпал етті.1940 жылы 634 мың жұмысшы, 912 мың шаруа болған. Ал 1945 жылы 1.044 мың жұмысшылар мен қызметкерлер, оның ішінде өнеркəсіпте істейтіндері 304 мың адам болған. 1960 жылы 2,2 млн жұмысшы, 611 мың шаруа болды. 1950 жылдары өнеркәсіпте, құрылыста, жол қатынасы мен байланыс жүйесінде істейтін жұмысшылар мен қызметшілер саны біршама артты. 1950 жылдардың II жартысында өндіріс техникасы мен технологиясын дамытуға көңіл бөлінді. Кен өндіру операциялары механикаландырылды. Түсті металлургияда тұтас цехтар автоматтандырылды. Шымкент пресс автоматтары зауыты 20-дан астам машина түрін шығарды. Алматы ауыр машина жасау зауытының сым созу стандары іске қосылды. Өскемен конденсатор зауытында төмен вольтты конденсаторлар шығарылды. Осының бәрі маман жұмысшы қолын талап етті.1956-1960 жылдары 767,2 мың жұмысшы мамандығын жетілдірді. Жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан маман жұмысшылар аз болды. Соғыстан кейінгі жылдары халық тұрмысын жақсартуға бағытталған шаралар жүргізілді. 1947 жылғы желтоқсанда еңбекшілерге азық және өнеркəсіп өнімдерін карточкамен өлшеп беру жойылды. Көпшілік қолды тауарлардың бағасы арзандатылды. Кооперативтік сауданың кеңеюі базарбағасының түсуіне ықпал етті. 1947 жылы ақша реформасы жүргізілді. Ескі ақша 1/10 қатынаспен алмастырылды. Жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысы өсе бастады. 1940 жылы 29,8 сом,1950 жылы 62 сом, 1965 жылы 97,4 сомға өсті. 1950 жылдардың басында ұжымшар мүшелерінің айлық жалақысы 16,4 сом болды. Бұл жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысынан 4 есе кем еді. Олар мемлекеттік зейнетақы алудан да тыс қалды. 1950 жылдары әлеуметтік қамсыздандыруға арналған қаржының көлемі артты. Соғыс мүгедектеріне, соғыста қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетілді. Зейнетақы төлеудің шеңбері кеңейтілді. Мерзімнен тыс жұмыс істеу жойылды, күн режімі орнықтырылды, ақылы демалыс қалпына келтірілді. Тұрғын үй салуға мемлекет тарапынан қаржы бөліне бастады. Соғыс жылдары және одан кейін де үнемі көтерілген баға 1948 жылы 1940 жылғымен салыстырғанда үш есе жоғарылады. Еңбекшілер жыл сайын бір айлық жалақысына облигация сатып алуға мәжбүр болды. 1958 жылы кейбір қалаларда пəтерлерге газ беріле бастады. 1956 жылдан бастап жұмысшы және қызметші әйелдерге босануға байланысты берілетін ақылы демалыс 112 күнге ұзартылды. 1965 жылы республикада 79 санаторий, 23 демалыс үйі болды. 60-жылдардың басында жыл сайын 200 мыңға жуық бала пионер лагерінде демалды. Еңбекшілердің жинақ кассаларына ақша салу мөлшері 1950 жылы жан басына 88 сом болса, 1965 жылы 298 cомға жетті. 1950-1965 жылдары аурухана саны 2,4 есе, дәрігерлер саны 3,5 есе артты.
Ауыл шаруашылығының дамуы. Тың игеру Ауыл шаруашылығы техникасының жетіспеуінен, егіске күш малын пайдалану 1960 жылдарға дейін орын алды. 1949 жылы мал шаруашылығын дамыту жоспары қабылданды. Ауыл шаруашылығы халықтың азыққа және өнеркәсіптік шикізатқа деген қажетін қанағаттандыра алмады. 1946-1950 жылдары егістік жердің әр гектарынан алынған өнім орта есеппен 5-6 ц ғана болды. Билік басындағылар мәселені экстенсивті жолмен – кең ауқымда тың жерлерді игеру әдісімен шешуге кірісті. “ Жерді жаппай жыртып тастау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға зиян келтіреді ” деп санаған республика ұйымының басшылары орнынан алынды. Орталықтың нұсқауымен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко сайланды. Орынбасарлығына біраз уақыттан кейін бірінші хатшының өзі болып сайланған Л.И.Брежнев отырды. 1954 жылғы көктемде тың жерлерді игеру туралы шешім қабылданды. 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен егістік аумағын 13млн га-ға арттыру, 1100-1200 млн пұт астық, соның ішінде 800-900 млн пұт тауарлы астық алу көзделді. 1954 жылдан бастап егіске жарамды жерді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Мәскеудің, Ленинградтың, Украинаның, Қазақстанның топырақ зерттеуші ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары қатысты. Орасан көп жерді жыртып тастаудың зиянды салдары ескерілмеді. Тың игерудің алғашқы екі жылында республикаға 640 мың адам келді. Бірақ олардың 150 мыңы ғана механизаторлар еді. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру шаралары жүзеге асырылды. Тың жерлерді игеру Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар облыстарында жүргізілді. 1954 жылы Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 мың т-ға жетті. 1956 жылы республикада 16 млн т астық жиналды. Бұл көрсеткіш даңғазалықпен 1млрд пұт деп айтылды. 1956-1958 жылдары 4,8 млн га. тың жер игеріліп, егістік 28,6 млн га-ға өсті. Мұның ішінде дәнді дақылдар егісінің аумағы 23,2 млн га болды. Тың игеру елдің оңтүстігінде күріш өсірудің жандануына ықпал етті. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы “Қызыл ту” ұжымшарының звено жетекшісі Ыбырай Жақаев күріштен рекордты өнім алды. Тың игеру экономиканың өзге салаларының дамуына әсер етті. 1940-1950 жылдары Қазақстанда 15 жаңа қала, 86 қала тұрпатты поселке, жүздеген шағын елді мекендер пайда болды. Ондаған мың шақырым жол төселді. Өзге республикалардан көптеген техника келді. Егіншілік мәдениеті, қала салу және экономиканы өркендету тәжірибесі артты. Астық өндіру экстенсивті әдістермен жүргізіле берді. Топырақ эрозиясы күшейіп, жердің құнарлы қабаты желге ұшты. Елді мекендер салуға, инфрақұрылымдар жүйесіне мыңдаған гектар құнарлы жерлер бөлінді. Жайылымдар мен жем-шөп дайындайтын алқаптардың көлемі тарылды. Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. Бұл жағдай ет жəне сүт өнімдерінің тапшылығын туғызды. Ұжымшарларға МТС-тердің ескі техникасын қымбат бағамен сатты. Еңбекті ұйымдастырудағы ғылыми көзқарастың жоқтығынан біраз жылдан кейін астық өндіру қарқыны төмендеді. Алтыншы бесжылдық (1956-1960 ж.ж.) жоспардың орындалмауын жасыру үшін белгіленген жетіжылдық (1959-1965 ж.ж.) жоспар да орындалмады. Жетіжылдық жоспарда белгіленген жалпы өнімді 70%-ға өсіру орнына 15% өнім алынды. Сырттан келушілер көп болып, қазақтар ата қонысында азшылыққа айналды. 1960 жылдардың басына дейін 2 млн-ға жуық адам келді. Олардың басым көпшілігі славян тектілер еді. Тың игерудің алғашқы жылдарынан кейін қоныс аударушылар өнеркəсіпті қалаларға шоғырландырылды. Қала халқының үлесі 1939 жылғы 28%- дан 1959 жылы 44%- ға дейін артты. 1959 жылы халық саны 9 млн 295 мың адамға жетті. Аталған мерзім ішінде Одақ халқы 9,5%-ға көбейгенде, Қазақстанда бұл көрсеткіш 52,8% болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша, жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни 29% ғана болды. Тың игеру науқанында республиканың ұлттық-демографиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Тың игерушілерге адам мекендемеген құла түзге, иесіз далаға бара жатқандықтары туралы ұлтық намысты қорлайтын теріс түсінік берілді. Осыдан қазақ халқының əдеп-ғұрпына, салт-дəстүріне, мəдени ескерткіштеріне менсінбей қараушылық орын алды. Тың игерілген аймақтарда қазақ мектептерінің саны күрт азайып, қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз жабылды, ұлт тіліндегі əдебиеттің халық арасына таралу аясы тарылды. Осының барлығы қазақ тілі мен мәдениетінің келешегінің көмескіленуіне əкеп соқтырды. 1950 жылдардың ортасынан бастап, Қытайда тұратын қазақ диаспорасы Қазақстанға қайта оралуына мүмкіндік алды. 1960 жылдардың басына дейін 200 мың қазақ келді. Теміртау металлургия комбинатының құрылысы “Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс” деп жарияланды. Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына сырттан жұмыс қолы көптеп əкелінді: 1958 жылы – 132 мың, 1959 жылы – 170 мың. Жастар Теміртаудағы əлеуметтік жағдайдың ауырлығына, яғни тұрғын үйдің, азық пен ауыз судың жетіспеуіне байланысты ашық наразылыққа шықты. Қалада жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, қарулы қақтығыстар болды. Үш күннен кейін тәртіпсіздік тоқтатылып, кінәлілер қатаң жазаланды. 1950 жылдары мал шаруашылығының материалдық-техникалық жабдықталуы өте төмен деңгейде қала берді. Жағдайды жақсарту бағытында шешім қабылданып, қаулылар шығып жатты. Малды бағып-күтудің жаңа əдістері енгізілді.Техникамен жабдықтауға көңіл бөлінді. Жемдік дақылдар егісінің көлемі ұлғайтылды. Малшыларды материалдық ынталандыру шаралары жүргізілді. 1956 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы мал басы 67,4%-ға көбейіп, 39 млн-ға жетті.
Мәдениеттің дамуы: Ғылым және өнер 1950 жылдар ішінде мәдениетті дамыту жағдайы біртіндеп түзеле бастады. 1946 жылғы маусымда Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылды. Тұңғыш президенті - ғалым, Кеңестік Қазақстан ғылымын ұйымдастырушы Қ.И.Сəтбаев болды. Ғылым ордасын құруға көмек көрсеткен орыс ғалымдары: С.И.Вавилов, И.П.Бардин, А.М.Панкратова. 1946-1949 жылдары Академияның ғылыми-зерттеу мекемелері халық шаруашылығына енгізу үшін 900-ден астам ұсыныс жасады. 1950-1965 жылдары ғылыми-зерттеу институтының, филиалдар, бөлімшелер саны 38-ден 84-ке көбейді. Ғылыми қызметкерлер саны 3,3 мыңнан 18,2 мыңға өсті. Өскеменде, Қарағандыда, Шымкентте ірі ғылыми орталықтар бой көтерді. Қ.И.Сəтбаев бастаған ғалымдар тобына минералды шикізаттар мен кен орындарының табиғатта таралу заңдылығын ашып, металлогендік жəне болжамдық карта жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді. 1950 жылдары қоғамдық ғылымдарды зерттеу ауқымы кеңейтілді. ҚазМУ-де философия факультеті ашылды. 1958 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Философия жəне құқық институты құрылды. 1961 жылы Тіл білімі, əдебиет жəне өнер институттары ашылды. 1957-1959 жылдары “Қазақ КСР тарихының” екі томдығы жарияланды. Ә.Марғұлан көшпелілердің қола дәуіріндегі тарихы мен мәдениетін зерттеді. Партия тарихы барлық жоғары оқу орындарында өтілетін ең негізгі пəнге айналды. Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП ХХ cъезінен кейін әділетсіз жазаға ұшыраған С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров есімдері ақталды. Алайда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов есімдері жабулы күйінде қала берді. Олардың көркем туындылары оқырмандарға жетпеді. 1947 жылы М.Əуезовтің “Абай ” романының екі кітабы аяқталды. 1949 жылы шығарма КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.1955 жылы “Абай жолы” эпопеясы жазылды. 1959 жылы М.Əуезовке Лениндік сыйлықтың берілді. С.Мұқанов “Сырдария” романында замандастарының өмірін, еңбегін,арман-мақсаттарын нанымды бейнеледі. “Өмір мектебі” трилогиясында жазушы туған халқының тарихи жолына баға берді. 1949 жылы Мәскеуде өткен Қазақ кеңес әдебиетінің онкүндігінде Ғ.Мұстафиннің орыс тіліне аударылған “Миллионер”, “Шығанақ” повестері әдеби қауымның назарын аударды. Кейін жазушы “Қарағанды”, “Дауылдан кейін” романдарын жазды. Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романы 1950 жылдардағы ұлттық прозаның жетістігі болды. Романда дала өміріндегі жаңалықтарды, қазақтардың өнеркәсіпке араласа бастауын суреттеді. 1950 жылдары қазақ поэзиясы неғұрлым байып, алуан түрлі сипат ала бастады. Ə.Тəжібаев сатиралық “Шайтан ”, терең философиялық мәні бар “Портреттер” поэмаларын жазды. Х.Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, “Құрманғазы”, Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, Қ.Бекқожиннің “Мариям Жагорқызы”, Ж.Молдағалиевтің “Жыр туралы жыр” поэмалары қазақ кеңес поэзиясының алтын қорына қосылды. И.Шуховтың “Тың игерушілер” очерктер кітабы одаққа танымал шығарма болды. Ұйғыр жазушысы Х.Абдуллин “Гүлстан” повесін жазды. К.Хасанов ұйғыр драматургиясын жасауда көп еңбек етті. Ким Кван Хен бастаған корей жазушыларының дарынды тобы әдебиет сахнасынан көріне бастады. 1946 жылы “Біржан-Сара” операсы қойылды. 1949 жылы осы қойылым үшін сазгер М.Төлебаев, орындаушылар Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, А.Ненашев, Ә.Үмбетбаев, Б.Досымжанов, Ш.Бейсекова КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанды. Сазгер Е.Брусиловский “Дударай”, М.Төлебаевпен бірігіп “Амангелді” операларын жазды. Ұйғыр сазгері Қ.Қожамияров тұңғыш ұйғыр операсы “Назугумды” жазды. 1954 жылы Қ.Қожамияровтың “Ризвангүл” симфониялық поэмасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Сол жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры ұжымы қалыптасты. Я.С.Штейн басқарған жылдары Орыс драма театры қазіргі заман тақырыптарын игеруге бетбұрыс жасады. Н.Сац басқарған Жасөспірімдер театры шығармашылық өрлеу үстінде болды. Қазақ мемлекеттік хор капелласы шығармашылық ұйым ретінде қалыптасты. Дирижер Ш.Қажығалиев басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі ұлттық және әлем классиктерінің шығармаларын орындады. 1952 жылы В.Голубович Қазақ драма театрында М.Əуезовтің “Абай” драмасын қойды. Қойылым КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. 1950 жылдары театр сахнасынан берік орын алған пьесалар: Ə.Əбішев – “Достық пен махаббат”, Ə.Тəжібаев – “Жалғыз ағаш орман емес”, Ш.Хұсайынов – “Кеше мен бүгін”. Қазақ КСР Мемлекеттік əн жəне би ансамблі жастар мен студенттердің дүниежүзілік VI фестивалінің лауреаты атанды. Жас суретшілер Қ.Телжанов “ Жамал”, “Атамекен”, С.Мәмбеев “Тауда”, “Киіз үй қасында”, М.Кенбаев “Шопан әні”, “Сұхбат” суреттерінде бейне әсерлілігіне, психологиялық тереңдікке қол жеткізе білді. А.Ғалымбаева мен А.Степанов салған порттреттерінде адамның көңіл күйі мен толғаныстарын шынайы бейнеледі. М.Лизогуб, Ә.Қастеев сияқты қылқалам шеберлері тарихи-революциялық тақырыпқа, индустриялық пейзаждарға бой ұрды. Республиканың өз мүсіншілер тобы өсіп шықты.
VIII тарау. Тоқырау жылдарындағы Қазақстан. Қоғамдық-саяси дамудың қайшылықтары Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда әлсіреп кетті. КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор түрінде көріне бастады. КСРО-дан іргесін аулақтатып əкеткен мемлекеттер: Югославия, Египет, КХДР, ҚХР. Дамудың жаңа бағытына құлшыныс 1968 жылғы Чехословакияда болған оқиғалардан айқын көрініс берді. 1970 жылдардың 2-жартысы нда социализмнің кеңестік нұсқасынан бас тарту, демократиялық қоғам орнату жолындағы күрес Польшада революциялық қайта құрулар жүргізуге ұласты. “Ынтымақ” қоғамдық ұйымы Польшаның 1980 жылдардағы дамуына ықпал етті.
|