Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Есім хан (1598-1628) 13 page


Date: 2015-10-07; view: 1523.


 

1970 жылдардың соңында Қытай экономикасында түбегейлі өзгерістер басталып, ел экономикасының тұтастай оңды дамуына алып келді. Ал КСРО-да Ішкі істер министрлігінің, МҚК-нің және әскердің күшіне сүйенген компартия кез келген бөгде пікірге жол бермеуді қатты қадағалап отырды. Новочеркассскідегі, Грузиядағы, Балтық республикаларындағы оқиғаларға қатысқандар қатал жазаланды. Қалыптасқан режімге наразылық түрі – диссиденттік етек ала бастады.

 

1960 жылдардың 2-жартысында КСРО-да коммунизм құрудың негіз үш мақсаты орындалмайтыны белгілі болды. Социализм жүйесі елдерінде социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы туындады. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған салтанатты мəжілісте Л.И.Брежнев “ кеңес халқының өткен тарихи даму жолының басты қорытындысы кемелденген социалистік қоғам орнату болып табылады” деп мəлімдеді. Бұл партия теорияшыларына коммунистік болашақты белгісіз мерзімге сырғыта салу мүмкіндігін ашып берді.

Кеңес қоғамының даму үдерісіндегі бітіспес қайшылықтардың бірі КСРО-ның 1977 жылғы 7 қазанда қабылданған Конституциясынан көрініс тапты. “Кеңес қоғамының басты жəне бағыт беруші күші, оның саяси жүйесінің ұйытқысы КОКП” екендігі айтылды. Компартия билігі конституциялық күшке ие болды.

 

1978 жылғы наурызда Қазақ КСР Конституциясының жаңа жобасы бүкілхалықтық талқылауға түсті. Небәрі бір жарым ай ішінде талқылау жүргізілген болды. 1978 жылғы 20 сəуірде Қазақстан Компартиясының мақұлдауымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында қабылдану рәсімінен өтті. Республикадағы ең жоғарғы заңды билік органы – Жоғарғы Кеңес те, атқарушы билік – Министрлер Кеңесі де толық партиялық бақылау аясында жұмыс істеді.

Республика партия ұйымының басшысы - мемлекеттің басшысы міндетін атқарды. Республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып 1960 жылдан Д.А.Қонаев сайланды. 1962 жылдан бастап екі жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды. 1964 жылдан бастап қайтадан бірінші хатшы болып, 1986 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды.

 

Тоқырау жылдарының идеологиясы және КОКП-ның ұлттық саясаты

Тоқырау кезеңінің идеологиясында орыстандыру саясаты басты бағыттардың бірі болып қалыптасты. Хрущевтік-брежневтік әкімшілік әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан жерде тарихи жаңа қауымдастық – кеңес халқын жасау ниетін көздеді. Коммунистік әкімшіліктің “халықтардың мызғымас достығы”, “ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы жəне бірігуі” туралы тезистері жүзеге асырылып жатты.

 

1960 жылдард ың ішінде Мəскеуде қазақ студенттерінің тұңғыш ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы – “Жас тұлпар” құрылды. Басты ұйымдастырушысы – Мұрат Əуезов. Көмекшілері А.Қадыржанов, Б.Тайжанов болды. Мақсаты: бұқараның ұлттық санасын ояту, жоғарғы органдарға ұлт қатынастарына қатысты нақты ұсыныс айту.

 

“Жас тұлпар” ұйымы алғашқыда 800 студентті біріктірді, кейін Алматы, Ақмола, Шымкент, Ленинград, Киев, Одесса, Павлодар, Ригада құрылды. Қарағандыда “Жас қазақ”, Семейде “Тайшұбар” деп аталды. 1970 жылдары ұйымның ықпалымен “Гүлдер”, “Дос-Мұқасан”, “Айгүл” ансамбльдері құрылды.

 

1975 жылы Олжас Сүлейменовтің “АЗиЯ” атты тарихи-лингвистикалық талдау кітабы жарық көрді. “Игорь жасағы туралы жырды” талдай келіп, бұл жыр славяндық жəне түркілік этностық əлем шекарасында дүниеге келген және жырда екі көрші мəдениеттің шындықтары көрініс тапқан деген тұжырым жасады. Алайда ұлыдержавалық шовинизм идеологтарына бұл ұнамады. Бас идеолог М.Сусловтың басшылығымен тойтарыс беріліп, кітап тауар айналымынан алынып тасталды, жаңа басылымына тыйым салынды.

 

Еділ бойындағы автономиялық құрылым таратылғаннан кейін жүздеген мың неміс Қазақстанға қоныс аударған болатын. 1979 жылғы көктемде КОКП ОК-і Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының мүдделерін аяққа басудың көрінісі еді. Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы А.Коркин басшылық ететін арнайы комитет құрылды. Болашақ неміс автономиясының əкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы деп белгіленді. Автономия құрамына Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары енгізілмек болды. 1979 жылғы 16-19 маусымда Целиноград жастарының наразылығы болып өтті. Олар “Қазақстан бөлінбейді”, “Неміс автономиясына жол жоқ” деген транспаранттарын көтерді. “Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз” ұраны айтылды.

 

Облыс басшылары автономия құрылмайтындығын мəлімдегеннен кейін ғана наразылық білдірушілер тарады. Толқулар легі көптеген елді мекендерде болып өтті. Партия ұйымдары, МҚК бұл шерулер туралы хабардың таралмауын қамтамасыз етті.

 

Өнеркәсіпте қалыптасқан жағдай. Экологиялық дағдарыстардың көрініс беруі

1964 жылдың қазанында болған пленумында КОКП Орталық Комитеті шаруашылық мәселелерін шешудегі субъективтілікті, волюнтаристікті және өктемдікке әуестікті айыптады.

 

1965 жылғы қыркүйек пленумында өнеркəсіпті аумақтық ұстаным бойынша басқарудың тиімсіз болып шыққандығы сөз болды. Енді өнеркəсіпті салалық ұстаным бойынша басқару, өнеркəсіп салалары бойынша одақтық-республикалық министрліктер құру қажет деп ұйғарылды. Кəсіпорындар дербестігін арттыру, шаруашылық есепті дамыту, экономикалық ынталандыру мен материалдық көтермелеу ұсынылды. Кәсіпорындарға пайда, баға, салық, несие категорияларын іске қосуға рұқсат етілді. Жаңа шаруашылық реформалары деп аталған бұл шаралар 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі қабылдаған “Өнеркəсіпті басқару органдарының жүйесін өзгерту жəне мемлекеттік басқарудың кейбір органдарын қайта құру туралы” заңда дәйектелді.

Кəсіпорындардың шаруашылық дербестігі ұлғайып, жоспарлаудың жаңа тəртібіне көше бастады. 1967 жылдың соңында 193 кəсіпорын, 1970 жылы кəсіпорындардың 80%-ы көшірілді. Экономиканы дамытуды көздеген шаралар соғыс ракеталарын көбейту мен екі жүзге тарта ұлтты орыстандыру саясатының көлеңкесінде қалып қойды.

1960-1980 жылдары республиканың отын-энергетика кешені жоғары қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Жамбыл электр станциясы, 1972 жылы Қапшағай электр станциясы салынды. Электр қуатын өндіру артты: 1970 жылы - 34,7млрд. квт/сағ., ал 1984 жылы - 74,6 млрд. квт/сағ-қа жетті.

1970 жылдары көмір өндіру өркендеді.1984 жылы Қазақстанда шығарылатын көмірдің көлемі 1970 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артты. Жылдық өнім 125,5 млн тоннаға жетіп, Одақ бойынша өндірілетін көлемнің 17,6%-ын құрады.

1960 жылдардың екінші жартысында Маңғыстау түбегінде мұнай өндіру мен өңдеу жұмыстарының көлемі арта бастады. 1965 жылы Жаңаөзеннен алғашқы мұнай өндірілді. Жетібай арқылы Ақтауға мұнай мен газ құбыры, Атырау арқылы Самараға мұнай құбыры тартылды. Ембіде мұнай өндіру ісі жаңа қарқын алды. Маңғыстауда газ өңдейтін зауыт салына бастады. 1970 жылдардың алғашқы жартысында мұнай өндіру - 1,8 есе, газ өндіру - 2,5 есе артты.

Шығыс Қазақстан республикадғы түсті металлургияның аса ірі орталығына айналды. 1960 жылдары Лениногор мырыш зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты салынды. 1970-7980 жылдары Шығыс Қазақстан мыс-химия комбинаты салынды. Жезқазғанда, Жезкентте, Қашарда, Қарағандыда жаңа кен байыту комбинаттары, Павлодарда алюминий зауыты іске қосылды. Темір кенін өндірудің жылдық өнімі 1984 жылы 24 млн. тоннаға жетті.

Химия өнеркəсібі жедел қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Ертіс химия- металлургия зауыты, Атырау мұнай- химия зауыты салынды. 1970 жылдары республика сары фосфор өндіруден одақта жетекші орынға шықты. Ақтөбе мен Жамбылда суперфосфат зауыттарының қуаттылығы ұлғайтылды. Қазақстан машина жасаудың металды көп қажет ететін қарапайым түрімен айналысты. Бұл сала құрастыру деңгейінде ғана дамыды. 1960 жылы Павлодардағы машина жасау зауытының негізінде құрылған трактор зауыты, Ақмоладағы “Қазауылмаш” зауыты, Семейдегі арматура зауыты саланың басты кәсіпорындары болды. Бұл жылдары Текелі аккумулятор зауыты, Өскемен конденсатор зауыты, Кентау трансформатор зауыты, Семей кабель зауыты, Алматы төмен вольтты аппараттар зауыты салынды. Алайда республика экономикасы шикізаттық-өндірушілік бағытта қала берді. Республика аумағында орналасқан әскери өнеркәсіп кешендерінің жергілікті билік органдарына бағындырылмауы оларды шамадан тыс еркінсітіп жіберді. Олар ресурстарды үнемді пайдаланбады, ортаның тазалығын сақтамады.

Ауыл шаруашылығы шикізатының молдығы 1960 жылдары Қазақстанда жеңіл және тамақ өнеркəсібін дамытуға ықпал етті. Ең ірі кәсіпорындар: Алматы мақта-мата комбинаты, Қарағанды аяқкиім мен шұлық фабрикалары, Жамбыл былғары аяқкиім фабрикасы, Қостанай костюмдік штапель маталар комбинаты, Жезқазған, Семей, Ақтөбе тоқыма фабрикалары. Бұл жылдары Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Теміртау жаңа ет комбинаттарыөнім бере бастады. Шу мен Ақсуда қант зауыттары, Алматыда маргарин зауыты, Ақтөбеде кондитер фабрикасы іске қосылды. 1970 жылға қарай жеңіл өнеркəсіп жалпы өнеркəсіп өнімінің 16%-ын берді.

1950 жылдан бастап Қазақстан нағыз экологиялық апат аймағына айналды. 1949-1963 жылдары Семей полигонында ауада 113 ашық жарылыс жасалған. 1964-1989 жылдары қуаты 150 килотоннаға дейін 343 жерастылық жарылыс жасалған. Кеңестік ядролық қару сынақтарының 70%-ға жуығы Семей полигонында өткізілді. Батыс Қазақстанда Капустин Ярде атом полигоны жұмыс істеп тұрды.

Қазақ жерінде ядролық қалдықтарды көметін 300 орын болған. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы тіршілік үшін өте ауыр болды. Cемей өңірінің және онымен іргелес жатқан Қарағанды, Павлодар, Өскемен облыстарының тұрғындары арасында қатерлі ісік, қан ауруларымен т.б. ауыратындар көбейді. Әсіресе бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі, іштен мүгедек болып туу құбылыстары да көбейді.

Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанда суармалы егіс алабының артуына байланысты мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Арал теңізінің тартылуы Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға экологиялық апат əкелді. Теңіз суы 3 есе азайып, жағалаудан 80 шақырымға дейін ысырылып, деңгейі 49 м дейін төмендеді. Теңіз түбі 30 мың шаршы шақырымға құрғады. Теңізден ұшқан тұзды боран мыңдаған шақырымға дейін жетіп, мұздықтарды ерітті, шөп пен егінді тұздандырды. Арал аймағының климаты күрт нашарлады. Өкпе, ентікпе аурулары көбейіп, балалар өлімі күрт артты. Арал өңірінде балық өнеркəсібі қатты зардап шекті. Елді мекендер қаңырап бос қалды.

Ірі кəсіпорындар шоғырланған Алматы, Қарағанды, Шымкент, Жамбыл, Өскемен, Теміртауда экологиялық дағдарыс шиеленісті.

Зауыт, фабрика, кен орындарында технологиялық үрдістер жаңартылмады. Табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану ескерілмеді. Өндірістік зиянды қалдықтарды суға, ауаға, топыраққа араластыруға тосқауыл қойылмады. Қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын мекемелерге қаржы бөлу ісі тыңғылықты жүргізілмеді.

 

Ауыл шаруашылығы

Ертеректе басталған ұжымшарларды кеңшарларға айналдыру үдерісі 1960 жылдардың алғашқы жартысында жаңа қарқынмен жүргізілді. 1965 жылдың соңында кеңшар саны 1521- ге жетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 57%-ын өндірді. Астық өндірудегі кеңшарлардың үлесі - 80%. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудегі кеңшарлар үлесі - 52,8% болды. 1970 жылға дейін ғылыми-зерттеу институттары жанында оқу-эксперименттік кеңшарлар, 104 мал бордақылайтын кеңшарлар құрылды. Жүргізіле бастаған реформалар шеңберінде республикада 586 кеңшар толық шаруашылық есепке көшті.

 

1965 жылғы наурыз пленумында ұжымшарлар мен кеңшарлардың экономикасын көтеруге бағытталған шаралар жүйесін іске асыру көзделді. Ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу бағасы 2 есеге өсіріліп , жоспардан тыс өнім өндіргені үшін үстеме ақы төленетін болды. Табыс салығы ережелеріне өзгеріс енгізілді. Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы техникасы артты. Өндірісті мамандандыру қанат жайды. Дәнді дақылдар өндіретін шаруашылықтардың жартысы жуығы тауарлы астық өндіруге мамандандырылды.

 

1960 жылдардың соңында ауыл шаруашылығын интенсивтендіру шаралары жүргізілді. 50-ден астам кəсіпорын ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер шығарды. Қуатты тракторлар мен өздігінен жүретін комбайндар алдырылды. Ауыл шаруашылығының энергетика қуатымен жабдықталуы төмен болатын. Ірі жылу орталықтары мен СЭС-тер салудың нәтижесінде ауыл шаруашылығын электрлендіру ісі жақсара бастады. Бұл жұмыс электр станцияларына жақын жатқан Шығыс Қазақстан, Семей, Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсы жүрді.

 

1970 жылдары Қазақстан Одақ көлемінде өндірілетін бидайдың 23,9%-ын, күріштің 24,6%-ын өндірді. Тауарлы астық өндіруден 2-орын, ет пен жұмыртқа өндіруден 3-орын, сүт өнімінен 4-орын, қаракөл дайындаудан 2-орында болды. Ауыл шаруашылығын интенсивтендірудің, шаруашылық жүргізудің тиімді əдістерін пайдаланудың орнына тиімсіз шаралар қолдану жиіледі. Жоспарды қол жеткен жетістіктерге қарай құру асыра сілтеушілікке апарды. Мерейтой өткізу, көтеріңкі міндеттемелер қабылдау жолындағы қозғалыстар ұйымдастыру дағдыға айналды. 1970 жылдары ауыл шаруашылығының салалық өндірісін, материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандандыру мен шоғырландыру жұмыстары жүргізілді. Жерді суландыру мен химиялық жолмен тыңайтуға көп көңіл бөлінді. Сонда да ауылшаруашылық өнімдерін өндіру қарқыны төмендей берді. 1971-1975 жылдары ол 13%-ға дейін құлдырады. Шаруашылықты жүргізудің қалыптасқан жүйесін өзгертуге әрекеттенгендер болды. Алматы облысының Еңбекшіқазақ жəне Күрті аудандарында кеңшар директоры болған И.Н.Худенко басқарудың жаңа түрлерін енгізуге тырысты. Ол фермерлік шаруашылықты құруға әрекеттеніп, қағазбастылыққа шек қойды. Шаруалардың еркін еңбектеуіне жағдай туғызды. Нəтижесінде еңбек өнімділігі артып, тəртіп нығайды.

 

Қазақстан қой саны жəне қой өнімдерін өндіруден Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орында тұрды. 1975 жылдың соңында 34,6 млн. қой мен ешкі болды. Одақ бойынша республикада өндірілген өнім үлесі: жүн - 24%, қой еті - 23,3%, қаракөл елтірісі - 34%. Қазақстанда ет өндіру мен дайындауда қой етінің үлесі 25-30% аралығында болып отырды. 1960 жылдардың соңында қой өсірумен айналысатын 1285 шаруашылықтың 587 –сі осы салаға арнайы мамандандырылды.

 

1971 жылы Семей облысы Шұбартау ауданының комсомол ұйымы мектеп бітіретін жастарды қой шаруашылығына келуге шақырып, бастама көтерді. Қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары жаппай құрыла бастады. Бригада отармен емес, 3-5 мың қойды бір жерде, ауысыммен бағуға тиіс болды. Мал шаруашылығы еңбегін ұйымдастырудың бұрын болмаған түрлері дүниеге келді. Компартия жастардың алдына қой санын 50 млн-ға жеткізуді мақсат етіп қойды. Жастар бригадалары бұл міндетті орындай алмады. Республикада мал басы көбеймей, керісінше азайып кетті.

Әлеуметтік даму

1980 жылдардың ортасына қарай славян өкілдерін қалаларға, жергілікті халықты ауылда шоғырландыру қалыптасты. Жергілікті халықтың үлесі басым болып келетін екі облыс орталығы –Қызылорда мен Атырау ғана қалды. 1979 жылы Алматы қаласындағы жергілікті ұлт өкілдері 11% болды. Республика бойынша өнеркəсіпте істейтін қазақ жұмысшылары - 12%, оның ішіндегі маманданған жұмысшылар – 3%. Солтүстіктегі өнеркәсіпті қалалардағы жергілікті ұлт өкілдері үлесі 3%-15%-ға дейінгі деңгейде қалды. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі артып, 1959 жылы 29%, 1971 жылы 32,6%, 1979 жылы 36% болды. Орыс ұлты өкілдерінің үлесі төмендеп, 1979 жылы 40,8% болды.

1971-1989 жылдары жұмысшылар мен қызметкерлер орташа айлық табысы 123,7 сомнан 233,7 сомға өсті (89%). Өнеркəсіп жұмысшыларының табысы 133,9 сомнан 259,3 сомға өсті (93,6%).

Ұжымшар мүшелерінің кепілді жалақысы - 210 сом. Кеңшар жұмысшыларының жалақысы - 247 сом. Орташа зейнетақы 51,1 сомнан 93,2 сомға көтерілді. Мемлекет ақшаның құнсыздануын халықтан жасырды. 1970-1986 жылдары нақты жалақы 20% төмендеген. Өнеркəсіптік таза өнімдегі жалақының үлесі төмендеп, 1985 жылы 36% болды. 1985 жылғы 1 сом 1960 жылдардың ортасындағы 54 тиынға тең болды.

Теңгермешілік барған сайын кең етек алып, бұқараның қоғамдық еңбекке деген құлшынысы азая бастады. Бұл жағдай “сұранысы жоғары тауарларға” деген бағаның ресми және жасырын түрде артуына, алыпсатарлық пен парақорлықтың өршуіне алып келді. Кейбір тауарларға тізім жасалды, карточка жүйесі енгізілді.

1980 жылдардың ортасында медициналық қызмет көрсету, білім беру, əлеуметтік салада артта қалушылық байқалды. Полигон маңында, Арал мен Балқаш өңірінде, алыс аудандарда тұратын адамдар өмірі өте ауыр болды.

 

 

Республиканың рухани өмірі: Білім және ғылым

Соғыстан кейінгі жылдарда ағарту ісіне бөлінетін қаржының көлемі арта бастады. Мектептерге көмек көрсетілді, қор жасау үшін жексенбіліктер ұйымдастырылды, малшы балалары үшін мектеп-интернаттар салынды. 1947 жылы “Қазақ КСР-де жоғары жəне орта білім беруді одан әрі дамыту шаралары туралы” қаулы қабылданды. Жоғарғы және орта білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы молайды.

1949 жылы жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім беру ісі қайтадан қолға алынды. Оқуға тартылмай жүрген 15 жасқа дейінгі

бала саны 1948 жылы 200 мың болса, 1955 жылы 16 мыңға азайды.

1950 жылдары мектептерде политехникалық білім беруге, оқушыларды өндірістік еңбекке араластыруға, мектептің өмірмен байланысын нығайтуға бағытталған шаралар жүргізілді.

1959 жылы “Мектептің өмірмен байланысын нығайту жəне халыққа білім беру жүйесін одан əрі дамыту туралы” заң қабылданды. 1962-1963 оқу жылынан бастап 8 жылдық білім беруге көшу, 11 жылдық еңбек-политехникалық мектептерін құру, жұмысшы жастар мектептерін көбейту, мектеп-интернаттар жүйесін кеңейту шаралары көзделді.

1946-1956 жылдары кəсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 344,5 мың жас маман дайындалды. 1965-1966 оқу жылында 39 жоғары оқу орындарында 144,7 мың студент оқыды. Соғыстан кейінгі 20 жыл ішінде жоғары білімді мамандар даярлау 11 есеге өсті. 1965 жылы халық шаруашылығында 0,5 млн-нан астам дипломды маман жұмыс істеді.

1970 жылдары жалпыға бірдей орта білім беруге көшу науқаны өріс алды. Кабинеттік жүйені енгізу шаралары атқарылды. Ауыл мұғалімдеріне жеңілдіктер жасалынды. Жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін тарату, әдістемелік жаңалықтарды енгізу жұмыстары жүргізілді. 1980 жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің жүзеге асқандығы жарияланды. 1984 жылы кезекті мектеп реформасы басталды. Мектептің материалдық базасын нығайту, 6жастан бастап оқыту, жаңа пəндер енгізу, мұғалім беделін көтеру қарастырылды.

Қазақ мектептерінің жағдайы ауыр болып қала берді.1970 жылдары ірі агрокешендер құрылып, “болашағы жоқ” елді мекендер жойылып, шағын комплектілі қазақ мектептері жабылды. 1950-1970 жылдары орыс тілінде оқытылатын мектептер1,5 мыңға артқанда, қазақ мектептері 3891-ден 2577- ге азайды.

1980 жылдардың ортасында ЖОО-ның саны 55-ке жетті. Бұл жылдары студенттік құрылыс отрядтары өріс алды. Орта арнаулы оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 550 мыңға жуық студенттер мен оқушылар 200 түрлі мамандық алды.

1960-1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы КСРО-дағы ірі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Қазақстандық ғалымдардың еңбектері шет елдерге танымал болды.

Д.В.Сокольский катализаторларды электрохимиялық əдістермен зерттеу мәселесін көтерді. Социалистік Еңбек Ері, академик У.М.Ахметсафин гидрогеология жəне гидрофизика ғылымдары саласында нәтижелі еңбек етті. М.А.Айтхожин бастаған ғалымдар тобы генетика мен микробиология саласында табысқа жетіп, өсімдік жасушаларындағы информасомаларды ашты. Академик А.И.Бараев басқарған Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылым академиясының Шығыс бөлімі топырақ қорғаудың жаңа жүйесін жасауда зерттеулер жүргізді. Академиктер Ә.Х.Марғұлан мен Е.А.Букетов есімдері ғылыми ортада ғана емес, көпшілік қауым арасында кеңінен танымал болды. Ғалымдар аллергология, онкология, вирусология салаларында табыстарға жетті.

Республикада 40.377 ғылыми қызметкер болып, оның 864-і - ғылым докторы, 650-і – Ғылым академиясының академиктері, корреспондент-мүшелері, профессорлар. Қазақтар негізінен, ауыл шаруашылығы, медициналық, гуманитарлық ғылым салаларында жүрді. Жаратылыстану ғылымдары саласында қазақтар үлесі тым аз болды. Ғылыми еңбектердің басым көпшілігі орыс тілінде жазылды. Қазақстан философтарының диалектикалық логика саласындағы еңбектері маңызды болды. 1970 жылдары құқықтық ғылымда жаңа бағыттар пайда болып, заң актілерін белгілеу жұмыстарына қатысты. Отырарда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар табыстарға қол жеткізді. 1969 жылы Есік қаласының жанындағы қорғаннан сақ жауынгерінің табылуы дүниежүзі тарихшыларының назарын аударды.

Тоқырау жылдарында қатты зардап шеккен ғылым - қоғамдық ғылымдар. Ғалымдар ғылыми еңбектерін əкімшілік сызып берген шеңбер көлемінде ғана жазды. Ғылыми еңбектерді бағалау мен ғылыми дəреже беруді Мəскеу шешті. Жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан ғалымдардың сандық мөлшеріне шек қойылды. Қазақ халқының ұлт ретінде ыдырау жолына түсуі сырына үңілу талабы жасалмады.


<== previous lecture | next lecture ==>
Есім хан (1598-1628) 12 page | Есім хан (1598-1628) 14 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 2.094 s.