Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Тарихи лексика


Date: 2014-02-26; view: 4824.


1.Қазақ лексикасының көнетүркілік негізі, орта ғасырдағы қазақ лексикасы

2.Халықтық және ұлттық дәуірлердегі қазақ лексикасы

3.Көне заман және орта ғасыр ескерткіштері арқылы лексиканы тану

 

1. Қазақ лексикасының көнетүркілік негізі, орта ғасырдағы қазақ лексикасы.

Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі сөздер мағынасы жағынан төмендегідей бірнеше топтарға бөлінеді.

1. Адам және семьялық қатынастарға байланысты сөздер: ата – ата, ечу - әже, үлкен туыс, қатун – қатын, қыз – қыз, іні –іні, сіңлі – сіңлі, келін – келін, йеген – жиен, оғул – ұл т.б.

2. Табиғат құбылыстарымен байланысты сөздер: йер – жер, тағ – тау, қар – қар, таш – тас, ай – ай, күн – күн, т.б.

3. Қоғамдық әлеуметтік атаулар:
ел – ел, қан – қан, қаған – қаған, бег – бек, тарқан – дәреже, бай – бай, қул – құл, күң – күң, чығай – кедей т.б.

4. Шаруашылық атаулармен байланысты сөздер:

бедіз – ою, өрнек, ағыл – қора, қорған – қорған, барк – жай, алтун – алтын, күмүс – күміс, темір – темір, т.б.

5. Әскери лексика:

сү - әскер, сүңіс – соғыс, уруш – ұрыс, қылыч – қылыш, сүнүг – сүңгі т.б.

6. Жан –жануарлардың аттары:
ат – ат, айғыр – айғыр, тай-тай, інгек – сиыр, буқа – бұқа, барс – барыс, бөрі –бөрі, қасқыр, қой – қой, учуқ – құс, қаз –қаз, тақығ – тауық, т.б.

7. Анатомиялық атаулар:

Баш – бас, адағ – аяқ, көз – көз, боғуз – тамақ, құлғақ – құлақ, йүрек – жүрек, сач – шаш, тыл – тіл, өд - өт, т.б.

8. белгілі бір кеңістік ұғымымен байланысты сөздер:

ара – ара, арт – арт, шег – шек, узе – үстіне, қоды – төмен, т.б.

9. ескі діни нанымдармен байланысты сөздер:

Теңрі – тәңірі, умай - әйелдердің құдайы, ыдуқ – қасиетті, т.б.

10. Этникалық атаулар:

Басмыл – (Балық қаласы маңын мекендеген халық), аз – (Енисей өзені маңын жайлаған халық), оғуз – оғыздар, қарлуқ – қарлықтар, қыбчақ – қыпшақтар, соғдақ – соғдылар, тардуш – традұш, табғач – табғаш, татар – татар, татабы – татабы, төліс – төліс, түрк – түріктер, түргес – түргештер, үйғур – ұйғыр, чігіл – чигілдер, чік – чиктер, тезік – тәжіктер, тоқры – тоқарлар, усун – үйсін, т.б.

11. Топонимикалық атаулар:

Байбалық – қала аты, Болчу - өзеннің аты, Ертіс – Ертіс, Кем – Енисей өзені, Орқун – Орхон өзені, т.б.

С и н о н и м с ө з д е р. Ескерткіштерде дыбысталуы жағынан әр түрлі, мағына жағынан бір-біріне жақын синонимдік сөздер де кездеседі. Алп – алып, ер – ер батыр, йурд – жұрт, іл, ел – ел, бедүк – биік, т.б.

А н т о н и м д е р. Ұлуғ – кініч (үлкен - кіші), ақ – қара (ақ - қара), ілгеру – кідін (ілгері - кейін), ач – тоқ (аш - тоқ), т.б.

Омонимдер: ат:
а) жылқыны білдіреді;
ә) кісінің атын (есімін) білдіреді;
б) мылтықты ат дегендегі етістікті көрсетеді.

Тұрақты сөз тіркестері:

Ескі жазу нұсқаларында тұрақты сөз тіркестері де кездеседі. Бірақ олар көп емес. Мысалы: Түн қатдымыз (түн қаттық), анта өтру (содан соң), арығ обуты йіг (таза ұят игі).

 

2. Халықтық және ұлттық дәуірлердегі қазақ лексикасы

Қандай да бір тіл болмасын, жалпы туыс тілдер мен жақын туыс тілдерге ортақ болып келетін екі түрлі сөздік қор жинайды. Сонымен бірге ол тілде ешқандай басқа тілдер де кездеспейтін, тек өзіне ғана тән сөздер тобы да болады. Ондай сөздердің арғы шығу тегі тарихы жағынан көмескеленіп, білінбей кетеді немесе сол тілдің өз амал-тәсілі негінде жасалған жаңа сөздер болады. Ондай сөздер белгілі бір тарихи себептердің ықпалымен басқа туысқан тілдерден қол үзіп қалады. Мысалы: «Түркі – араб сөздігінде» ескі тілдерде де, жаңа тілдерде кездеспейтін мынадай бір топ сөздер бар: абру (ақымақ), ай (кескір), алығ (қорқақ), кермен (қала), кей (жақсы), керум (уақыт), кеңез (жеңіл), кірен су (ауыз су), көр (кілем), т.б.

Көне түркі тілдерінде жазылған нұсқалардың тіл ерекшеліктері алуан түрлі. Қазіргі түркі тілдерінің қай тобына болсын тән грамматикалық ерекшеліктер осы көне дүние куәларының бойынан табылады. Ондағы қыпшақ тіліне тән көптеген сөздерді өз алдына саралап бөліп алу қиын емес. Сонымен бірге қыпшақ тілінде ооңтүстік не оғуз тілдерінің элементтері де кездесетіні туралы осыған дейін де айтылды. Мысалы: армян колониясының тілінде бен (мен), гөз (көз), гөгерт (көгерт), гитир (келтір), гүнеш (күнес) сияқты оңтүстік тілдерінен (анатолий түріктері, гагауз, көне азербайжан, қырым түріктері) енген сөздер мен формалар бар.

Көне қыпшақ тілінің ескі түркі тілімен лексикалық байланысын сөз еткенде мына бір жайтты байқаймыз: қыпшақ тілі көне түркі тілдерінен сөз қабылдағанда оңтүстік (оғыз) тілдеріне тән сөздер мен сөз тұлғаларын алған, немесе осы екі топтағы тілдерге ортақ негізді ұстанғанСондықтан да олар қыпшақ тілінің негізгі сөздік қорына жатады. Төмендегі мысалдарда әуелі ескі түркі жазбаларынан, сонан соң, қыпшақ нұсқаларынан алынған сөздер келтірілді: аб (ау) – аб, абуч (уыс) – овуч, ач (аш) – ач, ачығ (ащы) – ачув, т.б.

Орхон-Енисей мен қыпшақ ескерткіштерінде бірдей қолданылатын сөздер көп: бай (бай), бар (бару), барча (барша), барс (Барыс), бас (басу), баш (бас), башла (баста), т.б.

 

3. Көне заман және орта ғасыр ескерткіштері арқылы лексиканы тану

Ертеректе жазылып қалған ескерткіштердің тілінде қыпшақ тілінің барлық лексика-грамматикалық ерекшеліктері қамтылып, барша элементтері кезедседі деу қиын. Біз әңгіме етіп отырған халық тілінің сөйлеу нормассына негізделген жазбаларда сөздер тура мағынасында келтіріліп, олардың ауыспалы мағынасына көңіл аударылмаған. Бұл өзі бір жағынан заңды да. Өйткені сөздердің ауыспалы мағынасы көркем әдебиет тілінде жиі қолданылады да, басқа әдебиеттерде (оқу құралдары, сөздіктер, грамматикалар) тура мағынасында алынады. Тура (конкретті) мағынасында қолданылып тұрған сөздердің мағыналық ара қатынасын айқындауда олардың омоним, антоним және синоним сөздер қатарында жұмсалатынын айтуға болады.

К ө п м а ғ ы н а л ы с ө з д е р.Тіл-тілде біраз сөздердің бір емес, бірнеше мағынада қолданылатынын білеміз. Бұл қыпшақ тіліне де тән құбылыс. Бірақ ондай көп мағыналы сөздердің саны онша көп емес.Мысалы: от деген сөздің «өсімдік», өсімдіктерден жасалатын «дәрі-дәрмек» және «опа» (помада) деген мағыналары бар. Бірінші мағына от сөзінің, әрине, тура мағынасы да, қалған екеуі (дәрі, опа) сол бірінші мағынасының негізінде дамыған қосымша мағыналары. Сол сияқты «құрғақ, құрғаған» деген ұғым беретін қуру сөзінің «құрылым» (материк) деген үстеме мағынасы бар

О м о н и м с ө з д е р д і ң жалпы саны көп емес. Мысалы: құру (құрғақ) – құру (безгек), қаш (қас) – қаш (асыл тас) – қаш (таудың ұшар басы), т.б.

Қыпшақ тілдегі омоним сөздердің бір түрі – омографтар (немесе омограмдар). Бір я бірнеше сөздер бір түрлі жазылады да, әр түрлі оқылады. Мысалы: йыл – жыл, йел – жел. Антоним сөздер – қыпшақ тілінің ескерткіштерінде өте мол кездеседі. Мысалы: татлы – ачы (тәтті-ащы), йарық – қараңғу (жарық - қараңғы). Синоним сөздер қыпшақ тілі ескерткіштерінде (сөздіктерде) көбінесе атап көрсетіліп отырған. Мысалы: шаа (шаһар) – кент (шаһар, кент), нақт – ақша (ақша), қалай - аққорғашын (қалайы).

Әдебиеттер тізімі:

1.Айдаров Ғ. Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы. – 1981.

2. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 304 б.

3. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ.. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: санат, 1997. – 256 б.

4. Бауыржан Жақып. Көне жазба ескерткіштері және қазақ публицистикасы. //Ақиқат. – 2003. №13. – 57-60 б.

5. Қалиев С. Көне жазба мұралар тағылымы. Ұлағат.№2, - 2005

Лекция Сабағы №4

Түркі тілдері лексикасының басты ерекшелігі

1.Түбір сөздің ықшамдылығы

2.Өлі түбірдің пайда болуы – лексика тарихы этимологиямен байланысты

3.Осы күнгі түркі тілдеріндегі түбірлерді тарихи-салыстырма әдісімен қайтадан анықтау

 

Түбір, түбір сөз деп тіл білімінде дербес морфемаларға бөлінбейтін, тұтас күйінде ұғынылатын сөздің мағыналы бөлігі айтылады. Қазіргі қазақ тілінде тың, сауық (сауық-сайран), қарт, қария, айт, кел, кет тәрізді әр түрлі грамматикалық кластарға жататын сөздер түбір (жалаң түбір) ретінде танылады да, айтыс, келіс, кетіс, қарттық, тыныш, сауықшыл тәрізді сөздер түбірлерден әр түрлі аффикстер арқылы жасалғандар туынды түбірлер немес туынды сөздер деп қаралады. Алайда, қазіргі тілдегі түбір (жалаң түбір) деп қаралатын, солайша ұғынылатын сөздерді өзара салыстырғанда, олардың өз арасында да, кейбір алшақтықтар кездесетіндігі байқалады.

Қазақ тілінің, жалпы түркі тілдерінің, түбір морфемасы жайлы сөз қозғағанда, түбірдің фонетикалық құрылысы мен сипаты, аумақ-көлемі жайлы мәселеге соқпай өту мүмкін емес. Мәселе мынада: түркі сөздерінің түбір морфемасы бір буынды болып келеді. Сөйтіп, түбір морфема екінші жағынан буын ретінде де ұғынылады. Сондықтан да алғашқы түбір, негізгі түбір дейтін ұғымдар сол түбірді құрайтын буынның сипаты жайлы ұғыммен тығыз байланысты қаралып отырады. Лексиқалық қордың ұйытқысы бір буынды түбірлер болуы тек қана түркі тілдерінің емес, жалпы алтай тобына жататын тілдердің ортақ ерекшелігі болып табылады. Бұл ерекшелік, яғни байырғы түбірдің бір буындылығы, қазіргі түркі тілдерінің бойында да сақталған. Сөз таптары ыңғайынан қарастырғанда, етістіктер құрамында бір буынды түбірлердің саны екі буындыларға барлық етістіктердің ұйытқысы болып отырады.

Сонымен, байырғы түбір бір буынды, ал көп буынды түбірлердің қалыптасуы, орнығуы түркі тілдерінің солардың бірі қазақ тілінің, типологиялық ерекшелігінен туған құбылыс. Бір буынды түбірлер аффиксацияның нәтижесінде көп буындыға ( екі бцуынды, кейде үш буынды)

Айналып отырған да, кейін осының өзі тұрақты құбылысқа ауысқан. Қазіргі тілде екі буынды байырғы түбірлер ретінде қалыптасып кеткен сөздердің кейбірі байырғы түбір мен қосымшаға ажырайтыны байқалады. Келтіріліген фактілерге қосымша мыналарға да назар салу мақұл: аршы, ащы, айық, үрік тәрізді етістіктерді арық, ашшы, үркек есімдеріменн және айыр етістігімен салыстырғанда, ортақ түбірлер ар-, аш-, ай-, үр- шығады.

Дыбыстардың тарихи ауысулары арқылы өзгерген түбірлер қазіргі тілде дербес күйінде емес, тарихи негіздердің құрамында ғана сақталғандығы да байқалады. Оның бірсыпыра іздері қазақ тілінде де бар. Кейбір фактілер келтірейік: жақын, жуық – соңғы –ық, -ың қосымша екі сөзге де негіз болған түбір жағ.

Қазақ тілінің оңтүстік говорында таға – нағашы аға мәнін береді. Көне түркі жазбаларында да осы мәнде айтылған. «Тағай - дядя». Радлов сөздігінде бұл сөздің үш түрлі фөнетикалық варианты берілген: таға, тағай, тай. Осы түбірдің негізінде қалыптасқан мынадай күрделі сөздер кездеседі: тайеже – нағашы апа, тайеке – нағашы аға. Соңғы сөздер құрамында таға сөзі фонетикалық өзгерістерге ұшырап, өлі түбір ретінде қалып қойған. Өйткені қазақ тілінде тай дейтін дербес қолданылатын сөз жоқ.

Дыбыстық өзгеріске ұшыраған кейбір түбірлер қазіргі тілде сыңар күйінде, яғни тек қана туынды сөз құрамында кездеседі.Қазақ тілінде кездесетін мына тәрізді сөздерді ескі мұра фактілерімен салыстыру біраз жайды аңғартады: шикі сын есімі көне түркі тілінде йіе – сырой, иіг ет – сырое мясо. Қазақ тілінде шикі сын есімі, бұған қарағанда, әрі туынды сөз (шиі - кі) әрі дыбыстық өзгеріске сөз соңы ғана емес, сөз басы да ұшыраған: (й>ж>ш). Сонымен қатар, йілгі тұлғасы назар аударады. Арнаулы қосымша арқылы сын есімге айналуы жаңа құбылыс болмаса керек.

Көне түркі сипатының түгелдей өзгеріп кетуін қазақ тіліндегі уқала етістігінен көруге болады. Радлов «сөздігінде»: «оғ – ов – тереть, ел оғмақ – руки тереть, оғала - растереть» деп түсіндіріледі де, тұсына «осман түріктері тілінде» деп белгі соғылған. Қазақ тілінің қалыптасу заңдылығын ескертсек (оғ>у) уқала етістігі құрамындағы ежелгі түбірдің ізі деп у (ұу) морфемасын ғана тану керек те, -қа,- ла – қосымшалары деп қарауға толық мүмкіндік бар. Соңғы қосымша қазіргі тілде де есім түбірден етістік жасайтын актив қосымша, ал алдыңғы қосымшаны (-қа) қысқа, қолқа тәрізді сөздер құрамындағы –қа аффиксімен бірдей деп қарауға болады.

Қайғы зат есімі қазіргі қазақ тілінде бөліп жаруға келмейтін түбір ретінде қолданылады, айтылады. Туынды етістік бұл түбірден –лан (-ла+н) аффиксі арқылы жасалады. Оның тарихи құрандылығын аңғартатын элемент соңғы - ғы. – ғы көне, жаңа түркі тілдерінде етістік түбірге қосылып, есім тұлғасын жасайтын аффикстердің бірі екендігі белгілі. Радлов «сөздігінде»: қай – покрываться облаками. Көне түркі тілінде: (қадз – буран, вьюга, метель, пурга; қадағу – печаль, горе, скорбь; қадзғұр – горевать, тоскавать, печалиться).

Туынды түбір құрамында сақталып, жаңа сөз жасау қабілетінен айрылған көне түбірдің бірі – үміт зат есімінің құрамынан кездеседі. Көне түркі тілінде ум – надеяться, ожидать, умду – желание, надежда, умақ – возможность, умамақлығ – невозможный, недоступный, умынч – надежда, умуғ – надежда. Сонымен қазақ тіліндегі үміт тарихи тұрғыдан үм түбірі мен –т қосымшасына ажырайды. Соңғы қосымшаны қарт сын есімнің құрамындағы –т мен салыстыруға болар еді. Қазіргі тілде байырғы түбірлер деп қаралатын біраз сөздердің құрамын салыстыра талдағанда, олардың қайсысы да ежелгі түбір (қазір өзінің мағыналық, грамматикалық дербестігін жоғалтқан) мен қосымшаларға ажырайтыны байқалады.

Көне түркі материалдарын, қазіргі кейбір түркі тілдерінің фактілерін барласақ, қазақ тіліндегі секір етістігі де ежелгі түбір мен –р қосымшасына ажырайтындығын көреміз: «сек – прыгать, подпрыгивать, быстро идти». Түсініктемеде «Құдатғу білігке» сілтеме берілген. Сонымен қатар, осы түбірдің туынды тұлғасы – секрт беріліп, «прыгать, скакать» деп анықталады. Радлов осман түріктері тіліндегі сек етістік түбірін «1. скакать как птица, 2. скоро ходить» деп түсіндірген (ІҮ т. 1-б.). Қазақ тіліндегісекең (секең-секең етті, секеңдеді) осы түбірден жасалған есім тұлғасы екені анық.

Қазіргі қазақ тілінде –н қосымшасымен қалыптасқан сөздер де үлкен топ. Бұл тұлғалы сөздерге негіз болған түбірлердің біразы қазіргі тілде өз дербестігін сақтамай, тарихи туынды түбір құрамында ғана қалуы мүмкін. Б. Юнусалиевтің белгілі зерттеуінде осы аффикс арқылы қалыптасқан 7-8 түбір сөз келтіріледі. Олар, Б. Юнусалиевтің көрсетуінше, мыналар: келін, сауын, сан, жалын, құйын, жақын, жуан. Б. Юнусалиев этимологиясын негізінен қостай отырып, кейбір жерлерде дәлдік қажеттігін айтпасқа болмайды. Қырғыз тіліндегі жоон, қазақ тіліндегі жуан бір ғана түбірдің екі түрлі фонетикалық варианты екені айқын. Көне түркі тілінде осы мәндес сөздің үш түрлі варианты кездеседі: йаған, йоған, йоғун. Сонымен қатар, көне түркі тілінде де етістік осы есім тұлғаларынан арнаулы аффикс арқылы жасалған: йоғунад (жуанда). Мұның бәрі жуан есімі қоюлану мәнін беретін йоғ түбірі негінде қалыптасқан дейтін пікірді дәлелдемейді.

Сонымен, түбірлердің дамуын оның тарихи өзгерістерінен бөліп алып қарауға болмайды. Түбір сөз құрамындағы фонетикалық өзгерістерді ескермей тұрып, оның даму ерекшеліктерін білу мүмкін емес. Фонетикалық өзгерістердің нәтижесінде: а) көне түбір тарихи негіздің құрамында ғана сақталады, ә) көне түбір дербес те, тарихи негіз құрамында да қолданылуы мүмкін. Соңғы жағдайда бүкіл сөз құрамының көнеруіне байланысты оның дербес қолданылатын тарихи сыңарымен бірдейлігін салыстыра талдау арқылы ғана байқауға болады, б) көне түбірдің тарихи өзгерісін анықтау үшін дыбыс өзгерістерінің түрлерін айқындау керек.

Түбірлердің фонетикалық сипатының өзгеруі тілдің даму барысында олардың көнеруіне себеп болады. Фонетикалық өзгеріске ұшырап, семантикалық жағынан көнерген түбірлер көбіне қосымшалармен біріккен түрде орнығып қалады. Мұндай негіздер екі түрлі. Кейде байырғы түбір де, қосымшасы да өз дербестігін жоғалтқан, кейде түбір дербестігін жоғалтқанмен, қосымша қазір де актив, немесе керісінше түбір дербестігін сақтаған, қосымша «өліге» айналып кеткен.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. (дәріс, курсы, семинар сабақтары мен студенттердің өздік жұмыс тақырыптары, тест сұрақтары). Оқу құралы. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2005. – 118 б.

2.М. Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы, 1988.

3.Ғ. Мұсабаев. Қазақ тілі тарихынан. – Алматы: Мектеп. – 1981.

Лекция сабағы №5

Қазақтың халық тілінің қалыптасу дәуіріндегі негізгі сөздік қоры

1. Қазақтың халық тілінің қалыптасу дәуіріндегі негізгі сөздік қордың сипаты, көлемі, жаңа сөз жасалуы

2. Қазақ тіліндегі жалпы түркі тілдеріне ортақ сөздер

3. Монғол-қазақ тілдеріне ортақ лексикасы

 

1. Қазақтың халық тілінің қалыптасу дәуіріндегі негізгі сөздік қордың сипаты, көлемі, жаңа сөз жасалуы

Сөздік құрамдағы сөздерді қолдану жиілігіне қарай актив сөздер (жиі қолданылатын) және пассив сөздер (сирек қолданылатын) деп, ең алдымен екі салаға бөлуге болады.

Актив сөздерге осы тілде сөйлейтін адамдар тек түсініп қана қоймай, өзінің сөйлеген сөзінде жиі қолдана білетін сөздер жатады. Демек, актив сөздер осы тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ болып табылады. Бұған күнделікті өмірде өзіміз айтып, әрі естіп жүрген таныс сөздердің бәрін жатқызуға болады.

Пассив сөздерге түсінуін түсінгенмен, бірақ онша қолдана бермейтін сөздер кіреді. Бұған әр ғылымның өзіне ғана тән тар көлемдегі терминдері, көнерген сөздер, тарихи сөздер, кітаби лексикалар жатады. Актив сөздер мен пассив сөздердің шекарасы қатып қалған дүние емес, жылжымалы, өзгермелі деп түсіну қажет.

Сөздік құрамдағы сөздер түрлі принципке негізделіп, өзара әлденеше топқа бөлінеді: 1) әдеби лексика мен диалектілік лексика – сөздердің әдеби және әдеби еместігіне қарай бөлінуі; 2) жалпы халықтық лексика мен арнаулы лексика - әдеби тілдегі сөздердің халыққа таныс және онша таныс еместігіне қарай бөлінуі; 3) бейтарап сөздер мен экспрессивті сөздер – тілдегі сөздің жұмсалу аясы мен көркемдік мәніне қарай бөлінісін көрсетеді.

Сөздік құрамдағы сөздер тілдегі өмір сүру тарихына, тұрақтылығына қарай да бір-бірінен ажыратылады. Қазақ тілінің байырғы сөздерінің түбірлеріне тән мынадай белгілер бар: 1) толық мағыналы, көп мәнді болады, 2) бір буынды болып келеді, 3) өзге түрік тілдеріндегі байырғы түбірлермен дыбысталуы жағынан да ұқсас, тектес, мәндес келеді. Мысалы: жел, кел, от, көз, төс, жыл, құс, қал, ай, қой, кес, өт, сан, сен, ор, өр, қаз, аш, күз, күн, көн, ат, жас, тас, қол, мол, кет, ет, ақ, бас, бар, бер, бел, көк, т.б.

Тілімізде өте ертеден өмір сүріп келе жатқан, сонымен қатар жаңа сөздер жасауға бірден-бір ұйытқы болған, аз буынды, көп мәнді жалпы халықтық сөздер негізгі сөздік қордағы сөздер деп есептеледі. Бұлардың сан мөлшері, көлемі сөздік құрамдағы сөздерден әлдеқайда анағұрлым кем болады. Қазақ тіліндегі барлық сөздің жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік қор солардың қайнап шыққан, өсіп-өнген негізгі көзі, қайнар бұлағы деп танылады. Яғни негізгі сөздік қор – баяғыдан кле жатқан жасамалы өнімді сөздердің тобы. Қоғам өмірінде болып жатқан түрлі жаңалықтар мен өзгерістер барлығы да тілге әсер етеді. Әсіресе, оның лексикасы өзгеріске неғұрлым бейім, неғұрлым сезімтал келеді. Тіл адамның барлық жұмыс саласындағы іс-әрекетімен түгелдей байланысты болғандықтан, сөздік құрам адам өміріне не бары соны дереу және тікелей көрсетіп отырады.

 

2. Қазақ тіліндегі жалпы түркі тілдеріне ортақ сөздер

Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның даму тарихы сол тілді иеленушілердің тарихымен тығыз байланысты. Алуан түрлі халықтар бір-бірімен өзара қарым-қатынаста өмір сүреді. Түрік тілдері ежелден көршілес отырып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған. Бұл халықтардың өмір сүрген мекен жайы, қонысы ғана іргелес болып қоймаған, бұлардың тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы, мәдени өмірі көбінесе ортақ болып келеді. Сонымен қатар бұл халықтар генетикалық байланысы бар, өзара туыс, әрі тектес түрік тілдерінде сөйлейді. Қазақ тілінің төл сөзіне негізінен сонау көне заманнан бері қарай өзімен қоса жасасып, атадан балаға өшпес мұра болып, бірден-бірге үзілмей келе жатқан байырғы жасамалы сөздер жатады. Қазақ тілінің негізгі сөздік қорындағы байырғы сөздері шығу төркіні жағынан қарағанда осы тілдерге еншілес сөздер болып келеді. Бұл сөздер қазақ әуелі халық, одан ұлт болып құрылып, түрік тілдерінен өз алдына жеке бөлінбей тұрып пайда болған. Сондықтан олар түрік тілдеріне ортақ сөздер, я болмаса, жалпы түріктік сөздер деп аталады. Түрік тілдерінің тектестігін дәлелдейтін ортақ сөздердің мынадай түрлері кездеседі:

1. Анатомиялық дене мүшелерінің атаулары;

2. Мал атаулары;

3. Туыстық атаулар;

4. Жан-жануарлар, аң, жәндік атаулары;

5. Табиғат құбылыстарының атаулары;

6. Түр-түсі, сапа-сынды білдіретін атаулар;

7. Сан есімдер;

8. Есімдіктер;

9. Қимыл атаулары:

10. Үстеулер;

11. Шылау сөздер.

Осындағы сөздер өзге түрік тілдерінде түр-тұрпаты жағынан сәл өзгешеліктері болғанымен, мән-мағынасы жағынан көбінесе үйлес келеді. Түрік тілдеріндегі мұндай ұқсастық бұл халықтардың негізі бір туыстас халықтар екендігін дәлелдейді. Алайда бұл тілдердің өзара ұқсастығы мен ара-қатынасы нақ бірдей емес. Біреулері тым жақын болса, екіншілері тым өзгешелеу, алысырақ. Тілдік жалпы ұқсастық, жақындастық белгілеріне қарай түрік тілдері іштей бірнеше топқа жіктеледі. Қазақ тілі туыстық, жақындастық жағынан түрік тілдерінің ішіндегі қарақалпақ, ноғай, қырғыз, башқұрт, татар, құмық тілдерімен топтасып, түрік тілдерінің қыпшақ тілі тобын (батыс тобын) құрайды.

3. Монғол-қазақ тілдеріне ортақ лексика.

Монғол тілдерінен түрік тілдеріне немесе түрік тілдерінен оларға қандай сөздер ауысқан және қашан ауысқан, қандай себептермен ауысқан деген сұрауға бірден жауап беру өте қиын мәселе. Бұл әлі әбден дәлелденіп, терең жан-жақты тексеріліп, түпкілікті шешілмеген. Зерттеушілердің бәрі де монғол халқымен сөз ауысу құбылысын өткен дәуірлердің жемісіне жатқызады. Шындығы да солай сияқты. Бұл екі түрлі халықтың тілдерінде тұлғасы (дыбысталуы) мен мағынасы ұқсасып, тектес, әрі мәндес болып келетін сөздер көп-ақ. Мысалы: ноен (ноян), нөхөр (нөкер), нүүр (нұр), отор (отар), гар (қолдың қары), жил (жыл), жим (жым), жороо (жорға), завсар (жапсар), магнай (маңдай), мөнх (мәңгі), т.б.

Осы сөздерді қай халықтан қай халық алғандығы өте даулы мәселе. Түрік халықтары монғолдан алды ма, әлде керісінше болды ма мұны дәлелдейтін нақтылы фактілері әзірге жоққа тән. Қазақ тіліндегі сөздерді сөз табына қарай жіктеп, оларды монғол тілдеріндегі сөздермен салыстырып қарасақ, тұр-тұрпаты мен мағыналары бірдей ұқсас, үйлес сөздер көптеп кездеседі. Әсіресе, зат есімдер мен етістіктерден көп ұқсастықтар табылатындығы байқалады. Б. Базылханның айтуынша, «Монғолша-қазақша сөздікке» енген 40000 сөздің 1500 түбірден тараған 24000 сөзі яғни, 60%-і екі халыққа ортақ желілес туынды сөздер екендігі анықталды. Монғол тілдері түрік тілдерімен тек сөз байлығы жағынан ғана емес, грамматикалық құрылысы жағынан да сәйкестігі бар. Түрік тілдері сияқты монғол тілдері де жалғамалы тілдердің қатарына жатады. Осындай ұқсастықтарға қарап, кейбір ғалымдар (Б. Я. Владимирцов, Н. Ф. Катанов, Г. Д. Санжеев, т.б.) бұл тілдерді бір системалы тілдердің қатарына жатқызуды қолдайды.

Әр системалы тілдердің бір-біріне тигізген ықпалы қашанда тасқа таңба басқандай ап-айқын болып, көзге тез байқалады. Айқын мәселе зерттеуге де онша қиындық келтірмейді. Ал бір системалы туыстас тілдердің өзара қарым-қатынасын анықтау, кімнен нендей нәрсені қашан және қалай алғандығын белгілеу түбегейлі зерттеліп, бір жүйеге түспеген далы, талас мәселелердің қатарына жатады.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. (дәріс, курсы, семинар сабақтары мен студенттердің өздік жұмыс тақырыптары, тест сұрақтары). Оқу құралы. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2005. – 118 б.

2.М. Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы, 1988.

3.Ғ. Мұсабаев. Қазақ тілі тарихынан. – Алматы: Мектеп. – 1981.

4.Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ.. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: санат, 1997. – 256 б.

Лекция сабағы №6

Халық тілі қалыптасу дәуіріндегі басқа тілдерден енген сөздер

 

1. Халық тілі қалыптасу дәуіріндегі басқа тілдерден енген сөздердің сипаты.

2. Араб - парсы тілдерінен сөз ауысу. Кірме сөздердің лексика, грамматика, фонетиканы дамытудағы әсері.

3. Орыс тілдерінен сөз ауысу.

1. Халық тілі қалыптасу дәуіріндегі басқа тілдерден енген сөздердің сипаты.

Әрбір тілдің сөздік құрамы бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы толығып кемелденбейді. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден де ауысып алу арқылы да өз тілін байытып, жетілдіріп отырады. Қазақ халқының ертедегі даму тарихына көз жіберсек, көптеген елдермен үнемі тығыз байланыста болғандығын көреміз. Бұл жайында «Қазақ ССР тарихында» былай деп жазған: «Қазақстан жеріндегі халықтардың Қытаймен, Орта азиямен, Волга Булгариясымен және Киев Русімен суада байланысы өрістеген. Қазақстанның әсіресе, батыс, солтүстік-батыс аудандарының халқы Руспен өте-мөте берік байланыс жасап тұрған. Руспен, Шығыс Европаның басқа халықтарымен арадағы осы сауда байланыстарында негізгі делдалдыққа жүргендер булгарлар, хазарлар, онан кейін печенегтер мен половецтер болған. Византияның деректерлері орта азия халықтары мен Шығыс Европа халықтарының арасында біздің заманымыздың ҮІ ғасырынан бастап-ақ керуен саудасы болғанын айтады. Осындай айырбас пен мәдени өзара байланыстар Қазақстан тайпалары мен халықтарының мәдениетінің дамуына үлкен роль атқарған».

Ел мен елдің арасындағы ежелгі достық қарым-қатынастың болғандығы ана тіліміздің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады. Бір халық пен екінші халық ертеде тек мал-мүлік пен киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты жалаң заттарды ғана алмастырып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-бірінен молынан ауысқан. Әсіресе, бір тілден екінші тілге көптеген сөздер кірген. Осымен байланысты тіліміздегі қыруар сөздер қоғам тарихымен, сонымен бірге қазақ халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып зерттеуді қажет етеді.

Қазақ халқының кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен араласып, әр кезеңде түрлі қарым-қатынастар жасағандығы мәлім. Ертеде тәжік, өзбек, татар халықьтары арқылы ҮІІІ – ХІ ғасырларда араб-парсы елдерімен, ХІІ – ХІІІ ғасырларда монғол халқымен күшті байланысы болса, ХҮІІ ғасырдан бастап, күні бүгінге дейін орыс халқымен тікелей үздіксіз достық-ынтымақтық қарым-қатынаста келеді. Осындай ұзақ ауыс-түйіс мол байланыстан кейін қазақ тілінің сөздік құрамында қыруар шет сөздері пайда болған. Осындай өзге тілдерден ауысқан сөздерді тіл мамандары кірме сөздер деп атайды. Кірме сөздер (заимствование) деп әрбір тілдің өзіндік сөз тудыру тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған сөздерді айтамыз. Жер шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі. Мәдениетті кенжелеп дамыған мешеу ұзақ халықтарды былай қойғанда, мәдениеті гүлденіп өскен ең озат деген халықтардың сөздік құрамы да таза тума сөздерден құралмайтындығы дәлелденген. Зерттеушілер ағылшын тілінің сөздік құрамының не бары 30 процент шамасында ғана өзінің төл сөздері, ал қалған сөздердің барлығы да өзге тілдерден ауысып келгендігін айтады. Түрік тілдеріне де көп елдерден неше алуан, сан-чсалалы сөздер ауысып келгендігі белгілі. Ғ. мұсабаевтың пікірінше, аң атаулары, әсіресе, құс атауларының көпшілігі иран тіліне түрік тілдерінен ауысқан.

Қазақ тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздер негізінен 4 халықтан келіп енген: 1. араб тілі, 2. парсы тілі, 3. монғол тілі, 4. орыс тілі.

2. Араб - парсы тілдерінен сөз ауысу. Кірме сөздердің лексика, грамматика, фонетиканы дамытудағы әсері.

Зерттеушілер, негізгі сөздік қорға тән үш түрлі айырым белгі (критерий) бар екендігін айтады: 1) ұзақ тарихи кезеңдерде заттар мен құбылыстарды өзіне тән ерекшелігімен көрсетудегі сөздердің тұрақтылығы; 2) негізгі сөздік қордағы сөздердің жаңа сөз тудырудағы қабілеттілігі; 3) кең қолданысқа түскенде негізгі сөздік қордағы сөздердің жалпы халықтығы мен түсініктілігі. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздердің барлығы бірдей қазақ тілінің сөздік қорына жаппай еңбегенімен, оның ішінде сөздік қордағы қазақтың (түрік елінің) тума сөзіндей ұзақ өмір сүріп, жаңа сөздер жасауға ұйытқы болған жасамыс байырғы сөздер көптеп табылады. Мысалы: ас, абырой, ар, дүние, аспан, батыр, бақыт, шаруа, қызмет, зат, ақыл, құдай, қуат, дау, хабар, пайда, әйел, қас, баға, әл, азамат, айуан, дос, т.б. бұл сөздер өзінің кірмелігіне қарамас


<== previous lecture | next lecture ==>
Активное действие | Тарихи синтаксис
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.179 s.