Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Ордабасы жиыны 5 page


Date: 2015-10-07; view: 584.


Есет Көтібарұлы жөнінде деректерді ХІХ ғасырда өзінің көзі тірісінде онымен кездескен жиһангерлер, тарихшылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жазып кеткен.

1856–1861 жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е. Ковалевский Хиуа сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескенін былайша суреттейді: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есетті сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті және ерлік іс-әрекеттері кез-келген еуропалықты таңғалдыратындай және бұл қасиеттері өз отандастарына да қатты әсерін тигізген». ХІХ ғасырдағы қазақ даласын еуропалықтарға алғаш рет таныстырған поляктың демократ-революционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров есімді қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға… ол көсем болып қалды… және қазының міндетін атқарды». Б. Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің қырынан отырған суретін салып алған. Есет сол заманда Еуропада, Ресейде суретке түсірілген, ол суреттері кезінде газет-журналдарда жарық көрген санаулы адамдардың бірі болды.

Ресейде табылған ақпарат құралдарында Кіші жүзде Есет батырдың аты 40-шы жылдарда өлтірілген отандасы Кенесарының немесе Кавказдағы Шамильдің атындай қаһарлы болғандығы және оның ұзын бойлы, селдір қара сақалды, мұртты, оның жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалатындығы жазылған. Соңғы жылдары табылған тағы бір дерек шығыстанушы С. Өтенияз Ұлыбританияның Лондон ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген қазақ даласы жайлы кітаптың көшірмесін алып келген. Осы кітаптың 33-беті Есет батырға арналған. Онда Есеттің сегіз ұлының үлкені — Назардың да суреті басылған екен. Тарихи деректер бойынша, Орынбор генерал-губернаторы Назар Есетұлын немере ағасы Бекет Серкебайұлымен бірге Орынбор түрмесіне қамайды. Кейін Бекетті Сібірге жер аударады да, Назарды Есеттің қаһарынан сескеніп, босатып жібереді. Осы кітапта Есет батыр бастаған көтеріліс толық жазылады.

Есет Көтібарұлының барлық әулеті ел қорғауға араласып, аттары тарихта қалған. Әкесі Көтібардың ерлігі өз алдына бір төбе немере ағасы Арыстан батыр Тінәліұлы, інілері Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы да тарихта қалған жандар. Арыстан, Көтібар, Есет есімдері «Айман-Шолпан» жырына арқау болған. Есеттің арғы атасы Қалдыбай батыр еліміздің оңтүстігіндегі Сайрам шабылына қатысып, сүйегі Түркістанда қалған. Есеттің арғы тегі Алтын Орда мен Ноғайлы ұлысының әміршісі болған, атақты "ел қамын жеген «ер Едігеге» барып тіреледі.

Есет батыр Көтібарұлы 1888 жылы қартайған шағында дүние салды. Ол туып-өскен Шалқар ауданындағы Шолақжидеде жерленген. Басына төрт күмбезді кесене тұрғызылған.

Нұрмұхамедұлы Жанқожа (1774–1860) – батыр, Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. 19-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830–1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.

Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болады. И.Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қалаларының бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді.

Созақта тұратын Құрман би араша түсуін өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандаған. Жанқожа батырға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түрікмен Аймұхамед палуанды жібереді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырады. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырайды.

1845 жылдың көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері бұлармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофеев бастаған отряд келіп, хиуалықтарды талқандауға көмектеседі. 1847 жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпейді.

Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В. Обручевпен жолығып сөйлескен соң Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады. Патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И. Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелетін тілмаш Мұхаммедхасан Ахмеров шабармандарын пара жинауға Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Осындай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады. 1856 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алады. Қаратөбе маңындағы Л. Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасайды. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В. Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т. б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз қазақ жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болады. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болады.

Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетеді. Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратады. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды. 1856–1857 жылдары қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567 сомның малы сатылады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды өлтіріп кетеді.

41. Патша үкіметінің 1867-1868 жылдардағы Қазақстандағы реформалары: мәні және мақсаттары.

Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Өйткені, ол әкімшілік құрылыс, жер қатынастары, сот құрылысы, халыққа білім беру, дін мәселесі сияқты қазақ қоғамының шешуші салаларының бәрін қамтыған болатын.

Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Реформаның ең басты және негізгі міндеті – "қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу" үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына біріктіру. Сөйтіп, жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап, ру басшыларын әлсіретіп, ойға алған іс-шараларды оңтайлы жолмен оңай әрі тез жүзеге асырып отыру. Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді.

Экономикалық шаралар негізінде қазақтардың қыстауы мен жайлаулық жерлерін мемлекет меншігіне кесіп, казак әскери бөлімдері мен орыс шаруаларын орналастыру үшін "артық" жер мөлшерін анықтау ісіне экспедициялар жабдықталды. Мұның өзі қазақ жерін пайдалануынан алып, барша қазақтың жерін Ресейдің мемлекеттік меншігі деп жария ету арқылы Қазақстанның империя отарына айналғандығын дүниеге паш ету болды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті.

1867-1868 жж. реформа арқылы патша өкіметі қазақ даласын толық отарлауға тырысты. Сондықтан да Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әр түрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары – Орынбор; Ақмола және Семей облыстары – Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария – Түркістан генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының билігіне өтті. Бұлай бөлшектеулер мен басқаруға өзгерістердің енуінің өзіндік себептері болды. Бұл туралы профессор Б. Сүлейменов: "Патшалық үкіметтің ойынша, Қазақстан жерін түрлі генерал-губернаторлықтар мен әскери округтарға бөлшектеу, қазақ халқының ұлттық бірлігінің қалыптасу жолына кедергі болып, қазақ халқын отарлық езгіде ұстауды жеңілдетуі тиіс еді" - дейді.

1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әр түрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғарғы зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Зерттеуші ғалым К.А. Жиреншин өз еңбегінде: "Отаршылық әкімшілік аппараты қазақ даласының жағдайынан бейхабар, білімі таяз адамдардан, ең бастысы, өз қызметін өміріндегі өтпелі кезең деп санап, сол уақыт ішінде тез ауқаттанып алуды көздеген офицерлерден жасақталған болатын: Генерал-губернаторлықтардың басты басқару аппаратын генерал-губернатор, оның кеңсесі және тапсырма орындаушы чиновниктер құрды. Генерал-губернаторлар әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына жұмылдырды, сонымен қатар қазақ даласындағы әкімшілік құрылысының принципі – жаңа отаршылық реформа бойынша билікті толығымен әскери ведомствоның қолына беру болды" - деп, патшалық үкіметтің құйтырқы саясатының табиғатын айқын да ашық көрсетіп береді.

Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. 1868 ж. Ереженің 22-23-бабында дала облыстарының әскери-губернаторлары облыстардағы әскери қолбасшыларға теңестірілетіні көрсетілген және де олар өз облыстарының аумағындағы орналасқан казак әскерлерінің тағайындалған атамандары болып саналатын.

Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың басшылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды. Жаңа әкімшілік жүйе бойынша уездегі барлық билік жүйесі толығымен уезд бастығының қолына шоғырландырылды. Ереженің 42-65 баптары бойынша, уезд бастықтарына мынадай міндеттер жүктелді: жергілікті басқару орындарына жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау, уезде тыныштық пен тәртіпті сақтау, алым-салықтың жиналуын бақылау және халықтың денсаулығын сақтау. Уезде орналасқан әскери бөлімшелер, мекемелер мен бекіністер уезд бастықтарына бағынышты болды.

1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Е.Г.Федоров "Қазақстан – патша үкіметінің отары" атты еңбегінде: "Патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын әдейі бөлшектеді, барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мәдени дамуын тежеп, халықты қараңғылықта ұстауды көздеді", – деп көрсетеді.

Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға бөлінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды. Ру басында ақсақал тұрғанда, оның сөзі мен ісі билік күшке ие жағдайында патша үкіметінің дала тыныштығы үшін қорқуы заңды нәрсе болатын. Граф Паленнің Түркістан аймағын тексеру жөнінде есеп беруінде: "Бұл шараны іске асырудағы мақсат рулардың үлкен аймақта бір қалыпты орналаспауы әкімшілік басқару жүйесіне кедергі туғызды және көптеген біріккен ру басында ру ақсақалдары тұрған жағдайда дала тыныштығын ұстап тұруда көп қиындықтар туғызуы мүмкін еді", – деп ондай биліктің күштілік себебін тап басып жазуы осының айғағы. Елге сүйенген ру басы кей жағдайда әкімшілік талаптарды орындамауы да әбден мүмкін екені шындық.

1867 ж. Ереженің 85-бабына сәйкес болыстардың басында қазақтардан сайланған болыс басқарушылары, ал ауылдардың басында сол сияқты сайланатын старшиналар болды. Ережеде "болыстық және ауылдық старшиналарды халық сайлайды" деп нақты көрсетілген. Бір қарағанда сайлау демократиялық негізде жолға қойылған болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде патша үкіметі сайлауды өз мақсатына орай жүргізіп отырды. Сайланған болыс басқарушыларын – облыстық әскери губернаторы, ал ауылдық старшиналарды уезд бастығы бекітетін еді. Отаршылар әкімшілігі ұсынылған кандидаттар көңілінен шықпаса бекітпей тастап, жаңа сайлау белгілеуі де мүмкін болатын. Болыс басқарушыларын сайлауға – уезд бастықтары, ал ауылдық старшиналарды сайлауға болыс басқарушылары міндетті түрде қатысатын. Болыс басқарушылары тікелей уезд бастығына бағынышты болды және оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті еді, ал ауыл старшиналары болыс басқарушысына тікелей бағынышты бола отырып, болыс басқарушысына жүктелетіндей міндеттерді орындады.

Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыған сай, 1867-68 жж. реформада халық ағарту ісінде жүргізілетін шаралар жан-жақты қарастырылды. Сол құжаттар бойынша уездік қалаларда бастауыш мектептер ашу көзделген: "Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек". Осыны негізге ала отырып талай мектептер, гимназиялар ашылды.

1868 жылғы Ереженің 251-бабында діни істер Орынбор муфтиінің қарауынан алынып, азаматтық басқарманың қарамағына берілді. Молдалар сайланатын болды. Оларды бекіту тұтқасы орыс әкімшілігінің қолына тиді. Бастауыш мектептерде мұсылман дінін уағыздаушылардың қызметі шектелді. Әкімшілік қазақ мектебіне сабақ беретін ұстаздардан орыс тілін білуді талап етті.

Елде орын алып жатқан территориялық-әкімшілік үрдістер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзгерістер әкеліп, отарлық саясаттың жаңа салық жүйесін енгізді. Қазақстанда отырықшылық пен жер шаруашылығының көлемінің ұлғайғандығына қарамастан салық төлеушілердің басым бөлігін көшпенділер құрады. Мәселен, 1880 жылы 90,5 % құраса, 1897 жылы 82,0 %-ға жетті.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XІX ғасырдың 60-шы жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған патша үкіметінің салық саясатының күшеюі болды. Оның үстіне қатардағы көшпенділер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Сондай-ақ, жаңа әкімшілік бөліністер ғасырлар бойы пайдаланып келген көшпелі халықтың маусымдық жайылымдарды пайдалану үрдісіне нұқсан келтірді. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбейтілуі мен әкімшілік-территориялық бөліністердің дұрыс жүргізілмеуі 1868 жылғы Орал мен Торғай облыстарында орын алған ұлттық бас көтерулердің басталуына түрткі болды. 1868 жылдың желтоқсан айында стихиялық түрде басталған көтеріліс 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілер өздеріне қарсы қимылдаған патша үкіметінің жазалау топтарын "қарақшылық" шабуылдарға ұшыратты. 1868 жылы 6 мамырда құрамында 200 қылышты және жаяу әскері бар Штемпель отряды Орынбор бағытындағы Жамансай көлі маңында қазақ жасақтарымен кездеседі. Жазалау тобы көтерілісшілерге тегеурін бере алмай, жетінші күні азық-түлігінің таусылуына байланысты кері қайтады.

1869 жылдың наурызы мен маусым айының аралығында болыс, би, сұлтан және старшиндарға қарсы 41 рет шабуыл ұйымдастырылады. Оған 3 мыңға тарта жасақ қатысты. Торғай мен Орал облыстарында көтеріліс өртінің ұлғаюына байланысты жергілікті үкімет орындарымен қатар орталық үкімет те көтерілісшілерді жазалауға отряд топтарын жөнелтті. Орал облысы аймағына подполковник Рукин, граф Комаровский отрядымен бірге, генерал-губернатор Веревкин басшылығындағы отряд аттандырылды. Көтеріліс ұйымдаспаған, өзара келіспеушіліктер мен соғыс тактикасының нашар болуына орай басылып, жанышталды.


<== previous lecture | next lecture ==>
Ордабасы жиыны 4 page | Ордабасы жиыны 6 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 1.017 s.