Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Ылым. Таным методологиясы 4 страница


Date: 2014-03-19; view: 558.


Бұл арада біз постиндустриалдық қоғамның теріс жақтарын талдауға көшеміз. Бірінші қоятын сұрағымыз: индустриалдық қоғамдағы адамды құрал ретінде пайдалану, байлықты, капиталды негізгі мақсат-мұрат тұту жойылды ма? - Әрине, жоқ. Постиндустриалдық қоғам өндіргіш күштерді өте биік дәрежеге көтеріп, миллиондаған адамдардың орасан-зор күш-қуатын босатты. Ол күш-қуат қоғамның рухани жаңаруына, адамдардың жан-жақты дамып, шығармашылық деңгейге көтерілуге жұмсалудың орнына материалдық заттар арқылы өмірден неше-түрлі сезімдік ләззәт алуға бағытталады. Өйткен себебі, капиталдың үне-бойы өсуі нарықтағы айналымның тез өтуімен тығыз байланысты. Керісінші жағдайда ол тоқырауға ұшырайды. Сондықтан, жыл сайын жаңа тауарлардың сан-алуаны шығарылып, жарнама арқылы адамдарға тартылады. Оларды тұтынатын адамдар өздерін өмірдің желісінен қалмадық деп есептейді де, тұтына алмағандар өзін бишара ретінде сезінеді. Мұндай өмір салты көбірек тұтынуды өмір мақсатына айналдырады, ал ол үшін көбірек ақша табу керек, оның жолында сайысқа түсіп, стресске ұшырап, неше-түрлі транквилизаторларды қолданып, ақырында көп адамдар жүйке ауруларына шалдығады. Өмірдің мән-мағнасы жойылған адам әлеуметтік ауытқулыққа (социальная аномия) шалдығып, қылмыстық жолына, я болмаса маскүнемдік, нашақорлық, тіпті өмірден бас тартуға (суицид) дейін барады.

Постиндустриалдық қоғамда көп адамдар өзін еріктімін деп сезінгенмен, іс жүзінде, биліктегілердің байқалмайтын нәзік ықпалының шеңберінен шыға алмайды. Оны іске асыратын сол елдердегі “Mass- medіa” (насихат, ақпарат беру) құралдары. Саясаттану тілінде оны “publіc relatіon, қысқаша,- P.R.” (бұқаралық қарым қатынас),-деп атайды. Ол, әсіресе, сайлау кезінде кеңінен қолданылады. Оның кейбір “қара” жақтары біздің елімізге де келіп жетті емес пе?

Осындай өмір салтының негізінде Батыс қоғамдарында тұлғалық ерекшелуніліктің орнына біркелкілік келіп, іс жүзінде халық бұқарасының көпшілігі массаға (біркелкі адамдарға) айналды,- деп қорытады ХХғ. Испан ойшылы Х.Ортега-и-Гассет. Оған себепкер болған өндірісті конвейерлеу, миллиондаған бір-біріне толығынан ұқсас заттарды жасау және оны тұтыну, орташа, тіпті тұрпайы талғамға сәйкес келетін мәдениет туындыларын жасау және оны миллиондаған адамдардың тұтынуы т.б.

Постиндустриалдық қоғамдағы өзгерістерді талдай келе ХХ ғ. ұлы гуманисті А.Швейцер адамның материалдық күш-қуаты өскен сайын оның руханиятының тайыздана беретінін өкіне айтады. Ол осы қоғамдағы мәдени-адамгершілік дағдарысты, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасының жүдеуін, адам болмысының мән-мағнасының азғанын, адамдардың бір-бірімен толыққанды да сән-салтанатты дидарласуының жетіспейтіндігін көрсетеді. Американ-неміс философы Э.Фромм Батыс адамының бақытты өмірді шексіз тұтыну жолында іздеуінің жалған жол екенін көрсетеді. Ал Нобель силығының лауреаты К.Лоренцке келер болсақ, техникалық прогресстің жағалай ортаны аздырғаны жөнінде, Табиғаттың айбындылығы мен сұлулығына қазіргі адамның мән бермейтінін, оның күшті де ыстық сезімдерінің сарқылып, зардап пен қуаныш-шаттықтың орнына зерігудің келгенін қазіргі адамзаттың күнәсі ретінде алға тартады. Ал Франкфурт мектебінің өкілі М.Хоркхаймер жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің негізгі себебін Батыс адамының жағалай ортаны өзгертіп, билеп-төстеуге бағытталған іңкәрінен көреді.

Бұл айтылған пікірлерден шығатын бірауыз сөз – ол қазіргі Батыс технократизмі мен сциентизмінің болашағының жоқтығы, бұл жолда адамзаттың бірде-бір негізгі мәселелерінің шешілмейтіндігі болса керек. Қазіргі адамзаттың қорланған сан-алуан қайшылықтары тек қана рухани жаңару, қайта түлеудің негізінде шешілуі қажет.

Біздің ойымызша, бұл жолда көшпенділердің адамзатқа берері баршылық. Өйткені, олар ар-намысты материалдық байлыққа жетуден гөрі биік ұстаған. Қазақ санасында “қанағат” ұғымы үлкен орын алады. Жалпы алғанда, өмірлік бағытқа деген көзқарастың негізінде Батыста “үне-бойы жетіспейтін экономика”, ал Шығыста “молшылық экономикасы” өмір сүреді,- деген пікірді біз Батыс ойшылдардың өзінен естиміз. Бір қарағанда мұндай пікір ақылға симайтын абсурд сияқты. Бірақ, оның шындығы мынада. Батыс қоғамында өндіргіш күштер анағұрлым биік дәрежеде болғанымен тойымсыз қоғамды қанағаттандыру мүмкін емес. Шығыс қоғамында экономиканы адамның негізгі қажеттіктерінің өтеліуімен байланыстырады. Ал одан артық өндірілген заттар молшылыққа әкеледі.

Формациялық және цивилизациялық тұрғыдан

қарағандағы Қазақстан қоғамы.

Енді бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамына формациялық және цивилизациялық тұрғыдан қандай баға беруге болар екен деген сұрақ туады. Егерде біз формациялық тұрғыдан талдау жасасақ, онда социализмнің пісіп-жетілмеген ерте түрінен буржуазиялық-демократиялық сатыға қайта оралғанымызды байқаймыз. Оның себебін анықтау жолында ХХ ғ. бас жағына қайта оралуға тура келеді.

Өйткен себебі, патшалық Ресей осы кезде бұрынғы-соңды оның тарихындағы болмаған терең де жүйелі дағдарысқа тап болғанын байқаймыз. Ұлттық буржуазия табы әлсіз, сонымен қатар билікпен өте тығыз байланыста болғаннан кейін, олар Заман Талабына (ол елдегі феодалдық қатынастарды түбірінен жойып, буржуазиялық-демократиялық жолға түсу қажеттігі болатын) тиісті Жауап берудің орнына “кіші-гірім жеңісті соғыс арқылы” ішкі қайшылықтарды шешкілері келді. Бұл жолда олар ең алдымен орыс-жапон соғысында өздерінің алып денесі болса да аяқтарының саз екенін көрсетті, өйткені, бір ғана айдың ішінде жапондықтар Ресейдің бүкіл теңіз флотын суға батырып, құртып жіберді. Соңынан Бірінші Дүниежүзілік соғыста екінші рет соққы алып, қайшылықтың өте өрбуінің себебінде большевиктер өкімет басына келген болатын. Көп жылдарға созылған дағдарыстан ашынған ауыр жағдайдағы халықтың көңіл-күйін пайдаланып, большевиктер социалистік бет-бұрыс арқылы барлық мәселелерді шешуге ұмтылды. В.И.Ленин оны марксизмге еңгізілген шығармашылық жаңалық ретінде есептеді.

Қалай дегенде де, большевиктер бүкіл ұлттық байлықты мемлекеттің қолына өткізіп, барлық табиғи және адами ресурстарды “жаңа қоғамды орнатуға” жұмсады. Бұл ауыр да тайғақ жолда миллиондаған адамдарды құрбан етіп, олар Заман талабына өзінше жауап берді, яғни елді индустриялап, халықтың сауатын ашты.

Бұл төңкерісте әсіресе орны толмас апатқа ұшыраған қазақ халқы болды. Оны “жаңа өмірге” большевиктер бүкіл малын тартып алып, зорлап жерге отырғызудан бастады. Малынан айырылған халықтың жартысына жуығы геноцидке ұшырап, тіпті кейбір ауылдарда өлгендерді жерлейтін адамдар да қалмады. Егер осы апаттан халық аман қалғанда, бүгін Қазақ елінде 20 млн. артық қазақтар өмір сүретін еді (басқа халықтардың өкілдерін есептемегеннің өзінде). Сонымен, бүгінгі демографиялық мәселелердің түп-тамырын сол өткен ғасырдың 20-шы жылдардың аяғы, 30-шы жылдардың басында жатқанын байқаймыз.

Бұл тарихи кезекті жаңарудың, әрине, оң жақтары да болды, оны ешбір адам терістей алмайтын болар. Ол Совет елінің қуатты индустриалдық елге айналуы, көп қалалар мен ауыл кешендерінің пайда болуы, бүкіл халықтың сауатының ашылуы, жоғарғы білім беретін мекемелер, театр, консерватория, кітапханалардың пайда болуы т.с.с.

Алайда, тарихи уақыты әлі келмеген, жасанды түрде зорлық-зомбылық арқылы орнатылған бұл қоғам ХХ ғ. 70-ші жылдарынан бастап ақ үлкен дағдарысқа ұшырады. Оның жағдайын түсінікті болу үшін былайша салыстыруға болады. Егер сіз көктемде екі жас алма ағашын – біреуін құнарлы жерге, екіншісін – сортаңға отырғызсаңыз – бір-екі жылдың ішінде бірінші ағаш тез қарқынмен өсіп жемісін бере бастайды, ал екінші ағаш бірінші жылы сарғайған жапырақтарын шығарып күзге шейін тұрады да, келесі көктемде өмірден кетеді. Міне, жасанды түрде артта қалған мемлекетте тарихи кезекті сатыларды аттап өтіп зорлық арқылы орнатылған социалистік қоғам сортаңға егілген ағаш сияқты өмірден кетті. Біз бүгін уақытында большевиктердің аттап өткен сатысына қайта оралып буржуазиялық-демократиялық жолмен жетіліп келе жатырмыз.

Енді бүгінгі күрделі өзгерістегі Қазақстан қоғамын цивилизациялық жолмен талдасақ, онда біз қазіргі постиндустриалдық елдердің қолы жеткен өндіргіш күштерінен анағұрлым артта қалғанымызды байқаймыз. Сондықтан, негізгі мақсат – дамыған елдердегі жаңа экономикалық жағынан тиімді, экологиялық таза технологияларды игеріп қана қоймай, жағалай ортамызға сай келетін өз технологияларымызды жасау болмақ. Біз кедей елдердің қатарында болғаннан кейін, ол үшін шет елдерден инвестицияларды (қаражат) тартып және жеке меншіктің негізінде қорланған ұлттық капиталды тиімді пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар, әрине, біз бүкіл дүниежүзілік қарым-қатынастарға толыққанды дербес мемлекет ретінде кіру жолымызда өзіміздің төл мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды жойып алмауға тырысуымыз керек.

Осы ауыр да жауапты жолда біздің жас мемлекетіміз біршама ауқымды істерді жасап та үлгірді. Үлкен жетістіктердің бірі – экономиканы нарықтық жолға қою. Мыңдаған жылдардағы даму үрдісінде адамзат нарықтық экономикадан басқа тиімді жолды таба алмады. Бұрынғы Совет елінде жасалған жоспарлы экономика нарыққа қарағанда өзінің әлсіздігі мен тиімсіздігін ашық көрсетті. Енді, міне, бүгінгі таңда жер бетіндегі басқа мемлекеттер Қазақ елін нарықты мемлекет ретінде мойындап отыр. Тоталитарлық жоспарлы экономикадан үзілді-кесілді бас тарту, мемлекеттік меншікті жекешелендіру - біршама қателіктермен жүргізілсе де,- белсенді топтарды тудырып, аударылып жатқан экономиканы аяғына тұрғызды. Кіші және орта іскерлікті дамыту саясаты миллиондаған адамдарды жаңа ақуалға тартып, олардың өмірге деген белсенді талпынысын тудыруда. Нәтижесінде, соңғы жылдары халықтың әл-ауқаты жоғарылап, елдің жарқын болашағына деген сенім қарапайым халықтың жүрегінде ұялады.

Әсіресе қомақты өзгерістер қоғамның саяси-құқтық салаларында байқалады. Демократиялық принциптерге негізделген жас мемлекет бірте-бірте өз күшіне енуде. Елді нақтылы басқарып отырған атқару билігі өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауда – бұл салаға талантты көп жастар тартылды. Екі палатадан тұратын кәсіби парламент заң шығармашылығымен айналысуда. Сот билігі де біршама терең өзгерістерге түсіп халықтың сеніміне кіруде. Ақпарат тарату саласына келер болсақ, бүгінгі таңда сан-алуан жеке меншіктік газет-журналдар, радио және телестансалар жұмыс істеуде. Жеке адамдардың бас бостандығы мен құқтарының қорғалу деңгейі жыл артып өсуде.

Бүгінгі дамыған қоғамдарда заттық қорланған байлық емес, адам факторы негізгі қоғам дамуының қайнар көзіне айналуда. Әр адамның табиғи дарынын талантқа айналдырып оны шығармашылық деңгейге дайындайтын – университеттер. Олай болса, тәуелсіздікті алғаннан бері білім беру жүйесін дамытуға да көп көңіл білінді. Көп жоғарғы оқу орындары университет болып қайта құрылды, жеке меншікке негізделген оқу орындары жұмыс істеп конкуренция бұл салаға да жетті.

Дербестік алған халықтың тез арада шығармашылық мүмкіндіктері гүлдеп, қазақ мәдениет қайраткерлері бүкіл дүниежүзіне халқымыздың өз ерекшелігі, қайталанбас жақтарымен танылатын асыл мұраларын, бүгінгі күнмен үндесіп жатқан жаңа туындыларын таныстырды. Айман Мусаходжаева, Жәния Аубакирова, Марат Бисенгалиев, Роза Рымбаева, Макпал Жунусова, Майра Мухамедқызы т.с.с. мәдениет қайраткерлері көп елдердің үлкен сахналарына шығып еліміздің ғажап мәдени құндылықтарын басқа халықтарға ұсынып, солардың қошеметіне бөлінді.

Әрине, қайсыбір қоғамның жүйелі дағдарысы сан-алуан қайшылықтарға толы, оның негізгі ауыртпалығы қарапайым адамдардың еншісіне өтеді. Әсіресе, тоталитарлық социализм жүйесінен демократиялық қоғамға өту – бұрынғы-соңғы адамзат тарихында болмаған қиындықтарға әкелгенін 90-шы жылдар айқын көрсетті. Алайда, бас бостандығына ие болған халқымыз оның бәріне де шыдап, шығармашылық жолмен оларды жеңе білді.

Келесі даму сатысындағы негізгі мәселелер – шикізат өндіретін елді жаңа технологияларға негізделген өндірісі бар, дүниежүзілік конкуренцияға сай келетін заттарды шығара алатын қоғамға айналдыру болмақ. Сонымен қатар, ұлттық тілімізді толыққанды дәрежеге көтеріп, салтымыз бен әдет-ғұрпымызды жаңа өмірге сай келтіріп, біздің рухымызға жат шет елден кірген тұрпайы мәдени туындыларды сырттататын ақуалға жетсек дейміз.

16.2. Қоғам өмірінің негізгі салалары

Бүгінгі қоғамтану әдебиетінде қоғам өмірінің негізгі салалары ретінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқтық және рухани өмір көрсетіледі. Әрине, қоғам өмірі өте күрделі жүйе, сондықтан осы көрсетілген салалар бір-бірімен шым-шытырық байланыста. Мысалы, экономика мен әлеуметтік сала арасындағы байланыстар өте тығыз. Экономика дамымай бірде-бір әлеуметтік мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау т.с.с. әлеуметтік мәселелер биік деңгейде шешілмесе, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды өмірге еңгізу екіталай. Ал оларды бір-бірімен үйлесімді байланыстыру саясатпен тығыз байланысты екені тағы да сөзсіз. Ал саяси шешімдер заң жүзінде іске аспаса, ол бос сөзге айналып кететіні тағы да бар. Жоғарыда көрсетілген осы салалар қоғамның негізінде жатқан рухани құндылықтарға сай келмей тағы да болмайды. Егер халық мыңдаған жылдардағы қалыптасқан рухани құндылықтарынан айырылып қалса, ол өз-өзін танымайтын белгілі бір құбыжыққа айналып, тарихтан жоғалып кетер еді. Тілінен, салты мен әдет-ғұрпынан айырылып, "мен орыспын",- деп жүрген қаншама Сібір халықтарының өкілдерін бүгінгі Ресейден көруге болады!

Дегенмен де, қоғамды әрі қарай талдау жолында осы салаларды теоретикалық тұрғыдан бір-бірінен бөліп алып қарау қажет.

а) экономикалық сала

Қоғамның өмір сүру тәсілі басқа бүкіл жер бетіндегі тіршіліктерден бөлек. Егер де, дамыған жануарлар ең керемет дегенде өзіне керек қоректерді жинаса, адам – оларды өндіреді. Мәселеге тереңірек үңілсек, еңбек ету, материалдық өндірісті тудыру арқылы адамның өзі адам ретінде қалыптасқан жоқ па? Тағы табиғатта қалалар, бау-бақша, неше-түрлі машиналар, электрондық байланыс жүйелері т.с.с. жоқ емес пе? Оларды жасаған – адам.

Қазіргі адам (ғылыми тілде - кроманьон адамы) өзінің дене-құрылысы ерекшеліктерімен осыдан 35-40 мың жылдар бұрын қалыптасып дүниеге келді. Бірінші даму сатысында олар еңбек құралдарын тас пен сүйектен, ағаш пен мүйізден т.с.с. жасады. Олар негізінен аң аулау, өсімдіктерді жинау, соңынан балық аулау сияқты істермен айналысты. Өндіргіш күштердің деңгейінің төмендігі соншалықты - өндірілген тамақ тек олардың бұл өмірде тірі қалуын ғана қамтамасыз етті.

Жүре келе шаруашылық саласында нағыз төңкеріс мал бағу мен жер өңдеу пайда болған кезде келеді. Оны ғылымда аграрлық революция дейді. Мысалы, біздің арғы бабаларымыз Сары-Арқа даласында тағы жануарларды үйретіп, оларды малға айналдырып солардың сүті мен етін, жүні мен терісін пайдалана бастады, ал Сыр, Іле, Шу бойында – жерді өңдеп дақылдарды өсіру шаруашылық түрі пайда болды. Егер бұрын адам тағы табиғаттағы дайын қоректерді жинаумен айналысса, енді оларды өндіре бастады. Соның арқасында молшылық пайда болып, халық тез өсіп, бүкіл жер бетіне кеңінен тарайды. Қол өнер жер өңдеуден бөлініп өндіргіш күштерді әрі қарай дамытты. Қоғам өмірінде жеке меншік пайда болып, әлеуметтік қатынастар күрделеніп, мемлекет дүниеге келеді, ой еңбегі дене еңбегінен бөлініп, ғылым мен өнер тез қарқынмен дами бастайды. Қоғамдық қатынастар мыңдаған жылдар шеңберінде қалыптасқан салт-дәстүрлерге негізделеді. Сондықтан, ғылыми әдебиетте мұны "дәстүрлі қоғам", я болмаса, "аграрлық цивилизация" дейді. Мыңдаған жылдарға созылған бұл қоғамның тарихындағы жетістіктерге тоқталсақ, ол қағаз, фарфор, жібек, күкіртті жасау (Шығыста), жел диірмені, соңынан су диірмені, механикалық сағат, көзілдірік, мата жасау станоктары, кітап басу т.с.с.(Батыста) атауға болады. Көне заманда пайда болған ұлы жетістіктерге Мысырдағы Пирамидаларды, Қытайдағы – мыңдаған шақырымға созылған Ұлы Қорғанды, Александрия қаласында салынған Александрия фаросын, Рим қаласындағы Колизейді, Афинадағы Парфенонды т.с.с. ғажап туындыларды атап өтуге болады.

Х1У – ХУ1 ғ.ғ. Еуропа топырағында, нақтылай келе – Италияда - үлкен өзгерістер орын алды. Шығыс елдерімен теңіз жолдарымен сауда-саттық жасау, балық аулау, мата тоқу т.с.с. салалар тез қарқынмен дами бастайды, көп іскер шаруалар тез уақытта байып, өз бас бостандығын феодалдардан сатып алып, шеберханалар салып, онда жалдамалы еңбек түрлерін еңгізеді. Жаңа қалалар, әсем ғимараттар салынып, өмір тез өзгере бастайды. Адамның табиғатты, жағалпай қоршаған ортаны қайта өзгерте алатынына көзі жетіп, дәстүрлі қоғамның ішінде жаңа – буржуазиялық - қарым-қатынастар пайда болып тез қарқынмен дами бастайды. Соңынан бұл дәуірді еуропалықтар "Ренессанс", яғни "Қайта өрлеу" деп атады. Әрине, бұл Еуропа тарихындағы дәстүрлі қоғамнан индустриалдық қоғамға өту дәуірі еді.

Осының нәтижесінде Еуропа елдері біршама буржуазиялық-демократиялық революциялардан өтіп индустриалдық қоғамның шеңберіне толыққанды кіреді – енді адамзат тарихында Жаңа дәуір басталады.

Осы уақыттан бастап Батыс цивилизациясы Шығысты экономикалық жағынан басып-озып кейіннен оларды отарлай бастайды. Неге осы уақытта Шығыста мұндай алға өрлеу басталмады?- деген сұрақ қойсақ, оған жауап беру оңай шаруа емес. Шамасы, оның негізгі себебі – сонау көне заманда басталған Шығыс пен Батыстың Дүние мен өмірге деген көзқарастарының бөлінуі, Шығыс елдеріндегі қауымдық өмір салтына, ал Батыста жеке адамның белсенділігіне жол ашылғанынан көруге болатын сияқты. Ал оның өзі, әрине, жағалай қоршаған ортаға бейімделуден шығады. Еуропа мен Азияның табиғаты мен ауа-райын салыстырсақ, әрине, Еуропада жеке адамның белсенді тұлға болып қалыптасуына молырақ мүмкіндіктердің болғанын байқаймыз. Еуропада Қытай, я болмаса, Үнді еліндегі сияқты жүздеген мың адамдарды жинап, олардың басын қосып, үлкен каналдар, суды тоқтататын бекеттер салынған жоқ-ты.

Ал енді осы арада қайғы-қасіретке толы өз еліміздің тарихына тоқталсақ, онда Жаңа дәуірге дейін мыңдаған жылдар бойы көшпенділік шаруашылық түрі басым болды. Оның негізгі себебі де, әрине, сол жағалай орта. 7 ай қысы бар, суға тапшы елде, әрине, мал бағу, соның жолында көшіп-қону – ең тиімді шаруашылық түрі болды. Ал тарихқа Жаңа дәуір келген кезде, бүкіл жер шарын дүр сілкіндірген көшпенділер аянышты жағдайға душар болып, өз өмір салтының сарқылғанын байқады. Өйткені, садақ пен сойыл, біздің бабаларымыз қанша батыр болғанымен, винтовка мен зеңбірікке, әрине, қарсы тұра алмады. Осы уақыттан бастап бірнеше жүз жылға созылған халықтың трагедиясы, қайғы-қасіреті басталып та кетті.

Жаңа дәуірдің экономика саласындағы негізгі ерекшеліктерінің бірі – адамдар заң жүзінде тең құқты азаматтарға айналып, зорлап еңбек еткізу принципі келмеске кетеді. Сол себепті жеке адамның өмірге деген белсенділігі артып, жаңа қоғам өндіргіш күштерді бұрынғы-соңғы болмаған биік дәрежеге көтереді. 300 жылдың шамасында өндіргіш күштер бұрынғы 5000 жылдағы жеткен дәрежеден асып түседі !!! Жүздеген жаңа қалалар, мыңдаған кәсіп орындар пайда болып, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты, мәдениеті мен білімі өсті. Әрине, индустриалдық қоғамның дамуы да қайшылықтар, оларды шешу арқылы жүріп отырды.

ХХ ғ. ғылыми-техникалық революция, оның жетістіктерін өндіріс саласында тиімді пайдалану өндіргіш күштерді әрі қарай күрт өсіріп материалдық байлықтың жаңа көздерін ашты. Дегенмен де, осы ғасырдың ортасына қарай бұл қоғам өзінің мересіне жетіп, екі үлкен дағдарысқа келіп тірелді. Ол энергетикалық және сонымен байланысты экологиялых дағдарыс еді. Индустриалдық қоғам оларды аз уақыттың шеңберінде ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйене отырып жаңа электрондық, ақпараттық технологиялар жасау арқылы шешіп, тіпті жаңа экономиканы тудырды. Бұл жаңа қоғам постиндустриалдық қоғам деп атала басталды (ол жөнінде осы тараудың 12-15 беттерін қараңыз).

Кейбір батыс ғалымдарының пайымдауынша, алдағы болашақта экономика саласы толығынан автоматтар мен роботтардың үлесіне тимек. Мұндай жағдайда адамдардың өмір мазмұны бос уақытты мейлінше сезімдік ләззат алып өткізумен және де тұлғаны құмартатын, сүйетін нәрсесімен (хобби) айналысу болмақ. Ал К.Маркстің ойынша, өндіргіш күштер өте биік дәрежеге көтеріліп, қоғамдық байлық ағыл-тегіл болған кезде, адамдардың тектік қабілеттері мен күш-жігерінің әлеуметтік кеңістігі өсіп, олар рухани шығармашылық жолына түсіп шексіз даму мүмкіндігіне ие болады.


<== previous lecture | next lecture ==>
Ылым. Таным методологиясы 3 страница | Ылым. Таным методологиясы 5 страница
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.004 s.