![]() |
Ылым. Таным методологиясы 5 страницаDate: 2014-03-19; view: 512. Біздің ойымызша, қазіргі Батыс елдеріндегі "тұтыну қоғамы", сондағы кең етек алып кеткен "материалдық-сезімдік" өмір бағыты жоғарыда көрсетілген жағдайда мидың ләззатты сезінетін бөліктеріне электродтар арқылы импульстар бергізіп, "жаңа нашақорларды" тудырмасына кім кепіл береді. Мұндай тұжырымдар дүниежүзілік діндердегі негізгі аяндардың бірі – Иса пайғамбардың ауыр жүгінің барлық адамдарға қатысы бар екенін ұмыт қылады. Ізгілік бар жерде зұлымдық та бар, шың қаншалықты биік болса, құз да соншалықты терең екенін қазіргі адамзаты ұмыт қылғандай. Экономика саласы адамдардың негізгі материалдық мұқтаждықтарын өтеуі керек. Оның сыртында – нағыз адами даму жатыр. Ол рухани-шығармашылық, адам өмірінің, жер бетіндегі тіршіліктің, тіпті керек десеңіз - ғарыштың мән-мағнасы жөнінде тебіреністе болу, тұлғаның шығармашылық іс-әрекетінің арқасында өмірде өз өшпес ізін қалдыру, жер бетіндегі ғажап оқиғаны – тіршілікті - гүлдетіп сақтап қалу болмақ. в) әлеуметтік сала Сонымен, экономика саласы адамның күнбе-күнгі өміріндегі қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Алайда, бұл қоғамның өмір сұруінің негізгі факторы болса да, - бір жағы ғана. Екінші жағы - сол адамның өзін нақтылы тарихи қалыптасқан өмірге сай етіп өсіп-өндіру, ұрпақтар өмірін жалғастыру, оны әрі қарай дамыту болмақ. Міне, қоғамның осы екінші жағын әлеуметтік сала дейміз. Әлеуметтік сала біркелкі есмес - қоғам өмірінде әр-түрлі әлеуметтік топтар өмір сүреді. Өйткені, бұл дүниеде – адамдарды айтпағанның өзінде – ешбір бір-біріне толығынан ұқсас ешнәрсе жоқ, әрбір зат өмірге өз қайталанбас болмысымен келіп, уақыты озған кезде – келмеске кетеді. Уақытында ХУ111 ғ. кейбір ағартушылар, содан кейін К.Маркс пен Ф.Энгельс алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың теңдігіне тамсана қарап, жеке меншік дүниеге келгеннен кейін байлық пен кедейлік, әр-түрлі таптар мен әлеуметтік топтарға бөліну басталды, - деп айтып кеткен болатын. Соңғылардың ойынша, болашақ коммунистік қоғам жер бетінде орнаған кезде, сол біркелкілік тағы да қайтып оралады, бірақ, - ағыл-тегіл байлықтың негізінде, өйткені, барлық адамдардың қажеттіктері толығынан өтеледі. Алайда, мұндай пікір Дүниенің іргетасты қасиетіне қайшы келеді – Ұлы Мәртебелі Табиғат біркелкілікті сүймейді, ол әртүрлікті жаратады. Осы тұрғыдан сонау алғашқы қауымдық қоғамға көз жіберсек, онда да әр-түрлі топтардың болғанын байқаймыз. Онда, әрине, қоғам демографиялық-жыныстық принципінің негізінде топтанды – аңшылар, ошақ басындағы әйелдер, жастар, сол қауымды басқаратын ақсақалдар т.с.с. Әрине, олардың әлеуметтік жадайлары да соған сәйкес әр-түрлі болды. Мысалы, әр-түрлі тайпалар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, бір-біріне оқтын-оқтын силар тартты. Ал олар ақсақалдардың қолында қорланды т.с.с. Тарихи өндіргіш күштер дамып, жеке меншік пайда болып, мемлекет дүниеге келген кезде, қоғам өмірінде таптар мен әр-түрлі әлеуметтік топтар дүниеге келеді. Байлық пен билікке ие болған үстем топтар мен езілген таптардың арасында қайшылықтар пайда болады. Жаңа дәуір дүниеге келген кезде бұл қайшылықтар әрі қарай өршіп неше-түрлі революцияларға әкеледі. Үстем таптар мемлекеттік билік арқылы өзін-өзі сақтап қалу жолында төмендегі әлеуметтік топтардың әлеуметтік жағдайларын көтеруге тырысады. Машиналық өндірісті дамыту үшін жұмысшылардың білім деңгейін өсіру керек болды, сондықтан, білім беру жүйесіне көбірек көңіл бөлінеді. Жергілікті мемлекет мекемелері жұмысшыларға, кем-тарларға арнап арзан баспана салуға кіріседі, денсаулық сақтау мәселелеріне көбірек көңіл бөліне бастайды т.с.с. Әлеуметтік мәселелердің нағыз түбегейлі шешу жолдарын Ресейде большевиктер үкімет басына келген кезде бастайды. Олар жеке меншікті жойып, бүкіл ұлттық байлықты мемлекеттік қолға өткізіп, жоспарлы экономиканың негіздерін құрып, елді индустриялап, жаңа қалалар мен село кешендерін салып, бүкіл халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ғылым мен техниканы, білім беру жүйесін дамытып, ден саулық сақтау, жастарды тәрбиелеу т.с.с. әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөледі. Әрине, бұл ауқымды төңкерісте зорлық-зомбылық, репрессиялар қолданылып, миллиондаған адамдар осы әлеуметтік жаңарудың құрбанына айналды. Мұндай әлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер бүкіл дүниежүзілік қауымға зор әсерін тигізді. Сондықтан, капиталистік елдер Кеңес Одағының жасаған әлеуметтік саладағы Үлгілеріне сәйкес Жауап беру үшін неше-түрлі әлеуметтік бағдарламалар жасап, өмірге еңгізе бастады. Екінші жағынан, жүздеген жылдардағы даму барысында қорланған байлық оларды тиімді түрде шешуге жол ашты. Дегенмен де, Кеңес Одағындағы қалыптасқан тоталитарлық экономика 60-шы жылдардан бастап тоқырауға түсті. Оның негізгі себебі – экономиканың бір қолда ғана болуы - монополизациялануы еді. Бәсекелік болмаған жерде экономика бір орнында тұрақтанып қалды. Тұрпайы теңеудің негізінде адамдардың белсенді еңбегі жойылды. Шынайы өмір идеологияға бағынбай, іштей шірушілік басталды. Партия және үкімет басындағылар мемлекеттік меншіктің шын қожайындарына айналып, көп жағдайда өз мүдделерін іске асыруға кірісті. Оларға арнаулы үйлер, санаториялар, дүкендер, емдеу орындары т.с.с. салынды – олар бірте-бірте үстем тапқа айнала бастады, халыққа арналған әлеуметтік бағдарламалар орындалмай қорлана бастап, біршама шиеленістерді тудырды. Бұл қайшылықтар ақырында Кеңес Одағының құрып, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына әкелді. Енді тәуелсіз мемлекеттердің алдында жаңа мақсат пайда болды – ол тоталитарлық экономикадан бас тартып, нарыққа көшу, жеке меншікке жол ашу, елді демократизациялап, ондаған жылдар қорланған әлеуметтік мәселелерді шешу еді. Өз еліміздің жағдайына келер болсақ, ол аянышты болды. Өйткені, Кеңес Одағы заманында ол аграрлық-шикізат өнімдерін шығаратын, басқа одақтас республикалардың, әсіресе, Ресейдің экономикасымен тығыз байланып қалған ел болатын. Сондықтан, Ресейдің Думасындағы кейбір ұлтшыл депутаттар “олар бізге қайтып оралады, өздері дербес мемлекет болып өмір сүре алмайды”,- деген пікір айтқан болатын. Мұндай ауыр жағдайда Ел басы Н.Назарбаев тапқырлық көрсетіп, шет елдерден елге инвестицияларды тартып, халқымыздың алған бостандығын сақтап қалды. Бұл, әрине, қиын жылдар болды, кейбір кезде шет ел компанияларымен теңсіз шарттарға да тұруға мәжбүр болдық. Бүгінгі таңда, экономиканың өрлеу барысында, әлеуметтік мәселелерді шешуге үкімет пен парламент аса көп көңіл бөліп отыр. Соған қарамастан, соңғы жылдардағы қорланған әлеуметтік мәселелер шаш етектен. Біздің ойымызша, оларды шешудің негізгі жолы – осы уақытқа дейін жүргізіліп келген либералдық-демократиялық саясатты бірте-бірте әлеуметтік-демократиялық саясатқа ауыстыру болмақ. Реформа барысындағы рестратификация (қоғамды қайта топтау) үрдісі жекешелендіру барысында тез арада пайда болған байлар мен кедейлер тобын тудырды және олардың арасындағы айырмашылық сын көтермейтін дәрежеге жетті. Оның сыртында тұлғалық қасиеттен айырылып, жаңа өмірде өз орнын таба алмай әлеуметтік аномияның (ауытқудың) әр-түрлі жолдарына (ішімдік, нашақорлық, қылмыстық т.с.с.) түсіп кеткен азаматтар қаншама?! Қоғамның басын біріктіретін “орта тап” әлі әлсіз жағдайда. Арал мен Семей аймағында экологиялық апатқа байланысты геноцидке (тұқымымен құру) түсіп жатқан қандастарымыз қаншама?! Қазақстанның көп жерлерінде ауыз-су мәселесі осы уақытқа дейін шешілмей келеді. Білім беру мен денсаулық саласында да жиналған мәселелер аз емес. Жас аналарға деген қамқорлық жоқтың қасы. Ерекше әңгіме – жастардың әлеуметтік мәселерін шешу – соның ішінде баспана мәселесі сын көтермейтін жағдайға жетіп отыр. Бүгінгі таңда осы да және басқа әлеуметтік мәселелер қоғамдық сананың өзекті сұрақтарына айналып, ақпарат құралдарында талдануда. Олай болса, бұл мәселелер болашақта шешіледі деген үміттеміз. Жас дос, оларды болашақта шешуге сіз де ат саларсыз деп ойлаймыз. с) саяси-құқтық сала Қоғам өмірінің келесі саласы – саяси - құқтық сала. Ол сонау көне цивилизация дүниеге келген кезде пайда болды. Ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіcon” – саяси жануар,- деп сол кезде-ақ атап кеткен болатын. Сол заманнан бері осы уақытқа дейін адам саяси пәнде, өйткені ол әрқашан белгілі бір таптың, я болмаса, ұлттың т.с.с. үлкен топтың өкілі. Әрбір әлеуметтік топ қоғам өміріндегі өз орнын анықтауға тырысып, өз мүдделерін қорғап, осы жолда басқа топтармен қарым қатынасқа түседі. Олай болса, саясат миллиондаған ортақ мүддесі бар адамдардың мақсат мұраттарын шыңдап қоғам өміріне әкеледі. Саясаттың екінші жағы - әр-түрлі мүддесі бар топтардың басын біріктіріп, қарым-қатынастарын ретке келтіріп, қоғамның біртұтастығын сақтап қалу болмақ. Олай болса, заңды сұрақ туады: саясаттың қандай қасиеттері қоғамның біртұтастығын сақтап, әр-түрлі топтардың мүдделерін бір-бірімен ретке келтіреді? Оны біз биліктен табамыз. Бірақ, саяси билік жалпы әлеуметтану категориясы ретіндегі биліктің бір түрі ғана. Расында да, біз тұлғаның өз-өзін билейтіні, адамның табиғатты, әкенің баланы, қылмыскердің банданы т.с.с. билейтіні жөнінде айтамыз. Тіпті, керек десеңіз, жануарлар үйірінің шеңберінде де билікке ұқсас, зоологиялық күшке негізделген ретке келтірушілік бар. Сондықтан да болар, уақытында Ф.Ницше “билікке деген ырықты” субстанциялап, жалпы дүниенің негізінде жатқан құбылыс деп есептеді. Әрине, қоғам кұрделі дәрежеде ұйымдасқан жүйе ретінде әрқашан да белгілі бір тәртіпсіз өмір сүре алмайды. Олай болса, билік адамзаттың мәңгі серігі. Шындап келсек, алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінің өзінде демократияның алғашқы қайнар көздері пайда болады, өйткені, рудың ішіндегі қарым-қатынастарды, басқа рулармен қатынастарды, қайшылықтарды үне бойы ретке келтіріп отыру қажет болды. Оноре де Бальзак “гүлдер ботаникадан ерте өмір сүрген” деген сияқты, саналы түрде алғашқы демократия өмірде болғанымен категориялық (ұғымдық ) дәрежеде әлі пайымдалған жоқ-ты. Тек жеке меншік пайда болып, тарихқа таптық қоғам келген кезде дәулеті асқандар өз мүддесін қорғау жолында саяси жолмен бүкіл қоғамға өз ырқын таңа бастайды. Осы тұрғыдан алғанда, саяси билік дегеніміз қоғамды басқарған субъекттің адамдар, әлеуметтік топтарды өз ырқына,- тіпті олар қарсы шыққанның өзінде,- көндіру болып табылады. Расында да, қоғам өмірі сан-алуан қайшылықтардан тұрады, мыңдаған адамдардың мүдделері бір-біріне соқтығысып қарсы келеді. Мұндай жағдайда әрқашанда қоғамның ауытқуына, құлдырауына, тіпті құрып кетуіне мүмкіндіктер ашылады. Сондықтан биліктегілер қоғамның біртұтастығын сақтап, үстем таптың мүдделерін қорғау үшін шынайы күш-қуатқа ие болулары керек. Көп халықтардың тілдеріндегі “билік” және “күш-қуат” деген ұғымдардың бір түбірден шыққанын байқаймыз. Мысалы ағылшын сөзі “power”- билік, күш-қуат,- деген мағна береді, қазақтың “билік”, “білік”, “білек (күш)”, орыстың “власть”, “владеть”, “волеть”,- деген сөздері де бір түбірден шыққан. Алайда, бұл арада үлкен сұрақ пайда болады. Билектігілер өз ырқына халықты қалайша көндіре алады, ол мүмкіндік қайдан пайда болады? – Ол арнаулы әлеуметтік ұйымды құру арқылы іске асады екен. Оны біз мемлекет дейміз. Олай болса, мемлекет саяси-құқтық саланың өзегі болып табылады. Мемлекет - қоғам өміріндегі негізгі қатынастарды заңға негізделген билік арқылы ретке келтіріп, өмірде пайда болатын әлеуметтік қайшылықтарды шешетін, қалыптасқан экономикалық, саяси тәртіпті қорғайтын құрылым. Оның негізгі ерекшеліктері: а) мемлекет арнаулы құрылған неше-түрлі мекемелер мен ұйымдардан тұрады. Онда арнаулы дайындығы бар қызметкерлер (чиновниктер- шен иелері)) мемлекет атынан неше-түрлі шешімдер дайындап оны іске асырады. в) мемлекет белгілі бір тарихи қалыптасқан жерді және сонда қоныс тепкен халықты біріктіріп өз билігін жүргізеді. Мемлекеттің билігінен тыс қалатын ешбір топ, я болмаса жеке тұлға жоқ. Сонымен қатар, Қазақстан мемлекеті Өзбекстанда, я болмаса Ресейдің жерінде өз билігін жүргізе алмайды. Оның билігі тек қана өз елінде жүреді. Керісінше, ешбір басқа мемлекет біздің мемлекеттің шеңберінде өз билігін жүргізе алмайды. Ғылыми тілде оны мемлекеттің прерогативасы және суверенитеті дейді. с) мемлекеттік билік әрқашанда заңдардың негізінде іске асу керек. Ал қайсыбір заң санкцияларға (заңның талабын орындауға мәжбүр ету) негізделген. Олай болса, тек қана мемлекеттің заңның талабын орындамағандарға зорлық жасау құқы бар. Оны іске асыратын мемлекеттің арнаулы мекемелері (сот, полиция, армия, түрме, тергеу т.с.с.) . д) мемлекет болған жерде халыққа салынатын салық та бар. Өйткені, мемлекет қызметкерлерін, армия т.с.с. құрылымдарды қаржылай қамтамасыз ету керек. Оның сыртында қазіргі мемлекеттер көп әлеуметтік мәселелерді шешеді. Оған да қаражат керек. Мемлекет - өте көне құрылым. Оның дүниеге келуі жөнінде әдебиетте сан-қилы болжамдар бар. Теологиялық қағидаларға келер болсақ, олар мемлекетті Құдайдың шығармашылық жолдағы тудыруымен байланыстырады. Патриархалдық тұжырымдар мемлекетті ру, тайпа, фратрияның (туысқан тайпалардың бірігуі) жалғасы деп түсінеді. Қоғамдық келісім теориялары мемлекетті тарихтың белгілі бір сатысында адамдардың саналы түрде жасаған келісімі арқылы құрылғаны жөнінде айтады. Зорлық-зомбылық теориясы мемлекетті тайпалардың арасындағы соғыс, зорлық арқылы жеңілгендерді көндіріп, оларға салық салу арқылы пайда болғанын көрсетеді. Маркстік теория өндіргіш күштердің тарихи даму негізінде жеке меншік пайда болып, үстем таптар өз мүддесін қорғау барысында мемлекетті құрғаны жөнінде айтады. Әрине, мемлекеттің дүниеге келуі - өте күрделі құбылыс. Онда зорлық-зомбылық та, келісім де болуы мүмкін. Бірақ, негізгі фактор – тарихи жеке меншіктің дүниеге келуі болса керек. Енді мемлекеттің функцияларына (қызметіне) келер болсақ, оларды ішкі және сыртқы деп екіге бөлуге болады. Ішкіге экономикалық (шаруашылық) мемлекеттің іс-әрекетін жатқызуға болады. Ол негізінен заңдар арқылы шаруашылық субъекттерінің белсенді іс-әрекеттеріне жағдай жасау, елдің негізгі шаруашылық бағыттарын жоспарлау, шет елден инвестициялар (қаржы) тарту, кейбір шаруашылық салаларына жеңілдік жасау т.с.с. арқылы жүреді. Келесі – мәдени-тәрбие жұмыстарын жүргізу (мектеп, жоғарғы оқу орындары, ғылыми кешендер, клубтар, кино, театр, ақпарат тарату жүйелері арқылы т.с.с. Үшінші - әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру (кем-тарларға, кәрияларға, жетімдерге, жастарға, жас аналарға т.с.с. көмек беру, білім мен денсаулық салаларын дамыту, әр-түрлі әлеуметтік топтарлың мүдделерін үйлестіріп дамыту т.с.с. Төртінші - қоғам өміріндегі тәртіпті бақылау, азаматтардың қауіпсіздігін қадағалау, әлеуметтік аномиямен (ауытқулық) күресу. Бесіншіден, жоғарыда көрсетілгендердің бәрі негізгі мемлекеттің мақсаты - қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету болмақ. Енді мемлекеттің сыртқы істеріне келер болсақ, негізгі мәселе - қоғамның экзистенциалдық (өмір сүру) мүдделерін қамтамасыз ету (дербестік, ұлттық қауіпсіздік, даму, сырттан қол сұғуға үзілді-кесілді тосқауыл қою т.с.с.) Екіншіден, басқа елдермен өзара теңдік және тиімділіктің негізінде экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастарды орнату. Халықаралық келісімдерді ұлттық заң жүйесінен гөрі жоғары ұстап, бұлжытпай орындау болмақ. Бүгінгі адамзат мемлекеттік түрде ұйымдасқан қоғамдарда тұрып жатыр. Уақытында Гегель айтқандай, мемлекет – ізгілік идеясының шынайы көрінісі. Расында да, қай халық болмасын өзінің мемлекеттігін құрып, басқа халықтармен терезесі тең жағдайда өмір сүргісі келеді. Біздің бабаларымыз сонау ерте заманда У-У1 ғ.ғ. Түрік қағанаты атты мемлекет құрған болатын. Шыңғыс-ханның заманында теңдесі жоқ, бұрынғы-соңғы тарихта болмаған сонау Қытайдан Балқан тауына дейін созылған алып империя құрылып, жүздеген халықтардың басы бірікті. Бұл, шамасы, көшпенділердің алтын ғасырлары болған сияқты. Жаңа дәуірде көшпенділер өмір салты сарқылып, олардың мемлекеттігі ыдырап, ақырында қазақ халқы Ресей империясының қол астына түсті. Алайда, “Ұлы мәртебелі Тарихтың” үрдісі ХХғ. аяғында біздің халықтың мемлекеттігін тағы да қайтарып берді. Бүгінгі таңда айтатын негізгі тұжырым - Қазақ елі тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты. Дүниежүзілік қауым оны мойындады. Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы армандаған бостандық, еріктікке деген ынтасы мен ұмтылысы іске асты. Өтпелі қоғамдағы елімізде қалыптасқан жаңа мемлекет басқару жүйесіне анықтама берсек, оны демократиялық құндылықтар жолын таңдаған зиялы авторитаризм деуге болар еді. Елдің зиялы көсемі бұрынғы қоғамға қайта оралу мүмкін еместігін, қоғам өмірінде түбегейлі жүйелі өзгерістерді жасау керектігін түсінген миллиондаған отандастардың тілегі мен ынтасына сүйене отырып, нарықтық экономикаға негізделген демократиялық құқтық әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған тиімді саясат жүргізуде. Бұл жолда біз қаншалықты жетістіктерге жеттік?,- деген сұрақ қойсақ, оған қомақты жауап беруге болатын сияқты. Біріншіден, адамдар тоталитарлық қоғамға тән неше-түрлі утопиялық, мессиандық көзқарастардан (болашақта жер бетінде коммунизм орнатамыз, Коммунистік партия – дәуірдің ақыл-ойы, ар-намысы, адамзатты құтқарушы т.с.с. мифологемалар) арылды. Қарапайым адамдарды айтпай-ақ, алғашқыда бұрынғы қоғамның ішінен шыққан саяси элитаның өзі-ақ тез арада “Оңтүстік-Шығыс Азияның акулалары” сияқты гүлденген елге айналамыз, “Біз Азияның барсы боламыз”,- деген романтикалық көзқараста болды. Бірақ, біржақты шикізат өндіруге бағытталған экономиканы қайта құру қиындықтары, Дұниежүзілік мұхитқа шығу арнасының жоқтығы т.с.с. “төмендегілер” мен “жоғарыдағылардың” тез арада мессиандық көзқарастардан арылуына көмектесті. Егер бұрынғы тоталитарлық қоғамда бүкіл билік партияның қолында болып, оның қоғам өмірінде бақыламайтын нәрсесі қалмаса, бүгінгі мемлекет билігі, адамдардың ынталы белсенді іс-әрекетін қолдап, аса көп төмендегі болып жатқан үрдістерге қол сұқпайды. Қайсыбір тоталитарлық мемлекеттің субъективті бағытталған мүдделері болады: фашистік Германияда болған “арий нәсілінің мүдделері”, “Кеңес Одағындағы “жұмысшы табының мүддесі” т.с.с. Бүгінгі мемлекет барлық әлеуметтік топтар, ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мүдделерін тең түрде қорғауға тырысады. Егер тоталитаризм тұлғаны тобырдың ішіне “сіңіріп”, әлеуметтік айырмашылықты жойып, дәстүрлі әлеуметтік байланыстарды үзуге тырысса, зиялы авторитаризм, керісінше, халықты қайта топтап (рестратификация), ұлттық қауымдастықтардың төл мәдениетін сақтап дамытуға, қазақ халқының мәдениетін қайта түлетіп гүлдетуге ат салысуда. Егер тоталитарлық мемлекет экономика саласын қатты бақылауға алып, тіпті Кеңес Одағындай өз қолына өткізіп жіберуге дейін барса, біздің жас мемлекет ұлттық байлықтың пілдей бөлігін жекешелендіру арқылы халыққа таратты. Ал оның өзі билік пен ықпалдың біршама бөлігін үкіметтен алып қоғамға тарату деген сөз. Қайсыбір тоталитарлық тәртіп халықты оқтын-оқтын репрессияға ұшыратып, жүрегіне қорқыныш сезім ұялатады. Жас мемлекет өзінің күш құрылымдарын нығайтқанмен, саяси репрессиялардан үзілді-кесілді бас тартып, уақытында құрғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды ақтап шығарды. Тоталитарлық қоғам мемлекет билігін атқару мекемелеріне толығынан беріп, заң шығару билігін қуыршақ ретінде ұстайды. Қазақстан мемлекеті алғашқыдан билікті бөлу принципін мойындап, оны іске асыру саласында біршама нәтижелерге жетті : кәсіби екі палатадан тұратын парламент заң шығару ісімен айналысуда, атқару билігі күнбе-күнгі елдегі пайда болатын мәселерді шешіп басқаруда, сот тәуелсіз билік ретінде өзгерістерге түсіп жаңа түрде қалыптасуда. Тоталитарлық жүйе негізінен өкіметті қолдайтын бірпартиялық жүйеге негізделсе, бүгінгі таңда біздің ел көппартиялық қоғамға айналды, жеке меншікке негізделіп жұмыс жасап жатқан жүздеген ақпарат құралдары бар. Дегенмен де, тарихи қорланған көп әлеуметтік мәселердің баяу шешілуі, тәуелсіз елден күткен, бірақ осы уақытқа дейін үміті ақталмай келген тұлғалалар мен топтар тарихи төзімсіздікке бой беріп, халықты демократизациялау ұранымен саяси белсенділікке, биліктегілерге қысым жасауға шақырады. Сондағы мақсат – кейбір билікті аңсайтындардың шиеленіскен әлеуметтік ақуалды пайдаланып, соның арқасында билікке келу болмақ. Бірақ, біз мына жағдайды ескеруіміз қажет. Қай елдің болмасын тұрғындарының белсенділік көрсетіп шынайы саяси өмірге қатынасатындары – 1%-тен - 10%-ке дейін ғана жетеді, орташа алғанда 3-5%. Шынына келгенде, саяси өзгерістер өкілдік институттар – партиялар, басқа да қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, парламент т.с.с. арқылы, парасатты деңгейде келісімге келу арқылы жүруі қажет. Халықтың өте биік саяси белсенділігі оның қирату инстинктерін оятып, саясатты тұрпайландырып бейсаналық жолға қойуы мүмкін. Тарихи тәжірибе талай рет көрсеткендей, ақырында мұндай үрдістерге жол ашылса, ол кезекті диктатураға, қантөгіске әкеледі.
|