Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Ылым. Таным методологиясы 10 страница


Date: 2014-03-19; view: 772.


Осы араға келгенде біз үлкен экзистенциалдық мәселеге - өлім мен өлместікке келіп тірелдік.

Адамның өлімі мен өлместігі

Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл Дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол бізге тәуелді емес, қолымызда тұрған жоқ, ол - табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжрибесі бірде-бір өлген адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ.

Әсіресе, жақын адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан-дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы-қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз.

Сонымен қатар, біз ақыл-ой таразысына “мәңгілік өмір сүру” мәселесін салсақ, онда оны адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер адам шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән-мағнасы болмай қалады. Шексіз өмір жөніндегі ой өрісі бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді.

Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән-мағнасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле-білген адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” (я болмаса, егер адам сенімде болса - Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде бір де бір жасалған ұлы нәрсені істеген адамдар, әрине, өз өмірінің шектелгенін біліп, сондықтан, асығып, “соны үлгірсем екен”,- деген ой-үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой !! Антик дәуіріндегі стоиктер “Өлімді есіңнен шығарма !”,- деген болатын. Оның терең мәні - өз өміріңде әр іс-қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау - адам өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп-тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кіші-гірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі.

Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың “даналығы” осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.

Әр адам өлімді адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді… Егер адамның жүрек қысылымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ, ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай адамға “тірі өлік” ( живой труп) деген ат береді…

Уақытында ұлы Платон философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді,- деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын “гүлге қонған көбелек” сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ, көп жағдайда “Ұлы мәртебелі Табиғат” оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай адам өлер алдында бұлқан-талқан болып, бүкіл ағайын-туғандарын тік тұрғызып, көп жағдайда азапқа салады. Ондай адамға өлер алдында “Әттең-ай!”,- деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді.

Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, жан-дүнием мәңгі өмір сүреді,- деген үмітпен өмірмен қоштасады.

Үшіншілер бұл күйбең өмірде ішіп-жеу, ойын-сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ,- деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын-оқтын мешітке барып (кім біледі, мүмкін Алла–тағала бар шығар,- деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады) садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді.

Енді Платонның айтқан философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей-теңіздегі бір ғана тамшы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай адамды өлім үрейлендіре алмайды.

Бесінші адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш-қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз адам. Ондай адам көп жұрттың есінде мәңгілік қалады.

Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде “аутоназия” (auto - өзім, nazіa - өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып “эвтаназия”,- дейді. Әңгіме адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның “суицидтан”- өзін-өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік-сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік.

Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты.

Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде бір адам өмір соңында “қайғылы үштікті” (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – адам рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан-дүниесін тазартып, адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды.

Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де адам өмірін қиуға (соның ішінде - адамның өзін-өзі де) құқы жоқ.

Аутоназияның моральдық-құқтық жағына келер болсақ, ғалымдардың айтуына қарағанда, заңды түрде оны өмірге еңгізгенде неше-түрлі басқа теріс салдарлар пайда болуы мүмкін. Мысалы, адамның дене мүшелерін сату, екіншіден, адам жүрегіне үрей салып өмірден кету жөнінде шешімге келуге мәжбүрлеу т.с.с. келеңсіз жағдайлардың пайда болуы ғажап емес.

Бүгінгі таңда тек Голландия елінде парламент деңгейінде аутоназия жөнінде заң қабылданып ол іске асуда.

Енді келесі үлкен мәселені – өлместікті талдауға уақыт келген сияқты. Бұл мәселе адам өмірі мән-мағнасымен тығыз байланысты екенін сол сәтте байқауға болады. Егер бұл дүниеге келген адам өз ізін қалдырмаса, онда ол не үшін келді, оның жаңбыр құртынан айырмашылығы қандай?,- деген сұрақ пайда болады емес пе!

Өлместік мәселесі - қайсыбір діннің өзегін құрайды. Құдайдың бар, я болмаса, жоқ екенін ешқашанда ешкім дәлелдей алмаса да, миллиардтаған адамдар осы уақытқа дейін Оған сенеді, өйткені, өлместікті аңсайды. Өлместік идеясы сонау көне заманда адамдардың өлімнен қорқу сезімінен өз бастауын алады. Көне Үнді және Мысыр елдерінде адам өлгенде оның жаны басқа денеге көшетіні жөніндегі идеялар қалыптасты. Буддизмдегі мойындалатын нәрсе – жан әрбір жаңа денеге көшкен сайын өз күнәсінен тазара береді.

Көне гректер адам өлгеннен кейін оның екінші өмірі басталады деген пікірде болған. Олардың ойынша, құдайлар мен адамдардың арасында онша көп айырмашылық жоқ, өйткені, жақсы адам өлгеннен кейін өлместік сыйына ие болып, құдайлардың қатарына кіреді. Ал құдайларға келсек, олар өмір сүріп жатқан адамдарға келіп, қарым-қатынасқа түсіп, тіпті жердегі әйелдер олардан аса күшті ер балалар, я болмаса, аса сұлу қыз балаларды туады екен. Мысалы, Геракл Зевс құдайы мен Алкмена деген әйелден туыпты-мыс.

Бүгінгі таңдағы иудаизм, христиандық және ислам діндері адам өлгеннен кейінгі оның жан-дүниесінің өлместігін мойындайды. Дегенмен де, бүгінгі таңдағы бірде-бір дін өмір, я болмаса, өлімнің не екенін түсінікті ғылып адамға жеткізе алмайды.

Идеалистік философиядағы өлместік жөніндегі ойлар діни көзқарасқа өте жақын. Алайда, мыңдаған жылдарға созылған адамзат тәжірибесінде ешкім де қайта тірілген жоқ және қазіргі білімді адамға “о дүниеде денесіз мәңгі өмір сүретін жанды” көзге елестету өте қиын шаруа екенін ашық айту керек. Көп адамдар оған сенбейді де.

Олай болса, өлместік деп нені түсінуге болады? Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйене отырып, біз тіпті дене ретінде де мүлде өшпейтінімізді айтып кетуіміз керек. Өйткені, өмір жаңа өмірді тудырып өз өмірін жалғастыра береді. Біздің бет-әлпет, мінез-құлық, сезім, дене бітім, табиғи дарын т.с.с. ерекшеліктеріміз – толығынан болмаса да – болашақ ұрпақтарға дариды. Олай болса, біз толығынан бұл өмірден кетпейміз, бала, немере өмірі арқылы қала береміз.

Енді адамның жан-дүниесі, рухына келер болсақ, ұлы адамдардың шығармашылық ісі адамзат тарихында мәңгілік сақталады. Абай, Құрманғазы, Шоқан, т.с.с. мыңдаған қазақ халқы тудырған асылдар өз шығармашылығымен тарихта мәңгі өмір сүреді. Олардың тудырған рухани құндылықтарынан біз мәңгіліктің қоңыр лебін сезінгендей боламыз.

Енді миллиондаған қарапайым адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі - өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Конфуцзы айтқандай, жақсы адам халықтың сый-сияпатына ие болса, жаман адам ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.

Десек те, әрине, қазіргі адам мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта адам өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол – жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрессек - ол жақсы. Ал адамның өмірін гендік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, адам Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау - қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).

Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде-бір жер бетінде өзі тудырған қауып-қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке адамның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол күнбе-күн соғыс-қақтығыстарда бір-бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса?,- деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.

Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді,- дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый - өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.

 

Өзіндік дайындыққа арналған сұрақтар:

1.Адамның басқа тіршіліктен негізгі айырмашылығы неде?

2.Адамның дүниеге келуі жөнінде қандай гипотезалар бар?

3.Адамның биологиялық дене ретіндегі құрылымы қандай?

4.Адамның әлеуметтік мәнін сипаттаңыз;

5.Адам жөніндегі қандай ілімді “әлеуметтік редукционизмге” жатқызуға болады?

6.Адамның әлеуметтік ауытқу жолына түсуінің себептері қандай?

7.Адам шығармашылығын қалай түсінесіз?

8.Адамның жан-жақты дамуы дегеніміз не?

9.Адамның өлместігі неде?

10. Адам тұлғаға қалай айналады? Ұлы адам дегеніміз кім?

 

Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер.

1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж.

2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2004 ж.

3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А.

4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002.

5.Абай. Слова назидания. Алматы.,1995

6.Философия (под редак. Проф. Габитова Т.Х.) Алматы,2000

7.Ч.Валиханов Соч., Алма-Ата 1967

8.Сегизбаев О. Казахская философия ХУ начала ХХ веков. Алматы.,1996

9.Малов С. Памятники древнетюркской письменности., М-Л.,1956

10.Нурланова К. Человек и мир: казахская национальная идея. Алматы..1996

18 тақырып. Құндылықтар әлемі

 

Рух, руханият ұғымдарын нақтылай келе біз құндылықтар әлеміне келіп тірелеміз. Оны зерттейтін философия саласын аксиология (aksіos,- құнды, logos,- ілім) дейді. Жалпы алғанда, құндылықтар деп адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Құндылықтар әлемінің өмір сүруінің терең себептері – адамның өзінде, оның саналы пенделігінде, өмірдің мән-мағнасын іздеуінде жатса керек. Өйткені, адам – ерікті пәнде, ол өз тағдырын өзі күнделікті өмірге келетін мүмкіндіктерді таңдау арқылы жасайды.

Дүниенің екі жағын – материя мен рухты – бір-бірінен ажыратып бөлек қарауға болмайды, біз оны жоғарғы тарауларда көрсетуге тырысқан болғанбыз. Адамның өзі, бір жағынан, дене болса, екінші жағынан,- рух емес пе? Дегенмен де, құндылықтар әлемін, негізінен, екіге бөлуге болады. Олар – материалдық және рухани құндылықтар. Қайсыбір рухани құбылыс өмірге келу үшін заттанса, яғни, материалдық қабыққа ие болса, онда шынайы өмірде материалдық және рухани құндылықтарды бір-бірінен қалайша айырып алуға болады? Оларды бөлудің негізінде адамдардың сан-алуан қажеттіктері жатса керек. Қажеттік деп адамның өмір сүруіне, оның жан-жақты дамуына керектінің бәрін айтуға болады.

Бүгінгі қоғамдағы адамдардың қайсыбірі рухани қажеттіктерін оятып, ең жоғарғы сатыға көтерілді деп айту шындыққа жатпас еді. Өкінішке орай, материалдық құндылықтарға құмартқан көпшілік бүгінгі таңда соның шырмауынан шыға алмай жатыр.

Егер қайсыбір жануардың қажеттіктері оның инстинктері арқылы берілсе, адамның қажеттіктері оның сана-сезімдерінен өтіп, белгілі бір мүдделерге айналады. Жануарлар бір нәрсеге мүдделі деп айту ақылға сыймайды, ол тек адамға ғана тән нәрсе. Өз мүдделерін іске асыру үшін адам алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қояды. Соңғыны іске асыру жолында адам өз ырқын шыңдап, неше-түрлі қиындықтардан өтуге дайын болуы керек. Орындалған мақсат-мұрат келесі сатыда жаңа құндылықтарға бағыттайды т.с.с.

Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің құндылығын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы – сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі – адамды әрқашанда мақсат-мұрат тұт, оған ешқашанда құрал ретінде қарама,- деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан “адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек”,- деген тұжырым шықпау керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдетіп, үндесті (гармония) өмір сүруі қажет.

Әрине, бүгінгі таңда адамды құрал ретінде пайдалану өмірде жиі кездесетін құбылыс. Адам өмірде кейбір кезде өз орнын таба алмай, қиналып, зардап шегеді, тіпті өмірден түңілуі де мүмкін. Уақытында М.Монтень айтқандай, “кімның басына сартылдап бұршақ ұрып жатқса, сол бүкіл жер бетін найзағай мен дауыл алып кеткендей көреді”. Ол, әрине, сол адамның әлсіздігін, тіпті ақыл-ойының тайыздығын көрсетеді дер едік. Әрине, біз бұл өмірге сұранып келген жоқпыз, бірақ, осы ғажап Дүниенің бір кішкентай да болса бөлігі ретінде бармыз. Одан артық құндылық бар ма екен?! Өмір қиындықтары, кездесетін сәтсіздіктер – уақытша, оларды жеңе білу керек, өйткені, сен – адамсың. Түнде сансыз жұлдыздар жымың қағып, Ғарыштың ақылға симайтын тереңдігін, сонымен қатар, оның бізге жолдап отырған жылы сәлемін көрсетпей ме? Күннің алқызыл атуы мен батуы, асқар таулардың жарқыраған шыңдары, шылдырлап бұлақтан аққан мөлдір су, мойынын бізге қарай бұрған аққудың әсемдігі , бұлбұл құстың әндері, құмнан қашқан ақ бөкеннің секіргені, сүйген жардың әр қимылы мен қылығы т.с.с. – бәрі де ғажап емес пе?!! Тағы да М.Монтень бізге мынадай ақыл тастайды – “өмірді әр қашанда қуанышты сезіммен қабылда, ол сенің даналығыңды көрсетеді”.

Адам өмірінен шығатын келесі құндылық - денсаулық, - оны дана бабамыз “бірінші байлық”,- деп кеткен. А.Шопенгауер айтып кеткендей, “адамның бақытты болуының 9/10-ы оның денсаулығымен байланысты”. Расында да, тек денсаулықтың арқасында ғана өмірде кездесетін ауыртпалықтарды көтеріп жеңуге, ішкі табиғи дарындарды дамытып, шығармашылық деңгейіне көтерілуге болады. Сондықтан, денсаулыққа саналы түрде қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, өз дене ақуалыңа зәбірлік жасамау керек. Ішімдік, шылым шегу, нашақорлық жолына түсу – ең зор байлық – денсаулығыңды өз қолыңмен жойумен тең.

Сонымен қатар, өкінішке орай, өмірде мүгедек, табиғатынан әлсіз туған жандар да кездеседі. Мұндай жағдайда олар өз рухының күші арқылы өмір мәнділігі мен құндылығын, қанша қиын болса да, аша білуі керек, ол үшін, әрине, жақындары, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан көмек қажет. Дүниежүзілік тарих мұндай адамдардың өмір қиындықтарын жеңе шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өз өшпес ізін қалдырғаны жөнінде мыңдаған айғақтар келтіреді. Қайсыбір қоғамның адамгершілік келбетін сол кем-тарларға жасаған ізгі істерінен көруге болады. Өкінішке орай, біз бүгін бұл жағынан мақтана алмаймыз.

Келесі қоғамның құндылықтары – еріктік пен теңдік. Кеңес Одағы заманында теңдік құндылығы жөнінде қаншама кітаптар мен мақалалар жазылып, болашақ коммунистік қоғамның өзегі ретінде қаралды. 1985 ж. жарияланған “қайта құру” (перестройка) саясатынан осы уақытқа дейін еріктік ұраны (либерализм) қоғамдық ақпарат құралдарының өзекті мәселесіне айналды. Егер бұрын партия-кеңес қайраткерлері теңдік ұранымен бүркеленіп, өз мүдделерін іске асырса, бүгінгі “либералдар” теңдікті таза ұмытып, еріктік ұранын пайдаланып, ұлттық байлықты жекешелендірді. Бұл саяси сахнадағы көріністер. Енді біз бұл құндылықтарды философиялық тұрғыдан талдап көрелік.

Біріншіден назар аударатын нәрсе - әрбір қоғам өз даму деңгейіне сәйкес еріктік пен теңдіктің белгілі бір мөлшерін анықтап, өмірге еңгізеді. Тұрпайы қарапайым сана деңгейінде еріктікті “ойыма не келсе, соны істеймін” мен теңестіреді де, теңдікті – “бәрін тең бөліп берумен” шатыстырады. Ал шынайы өмірде ондай еріктік пен теңдік ешқашанда тарихта болмаған және болашақта да болмайды. Абсолютті (шегіне жеткен) еріктік адамның басқалардан тәуелдігін жойып, оны жалғыздықтың тұңғиығына әкелген болар еді. Екіншіден, ондай еріктік абсолютті теңдікпен ұласып, бір-бірін жойып (аннигиляция) жіберер еді. Сондықтан, француз ойшылы А.Камю ондай еріктікті “құзға бара жатқанын байқамайтын соқыр” адамға ұқсатты.

Әрине, еріктік – адамның тектік қасиеті, адам еріктікке жаратылған пенде. Еріктіктің негізінде ғана адам шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өз бойындағы қабілеттерін, талантын іске асыра алады. Адамды зорлап шығарма тудыруға итеру мүмкін емес. Өйткені, оған шабыт керек. Ал зорлық пен шабыт бір-бірімен ымыраласпайтын нәрселер. ХХ1 ғ. қойған талаптарына сәйкес даму үшін әр адамның ерікті де шығармашылық еңбегі керек. Ол үшін білімнің биік шыңдарына жету қажет. Сонымен қатар, адамның теңдікке деген ұмтылысы да тарихтың қозғаушы күштеріне жататынын ескерген жөн. Теңдік рухы кең етек алған қоғамдарда адамдар өз абыройын, намысын (мен ешкімнен де кем емеспін деген сезім) жоғары деңгейде сезінеді. Яғни, ол сезім де адамның шығармашылық іс-әрекетіне жол ашады.


<== previous lecture | next lecture ==>
Ылым. Таным методологиясы 9 страница | Ылым. Таным методологиясы 11 страница
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.004 s.