![]() |
Ылым. Таным методологиясы 11 страницаDate: 2014-03-19; view: 622. Тәуелсіз елге айналып, өз мемлекет іргесін қалау барысында бұрынғы тұрпайы теңдікке негізделген қоғамды еріктікке баулуда біз біршама қиындықтардан өттік. Біріншіден, лезде жарияланған еріктік ұранын пайдаланып қалған белсенділердің саны аз болды да, талай жылдар “жоғарыдан түсетін бұйрықтың” негізінде өмір сүрген көпшілік жаңа жағдайға таңырқап қарап, өз қамын іске асыра алмай қалды. Тек талай зардаптан өткен қалың бұқара жаңа өмірге бірте-бірте бейімделіп, біршамасы іскерлік танытып нарықтың қойнауына кіріп жатқан жағдай бар. Жас мемлекеттің шағын және орта іскерлікті дамыту саясаты да халықтың еріктікті сезініп шығармашылық еңбегін оятуға өз себебін тигізді. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – еріктік шеңберін сапалы заңдар арқылы анықтап өмірге еңгізу болмақ. Саясаттану тілінде оны “адам құқтары” дейді. Сонымен қатар, еріктік ұранын алға тартып, ойына не келсе, соны істегісі келетіндерге, әсіресе, қоғам өміріндегі қайшылықтарды пайдаланып, бәріне “қара күйе жағып” билікке ұмтылғандарға заң жүзінде тосқауыл қойылуы керек. Әсіресе керекті нәрсе, бұрынғы қоғамның көп жетістіктерін қараламай жаңа өмірге еңгізу, соның ішінде – халықтың санасында өшпес орын алған теңдік сезімді тек заң жүзінде ғана емес, моральдық құндылық ретінде сақтап қалу керектігі. Сонда ғана қоғамның шынайы демократизмін көруге болады. Халықтың санасында терең ұяланған келесі құндылық - әлеуметтік әділеттілік. Бұл құндылық, сайып келгенде, еріктік пен теңдіктің өлшемін, бірлігін құрайды. Әлеуметтік әділеттілікті тұрпайы теңдікке теңеуге болмайды. Өйткені, адамдар туа келе әр-түрлі, жүре келе олардың бойындағы айырмашылықтары да өсе бастайды. Өздерінің іскерлігі мен тапқырлығына байланысты адамдар әр-түрлі деңгейде өмір сүреді. Солай десек те, ақыл-ойымызбен оны түсінсек те, әділеттілік сезім көп нәрселерді өзгертуге ұмтылдырады, өйткені, ол адамның жүрегінде ұяланған. Ақыл-ой мен жүрек ақиқаттарының арасында біршама айырмашылықтар бар, кейбір жағдайда жүрек шындығы тарихи көкжиекті дәлірек сезінеді. Әділеттілік сезім кем-тарларға қол ұшын беруді, әлі ересек өмірге кірмеген жастардың өмір бастамасының тең болуын талап етеді. Расында да, әлі өмірге ешқандай үлес қоспаған жастардың арасындағы әлеуметтік айырмашылық болашақ азаматтың жүрегінде көпке дейін жазылмайтын жара қалдырады. Әлеуметтік әділеттің талаптарын іске асыруда мемлекеттің ролін асыра бағалау қиын. Гегель айтқандай, “мемлекет – адамгершілік идеясының шынайы болмысы”, өйткені, оның негізгі мақсаты - қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету, төмендегі әлсіз әлеуметтік топтарға қамқорлық жасау. Тәуелсіз жас мемлекет алғашқы қадамынан бастап өзінің “әлеуметтік” мәнін шынайы түрде көрсете білді. Экономикадағы сан-қилы қиындықтарға қарамастан, пенсионер, мүгедектер т.с.с. әлсіз топтарға уақытында жәрдемақылар төленіп, олардың көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар, қоғам өмірінде мейрімділік, қайырымдылық рухы әрбір азаматтың ішкі дүниесіне айналуы керек. Бүгінгі таңда неше-түрлі қайырымдылық қорлар әлсіз топтарға көмек беріп, оларға моральдық қолдау жасайды. Іскер топтардың өкілдері де бұл игі істерге жыл сайын көбірек үлес қосуда. Талай жылдар бойы қорланып қалған қиын әлеуметтік мәселелердің бәрін шешуге біршама уақыт керектігі айдан анық. Әлеуметтік әділеттілік талаптарын мемлекет пен қатар бүкіл қоғам болып жұмыла шешу керек. Жоғарыда көрсетілген құндылықтарды өмірге еңгізудегі құқық нормаларының орны ерекше. Жалпы алғанда, құқық деп біз әлеуметтік нормалар мен қарым қатынастардың мемлекеттің күшімен қорғалатын, сондықтан, олардың талаптары жалпыға бірдей қадағаланатын ерекше түрлерін айтамыз. Олай дейтін себебіміз - қоғам өмірінде басқа да әлеуметтік нормалар бар, мысалы, діни, моральдық, эстетикалық т.с.с. Құқық құндылықтары – цивилизациялық даму деңгейінің туындысы, өйткені, олардың өмір сүруі мемлекетпен тығыз байланысты. Негізінен, оларды екіге бөлуге болады. Біріншісі – табиғи құқықтар. Олардың ішіндегі іргетасты негізгі құндылық - адамның өмір сүруге деген құқы. Ешбір адам, қандай лауазымды болмасын, мекеме т.с.с. бұл құқыққа қол сұға алмайды. Келесі құқық - адам еріктігі, өйткені, ол тағы да оның рухани пенде ретіндегі тектік қасиеті. Теңдік құқы да осыларға жатады, өйткені, барлық адамдар бұл дүниеге бірдей келіп, соңында – кетеді. М.Вебердің айтуына қарағанда, табиғи құқтар деп мемлекет қабылдайтын заңдарға қарсы қойылатын, олардан жоғары тұрған әділетті құқтар жөніндегі түсініктерді жатқызуға болады. Теологиялық көзқарастар оларды Құдайдың даналығы мен еркі арқылы адамдарға берілген құқтар деп есептейді. Мысалы, Орта ғасырда өмір сүрген А.Августин оларды қайсыбір қоғамдағы тәртіптің негізінде жатқан, әділеттіліктің өлшемін құрайтын Құдайдың құдіретті күшінен туған “мәңгілік заң” ретінде қарайды. Рационалдық философия шеңберінде табиғи құқтарды адамның парасатты ой-өрісінен шығарады. Кейбір ағымдар табиғи құқтарды адамның терең ішкі дүниесінде жатқан психикалық бастауларынан көреді. Қалай дегенде де, қазіргі өмір сүріп жатқан мемлекеттердің қайсыбірі болмасын адамның негізгі табиғи құқтарын мойындайды. Сонымен қатар, құқық құндылықтардың пілдей бөлігі мемлекеттік заңдар арқылы берілген. Әдебиетте оларды позитивтік құқтар (оң) дейді. Тарихи заңдар таптық қоғам дүниеге келген кезде алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде қалыптасқан әдет-ғұрыптарды жаңа жағдайға сай етіп өзгертіп, оларға мемлекеттік қолдау беру арқылы дүниеге келеді. Заңдардың екінші қайнар көзі – сот шешімдері – оларды әдебиетте прецеденттік құқтар дейді. Мысалы, Англияда осы уақытқа дейін ол заңды дамытудың негізгі құралы ретінде пайдаланады. Соңғы ең кең тараған әдіс – заңдарды шығармашылық жолмен тудыру – ол үшін арнайы мемлекет билігінің тармағы – парламенттер жұмыс істейді. Құқ пен заң ұғымдары бір-біріне өте жақын, бірақ, тең емес. Заңды тудыратын адамдар, ал олардың қол астынан шығатын бірде-бір нәрсе кемшіліксіз болмайды. Біріншіден, қоғам өміріндегі шым-шытырық байланыстардан тұратын қатынастардың бәрін заңдық нормалар қамти алмайды. Келесі – заңда әр-түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мүдделері қамтылу керек. Қайсыбір мемлекетте ол көбінесе дәулетті топтардың пайдасына шешіледі, өйткені, олардың парламеттегі өкілдері заң шығару барысында бар күштерін сол топтардың мүдделерін заң арқылы бекітуге жұмсайды (саясаттануда оны “лобби”- қолдаушылар,- дейді). Құқық құндылықтардың келесі ерекшелігі – олар саясат пен моральдың талаптарын бір-біріне ымыраға келтіретін дәнекер, құрал болып табылады. Қайсыбір саяси бағдарлама, декларация,- егер ол заң бойынша нақтыланып бекітілмесе,- жай сөз болып қала береді. Екінші жағынан, заң моральдық нормалардың талаптарын – аз да болса да - өз бойында қамтуы керек, сонда ғана оны шынайы өмірде адамдар қабылдайды. Сондықтан, заңды “mіnіmum mіnіmorum”- ең аз көлемдегі адамгершілік,- дейді. Қайсыбір заң, бір жағынан, саясаттың өмірге еңгізуге болатын талаптары мен, екінші жағынан, аз да болса да, моральдық рухани қолдаудың бірлігін құрайды. Сонымен, моральдық-рухани сана өз шегіне жеткен талаптарын өмірге еңгізе алмай, мемлекеттің ырқына көнуге мәжбүр болып, соның арқасында өмірге заң келеді. Тіпті өмірге келген сапалы заңның өзі жүре келе ескіріп, өмірде болып жатқан өзгерістерге сай келмей қалады. Ондай жағдайда заңға өзгерістер, толықтамалар еңгізілуі мүмкін. Сондықтан, тез қарқынмен түбегейлі өзгеріске түсіп жатқан Қазақстан қоғамында заң шығару мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Біршама заңдар қайта қаралып, толықтырылып өзгерілуде (Еңбек заңы, Мемлекеттік қызмет ету заңы т.с.с.), жаңа заңдар қабылдануда. Жоғарыда айтылған ойлардан шығатын түйін – заңды асыра бағалап (құқтық романтизм), я болмаса, оны ескермеуге (құқтық нигилизм) болмайды. Ол қателік, біржақтылық болар еді. Құқтық мемлекеттің бірде-бір негізгі ерекшелігі – заң өмірге еніп қабылданғаннан кейін бұлжытпай орындалуы керек. Ол, әсіресе, мемлекеттік қызметтегі лауазымды азаматтардың қоғам алдындағы парызы. Егер мемлекет өз шығарған заңдарын бұрмалап бұзып отырса, онда қарапайым адамдардан не күтуге болады? Екінші жағынан, “заң ескірді, өмірге сай емес, олай болса, оны орындау тіпті қажет емес”,- деген ұранды бүркеленіп, тек өз қамын күйттеген адамдарға да тосқауыл қойылуы керек. Егер заңның кейбір қағидалары ескірсе де, жаңа заң ресми түрде қабылданып, я болмаса, ескірген қағидалар жойылып, толықтырулар еңгізілгенше, ескі заң орындалуы қажет. Сонда ғана қоғам өмірінде белгілі бір тәртіп пен тыныштық сақталады. Жоғарыда көрсетілген құндылықтар күнбе-күнгі ащы шындыққа толы өмірмен байланысты, саяси-құқтық маңызы бар, сол себепті қоғамдық санада жиі талданады. Енді мәселені тереңдетіп рухтың таза құндылықтарына назар аударсақ дейміз. Әрине, осы жолда біз ең алғашқы – діни құндылықтарға тоқталуымыз қажет деп есептейміз. Діни құндылықтар Американ философы Э.Фроммның айтуына қарағанда, дін адамның саналы пенде ретіндегі терең табиғатынан – оның өмір сүру бағытын іздеуі мен бір нәрсеге табыну мұқтаждығынан - шығады. Бұл, әрине, дін мәселесіне деген кең көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда, адам дүниедегі негізгі діндерді мойындамағанның өзінде, ол бір нәрсеге сенімін арттырып, соған табынуы мүмкін. Тіпті, кейбір жағдайда ол оны саналы түрде сезінбеуі де ғажап емес. Мысалы, бүгінгі таңда реформа барысында біршама адамдар байлыққа, “алтын қошақан” – ақшаға табынады. Олардың ойынша, ақша арқылы сатылмайтын нәрсе жоқ, соның ішінде, қайсыбір лауазым иесін, тіпті адамдардың сүйіспеншілік пен басқа да нәзік сезімдерін өзіңе қарай тартуға болады. “Бәрі де сатылады”,- деген принципке олар сенеді. Жаңа ғана тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағында миллиондаған адамдар марксизм теориясына, болашақта жер бетінде коммунистік қоғамның орнауына сенген жоқ па? Ал неміс философы К.Ясперске келер болсақ, ол адамзаттың рухани дамуын парасаттыққа негізделген философиялық сенім деңгейге көтермей бүгінгі таңдағы қорланған өзекті мәселелердің шешілуі мүмкін емес дейді. Әрине, адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Адам өз әке-шешесіне, сүйген жарына, жақсы досына, өз халқына, я болмаса, адамзат қауымына сенуі мүмкін. Еш нәрсеге сенімін арттыра алмайтын адам- бақытсыз, ол өз өмір мәнін тез арада жоғалтады, оның әлеуметтік ауытқуға ұшырайтыны сөзсіз. Мұндай кең түрдегі ойларымыздың ауқымын қысқартсақ, онда осы заманға дейін салтты дүниежүзілік діндердің өмір сүріп жатқанын байқаймыз. Ұлы Қытай халқы уақытында даосизм және конфуциандық философия бағыттарын тудырып, оларды өмір бағдарламасына айналдырды, яғни, олар осы халықтың дініне айналды. Олай болса, Дүниені жаратқан Құдай идеясы оларда жоқ. Сондықтан, әдебиетте оларды “Құдай ашылмаған” діндер қатарына жатқызады. Мысалы, Дүниені билейтін “тянь” – аспан ұғымы – бейтұлғалық дүниенің алғашқы бастамасы. Мұнда Дүниені жарату ұғымы жоқ болған соң, оның басы да, аяғы да жоқ, ол мәңгі белгілі бір шеңберде айнала береді. Олай болса, адам болмыстың тәртібін зерттеп қана қоймай, ең алдымен өз-өзін танып-біліп, өзгертуі қажет. Негізгі уағыздайтын қағидаларына “табиғаттың даналығы, онымен үндесті өмір сүру қажеттігі”- у-вей, “өз халқының тарихи жинаған тәжірибесіне, даналығына сену, яғни, әдет-ғұрып, салтты қатаң сақтау” –ли, “адамға сену, оны сүю” – жень т.с.с. жатады. Бүгінгі таңдағы беделді діндерге ұлы Үнді халқы тудырған буддизм ілімін жатқызуға болады. Ол б.з.д. У ғ. Гаутама Сидхартха деген ұлы адамның ізденісі арқылы дүниеге келіп, бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға кеңінен таралды. Бұл діннің негізгі идеясы – адам рухының асқақтығы, олай болса, адам материалдық дүниеге байланбау керек (апариграха), өйткені, ол одан жоғары. Келесі бұгінгі адамзатқа тікелей қажетті қағида – ешқандай тіршілікке зәбірлік жасамау (ахимса). Будданың адам алдына қойған талаптарының ішінде ерекше маңыздысы – ақыл-ой, ниет тазалығы. Екіжүзділік, алдап кету, арандату – адамның биік рухани мәртебесіне нұқсан келтіреді. Ешқашанда жек көрушілік оған қарсы қойылған жек көрушілікпен толастанбаған. Керісінше, ол ұлғайған. Тек қана жек көрушіліктің жоқтығы оны сарқыйды,- деген Будданың тамаша ойы бұгінгі адамзатқа ауадай қажет сияқты. Ақыл-ой мен қатар, адамның аузынан шыққан сөздер де жұмсақ, адамның жүрегінен шығу керек. Жаман сөз – рухани ақуалды ластайды, адами қарым-қатынастарды бүлдіреді. Адамзат руханиятында өз ерекше орны бар, жер бетінде өте кең тараған – христиандық дін. Оны “Құдай ашылған” діндердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, христиан діні құжаттарында Құдайдың адамзатқа жіберген моральдық Өсиеттері, Оның бұл Дүниені қалай жаратқаны жөнінде мағлұматтар бар. Христиандық діннің ерекше сипаттарының бірі - үштік ұғымы. Яғни, Құдайдың біруақытта берілген үш келбеті бар: ол Құдай-Әке, Құдай-Ұл және Киелі Рух. Келесі - Құдай адамды өзіне ұқсатып, оған ақыл-ой, парасат, сұйіспеншілік сезімін беріп жаратты. Сондықтан, бұл фәнидегі оның алатын орны ерекше. Ол Дүниедегі тіршіліктердің бәрінен де жоғары, сондықтан, оларды билеуі, әрі қарай жетілдіруі керек. Адам күнәға белшесінен батса да, оны құтқару үшін Құдай-Әке жер бетіне өз Ұлын – Иса пайғамбарды жібереді. Ол бір жағынан - Құдай болса, екінші жағынан – адам. Иса өз мойнына адамзаттың барлық күнәларын алып, ақылға симайтын зардаптардан өтіп, адамзатты Құдай алдында құтқарады. Сонымен, Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігі оны құтқарды. Олай болса, адам да сүйіспеншілікке толы болуы керек. Христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі – адамды сүю. “Жақыныңды сүй, алыстағыны да сүй, тіпті өз дұшпаныңды да сүй”,- деген ғажап өсиет Иса пайғамбардың аузынан шыққан. Киелі Августин “Сүй, содан кейін не жасасаң да мейлі”,- дейді. Өйткені, сүйген адам жамандық пен зұлымдыққа ешқашан да бармайды. Тарихи христиан діні неше-түрлі жаңару сатыларынан өтті. Оның шеңберінде неше-түрлі жаңа ағымдар пайда болды (католиктік, православиялық т.с.с.). Әсіресе, Еуропа топырағында капиталистік қоғам пайда болған кезде, протестанттық ағым пайда болып, жаңа қоғамның этикасын (моральдық қағидаларын) тудырды. Оның негізгі қағидаларының бірі – адам қажымай-талмай еңбек етуге, өмірді үне бойы жетілдіріп жаңартып отыруға жаратылған. Христиан діні Еуро-Атлантикалық цивилизацияның дамуына зор әсерін тигізді. Бұл дүниені адам мәртебесіне сай етіп қайта құру жолында үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар, Дүниені қайта өзгерту жолында Батыс цивилизациясы ХХ ғ. көп сәтсіздікке ұшырап ақырында біршама ойшылдар (постмодернизм ағымы) адамның табиғатты өз еркіне көндіру қағидасының мүмкін емес екенін ашық айтуда. Соңғы 300 жыл шамасындағы ғылым мен техниканың зор қарқынмен дамуы, халықты жалпы ағарту, білім деңгейін өсіру, қорланған материалдық байлыққа табыну, өмірде сезімдік-ләззат алуға ұмтылу т.с.с. еуропалықтардың пілдей бөлігінің христиан дінінің шеңберінен ауытқып “индустриалдық”(өндірістік) “кибернетикалық”(есептеу), “сайентологиялық” (ғылым) т.с.с. дін бағыттарының пайда болуына әкелді,- деп Э.Фромм есептейді. Дүниежүзілік дәрежедегі соңғы – Ислам діні. Оның да, христиандық дін секілді, шыққан рухани қайнар көзі – Таяу Шығыста. Бұл дін У11 ғ. Араб көшпенділері арасында дүниеге келеді. Атақты неміс ғалымы М.Вебер, исламды Дүниені бағындыратын жауынгер діні дейді. Сол себепті Сары-Арқаның көшпенділері де бұл дінді ұнатып қабылдаған болар деп ойлаймыз. Ислам дінінің негізгі қағидаларына тоқталсақ, оның Құдайы – Алла – осы Дүние мен адамды жаратқан рухани құпия күш. Христиан дінідегідей мұнда үштік мәселесі жоқ. Ол - жалғыз және өз Құдіреті арқылы жаратқан Дүниенің әр жағында мәңгілікті өмір сүреді. Ол Мұхамед пайғамбар арқылы өз өсиеттерін адамдарға жеткізді, сол себепті исламның негізгі құжаты - Құран дүниеге келді. Ислам діні адамды табиғатқа қарсы қоймайды. Алла-тағала жаратқан Дүние – керемет, ғажап, сондықтан, адам алдында оны қайта құру, өзгерту мақсаты жоқ, ол табиғат шеңберінде өз орнын тауып өмір сүруі керек. Адам, әрине, саналы және ырықты пенде болып жаратылған, ол жақсылық пен жамандықты айырып таңдай алады. Дегенмен де, Алла-тағала адамға өмірдің барлық саласында қалай өмір сүру керек екенін Құранда көрсетеді (Шариат). Иран халқының ойшылы Аятолла Хомейнидің айтуына қарағанда, “адам өмірінің бірде-бір тіпті кішкентай бөлігі Ислам ілімінің назарынан тыс қалған жоқ”. Сондықтан да, Ислам діні көп жағдайларда әлеуметтік-саяси мәселелерге араласып, мемлекетпен өте тығыз байланыста болады. Кейбір кезде, діни қайраткерлер үкімет басына келіп теократиялық тәртіп орнатады (Иран, Сауд Аравиясы т.с.с.). Ислам дінінің тереңде жатқан рухани негізі қауымдық пен теңдікке (эгалитаризм), қоғамдық мүддені жоғары ұстауға кетеді. Сондықтан, қайырымдылық, әлсіздерге қол ұшын беру осы діннің негізгі қағидаларының бірі болып саналады. Экономика саласындағы Батыстық пайда, кірісті мейлінше көбірек табу, құнды қағаздар нарығындағы пайда табу әдістерін, өсімқорлық сияқты нәрселерді Ислам діні қабылдамайды. Экономика адамдардың өмір сүруіне жағдай жасайтын құрал ғана, ол ешқашанда өз-өзіне жеткілікті мақсат-мұрат емес. Бұл жағынан алып қарағанда, Ислам неше-түрлі социалистік идеяларға жақын екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұрынғы Кеңес Одағының біршама Ислам елдерімен өте тығыз байланыста болғанын түсінуге болатын сияқты. Тағы да Исламды Христиандық дінмен салыстырсақ, Алла-тағаланың кахарлы Құдай екенін байқаймыз. Ол жеке адамның Өзіне ұқсастығын мойындамай, оның тәкәппарлығын судай басады. Ислам елдерінде гомосексуализм, лесбиандық, нашақорлық, порнография, аборт т.с.с. Батыстағы кең тараған нәрселерге тиым салынған. Сондықтан да, Батыс өмір жолының ақпарат құралдары арқылы Дүниежүзінде кең тарауы Ислам елдерінде наразылық тудырып, қазіргі діни іргетастық (фундаментализм), экстремистік қозғалыстар себептерінің бірі болып отыр. Бүгінгі адамзатты бірде-бір дін толығынан қанағаттандырмайды. Сондықтан, Жер бетінде мыңдаған жаңа діни секталар өз көзқарасы, рухани құндылықтарын уағыздауда. Олардың кейбіреулері адам үзілді-кесілді шайтан жолына түсті, сондықтан, ақыр заман көп кешікпей келеді десе, екіншілері - еш нәрсеге зәбірлік жасамауға, ет жемеуге (вегетариандық), Табиғатты аялауға, төзімділікке, бейбіт өмірге шақырады. Мұндай қозғалыстар біздің елімізде де бар. Бүгінгі біртұтастыққа бет алған адамзатқа болашақта, әрине, жаңа дін керек болуы ғажап емес. Ол бүгінгі діндердің жақсы жақтарын қамтып, адамзатты келісімге, зорлық-зомбылыққа тойтарыс беруге, адамды аялап, сүйуге, жер бетіндегі тіршілікті сақтауға бағытталуы тиіс. Өкінішке орай, рухани саладағы өзгерістер тарихи өте баяу қарқынмен жүреді. Солай десек те, тек рухани жаңарудың негізінде ғана адамзаттың қорланған қайшылықтары шешілуі мүмкін. Үнді халқының ұлы ақыны Р.Тагор айтқандай, “заттарды аз уақыттың шеңберінде білуге болады, бірақ, олардың Рухын аңғару көп ғасырларға созылған тәрбие мен адамның өзіндік тежеуін талап етеді”. Расында да, бұл өмірде болу, тек қана өмір сүру – адамға жеткіліксіз. Әр адам өз болмысының бүкіл тіршілікпен, жер бетіндегі әрбір затпен бірге жаратылғанын, “бәрі де бірдің ішінде, бір - бәрінде” екенін сезінбей жаңа рухани ақуал келмейтінін білуіміз қажет. Негізінен алғанда, барлық діндер бүкіладамзаттық моральдық қағидаларды алға тартып, соның арқасында халықтың рухани бірлігін қамтамасыз етеді. Қайсыбір діннің беделі оның уағыздаған моральдық құндылықтарымен байланысты, өйткені, олардың қайнар көзін Құдайдың құдіретті өсиеттеріне әкеліп тірейді. Енді бұл арада моральдық құндылықтарды талдауға уақыт келген сияқты.
|