![]() |
Егемендік. Президент 7 pageDate: 2015-10-07; view: 432. Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында орташалар, тіптен кедейлер де болған. 1928-1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аласталды. Ал енді 1928 жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін, ал қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған. Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады. 1929-1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929-31 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды. Кеңес үкіметі сонымен қатар көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіріп, бұрын болмаған әлеуметтік тәжірибеге жол берді. Мұның бірден-бір себебі астық мәселесін күрделендірген гипердинамикалық индустриалды даму жоспары болды. Өндірісте істейтін миллиондаған жұмысшылар мен қызметкерлерді тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Ал Қазақстанда астықты аудандарды ұлғайту мәселесі егін егуге қолайлы жерлерді жайылымға пайдаланып отырған көшпелі шаруашылықпен қарама-қайшы келді. Міне, осы кезде көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіру жүзеге асырылды және ол ұжымдастырумен қатар жүрді. Отырықшылыққа көшетін қазақтарды үймен қамтамасыз ету мәселесі өте қажет және бірінші тұрған міндет деп санамады. Керісінше олардың өз киіз үйлерін пайдалануға болады деп есептеді. Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдың көп бөлігі үкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің YІ Пленумында 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды. Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1932-33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық баудай түсіп қырылған. Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік болмаған. Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған. Осындай жантүршігерлік көріністер туралы мәліметтерді зерттеушілер тәуелсіздік алғаннан кейін архив қойнауынан алып жариялады. Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын болып, елден шет аймақтарға үдере көшті. Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ босқындарының ауыр да жанкешті тұрмысы туралы да деректер жеткілікті. Зерттеушілер 1930-1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді. Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі нәтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа әкелді. Мысалы, 1937 жылдың басында халық шаруашылығы есебінің бастығы М. Саматовтың Л. Мирзоянға берген мәліметі бойынша 1930 жылдың 1 маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген. Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамының баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мәліметтерден хабардар болған Т. Рысқұлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және “Бесеудің хаты” толықтырады. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырудың осындай зардаптары сталиндік басшылықты біраз сескендірді. 1932 ж. 17 қыркүйекте “Ауыл шаруашылығы туралы” қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы “кемшіліктерді түзеу” бағыты белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр, 10-20 бас қой, ал мал шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді. Қазақстанда 624 ферма таратылды. Жойылған товарлы фермалардан 216370 бас мал колхозшылардың өзіндік шаруашылықтарына пайдалануға берілді. Колхоздар мен совхоздардан 680 мың бас мал шаруалардың жеке меншігіне сатылды. Екінші бесжылдық жоспарды орындау кезінде, яғни 1933-37 жылдары Кеңес үкіметі ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды аяқтау, ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту міндеттерін белгіледі. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін большевиктік партия республика ауыл шаруашылығын саяси нығайту қажет деп, колхоздар жанынан саяси бөлімдер құрды. 1935 жылы үкімет колхоздарға жерді мәңгі пайдалануға берді. Осы жылы ТОЗ-дардан ауылшаруашылық артельдеріне көшіру басталды да, 1937 жылы бұл процесс толық аяқталды. Алайда, бұл жүргізілген шаралар колхоздарды нығайта алмады. Ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын өркендете алмады. Керісінше ауылшаруашылық артельдерінің жер пайдалану тәртібін бұзу орын алды. Колхозшылар тарапынан колхоз меншігіндегі жерлерден үй маңындағы жерлерді кеңейту кең өрістеді. Үй маңындағы жерлерді кеңейту көптеген колхоз мүшелерінің кохоз ісіне деген селқостығын күшейтті. Осыған байланысты кеңес үкіметі колхоз жерлерін тиімді иелену мәселесін көтеруге мәжбүр болды. Колхоздарды одан әрі нығайту шарасының бір бөлшегі ретінде ауылшаруашылығы артелдерінің тәртібін бұзушыларға қарсы күресті бастады. Үй маңындағы жерлерді өлшеп, артық жерлерді колхозға қайтарды. Большевиктер шаруашылыққа тікелей араласуды тоқтатпады. Мал шаруашылығының артта қалуын тікелей араласу жолымен шешуді көздеді. 1939 жылы 8 шілдеде БК(б)П Орталық комитеті “Колхоздарда қоғамдық малды дамыту шаралары туралы” қаулы қабылдайды. Осы қаулыда колхоздарда екі-үш товарлы фермалар (оның ішінде біреуі ірі қара мал, екіншісі қой немесе басқа түліктен) құру белгіленеді. Осыған орай колхоздардар мал санын арттыруға ынталанады деген есеппен жаңа ет өткізу жүйесін белгілейді. Алайда, бұл негізінен колхоздарды күштеп малдың ұстауға тиімсіз түрлерін дамытуға итермелеген шаралар болды. Колхоздардың еріктілігі шектелді, әкімшілік басқару жүйесі одан әрі күш алды. Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нәтиже бермеді. Керісінше, бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи әртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды. 2) 1980 жылдың бас кезінде Кеңес Одағы экономикалық тоқырауға ұшырады. 1985 ж. билікке М.С. Горбачев келуімен бірге елде саяси-экономикалық реформалар басталды. Кеңес жүйесін реформалауға тырысу КСРО-ны дағдарысты жағдайға алып келді. Халықтың саяси белсенділігі бірден көтеріліп, ұлттық партиялар мен қозғалыстар пайда болды. Қазақстанда (қ. Желтоқсан көтерілісі), Балтық теңізі жағалауы елдерінде, Кавказ республикаларында халықтың жаппай бас көтерулері болып өтті. Экономика тұралап қалды, шахтерлердің, кеншілердің, мұғалімдер мен студенттердің, дәрігерлердің үкіметтің саясатына қарсы ереуілдері басталды. Кертартпа күштердің 1991 ж. тамызда мемл. төңкеріс жасау әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Кеңес Одағының бұдан әрі өмір сүруі мүмкін болмай қалды. 1991 ж. желтоқсанда Минск қаласында КСРО-ның бастапқы құрылтайшылары болған одақтас республикалар Беларусь, Ресей, Украина басшылары өздерінің КСРО-ны тарататындықтарын жариялады (қ. Беловеж келісімі). Сөйтіп, КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1991 ж. 21 желтоқсанда бұрынғы КСРО республикалары Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина Алматы қаласында өздерінің Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құратындықтары жөніндегі декларацияға қол қойды.[1] 3)Мұстафа Шоқай (25 желтоқсан, 1890 жыл, Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы — 27 желтоқсан, 1941 жыл, Берлин) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан Автономиясының жетекшісі. 1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпандаТүркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Ыстамбұлга аттанады. Әлемге аты мәлім қоғам қайраткері, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын қатыспай көтерген, әділеттен басқа досы жоқ, адалдықтан басқа жолы жоқ Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметі, қайғысы, қасіреті, мақсат – мүддесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құлып астындағы құпия болды. Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті [1]. Мұстафаның інісі Нұртаза мен туысы Мырзеке Қалымбетұлы «халық жауымен» хандық қатысы болғаны үшін атылды [2]. Қалғандары қуғын-сүргінге түсті. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша отставкаға ҰҚК қызметкері Ж.Шәкібаев «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітап жазып, М.Шоқайдың қоғам алдындағы жұмысын жоққа шығаруға тырысты. Ал Мұстафаның кінәсы - өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі еді. Айыбы – атамекенге, ана сүтіне адалдығы. М.Шоқай өле-өлгенше осы бағытынан айныған жоқ. Уақыттан асқан кемеңгер бар ма, қазақ зиялылары жан алып, жан беріскен ел егемендігі тарихи мерзімі жеткен күні өз аяғымен келді. М. Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты. Заман озады, өмірден тозбайтын ештене жоқ. Зат та, жер мен көк те, адамның аты да ескіреді. Бірақ, қараңғылық қойнауында жанған шамшырақтай Мұстафа есімі жыл өткен сайын жарқырай түсуде. 21-билет 1) 1991 ж. желтоқсанның 8-інде Минскіде (Беловеж) Ресей, Беларусь және Украина басшылары кездесіп, 1922 ж. КСРО құрылуы туралы Келісімі істен жойылғандығы және ТМД құрылғандығы туралы келісімге қол қойды. 1991 ж. желтоқсаннның 13-інде Орта Азия мен Қазақстан басшылары Ашғабаттакездесіп, «Беловеж келісімін» қолдайтындықтарын мәлімдеді. 1991 ж. желтоқсаннның 20-ында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан,Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда желтоқсан 21|21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойды. Кездесуге қатысушылар ішкі және сыртқы саясаттың әртүрлі салаларында ынтымақтастыққа бейілділігін растайтын, бұрынғы КСР Одағының халықаралық міндеттемелерін орындауға кепілдік жариялайтын Алма-Аты Декларациясын қабылдады. 1993 жылғы желтоқсанда Достастыққа Грузия қосылды, ал 2009 жылғы 18 тамызда аталған бірлестіктен шықты. Түрікменстан ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі болып табылады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет болып табылмайды және ұлтүстілік өкілеттікке ие емес. Ол өзінің барлық мүшелерінің егеменді теңдігіне негізделген және 1993 жылғы 22 қаңтардағы Жарлығы бойынша іс-әрекет жасайды. Достастықтың мүше мемлекеттері халықаралық құқықтың дербес және теңқұқықты субъектілері болып табылады. 2)Ақпан революциясы — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республикаорнатқан төңкеріс. Ақпан революциясының жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан революциясы нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан революциясының жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөзт.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан революциясы жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан революциясы монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды. Уақытша үкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уездік комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы,М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару катеттер, коалициялық катеттер, азаматтық катеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, әсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман катеттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды. Ақпан революциясы жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды. Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан революциясының ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан революциясынан басталған саяси тұрақсыздық Қазан революциясына ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.[1] 3)Мәлік Ғабдуллин (15.11.1915, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, —2.01.1973, Алматы) — қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор (1959), КСРО Педагогика ҒА-ның академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Кедей шаруа отбасында туған. М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды. М.Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болды. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жүлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен наградталған. "Қазақ халқының батырлар жыры" кітабы авторларының бірі.[1] 22-билет:1)КСРО ыдырауы 20 билет 2 сұрақ 2)Қазан төңкерісі — 1917 ж. 25 қазанда (қарашаның 7) Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В. И. Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оған Петроград жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшкендігін жариялап, В. И. Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады. Алғашқысында 1914 ж. басталған І-дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына аннекциясыз және контрибутциясыз демократиялық бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезде В.И. Ленин басқарған және жұмысшы-шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды. Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды. Съезд В.И. Лениннің жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды. Кеңес үкіметі көп ұлтты Ресей еңбекшілерін өз жағына тартуда айтарлықтай насихатшылдық рөл атқарған екі саяси құжат жариялады. Біріншісі 2 (15) қарашада жарияланған Ресей халықтары құқықтарының декларациясы, екіншісі 20 қарашадағы (3 желтоқсан) Ресей мен Шығыстың барлықмұсылман еңбекшілеріне деген үндеу болды. Бұл құжаттарда Ресейді мекендеген халықтардың теңдігі, олардың өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы екендігі айтылып, ұлттық және этностық топтардың еркін дамуына, бұрынғы езілген ұлттардың өздерін-өздері билейтіндігіне кепілдік беріледі делінді. Мұның үстіне Кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы Зауыттар менфабрикалар жұмысшыларға!, Жер шаруаларға!, Теңдік бұрынғы езілген ұлттарға! деген ұрандарды үзбей қайталаумен болды. Осы уәделер мен ұрандарға әуел баста бұқараның айтарлықтай бөлігі, ең алдымен, қоғамның жаппай кедейленген мүшелері сенді, сондықтан олардың өкілдері Кеңес өкіметін орнату үшін күреске қатысты. Петроградтан кейін 1917 ж. қарашаның басында Кеңес өкіметіМәскеуде, елдің өнеркәсіпті орталығы аудандарында жеңіске жетті, көп кешікпей бұл жағдай мемлекеттің ұлт аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Бұл кезде Кеңес өкіметі негізінен алғанда қалалар мен өлкенің басқа да ірі елді мекендерінде орнады. Ал ауылдар мен селолардың басым көпшілігінде Кеңес өкіметінің орнауыазамат соғысы басталғанға дейін, тіпті одан кейінгі жылдарға дейін жалғасты. Бұл өлкенің әлеуметтік-экономикалық артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз әрі әлсіз болуынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен шиеленісіне түсті. Мұның үстіне ұлттық-демократия Алаш қозғалысының жетекшілері Қазан төнкерісі мен Кеңес өкіметінің идеяларын қабылдамады. Ал Қазақстанда орналасқан Орал, Жетісу, Батыс Сібір және Орынбор казак әскерлерінің әскери үкіметтері Кеңес өкіметінің орнауына қарулы қарсылық көрсетті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуіне негізінен славян текті халықтардың (ең алдымен, орыстар мен украиндардың) өкілдерін біріктірген жергілікті гарнизонның солдаттары мен жұмысшы-солдатжәне шарауалар кеңестеріне топтасқан қоғамның кедейленген мүшелерінің өкілдері барынша ат салысты. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Сүтішев,А.Асылбеков, Ә.Майкөтов, И.Дубынин, К.Шугаев, Я.Ушанов, А.Иманов, С.Цвиллинг, Т.Рысқұлов, Т.Бокин, П.Виноградов, Л.Емелев, Т.Өтепов, А.Розыбакиев, т.б. неғұрлым белсене қатысты.
|