Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Егемендік. Президент 6 page


Date: 2015-10-07; view: 550.


1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж. Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады. Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Орталық, Ресейге жер аударылды. 1936-1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жаулары» немесе «халық жауларының сыбайластары» және т. б. айыптар тағылды. Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Соңғы зерттеулер бойынша 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына соттап, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931-1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды. Ашық сот процестері 1937 жылы республиканың Үржар, Преснов т. б. аудандарында болып өтті. 1937 жылы қарашада Қарағанды облысының Ә. Асылбеков, Н. Нүрсейітов, М. Ғатаулин т. б. басшыларының үстінен жүргізілген сот процесі халықтың жан-жақты талқылауына ұласты. Алайда «халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Л. Мирзоян, Ү.Құлымбетов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов. О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жаулары» ретінде тұтқындалды.

1920-1950 жылдардағы заңсыз қуғын-сүргіннің айнымас серігі - мемлекет және оның қызмет иелері мен органдарының қарапайым адам құқықтарын жаппай өрескел бұзып, аяққа таптауы болды. Бұл заң бұзушылық қуғын-сүргін саясатын жүзеге асыру барысында бұқаралық сипат алып, оған заңдық негіз бен жариялылық түр берген кеңес заңдарының нормалары нұсқаулармен бүркемеленді. Бұл кезең қолданылған қылмыстық жазалардың ерекше қаталдығымен сипатталады. Мысалы, 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің ерекше бөлімінің I тарауында көрсетілгенконтрреволюциялық қылмыстардың 17-сінің 12-іне ең жоғарғы жаза - ату жазасын қолдану қарастырылды. Азаматтарды «халық жауы» деп жариялап, азаматтық құқықтардан айыру, мемлекеттен қуу, дүние-мүліктерін тәркілеу, қатаң оқшаулау арқылы еркінен айыру тәрізді жазалау шаралары да кеңінен қолданылды.

Тоталитарлық тәртіп адамдардың өздеріне қарсы қойылған айыптауларды әділ, жан-жақты талқылайтын соттың қарастыруын талап ету сияқты ажырамас құқығын да теріске шығарды. БОАК-нің 1919жылғы 17 ақпандағы «Бүкілресейлік Төтенше Комиссия туралы» декретінің өзінде қарулы қарсылық (контрреволюциялық, бандиттік) көрсетілген жағдайда төтенше комиссияларға тікелей қару қолданып, жазалау әрекеттерін жүзеге асыру құқығын сақтаған ереже бекітілді.

Қазақстандықтарға көбінесе жапон, кейде герман тыңшылары деген айып тағылып, айыптаушылар мен сотталғандардың «мойындауы» ешқандай дәлелдеусіз жүзеге асырылды. Негізінен көршілердің, қызметтестердің, тіпті таныстар мен туыстардың жалған ақпараттарына негізделген, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыптау да кең тарады. Қазақстанда, сондай-ақ азаматтарды ұлтшылдық, ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес Одағының құрамынан бөліп алуға тырысқан ұлттық ауытқушылық үшін айыптау да кең қолданылды. Көптеген адамдар террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуіне қарсы экономикалық контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырғаны үшін негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады.

«Әлеуметтік тапсырыс беру» мемлекеттік қуғындау-жазалау органдарын толық қуатымен жұмыс істеуге мәжбүр етті. Бұл жұмыстың көлемі ұлғайып, «тасқынды» сипатқа ие болды. БК(б)П ОК-нің саяси бюросы өз бастамасымен, республикалық және жергілікті партия, кеңес органдарының, НКВД өтініштерінің негізінде жекелеген аймақтардағы қуғын-сүргінге ұшырауға тиісті адамдардың шектеулі тізімін бекітті. Қызмет бабында өсуге, көрініп қалуға ұмтылушылықтың нәтижесінде республикалық және жергілікті органдар бұл тізімді кебейтуді ұсынған өтініштер білдірді.

3)Ғани Мұратбаев (3.06. 1902, Қазалы ауданы – 15.04. 1925, Мәскеу) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс – қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910 – 18), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919 – 20), Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920 – 21) бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқан, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1920 жылы Түркістан комсомолының 3-съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды. 1921 жылы алдымен Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы уақытта Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды. Қазақстан комсомолының құрылуын жариялаған 1-өлкелік съезді (1921 жылы 7 – 13 шілде) өткізуге тікелей басшылық жасады. 1922 – 24 жылдары РКЖО-ның 5-съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924 – 25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3 – 4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Мұратбаев Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.

20-билет 1) Большевиктер 20-шы жылдары ЖЭС-ті ұзақ мерізімді саяси стратегия деп есептеді. Сондықтан, олар ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.

Алайда, большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: “Жайылымдық жерді бөлу деген не?“ дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін “Бұл кіші Қазан“ – деді.

Қазақстан Орталық Атқару Комитеті-і (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда “Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы” заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел “бестіктер“, ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан “үштіктер“ ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл “бестіктер“ мен “үштіктер“ құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.

Ф.Голощекин алғаш “Кіші Қазан“ төңкерісін бір ғана әлеуметтік-саяси науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлумен аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі бұл шара әсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дәстүрлі қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді.

Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасы ете алмады. Оның себебі бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жәй бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дәстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына және оның құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауыл-шаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарға өте зәру болды. Мысалы, 1928 жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа қожалықтары бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие болды. Олар 54 мың соқа, 0,5 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп шабатын шалғы, 9,4 мың тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан алғанда көлге тамған тамшыдай ғана еді және оның сапасы да өте төмен болды. Тіпті әлеуметтік тұрғыдан келгенде Петропавл округінде еш құрал-сайманы жоқ щаруа қожалығының мөлшері 95,5%, ал орта шаруа қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар округінде 99,45% және 85,8 5%, Қызылорда округінде 72,95% және 69,15% болған. Шаруашылық құралдардың жетіспеуі, әрине, кедей қожалықтарын өз үлесінен бас тартып, бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мәжбүр етті.

1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Республиканың барлық аудандарына тәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді.

Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды.

1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің “Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отрықшы аудандарын белгілеу туралы” арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес сонымен қатар тәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар да анықталды.

Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бәрі сайлау құқығынан айырылды.

Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді.

Республика көлемінде барлығы 696 “бай-феодалдар” тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі алдын-ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2% отрықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды.

Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.

Қазақстанда большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру тәжірибесінде тәркілеу саясатымен шектелмеді. Шаруа қожалықтарын біртіндеп, ерікті түрде коперативтендіру арқылы социалистік ірі ауыл шаруашылық ұжымына біріктіру туралы 1927 жылы желтоқсанда өткен партияның ХУ съезінің шешімдерін жүзеге асыруға кірісті. Алайда үкімет біртіндеп құрылып жатқан колхоздарға материалдық жағынан көмекті күшейту шарасының орнына, керісінше нұсқаулар беру арқылы күштеу әдістерінің кең етек алуына жол ашты. Орталық билік колхоз құрлысындағы біртіндеп өз-бетінше жүріп жатқан қозғалысты жоспарлы іс-әрекетке ұластырды. Үкімет органдарының жоспарлаған межелерін партия ұйымдары да қайта талқылады, соның нәтижесінде жоспардың өзі бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Ал енді бес жылдық жоспарды белгілеу кезінде мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл жоспардағы санды тағы ұлғайтты.

Жергілікті жерлерде жоғары басшылық белгілеген межеден асып түсу үшін күрес басталды. Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық мерекесіне орай «Правда» газетінде жарияланған Сталиннің “Ұлы бетбұрыс жылы” деген мақаласы түрткі болды. Сталин “шаруалар жаппай мақтау тұтып келген жеке меншік туын лақтырып тастап, ұжымдастыру релсіне көшуде” деген пікір айтты. Ал 1929 жылы 10-17 қарашада өткен Б(б)КП Орталық Комитетінің пленумында Молотов та келесі жылы тек “ұжымдастырылған облыстар ғана емес ұжымдастырылған республикалар туралы да айтуға болады” деген көзқарасты білдірді.

1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; Екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды.

Алайда Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай, ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жіберген жеделхатында 1929-1930 жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін жоспардың қайта қаралғанын, сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды.

Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды.

Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп жүзеге асырылды. Ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында еріктілік, қоғамдастыру принциптері толық бұрмаланды. Ұжымдастыруға байланысты жүргізілген шараларда кімнің осы шараға қарсы екенін айқындау бірінші орынға қойылды. Кімде-кім қарсы болса, ол тіптен кедей шаруа болса да, тап жауы қатарына жатқызылды. Ұжымдастырылған шаруашылықтарға жұмыс күші болып саналатын малды ғана қоғамдастырудың орнына, барлық малды түгелдей алу шаралары жүргізілді. Күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы ұжымдастыру шаралары тездетілді. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын”, “Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ”, “Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды” деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті.

Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызда қабылдаған “Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы” қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны мойындалмады.

Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған “Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы” қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.


<== previous lecture | next lecture ==>
Егемендік. Президент 5 page | Егемендік. Президент 7 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 2.312 s.