|
Саясаты 1 pageDate: 2015-10-07; view: 717. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Әбілқайырдың Құндағұлов Сейітқұл менКөштаев Құтлымбет бастаған елшілігі Петербургке барып (1730), Ресей сыртқы істер министрлігі коллегиясының М. Тевкелев бастаған елшілігі оған келді (1731). ( Құндағұлұлы елшілігі, Құтлымбет елшілігі). Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді (Бұл антты 1738, 1740, 1742 қайталады). Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да тереңде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Иоановнаның, кейіннен Елизавета Петровнаныңталаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Орыс үкіметімен әртүрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр, сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (Цэренмен) астыртын байланыста болды.
32. Қазақ даласында Ресейдің отаршылдық саясатының тереңдетуі және оның кезеңдері XVIIІ ғасырдың басында патшалық Россия қазақ даласында әскери бекіністерді салу арқылы өзінің әскери – отаршылдық әрекеттерін бастады. Қазақ даласы Россияны шығыс мемлекеттерімен жалғастыратын көпір іспетті еді. Қазақ даласы арқылы Европа елдерінен шығыстағы едердерге және одан кері қарай құрлықпен және сумен ең төте ежелгі сауда жолдары өтетін. Осы жолдармен Россиядан Орта Азияға, Ауғанистанға, Персияға, Қытайға, Үндістанға және басқа Шығыс елдеріне баруға болатын еді. Орыс патшасы I Петр бұл елдермен экономикалық және саяси байланыс орнатып, оны дамыту үшін алдымен Қазақстан және Орта Азия елдерін Россияға қосып алу керек деп есептеді. Осы мақсатта қазақ жеріне бірнеше экспедиция жіберілді. Швед флотымен теңізге шайқасқа әзірленіп жатқан корабльдермен Кронштадта жүрген I Петр 1714 жылғы 22 мамырда «Святая Наталья» галерасында Иван Дмитриевич басқаруындағы экспедицияны жабдықтау туралы жарлыққа жеке өзі қол қойды. 1715 жылдың шілдесінде, өз құрамында 2797 адамнан тұратын И.Д. Бухгольц отряды жорыққа шықты. 1715 жылғы бірінші қазанда И.Д. Бухгольцтің экспедициясы Ямышев көліне жетті, сол жерде Ямышевск деп аталатын бекініс салды. Жоңғарлар қоршау кезінде (3-ай) қиратып тастаған Ямышевск бекінісінен қайтып келе жатып, Бухцольцтің отряды Ом өзенінің сағасына жетті және көптен күткен қосымша күшін алып, 1716 жылғы 20 мамырда Омбы бекінісінің негізін қалады. Бухгольц Петербурге кеткеннен кейін толық қожайын болып алып, енді өз қалауы бойынша әрекет етуге уәкілдік алған Сібірдің бірінші губернаторы М.П. Гагарин Ертіс бойында жаңа бекіністер тұрғызу үшін воевода Павел Северский мен Василий Чередовты жібереді. 1717 жылдың жазында П. Северскийдің отряды – Железинск, В. Чередовтың отряды – Қолбасин бекіністерін салды. В.Чередов одан әрі жүріп, жаңа бекініс- Семипалатинск (Семей) бекінісін 1718 жылы салды. Көп кешікпей патшаның өз өкімімен майор И.М.Лихарев басқаратын тағы бір әскери команда дайындалды, оған көлді (Зайсан) толығырақ зерттеу, сондай-ақ оған И.Д.Бухгольңтің экспедициясының сәтсіздікке ұшырауының егыжей-тегжейін білу тапсырылды. Экспедицияның келе жатқан жолын үздіксіз қадағалап отырған жоңғарлар И.М.Лихаревтің солдаттарына оқ атып, оларды шегінуге, мәжбүр етті, сөйтіп шегінуге мәжбүр болған И.М.Лихарев қайтар жолында 1720 жылы Өскемен бекінісін салды. Нақты сол жылы тағы да бірнеше бекініс - Черноморецк, Черноярск, Верблюжск, Осморыжск, Убинск, Семиярск форттарын салып, 3 әскери- саяси шеп-Сібір, Ертіс және Колыван шептері үшін негіз қалады. Абакан Острогімен (1707 ж.), Бикатун бекінісімен (1709 ж.) қатар, жақсы машықтандырылған гарнизондары, зеңбіректері көп, стратегиялық жағынан орналасқан жері қолайлы бұл бекіністер жергілікті тұрғындарды құнарсыз жерлерге ығыстырып, Ертіс өзендерінің аралығын Россия иелігіне бекітуді, өзін казак қоныстары арқылы қауіпсіздендіріп, отарлау тірегіне айналдыруды қамтамасыз етті. XVIII ғасырдың орта шенінде патша үкіметі бүкіл елде, оның ішінде Еділ бойы, Орал, Сібір мен Қазақстан өңірінде әскери бекіністердің ескі шептерінің жарақталуын жақсартуға және жаңа шептер салуға кірісті. Осы кезде оң жағалауда Жайық казактарының күшімен 14 қамал: Переволоцк, Чернорегенск, Татищев, Нижнеозерная, Расыпная, Елек қалашығы, Жайық, Сахарная, Калмыкова, Көш-Жайық, Кулагина, Тополев, Бақсай, Гурьев қамалдары салынды. 1769 жылдың қарсаңында Жайық шебі бойында гарнизон әскерлері бар, семьяларымен қоса қазақтар мен қоныс аударған шаруалар бар 15000-ға жуық адам тұрды. 1734 жылы Жоғарғы Жайық шебінің негізі қаланды. XVIII ғ. 30-40-шы жылдары Жоғарғы Жайық қамалынан Звериноголовск қамалына дейін 770 шақырымға созылған үй шебін құру аяқталды. 1752 жылы 9 қамал мен 53 редуттан тұратын әскери бекіністердің Ново-Ишим шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. Ново-Ишим шебінде 2518 башқұрт, 2 драгун полкі, 800 казак, тұрақты әскерлердің, эскадроны болды. XVIII ғ. 50-ші жылдарында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін (Семей, Омбы, Железинск, Петропавл, Өскемен, Ямышев қалалары) салу аяқталды. Сөйтіп, қазақ даласы әскери бекіністер шебімен біртендеп қамту патша үкіметінің отарлауына кең мүмкіндіктер ашты. Әскери бекіністер шебінің бойында орыс, қалмақ, башқұрт халқы тез көбейді, казак станицалары мен шаруа слободалары пайда болды.
33. Абылай хан және оның ішкі және сыртқы саясаты Абылай хан – (Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай сұлтан, Абылай баһадүр) қазақтың белгілі ұлы хандарының бірі. Ол 1711 жылы, кезінде Орта Азияның бірнеше қаласының билеушісі «қанішер Абылайдың» баласы «Көркем Уәлидің» шаңырағында дүниеге келген. Әбілмансұрдың әкесі Уәли Түркістанды билеген кезінде, шайқастардың бірінде қазаға ұшыраған. Жау қолынан туған-туыс, үй іші бірдей қырылады. Ханның сенімді көмекшілерінің арқасында Әбілмансұр аман қалған екен. Осы қырғыннан жас ханзаданы Ораз аталық дейтін адам алып шығып, көшпелі қазақ ішінде жан сақтайды. Абылай өзінің шыққан тегін, өзінің хан тұқымынан екенін жасырып келген. Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүріп, Сабалақ деген ат алады. Төле би үсті-басының тоз-тозы шыққан, шашы өскен оған осы есімді қойған екен-мыс. 1729 жылы жоңғарлармен болған Аңырақай шайқасында Сабалақтың аты шығып, алғаш көзге түседі. 1733 жылы болған соғыстардың бірінде жеңіске жетеді. Сабалақ ортаға «Абылай» деп ұрандатып шығып, қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Қалмақтың қас батырын жеңген Сабалақтың аты қазақ даласына тарап, енді оны «Абылай» деп атап кетеді. Осы шайқастан кейін Абылайдың шыққан тегі мәлім болып, қазақтың ханы Әбілмәмбет «тақ сенікі» деп тағын ұсынған екен. Абылай ресми түрде 1771 жылы, тек Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін ғана таққа отырады. Абылай өз заманының көреген де ақылды саясаткері, жаужүрек батыры, өткір ойлы, дарынды дипломаты болған. Ол сонымен қатар мұсылмандық білім алған, сауатты да айбынды билеуші болған. 1730 жылы Абылай хан көрші елдермен келісімдерге қатысып, қазақтардың барлық әскери жорықтарын басқарады. 1740–1750 жылдары Абылай жоңғарлармен бейбіт келісімге келіп, жоңғарлар қазақтарға Сырдария маңындағы қалаларды қайтарып береді. 60-жылдары ол Ресей және Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатады. Осылайша Абылай қазақтың жерін көршілерінен қорғап қалу саясатын ұстанды. Абылай ханның көреген және шебер дипломатиялық саясатының нәтижесінде XVIII ғасырдағы көшпелі этностардың ішінде қазақтар алдыңғы орынға шықты. Абылай хан Қазақстанда және одан тысқары жерде дарынды қолбасшы, зерделі саясаткер ретінде танылды. Ол қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдыруды мақсат етті. 1754–1755 жылдары Қытай Жоңғарияны жаулап алып, Қазақстанның шекарасына жақындайды. Қазақтар Абылайдың бастауымен жеңілген жоңғарларға көмек көрсетеді. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы Қытайға бермей, қайта Қытай әскерлеріне қарсы соғысады (1756 ж.). Қазақ билеушілері Жоңғар мемлекетін сақтап қалуды көздеді, өйткені ол Қазақстан мен қытай арасында өткел ел (буфер) ретінде еді. XVIII ғасырдың екінші жартысында Абылайдың ішкі саясаты орталық билікті нығайтуға бағытталды. Абылай елді ұлыс жүйесімен басқаруды енгізді. Орталық билікті күшейтуде Абылай ханның жасаған екінші бір шарасы өз дәуіріндегі беделді, талантты жеке тұлғаларға сүйену болды. Абылай ханды XVIII ғасырдағы ұлы жыраулар Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, батырлардан Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, атақты билер Ұлы жүздегі Төле би және Орта жүздегі Қазыбек би мен Кіші жүздегі Әйтеке билер үнемі қолдап отырды. Абылай ханның көрегендікпен жүргізген ішкі және сыртқы саясаты барысында Қазақ хандығы қуатты, біртұтас мемлекетке айналды. 1781 жылы Абылай хан Түркістанда қайтыс болып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленеді.
34. Қазақ хандығының жойылуы. Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі ( 1783–1797 жж.) Көтерілістің себептері мен алғышарттары. 1773–1775 жылдардағы Е. Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысқан қазақтардың негізгі талаптары қанағаттандырылмады; Көптеген сұлтандар, билер басқа да Кіші жүздің ықпалды адамдары патша үкіметінің саясатымен келіспеді; Кіші, Орта жүздердің кейбір аудандары Уфа, Сибирск губернияларына бағындырылды; Жайық бойындағы казактардың, жаңадан қоныс аударған көпестердің озбырлығы жергілікті қазақтардың ашуызасын келтірді. Сондықтан көтерілісшілер бұрынғы жерлерді қайтарып алу, Жайық казактарының, Нұралы ханның озбырлығына шек қою сияқты мәселелерді мақсат етіп алдына қойды. Қозғаушы күштері. Басты қозғаушы күштер көшпенді қазақ шаруалары болды. Бұлармен қатар патша үкіметінің саясатымен келіспеген үстем тап өкілдері (батырлар, билер) де қатысты. Көтеріліске қатысқан Кіші жүз рулары: жағалбайлы, шекті, беріш, табын, шөмекей, алаш, серкеш, таз, байбақты, алаш, қаракесек, төртқара т. б. Көтерілісті байбақты руының старшыны батыр Сырым Датұлы басқарған. Көтерілістің барысы. 1783 жылы Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының казак әскерлеріне қарсы көтерілуі басталды. 1784 жылы Сырым Датұлы казактар тұтқынынан босап, көтеріліске ірі қол жинай бастады. Бұл тұтқынға ол 1783 жылы желтоқсан айында түсті. Көтерілісшілер арасында Жантөре сұлтан, Барақ, Тіленші старшындар сияқты үстем тап өкілдері де болды. 1784 жылы Сырым Датұлының қарамағына 1000-ға жуық адам шоғырланды. Патша үкіметі көтерілістің етек алуынан сескеніп, жазалаушы отрядтарды жібере бастады. 1785 жылы 17 ақпанда генерал-майор Смирнов басқарған, казактар мен башқұрттардан құралған 2670-тей адамы бар жазалаушы отряд қарапайым ауылдарды ойрандап, біраз қазақтарды тұтқындады. 1785 жылы Сырым Датұлы басқарған көтерілісшілердің күресі барынша кеңейді. 1785 жылы наурызда Назаров басқарған Жайық казак отрядтары көтерілісшілерге шабуыл жасады. Мұнда екі жақ та нақты нәтижеге жетпеді. 1787 жылы Колпаков пен Пономарев басқарған, 1250 адамнан құралған жазалаушы отрядтар көтерілісшілерге шабуыл жасауға бата алмай, бейбіт ауылдарды ойрандады. Нұралы ханның патша үкіметін жақтауы көтерілісшілердің алдарына Нұралы ханды тақтан тайдыру мақсатын қоюға себеп болды. 1785 жылы Кіші жүздің ақсүйектер тобы Нұралыны тақтан тайдыру үшін құрылтай өткізді. 1786 жылы Нұралы хан Орал бекінісіне қашып барды. 1790 жылы Нұралы Уфада қайтыс болды. Жайық бойындағы казак әскері жасаған озбырлықтары көтерілістің одан әрі өршуіне себеп болды. 1790 жылы тамызда казак әскерінің басшысы Д. Донсков 1500-ге тарта адам мен бейбіт жатқан қазақ ауылдарын ойрандады. Бұл, әрине, қазақтардың қарсылығын тудырды. 1791 жылы Нұралының орнына Кіші жүздің ханы болып Ералы сұлтан сайланды. Бұл жағдай көтерілістің одан әрі кеңеюіне әсер етті. 1792 жылы Сырым Датұлы Ресейге қарсы күресін ашық түрде кеңейтті. Қазақ феодалдарының біраз бөлігі Сырым Датұлын қолдамады. Ал Жантөре сұлтан, Ералы, Барақ, Ілекбай старшындар Сырым Датұлын қолдады. Бірақ осы уақыттан бастап Сырым Датұлы көтерілісінің қарқыны уақытша бәсеңдеді. Оған көтерілісшілердің Елек пен Красногорск бекіністерін алудағы сәтсіздігі себеп болды. 1794 жылы Ералы хан өлді. 1795 жылы Нұралының ұлы Есім хан болып сайланды. Есімнің хан тағына отыруы Сырымның басқарған көтерілісінің қайтадан өрістеуіне себеп болды. 1797 жылы 17 наурызда Сырым басқарған көтерілісшілер хан сарайына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді. 1797 жылы полковник Скворкин Сырым көтерілісшілерін қудалай бастады, бірақ қудалаушылардың алғашқы әрекеттері сәтсіздікпен аяқталып жатты. Көтерілістің жеңілуі. Есім ханнның өлімінен кейін Кіші жүзде хан сайлау мәселесі тұрды. Ал патша үкіметі Кіші жүздегі хан сайлау мәселесін жүзеге асырмауға тырысты. Бірақ осыған қарамастан, Кіші жүз феодалдары Нұралының баласы Қаратайды хан орнына сайлады. Осыдан кейін Сырым Датұлы өзіне қарасты халықты артынан ертіп, Сырдарияға қоныс аударды. Ханға, хан кеңесіне қарсы болған Кіші жүздің ықпалды адамдары Сырымның қасына топтасты. 1797 жылы патша үкіметі хандық кеңесті жойып, Кіші жүздегі хандық билікті қалпына келтірді. Хан болып Айшуақ сұлтан бекітілді. 1797 жылы Сырым Хиуа хандығының жеріне қоныс аударды. Себебі бұл кезде Қаратай сұлтан Сырымның қуғындауын жиілеткен еді. 1797 жылы Сырымның Хиуа жеріне өтуі, оның басшылығымен болған көтеріліс те жеңіліспен аяқталды. 1802 жылы Сырым Датұлы Хиуа жерінде қайтыс болды. Көтерілістің жеңілу себептері Көтерілістің ұйымдастырылуы нашар болды; Үстем тап өкілдері (билер, старшындар) арасындағы алауыздық; Ру арасындағы қайшылықтар; Көтеріліске шыққан әр түрлі топтар арасындағы байланыстардың нашарлығы; Жазалаушы казак отрядының қару-жарағы мен күштерінің мықтылығы; Қазақ феодалдарының Орал казактарына сатылуы; Қазақ шаруалары арасындағы әр түрлі жағдайлар т. б. Көтерілістің тарихи маңызы. 1783–1797 жылдардағы Кіші жүздегі шаруалар көтерілісі – XVIII ғасырдағы Жайық бойындағы ірі халықтық қозғалыс. Бұл көтеріліс белгілі бір мөлшерде халықтың патша үкіметіне қарсы көтеріле алатынын дәлелдеді. Көтерілістің дүмпуі біразға дейін басылмады. Бұл көтеріліс патша үкіметі отарлау саясатын ашық жүргізіп отырғанын дәлелдеді. 1801 жылы патша үкіметі қазақтарға Жайықтың оң жағына жайғасуына рұқсат берді. Бұл – Сырым Датұлы басқарған көтеріліс нәтижелерінің бірі.
35. Бөкей Ордасының құрылуы (1801 ж.) XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жылы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әскери бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді. Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ниет етті. Жаңа хандықты орыс жерлері мен бекіністі шептер жан-жағынан қоршап тұрды. Жайық бойында – әскери шептің казактар форпосттары, солтүстігінде – Жаңа өзен шебінің форпосттары, батысында – тұз жолдарының бекеттері мен Астрахан казак әскерлерінің тосқауыл отрядтары, қалмақтар жайлаулары, оңтүстігінде – Каспий теңізінің жағалауларындағы орыс қоныстары орналасты. Хандық шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерлерді қамтыды. Жайықтың батыс жағалауына көшіп барған қазақтардың кері қайтуларына рұқсат етілмеді. 1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті. 1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі. Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақсатымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйектерінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді. 1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтікэкономикалық бағытта Ішкі Ордада феодалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қанаушылығына ұшырады.
36. 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» мен 1824ж. «Орынбор Қырғыздары туралы Жарғы» және оның мәні «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» — қазақ мемлекеттілігін жою және басқарудың жалпы империялық жүйесін құруға бағытталған құжат болып табылады. Александр I-ның 1822 ж.22 шілдедегі Жарлығымен күшіне енген. Ол Орта жүзді жаңа әкімшілік бөлуге әкеліп соқтырды: әкімшілік ауыл 50-70 түтін ұлыс 10-12 ауылдан округ 15-20 болыстықтан тұрды. Ауылдық старшиналар 3 жылдық мерзімге сайланды, әрі ол округтік бұйрықпен бекітілді. Болыстарды басқаруға сұлтандардың құқығы өзге де сұлтандарды сайлай алатын қауымның келісімімен тікелей төменгі желі бойынша және туысқандарына жүрді. Осындай жағдайда оны облыстық басқарма бекітті. Болыстарды басқармайтын сұлтандар өзінің дәрежесін сақтап қалды, басқаруға араласпады, хандардың үкіметін жоюмен бірге патшалықтың қазақ ақсүйектерінің құқығы мен артықшылықтарын шектеуге ұмтылысы байқалды. Барлық сот істері қылмыстық, арыз және шағым бойынша басқару болып бөлінді. Біріншісіне отанын сату, кісі өлтіру, тонау, барымта, үкіметке ашықтан ашық бағынбау жатты. Осы істердің барлығы империяның заңдарымен округтік бұйрықтарда қарастырылды. Құқық бұзушылықтың қалған түрлері арыз болып табылды да оны ауылдар мен болыстарда жергілікті ғұрып бойынша билер қарастырды. Жарғыда мыналар болды: халықты нанмен қамтамасыз етуді, өнер-кәсіптің, сауда-саттық дамуы жөніндегі шараларды, кедендік және баж алымын сақтау жөніндегі шараларды белгілейтін мақалалар қамтылды. Құжатта патшалықтың отарлау саясатына бағытталған істерінің бірі — халықты орыстандыру көрсетілген. Бұл саясатта халықты шоқындыру, поптарға Құдай сөзін оқыту үшін шіркеулер ашуға кеңес беріледі, оқу, жазу, арифметика қамтылған. Сұлтандар мен старшиналардың балалары қазына есебінен ашылған әскери бөлімдеріне оқуға түсулеріне рұқсат етілді, бітірген соң олардың қалаулары бойынша қызметке тағайындалды. Әрбір отбасы өз баласын империяның ішкі жағындағы оқу орнына түсіруге құқық алды. Жарғыны қабылдау кезеңінде құлдар бұрынғы күйінше қалып қойды, жаңадан құлдар сатып алуға катаң тыйым салынды. 1822 ж. Жарғы Қазақстанды отарлау саясатына қатысты күш ала бастады. Дегенмен хан үкіметін жою, сұлтандардың құқықтарын шектеу, құлдықтан бас тарту, алға қозғалудың еркіндігі, білім берудің дамуы Қазақстанның тарихи дамуына жағдай жасады.
|