|
Алтын ОрдаDate: 2015-10-07; view: 877. Жолы 13. 11 ғ басы мен 12 ғ. Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуы Ортағасырдағы Қазақстандағы шаруашылық (VI-XII ғғ.) Мал шаруашылығы. Мал шаруашылғының 2 түрі: Көшпелі мал шаруашылығы, Жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды. Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б. Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XIXII ғасырларда жақсы дамыды. Сауда және ақша айналымы.Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылды. VI-XII ғасырлардағы қалалар Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды. Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы. Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі. Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер. VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған. Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған. Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар) Испиджаб. Қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде (Сайрам) орналасқан. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджабтың осындай сауда орталығы ретіндегі рөлі X-XII ғасырларда күшейді. XI ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб IX-X ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Сонымен қатар Испиджаб ірі діни орталық болған. Тараз. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Тараз болды. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз – ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған. Түркістан (Иасы). Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Иассауи өмір сүрген (кейіннен Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Иассауиге VII ғасырда мазар салдырған.) Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді. Сығанақ – Сырдария бойында орналасқан ірі сауда орталығы. VII ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды. Баласағұн – ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын, ғалым Махмұд Қашғари еңбек еткен және ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп аталған. Жібек жолының пайда болуы. Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б. з. б. III-II ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Себебі алғашқы негізгі тауары жібек (Қытай) болған. Сонымен қатар VII ғасырда будда ламасы Сюань-Цзянь Ыстықкөл маңындағы Түрік қағанатының Суяб қаласына келеді. Түрік қағанының оған жібекті сыйға бергені айтылады. Ұлы Жібек жолы Қытайдан басталып, Римге барып аяқталған. Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырып, Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны қақ жарып өтетін керуен жолының жүйесі. Ұзындығы — 7 мың шақырымнан астам. Орта Азия мен Қазақстан территориялары арқылы өтеді. Қазақстандағы Жібек жолы. Б. з. б. II ғасырда Ұлы Жібек жолының сауда дипломатиялық басты жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Тянь-Шань, Сырдария, Әмудария жерімен өткен. Жібек жолының тармақтары V-VII ғасырларда Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерлерін қамтыған. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш. Весидж, Шауғар т. б. ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейіннен XIII-XIV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы артқан. Жібек жолы бағыты: Хуанхэ өзені – Ұлы Қытай қорғанының батысы – Іле өзені – Ыстықкөл. Бірнеше сауда жолдары қалыптасып, дамыды. Лазурит жолы: Бадахшан тауы – Иран – Месопатамия – Мысыр – Сирия-Қытай. Нефрит жолы: Жаркентдария – Шығыс Түркістан – Қытай. Дала жолы (б. з. б. 1 мыңжылдықтың ортасы). Жібек жолындағы тауарлар. Жібек жолының алғашқы негізгі тауары Қытай жібегі болған. Қытай жібегі осы жолмен Батысқа жеткізіліп тұрған. Кейіннен Батыс пен Шығыстың басқа тауарлары тасылған (күміс, алтын, тұлпар, түйе, бүркіт, қаршыға, піл сүйегі, жеміс-жидектер, экзотикалық аңдар т. б.). Жібек алтынмен теңеліп, халықаралық валютаға айналған. Жалақы мен қарызды жібекпен төлеген. Жібек жолының маңызы. Жібек жолы Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы.
14. Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.) Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген. Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Исфиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді: Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды. Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды. Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс. Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды. XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.
15. Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.) Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген. X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады. 1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады. Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды. Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбеушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемлекетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті. Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Дашидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді. Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Тараз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың Жетісудағы иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті ыдырап тарады.
16. Найман және керейт ұлыстары Найман тайпалар одағы (түрікше «сегіз тайпа одағы») VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты. Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде – қырғыздар, шығысында – Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер, Оңтүстігінде ұйғырлар болды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. «Ұлыс» деген сөз ол кезде «халық» деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері – ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді. Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның «алтын мөрі» болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарына дейін наймандар Орталық Азия жеріндегі өте күшті ұлыстардың бірі болған. Шыңғысханның әкесі Ясукай батырдың тұсында найман елін Иналых Білгі Бұқа хан билеген. «Иналых» — сенімді, «білгі» — білімді, кемеңгер, «бұқа» — ұлық, мықты деген сөз. Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін, оның екі баласы: Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан арасында тақ таласы басталып, найман ұлысын екіге бөлген. 1199 жылы Шыңғысхан керейлердің билеушісі Оң ханмен одақтасып, найман Бұйрық ханға шабуыл жасайды. Алтай аймағының Ұлыңгір көлінің маңындағы шайқаста Бұйрық хан жеңіліп, қырғыз еліне қашып кетеді. 1204 жылы Шыңғысхан керейлерді жаулап алғаннан кейін, найман Таянхан мен меркіттердің билеушісі Тоқтабектің біріккен әскерлеріне шабуыл жасап талқандайды. 1206 жылы моңғолдар Бұқтырма өзенінің бойында Бұйрық бастаған наймандарды жеңіп, оның өзін өлтіреді. 1208 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды жеңді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті. Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы – Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзені бұрылысының теріскейіндегі Қара-Хото қаласы. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды. XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Марғұз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бұйрық хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті. Оның Оңхан деген екінші лауазым аты болған. Бұл ат «Уаң хан» дегеннен шыққан, мағынасы – бір елдің әміршісі. Тоғырыл хан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінгі жерлерді еркін жайлаған. Тоғырыл хан Шыңғысханның әкесі Ясукаймен дос болған. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Темучин Моңғолиядағы күшті ел болып келген Керей ханы Тоғырылға арқа сүйеген. Тоғырыл екеуі дос болды, одақтасып жорыққа аттанып отырды. Бұл жағдай Тоғырыл ханның балалары мен туыстарына, уәзірлері мен жақындарына ұнамайды. Сондықтан олар екеуінің арасында іріткі салу әрекетін қолданып, бір-біріне айдап салады. Мұның аяғы насырға шауып, керейлер мен моңғолдар арасында соғыс қақтығысына әкеліп соқты. Ақырында Шыңғысхан 1202 жылы Оңханның елін шауып, өзін өлтіріп, жерін жаулап алды. Шыңғысханнан жеңілген соң, Керей ұлысы оған тәуелді елге айналды.
17. Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.) Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді. Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді. XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қыпшақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді. Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пайдаланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды. Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды. XI ғ. аяғы – XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Атсыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді. Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172– 1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып кетеді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған. Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншылығының дәуірі басталады. Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топтары түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аулаумен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайдаланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қыпшақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.
18. 13 – 16 ғғ. Моңғол империясының құрылуы. Қазақстан моңғол шапқыншылығы кезеңінде. Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есугай баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар), және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде «мыңдық», «жүздік», «ондықтан» құрылды. Өте қатал тәртібі, мұқият құрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдерінойондар, багадурлер, мергендер, сечендер тұрды. 1207–1208 жылдардың қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1208– 1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, таңғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданымын деп мойындаған. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кездегі Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды. Шыңғысханның Орта Азия және Қазақстанға шапқыншылығы Шыңғысхан Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, Қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жасады. Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған 1218 жылы Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді. Жетісуды Шыңғысхан әскері қарсылықсыз оңай басып алды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жолы ашылды. 1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде моңғол жансыздарын қосып есептегенде барлаығы Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғысхан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады, Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. «Отырар апаты» деп аталатын бұл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қолды бастап шықты. Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. 1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс ханның 111 мың әскері Отырар қаласын қоршайды. Бұл қалың қолды Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай, Үгедей басқарады. Бір айдың ішінде Шыңғыс хан әскері Отырарды алады. Әйгілі кітапхана өртеніп, халық көптеп қырылады. Қайыр ханның денесіне ерітілген күміс құйып, азаптап өлтіреді. 1219–1220 жылдары Шыңғысханның ұлдары Бұхара, Самарқан, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзгент қалаларын бағындырады. 1221 жылы Шыңғыс хан әскері Хорезмді, Орта Азияны жаулап алады. Осыдан кейін Шыңғыс хан әскерлері парсы, Ауғанстан, орыс, Дешті-Қыпшақ жерлерін жаулап алады. 1224 жылы Ертістегі Шыңғыс хан ордасына қайта оралады. 1219–1224 жылдар аралығында Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосады. 1238 жылы Бұхарада Махмұд тараби бастаған көтеріліс Шыңғыс хан қол астындағы халықтар көтерілісінің ең ірісі болады. Ұлыстардың құрылуы Ұлан-байтақ өңірлерді жаулап алған Шыңғыс хан өлерінің алдында өзінің төрт ұлына ол жерлерді бөліп береді. Төлеге (кіші ұлы) кіндік Моңғолияны; Шағатайға Жетісу мен Әмудария маңын (Мәуереннахр), Шығыс Түркістанды; Үгедейге Алтай, Тарбағатай, Батыс Моңғолия жерлерін береді. Жошы (үлкен ұлы) үлесіне Ертістен батысқа қарай бүкіл Дешті-Қыпшақ жерін қоса Оралға дейін, Жетісудың солтүстік бөлігі, Арал Каспий маңындағы жерлер тиді. Бұл бөлінген жерлер ұлыстар деп аталды. Барлық ұлыстардың орталығы Қарақорым болды. Қазақстан аймағы үш ұлысқа (Төледен басқа) қарады. Бұлардың ішінде ең ірісі – Жошы ұлысы, кейінгісі – Шағатай ұлысы. Шағатай ұлысы. Жетісу, Мәуереннахр сияқты өңірлерді иеленген Шағатай 1241 жылы өлді. Оның орнына Шағатай ұлысына баласы Есу-Мөңке хан болды. Бірақ Ұлы Ордаға билік үшін күрес Шағатай ұлысына да зардабын тигізді. XIV ғасырдың басына қарай ғана шыңғыс хан империясының билігі Шағатай әулетінің қолына тиді. Шағатай ұлысындағы бұл таластар, өзара қырқысулар XIV ғасырдың ортасында ұлыстың ыдырауына себеп болды. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді. Жошы ұлысы. Шыңғыс хан құрған алып империя аумағының басым бөлігі Жошы ұлысына қарады. Алғашқыда ұлыс территориясы Ертістен Еділге дейінгі, Сібірден Сырдарияға дейінгі жерлерді қамтыды. Қазақстан жерінің басым бөлігі осы ұлыстың құрамында болды. Жошы хан өлгеннен кейін мирасқоры Батый жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағын Алтайдан Дунайға дейін созды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемлекеті болды.
Алтын Орданың құрылуы. 1235 жылы Моңғол империясының астанасы Қарақорымда болған құрылтайды Батысқа (Еуропаға) шапқыншылық жорық жасау ұйғарылды. Бұл жорық 1236 жылы басталады. Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы Батый басқарған әскер Еділ мен Жайықтан өтіп, Орыс, Украина жерлерін бағындырып, Шығыс Еуропа елдерін талқандап, Адриат теңізіне дейін жетеді. Осыдан кейін Еділ бойында Батый Алтын Орда мемлекетін құрады. Алтын Ордаға Ертістен Днестірге дейінгі жерлер кіреді. Орыс княздары Алтын Орда билігін мойындайды. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болады. Қоғамдық-саяси жағдайы. Алтын Орда әскери мемлекет болды. Ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болды. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Құрылтай мемлекеттің негізгі ұйымы болып саналды. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Мемлекет басындағы нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көп болды. Шаруашылық пен мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы Алтын Орда халықтарының басты шаруашылығы болды. Алтын Орда халықтары — мұсылмандар. Алтын Орда мемлекетінің алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылады. Алтын Орда дәуірі ортағасырлық түрік әдебиетінің дамыған кезеңі болды. Бұл кезеңдегі әдеби шығармалар: 1233 жылы «Қисса Жүсіп» (Әли), 1303 жылы «КодексКуманикус», 1303 жылы «Қыпшақ тілі сөздігі», 1359 жылы «Махаббатнама» (Ахмет Хорезми дастаны), 1391 жылы «Гүлстан бит-түрки» (қыпшақ ақыны Сараи), 1409 жылы «Жүсіп-Зылиқа» (Дүрбек ақын). Осы дәуірде «Қырық батыр» жыры дүниеге келеді. Бұл туындыда қырық қыпшақ батырларының ерлігі туралы баяндалады. Алтын Орданың ыдырауы. Ыдырау себептері: Этникалық құрамы әр түрлі халықтар бір мемлекетте тұра алмады; Шаруашылығының өркендеуі нашар болды; Билік үшін талас күшейді; Езілген халықтың азаттық күресі күшейді. Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі – XIV ғасырдың екінші жартысы. Ақ Орда, Хорезм, Еділ бұлғарлары т. б. Дербес мемлекеттер пайда болды. Бұлардың барлығы бұрын Алтын Орданың құрамында, кейіннен Алтын Орданың қазақстандық бөлігінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер билік жүргізген.
20. Ақ Орда мемлекеті (XIII-XV ғғ.) XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында қала мәдениеті, егіншілік, қолөнер өндірісі жандана түсті. Өлкенің батыс, орталық, далалық өңірі мен оның оңтүстігі, Жетісу және Орта Азия аймақтарымен сауда байланыстары қалпына келтірілді. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет – Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, крейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары. Ақ Орданың негізін қалаған Шыңғыстың немересі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен. Ақ Орда алғашқы құрылған кезде Алтын Ордаға тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды. Ол кезде Алтын Орданың астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы еді. Ал Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныстарында болды. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Ұрыс хан, Қойыршақ, Барақ, т. б. Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. Ақ Орда хандары хандықтың астанасы Сығанақ қаласында өз аттарынан металл ақша шығарды. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. 1374–1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қошауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынын кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. Өйткені бұл кезде Орта Азиядағы Мауеренахр жеріндегі билікті өз қолына алып күшейе түскен Әмір Темір Ақ Орданың оңтүстік шекарасына шабуыл қаупін төндірген еді. Ақ Ордаға қарсы шабуылда Әмір Темір Маңғыстау үлесінің билеушісі Түйқожа оғланның баласы Тоқтамысты пайдалануға тырысты. Әмір Темір Ақ Орданы жаулап алу мақсатын жүзеге асыру үшін қару-жарақ, әскери күш беріп, Тоқтамысты Ақ Ордаға қарсы айдап салды. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374–1375 жж.) сәтсіз аяқталды. Бұл соғыста Ұрыс ханның баласы Құтылық Бұға қаза тапты. Тоқтамыстың екінші жорығы да Ұрыс ханның баласы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді. Әмір Темір Ақ Ордаға жорық жасау үшін Тоқтамысты үшінші рет әскермен жасақтады және бұл жорықты өзі бастап шықты. Тек төртінші жорық кезінде Ұрыс ханның және оның баласы Тоқтақияның қайтыс болуы Әмір Темірдің жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болғаннан кейін, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді. Ол Әмір Темірдің боданына айналды. 1423–1424 жылдары Ұрыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Ордада хандықты өз қолына алады. Бұл кезде, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, сондай-ақ Сырдың орта ағысындағы қалалар Темір әулетінің қолында еді. 1425–1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сырдария бойындағы басқа да қалаларды босатты. Осы жеңістің нәтижесінде Ақ Орда Темір әулетінің үстемдігінен тәуелсіз болып алды. 1428 жылы Барақ хан жауларының қолынан қаза тапты. Ол Ақ Орданың ең соңғы ханы болды. Барақ хан өлгеннен кейін Ақ Орда ыдырады да, билік Жошының кіші ұлы Шайбан тұқымынан шыққан Әбілхайыр сұлтанның қолына көшті. 1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде жарыққа шыққан Ақ Орда хандығы екі ғасыр өмір сүрді. Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Көшпелі аудандарда мал шаруашылығы кеңінен дамыды. Ақ Орданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күшпір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп, әртүрлі парыз-қарыздарды да өтеп тұрған. Түркі тілдес тайпалар мекендеген Ақ Орданың ресми тілі – қыпшақ тілі, немесе қазақ тілі болып саналады. Ақ Орданың хандары бұқара халықтың қолдауымен Алтын Ордадан тәуелсіздік алып, оны дербес мемлекетке айналдырды. Сырдария бойындағы шаруашылық, мәдениет орталығы болған маңызды қалалар үшін күресте Мәуеренахрдағы Шағатай хандарын жеңді. Әмір Темірдің Ақ Ордаға қарсы жасаған шапқыншылығына тойтарыс беру үшін аянбай күрес жүргізді. Кейін олар қазақ халқының жеке халық болып қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
21. Моғолстан мемлекеті (XIVғ. ортасы-XVI ғ. басы) XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы дербес екі иелікке – шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. Шағатай ұлысы қоныс еткен Мәуеренахрдың батыс бөлігінде 50–60 жж. феодалдық ыдыраушылық әрекеті жойылып, Әмір Темір мемлекеті құрылды. Ал оның шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті орнады. «Моғолстан» тарихи-жағрафиялық термині «моңғол» атауынан шыққан. Моғолстан мемлекеті алғашқы құрылған кезде билік Шағатай ханға адал қызмет еткен Дулат тайпасы әмірлерінің бірі – Болаттың қолында болған. Шыңғыс тұқымынан шықпаған, сондықтан хан болуға құқы болмағандықтан, Болат өзінің айтқанына көнетін әрі жас 18 жастағы Шағатай ұрпағы Тоғылық Темірді 1348 жылы хан тағына отырғызды. Моғолстан мемлекетінің құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Мемлекет шекарасы батыста Ташкент пен Түркістан аймағынан шығыстағы Баркөл мен Хами қаласына дейінгі, солтүстікте Балхаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатты. Моғолстан мемлекетінің орталығы – Алмалық қаласы. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған моңғол әмірлерінің бірінің баласы – Тоғылық-Темір хан (1348–1362 жж.). Моғолстан құрамына кіретін тайпалар: дулаттар, қаңлылар, керейлер, арғындар, баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болды. Бай-феодалдар жерді шартты иеленудің икта, инджу, сойұрғал сияқты түрлерін пайдаланған. Хандар мен ел билеуші ақ сүйектердің пайдасына қала мен ауыл тұрғындарынан, егінші мен көшпелі халықтан күпшір, зекет, тағар, баж, карадж және тағы басқа да салықтар жиналды. Мемлекетті басқару ісінде ханға Ұлысбек көмектесті. Ол дулат тайпасы әмірлерінен тағайындалған. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өзі билеген түркі тілдес мұсылман халықтары арасында беделін арттырып, үстемдігін нығайту үшін ислам дінін қабылдаған. 1362 жылы Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп, бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша – ақсақ) Ақсақ Темір атанды. Тоғылық Темірден кейін Моғолстанның ханы болған Ілияс-Қожа 1365 жылы бұрынғы Шағатай иеліктерін біріктіруге әрекет жасады. «Батпақты шайқасында» Әмір Темір жеңіліп қашып құтылды. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған алғаш жорығы 1371 жылы басталды. 1372 жылы Әмір Темірдің өзі Моғолстанға қайта жорық жасап, Ыстықкөл маңындағы Сегізағашқа дейін барып, сансыз тұтқын, сан жетпейтін олжа түсіріп оралады. Осыдан кейін Әмір Темірдің сол кездегі Моғолстанның ең ірі билеушісі болған әмір Қамар-ад-дин дуғлатқа қарсы 1375–1377 жж. аралығында бірнеше жорықтары жүрді. 1375 жылы Жетісу жеріндегі Шарын өзені бойында болып, Моғол әскерлері талқандалды. 1376 жылдың көктемінде Хорезмді жаулап алумен айналысып жатқан Темір Моғолстанға Камар-ад-динге қарсы 30 мың әскерімен әмір Сасы-Бұға қыпшақты, Әділ-шақты және басқа да әмірлерін аттандырды. 1377 жылы Камар-ад-дин екі рет: біріншісінде – Қаратау етегінде, екіншісінде – Шу бойымен Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында Әмір Темірден жеңіліске ұшырап, өзі қашып құтылды. Ол Моғолстанды біржолата басып алуды көздеді. Оған жету үшін 1380–1390 жж. арасында Темір балаларымен бірігіп, Моғолстан жеріне бірнеше рет жойқын жорықтар ұйымдастырды. Ақсақ Темір басқан ізінен қан сорғалатып, тек Моғолстанды ғана емес, сонымен бірге тағы басқа да көптеген елдерді жаулап алды. Мәуеренахрдан өзінің қанды жорығын бастаған ол әмірші болған 35 жыл ішінде (1370– 1405 жж.) Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, 1405 жылы ол өлгеннен кейін бытырап тарап кетті. Моғол билігі Қызыр Қожа ханның немересі Уәйіс оғлан қолына көшті. 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін, хандық үшін оның екі баласы Жүніс пен Есенбұғы арасында талас басталды. 1434 жылы Есенбұғы хан тағына отырды. 1462 жылы Жүніс Есенбұғы ханның қайтыс болғанын естіп, өзінің Моғолстанға хандық өкіметке заңды мирасқор екендігін жариялап, онда 1487 жылға дейін билігін жүргізді. XVI ғасырдың басында Жүніс хан ұрпақтары арасындағы алауыздық пен ішкі феодалдық қырқыс Моғолстан хандығының біржолата ыдырауына әкеліп соқты. Нәтижесінде ежелден Жетісу мен Іле өңірін мекендеген үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр және тағы басқа қазақ ру-тайпалары Жетісуда құрылған Қазақ хандығының құрамына бірікті.
22. « Көшпелі өзбектер » Әбілхайыр хандығы (1428–1468 жж.) XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі – Жайықтан және оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарына Шайбани ұрпақтары иеліктерін жүргізді. Олар: Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд Қожа Тобылда. Маңғыт Кепек би мен Адабек Бүркіт Батыс Сібірдегі Тура өңірінде билік еткен. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Тюмень) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған. Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды. Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Жошы әулеті – оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары – Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Әбілхайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін XV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа ханды талқандайды. Ол Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алады. Өзінің орталығын Турадан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды. 1446 жылы Әбілхайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі – Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. Әбілхайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы рутайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілхайыр Мәуеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілхайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілхайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілхайырдың Үз-Темір-Тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына кетуге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілхайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілхайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда кенеттен қайтыс болды. Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілхайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мәуеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары өкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін басып алды.
23. Ноғай Ордасы (XIV аяғы – XVI ғғ.) Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында 1396–1411 жылдары жалғасып, оның баласы Нұр ад-дының (1426–1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы басты тайпа маңғыттар болды. XIII ғасырдың екінші жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған. Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста – Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Оның орталығы – Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы. Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едіге болып саналады. Ол XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында 15 жыл Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарды. Едіге 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 жылы Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Алтын Ордадағы феодалдық өзара қырқыс кезінде Ноғай ұлысын нығайтуға тырысқан жаулары Едігені 1419 жылы өлтіреді. Едіге өлгеннен кейін де Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық жағдай оның ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды. Ноғай Ордасы құрамына Маңғыттармен қатар Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар үнемі орын алды. XV ғасырдың екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан өтіп, «Көшпелі өзбектердің» өріс-қонысын басып ала бастайды. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және басқалары Әбілхайыр ханға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға көмектескен. Кейбір кезде ноғайлар қазақ хандығымен соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ құрып отырған. XIV-XV ғасырларда Ноғай Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан. Әлеуметтік бай-феодал топтардың қатарында хандар мен мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып есептелгенімен, шын мәнінде қоныстар, мал өрістері, аң аулайтын жерлер бай топтардың иелігінде болды. Ноғай Ордасында өкімет пен елді басқару ісі саяси ұйымдастырудың ұлыстық жүйесі негізінде қалыптасты. Шыңғыс тұқымынан шыққан хандар мен сұлтандарға Ордадағы өкімет билігі, соның ішінде әскери, елшілік, әкімшілік т. б. билік түрлері мұра ретінде көшіп отырған. Орда бірнеше ұлыстарға бөлінген. XVI ғасырда Ноғай Ордасы өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар орнатады. Ноғай Ордасында да сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғасырдың бірінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның орнына Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары құрылды. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақстардың Кіші жүзінің құрамына кірді.
24. Қазақ халқының қалыптасуы Қазақ халқының этникалық қалыптасуы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдыраған кезінен басталады. Этнос – тарихи жағдайда қалыптасқан тілі, салт-дәстүрі, тұрмысы ортақ, басқалардан бөлектенген адамдар тобы. Кейбір жазба деректерде «қазақ» сөзі ескі түрік тіліндегі «еркін адамдар» ұғымын білдіретінін айтады. Тағы бір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады. XV ғасырдағы Шайбани Әбілқайыр хандығындағы, яғни Дешті-Қыпшақтағы көшпелі халықтардың этникалық бірігу процесі тез жүрді. XV ғасырдың ортасына қарай Әбілқайыр ықпалы әлсіреді. Оған қарсы шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар артына көп халықты ертіп, Жетісуға көшті. Міне, осы Керей мен Жәнібектің артынан ерген және осы хандардың билігіне қараған бұрынғы Шайбани хандығындағы халықтар қазақтар деп аталды. Қазақ халқының құрамына арғын, найман, дулат, керей, үйсін, қаңлы, қыпшақ, алшын, қоңырат, жалайыр, уақ тайпалары кірді. Бұл тайпалардың тілі қазақ тілі болды. Нәсілдік белгілері – моңғолоидтік. Қазақ жүздері Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерде мекендеген халықтар үш жүзге бөлінді: Ұлы жүз Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас өзендерінің бойы). Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды. Орта жүз Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы). Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат. Орта жүзді Бекарыс деп те атайды. Кіші жүз Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы) Тайпалар: табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, алшын, шекті, төртқара, тама, серкеш т. б. Кіші жүзді кейде Жанарыс деп атайды.
25. Қазақ хандығының құрылуы және оның нығаюы (XV-XVII ғғ.) Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылды. Қазақ хандығының құрылысы бастапқы кезде (XV-XVI ғасырларда) 7 сатыдан тұрды. Ауыл. Басшысы – ауылбасы, бірнеше жанұядан тұрады. Ата-аймақ. Басшысы – ақсақал, жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдан тұрады. Ру. Басшысы – рубасы, 15 аймақтан құрылады. Арыс. Басшысы – би, бірнеше рудан құралған. Ұлыс. Басшысы – сұлтан, бірнеше арыстан құрылады. Жүз. Басшысы – хан, бірнеше ұлыстан құрылады. Хандық. Басшысы – хан, үш жүзден құралған. Қазақ хандығының құрылуы. XV ғасырдың 50 жылдарында Дешті-Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығындағы саяси жағдай шиеленісе түседі. Осы кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударады. Моғолстан ханы Есен-Бұға оларды қарсы алып, Шу өңірінен Қозыбасы деген жерді бөліп береді. Бұл Қазақ хандығы құрылуының басы еді. Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Бұл фактіні Мұхамммед Хайдар Дулати растайды. Әбілқайыр ханның Қазақ хандығының құрылуына бөгет жасамақ болған әрекеті жүзеге аспады. Қазақ хандығының нығаюы. XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілқайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшеюіне себеп болды. Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді. 1480 жылы Керейдің баласы Мұрындық хан болды. 1486 жылы қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбаниді жеңді. XV ғасырдың аяғына қарай Қазақ хандығының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы ықпалы күшейді. Қазақ хандығының құрамында Сығанақ, Созақ, Сауран қалалары болды. XVI ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті. 1511 жылы Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Қасым ханның алға қойған басты міндеті – Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу. Қасым ханның бұл істі орындау жолындағы басты кедергісі Мұхаммед Шайбани болды. 1510 жылы Қасым ханның әскерлері Мұхаммед Шайбанидің әскерін жеңді. 1510 жылы Мұхаммед Шайбани Мервте өледі. XVI ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қазақ хандығының жерін ұлғайтады. XVII ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың аяғына қарай Жетісу жерлері, Сырдария бойындағы көптеген қалалар, бұрынғы Ноғай Ордасының құрамында болған жерлер Қазақ хандығының қарамағына қосылады. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының халық саны 1 млн-ға жеткен. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының 5 бөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен т. б. елдермен байланыс орнатады. Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі Мамаштың қолына тиді. 1523 жылы хан тағына Тақыр отырды. Тақырдың кезінде Қазақ хандығы біраз жерлерінен айырылды. 1533 жылы хан тағына Бұйдаш отырғанда да, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсарған жоқ. 1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, 1535 жылы Тоғым хан отырды. 1537 жылы хан тағына Қасымның баласы Хақназар (1537–1580) отырды. Хақназар ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін басып алды. 1580 жылы хан тағына Шығай отырды. 1582 жылы Шығайдың баласы Тәуекел хан болды. 1586 жылы Тәуекел Түркістанды басып алды. 1598 жылы Тәуекел хан інісі Есім сұлтанмен қазақ қолы Мәуереннахрға кіріп, Самарқанды басып алады. 1598 жылы Ташкентте Тәуекел хан қайтыс болады. 1598 жылы Есім хан болды. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, Түркістанды жеке биледі. 1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтіреді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. Мемлекет билігін, құқықтық жүйені реттеуде Есім ханның «Ескі жолы» аталған заңдар жинағы елеулі рөл атқарды. 1628 Есім хан қайтыс болады. 1629 жылы хан тағына Есім ханның баласы Жәңгір отырады. Ол қазақ тарихында «Салқам Жәңгір» деген атқа ие болды. 1643 жылы Салқам Жәңгір 600 сарбазбен ойраттың 50000-дық әскеріне қарсы шығып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Жәңгір ханға Жалаңтөс көмекке келеді. 1652 жылы ойраттарға қарсы ұйымдастырылған шайқаста Жәңгір қайтыс болады. Біраз уақыт бойы қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болады. 1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырады. Әз-Тәуке хандық билікті билерге сүйеніп жүргізеді. Билердің көмегімен «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарады. Тәуке хан кезінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болады.
26. 16-18 ғасырлардағы Қазақ хандығының мәдениеті Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен маңызды орын алды. Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ертұрман, ат әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар т. б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Бұл кездегі қазақтың қолөнер кәсіпшілігі қарабайыр шаруашылық еді. Үйде істелетін кәсіп бұйымдардың көпшілігі тауарға айналмайтын, өндірушінің өз отбасын ғана қанағаттандыруға пайдаланылатын. Халық өнері, әсіресе, киіз үйдің жабдықтарын, жиһаздарын жасауда ерекше өрістеді. Бұл кезде оңтүстік Қазақстан қалаларының, Орта Азиямен, Шығыс Түркістанмен, Орыс мемлекетімен саудасаттық байланысы жанданды. Осының арқасында көшіп-қонушы және отырықшы халық топтарының экономикалық, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынасы кеңейе түсті. XVI-XVIII ғасырларда «Ұлы жібек жолы» бойында орналасқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент т. б. қалалардың тездеп өркендеуі, қазақ халқының біртұтас ел болуына, жеке хандық құрып нығаюына үлкен әсерін тигізді. Түркістан, Отырар, Тараз, Сайрам және тағы басқа қалалардан табылған күміс теңгелер мен мыс ақшалар Қазақ хандығы тұсында саудасаттық өркендеп, ақша айналымы дамығандығын көрсетеді. Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау жеріндегі кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылық әрі айқыншылығымен ерекшеленді. Ұлан байтақ кең далада мал бағып, күндерін табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, әлемдегі табиғат құбылыстарын үнемі бақылап отырған. Осы бақылаудың нәтижесінде халықтың көпжылдық тәжірибелері қорытылып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен білімдер жинақталған. Және оның негізінде байырғы қазақ күнтізбесі қалыптасты. Қазақ халқы аспан әлемін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпірқосақ» жайында ұғымын кеңейтті. XVI-XVII ғасырларда қазақтар арасында ислам діні кеңінен тарады. Оны таратуда Сығанақ, Түркістан, Хорезм, Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар айрықша рөл атқарды. Ислам діні көшпелі халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп қақтығыстар, соғыстар және түрлі саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың әсіресе көшпелі бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды. XVI-XVIII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII), т. б. жыраулар. Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрі дерлік тарихи оқиғаларға құрылған. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық дастандары да («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» т. б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді. Бұл кезде Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен XVI-XVIII ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады. Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырып салма айту мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шеберлері болған. XVI-XVIIIғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663– 1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665–1765), және Әйтеке Байбекұлы (1682–1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған. Бұл кезде қазақ тіліндегі жазба әдебиеттері діни және аңыздық мазмұндағы кітаптар түрінде таралды, сондай-ақ тарихи шығармалар мен рулар тарихы (шежіре) жасалды. Олардың ішінен Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камалад-дин Бинайдың «Шайбани-намесін», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиін», Қожамқұл бек Бахидің «Тарих-и-Қыпшағын», Қадырғали «Жами-ат-таварихын» және басқа да шығармаларды арнайы бөліп көрсетуге болады. Бұл кезде Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен, Орта және Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз араласып отырды. Мұның өзі араб-мұсылман мәдениеті мен ғылымының таралуына әсерін тигізді. Қазақ жерінде мектептер мен медреселер ашылып, оларда оқу араб-парсы және түрік тілдерінде жүргізілді. Қазақтар жазуда араб әліп-биін тұтынды. Мектептер мен медреселерде ғылымның әр түрлі салалары "дін ілімі, математика, логика, философия) бойынша білім беріліп, Шығыстың ұлы ақындарының классикалық туындыларымен таныстырылды. Мұның бәрі қазақ халқының жалпы дамуына, бүкіл қоғамның рухани өмірі мен мәдениетіне игі ықпал жасады. Сонымен, XVI-XVIII ғасырларда Қазақ қоғамында шаруашылықтың және мәдениеттің дамуында елеулі ілгерілеушілік орын алды. Оның басты себебі, қазақ халқының біртұтас мемлекетке бірігуімен байланысты еді.
27. Тәуке хан тұсындағы қазақ хандығы. «Жеті жарғы» Тәуке хан уақытша болса да ішкі өзара қырқысты токтатып, жүздер арасында тыныштық орната білді, сол арқылы қазақ руларының коныстарын сырттан басып кіруден кауіпсіздендірді. Алайда сұлтандардың билік үшін күресі мен окшаулануға ұмтылуы көп ұзамай бірлікті бұзды, мұны көршілері дереу пайдалана қойды. Оңтүстікбатыстан жайық казактары қолдаған еділ қалмақтары шапқыншылық жасады, солтүстіктен сібір ка-зактары шабуылдады; Жайыктың арғы бетіндегі қоныстардан башқұрттар да дәмеленді. Оңтүстіктен казақтарға Орта Азия хандықтарының (Бүхара, Хиуа) билеушілері кысым көрсетті. Бірақ қазақ халқына ең каһарлы қауіп шығыстан — күшті де агрессияшыл Жоңғар хандығы тарапынан төнді. Көшпелі мал шаруашылығы жағдайында жайылымды кеңейту қажет болды, мұнын өзі жер алаптарын бөлісуге және жаңа жайылымдар іздеуге әкеп соқты. Бұған Жоңғар хандығы мейлінше қатты мұктаж болатын. Жоңғарлар сауда-қолөнер орталықтары мен керуен жолдарын өздеріне бекітіп алуға ұмтылды. Олар үшін бұл өмірлік кажетті шара еді. Тәуке билік еткен кезеңде қазақтар мемлекеттілігінің күшті сыртқы жаулар алдында беделін арттыру мақсатында оны нығайтуға бағытталған манызды кадамдар жасалды. Кіші жүздің саны аз және әлсіз жеті руын жетіру деген бір тайпаға, ал Орта жүздің уактарымен керейлерін бір уақ керей бірлестігіне біріктіруді халықтың ауызша дәстүрі осы ханның есімімен байланыстырады. Жауға қарсы күресу үшін ірі бірлестіктер мен рулар ғана күшті және жаксы қаруланған қол шығара алатынын ескергенде, әлгі жаңалықтар қазақ жасақтарының, жауынгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен бірге жер мен су жөніндегі топтар арасындағы таусылмас алауыздықтар мен жанжалдарды жою үшін Тәукенің бастамасы бойынша, билер мен аксақалдар кеңесі әртүрлі кауымдар мен рулардың көшіп жүретін жерлері неғүрлым айқын бөлініп, ру бөлімшелері ішінде ру таңбаларын пайдалану ретке келтірілген, казақ қоғамында тарихи қалыптасқан дағдылы құқық нормаларын бір жүйеге келтіру, ішінара толықтырулар жүзеге асырылған.
«Жеті жарғы» Жеті жарғы – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырдағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдар мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығы қабылданды. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жолжобалары мен қағидалары XX ғ. басына дейін қолданылып келді. Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін». Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп; «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін». Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыдан жетілдіре түскен. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады» «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады». «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек» «Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі» «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді». Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Жеті жарғыда көрініс тапты.
28. Қазақ-Жоңғар қатынастары: Бұланты, Аңырақай щайқастары Жоңғар мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы Қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау – жоңғарлар еді. XVII ғасырдың бірінші жартысында ойраттар мен қазақтардың арасындағы әскери қақтығыстар жиілей түсті. Ойрат феодалдарының Шығыс Моңғолияға қарсы жүргізген соғыстары олардың күшін нығайтты. XVI ғасырдың аяқ шенінде ойраттар төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Олар: Тарбағатайдан Шығысқа қарай өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғарғы ағысын бойлай қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының төңірегіндегі хошоуыттар және Іле өзенінің жоғарғы жағындағы шоростар еді. Қазақ және ойрат әміршілерінің арасында жайылымдық жерлер үшін қақтығыстар XV ғасырда басталған болатын. XVI ғасырдың аяғында ойраттардың шағын бір бөлігі сәтсіз шабуылдан кейін қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болып шықты. 1635 жылы қонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Осыдан соң, егер XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында қазақ хандығына бытыраңқы ойрат тайпалары қарсы болса, XVII ғасырдың екінші ширегінде күштердің ара салмағы жоңғар тайпаларының пайдасына өзгере бастады. Қазақжоңғар қатынастары, әсіресе Батур-қонтайшы (1634–1654 жж.) билік құрған кезде ерекше шиеленісе түсті. Одан кейін Ғалдан-Бошакту (1670–1697 жж.) билеген кезде, оның мұрагері Цеван-Рабтан (1697–1727 жж.) өкімет басына келгенде қазақ-қалмақ қатынастары қатты шиеленісіп кетті. 1698 жылы ойраттар мен қазақ хандары арасындағы қарулы қақтығыстардың жаңа кезеңі басталды. Жоңғарлардың әскер басшылары маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстан жерін басып алуды көздеді. 1710–1711 жылдары жоңғарлар қазақ жеріне басып кіріп, қырғын соғыс жүргізді. 1717 жылы жазда Аякөз өзенінің жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандап жеңді. 1718 жылы Тәуке хан өліп, билік оның баласы Болат ханға өткен тұста қалмақтардың қазақ жерлеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиллерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың тигізген әсері үлкен. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалады, осында Ертістің бойымен жоғары өрлеп бара жатқан Бухгольцтың экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қыста ол қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болған ол қалмақтарды темір балқытып, зеңбірек жасауға, оның оғын дайындауға, тіпті баспахана жасап, әріп құюға үйретеді. Ренаттың көмегімен зеңбірек атыс жарақтарын жасап, жүз мыңнан астам әскер құрап, қалмақтар қазақтарға қарсы соғысқа дайындалып жатқанда қазақтар жағы олардан қауіп күтпей, ішкі талас-тартыспен жүрген болатын. Бұл тұста қазақтар мен қалмақтардың шекарасы Ертіс өзені, Балқаш көлі, Шу, Талас өзендерінің аралығымен өтетін. 1723 жылдың көктемінде жоңғарлар шешуші жорыққа шықты. Мол әскер жинап, толық қаруландырып, оның қолбасшылығына Шуно Дабо деген қалмақ баһадүрін тағайындады. Оның тактикалық жоспары бойынша қалмақ әскерлері стратегиялық екі бағытта қимыл жасауға тиісті болды. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен Талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт – қазақтарға ес жиғызбай соққы беріп, Шыршық өзенінің қойнауына жету еді. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзенінің бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағындағы Кетпен тауының баурайына орналасты. Сөйтіп, Алатау баурайын жайлаған қаннен-қаперсіз отырған қалың елге шабуылға шыққан қалмақ әскерлері қазақтардың қанын судай ағызды. Еркек кіндікті адамдарды қырып, әйелдерді, қыздарды байлап-матап алып кетті. Бейғам отырған ел басқыншыларға ешқандай қарсылық көрсете алмады. Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұқараға ағылды. Босқындардың біразы Алакөл маңына келіп паналады. Бұл кезеңді қазақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. Яғни, қазақтардың табаны ағарғанша шұбырып, Алқакөлге жетіп азап пен аштықтан сұлаған жерлер еді дейді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы ды қайғылы, ән ұраны сияқты «Елім-ай» әні еді. Мұнан үш жүз жылға жуық уақыт бұрын шығарылған осы өлеңмен оның әні қазақтың басына түскен сол бір ауыр күндердің өшпес ескерткіші.
29. 15-18 ғ.ғ.І шир.гі қазақ-орыс кар.-қат. Ресейдің «Шығыс саясаты» жүйесіндегі Қазақстан 30. Қазақстанның Ресейге бодандыққа өтуінің басталуы: жаңаша көзқарас Кіші жүздің Ресей империясының құрамына енуі Қазақ елінің ауыр сыртқы жағдайын Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының қолдауы арқылы шешпекші болды. Әбілқайыр ханның мақсаттыры: Қалмақтар мен башқұрттардың Қазақ жерін шабуылдауын тоқтату. Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңу. Жайықтың төменгі ағысы, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақтардың мал жайылымдары үшін бейбіт өмірді сақтау. Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қалпына келтіру. Ең басты мақсаты – жоңғарларға қарсы күресте Ресеймен байланыс орнату. Әбілқайыр хан 1726 жылы Ресей империясының құрамына кіруге өтініш білдіріп, елшілерін жіберген болатын. Бірақ елшілікке күмәнданған патша үкіметі хан ұсынысын жауапсыз қалдырған. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы: Ресеймен әскери одақ құру. Әбілқайыр хан талабы: Ресейдің құрамына кіру. 1730 жылғы қыркүйек – Петербургке аттанған елшілері Сейітқұл Қойдағұлұлы, Құтлымбет Қоштайұлына Ресейдің құрамына кіру туралы құжат тапсырды. 1731 жылғы 19 ақпан – Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы хан ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады. Кіші жүз ақсүйектері мен Әбілқайырдан ант қабылдау үшін Ресейден сыртқы істер коллегиясының тілмәші, дипломат А. И. Тевкелев бастаған елшілік жіберілді. 1731 жылы қазанда орыс елшілері Ырғыз өзені бойындағы Әбілқайыр ордасына келгенде, қазақ ақсүйектері арасында алауыздық бар екені анықталды. Барақ сұлтан, Бөгенбай батыр топтары Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шараларды аяқсыз қалдыруға тырысқанмен, бұл қарсылық сәтсіз аяқталды. 1731 жылғы 10 қазан – Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге ант берді. Кіші жүздің Хиуа хандығымен, қарақалпақтармен шектесіп жатқан аудандары Ресей империясына қосылмады. Орыс үкіметі Қазақ өлкесі жөнінде отаршылдық саясат ұстанып, 1714–1720 жылдары бекіністер тұрғызған болатын: Жәміш, Омбы, Колбасинск, Железинск, Семей, Коряков (Кереку), Өскемен. Патша үкіметінің мақсаты – қазақ-жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндеп жаулап алу. Патша үкіметі Жайық бойына бекіністер тұрғызып, егін шаруашылығына қолайлы өңірлерді басып алып, орыс помещиктеріне, казак-орыс қоныстанушыларына таратып беру саясатын ашық жүргізе бастады. Жаңадан қосылған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту мақсатында Ресей үкіметі 1734 жылы мамырда Сенаттың хатшысы И. К. Кириллов басқарған экспедиция жабдықтады: Ор өзені бойында бекініс тұрғызу; Орта Азия хандықтарымен керуен саудасын кеңейту; Қазақ өлкесіндегі табиғат байлықтарын игеру; Сырдария бойында қала тұрғызып, Өзен флотилиясын құру. Саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты экспедиция мақсаттары түгел іске аспады. 1735 жыл – Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі қаланды. Орынбор шекаралық комиссиясының келесі төрағасы И. И. Неплюев (1742 ж.) Орск қалашығын 1743 жылы жаңа жерге көшірді. 1743 жыл – Орынбор қаласының негізі қаланды. 1735–1737 жылдары болған башқұрттардың көтерілістері кезінде Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен бірігіп кетуінен сескенген патша үкіметі екінші рет ант алуды көздеді. 1738 жылғы тамыз – Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В. Н. Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының съезін өткізді. Кіші жүз бен Орта жүзден барлығы 60-қа жуық старшын Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді. 1740 жыл – Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның ант беруі саяси жағдайдан туған айла болды. Ресеймен жақындасып, Орта жүзге жасалатын жоңғар шабуылын әлсіретуді көздеді. 1734 жылғы 10 маусым – императрица Анна Иоанновна Ұлы жүзді Ресей құрамына қабылдауға келісімі жөнінде жарлық шығарды.
31. Әбілқайыр хан. Саяси қайраткер, әскери қолбасшы Әбілқайыр (Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан) (1693 — 12.08.1748) — хан, қолбасшы, 1718—1748 жж. билік құрған Кіші жүз ханы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, айқас-шайқастарды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды.[1] Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында туған. Ол - Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы. Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса ол хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Әз Жәнібектен тоғыз ұл тарайды, солардың бірі - Өсеке сұлтан одан Бөлекей ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Хожа сұлтан, одан Абдолла сұлтан туған, Әбілқайыр осы Абдолла сұлтанның баласы.[2] 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты Бөгенбай батыр тағайындалды. 18 ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан жәнеТашкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.
|