Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Тілдерді дамыту


Date: 2015-10-07; view: 488.


Көп тілді және көп конфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – бұл сіздер мен біздің еңбегіміз, құрметті қазақстандықтар.

Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты.

Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды.

Бұл Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі.

Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу.

Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс.

Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады.

Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз.

Біз сол сияқты орыс тілін және өзге де қазақстандық этностар тілін дамытатын боламыз.

Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін.

Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін.

 

2.4. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы

 

Екі жыл ішінде дағдарысқа қарсы «Жол картасы» шеңберінде біз халықты еңбекпен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты азайттық және қалаларымыз бен селоларымыздағы инфрақұрылымдарды жақсарттық.

Бұл бағдарламалар қазақстандықтардың кең қолдауы мен разылығына ие болды.

Бүгінде жаңа экономика білікті кадрлардың жаңа генерациясын талап ететін болғандықтан еңбек рыногының тиімділігін арттыру қажет.

Өзін өзі еңбекпен қамтып отырған тұрғындар – біздің экономикамыздың зор кадрлар резерві.

Жаңа кәсіпорындарды біз оларда қазақстандықтардың жұмыс істеуі үшін салып жатырмыз.

Олар оған дайындалуы керек. Жаңа мамандықтарға үйренулері қажет.

Үкіметке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамырына дейін халықты еңбекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет бизнес-қауымдастықпен бірлесіп индустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетіндер үшін тегін кәсіптік оқу ұсынуы керек.

Әрбір қазақстандықтың елді ауқымды индустрияландыруға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.

Кезінде мен дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы әрбір қазақстандықтың отбасына дейін жететін болсын деген міндет қойдым.

Ол табысты жүзеге асырылды.

Осы тәжірибені пайдалана отырып, қазіргі уақытта жұмысты индустрияландыру шынымен де бүкілхалықтық сипат алып, әрбір қазақстандықтың ісі болатындай етіп құру қажет.

Өз өмірлерін ауылмен байланыстарғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.

Өткен жылы селолық аумақтарды дамыту бағдарламасы аяқталды.

Енді бұл жұмыстар Елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық схемасы шеңберінде одан әрі жалғасатын болады.

Даму әлеуеті жоғары елді мекендерде селолық инфрақұрылымдар дамытылып, суаратын суларға, микронесиелеу бағдарламалары мен табиғи гранттарға қолжетімділік кеңейтіліп, кәсіпкерлік дағдыларына үйрету ұйымдастырылады.

Қазірдің өзінде микронесиелік ұйымдар қызметінің құқықтық негізі бар.

Бүгінде рыноктағы олардың саны бір мың екі жүздей және олар халыққа сомасы 16 миллиард теңге болатын 110 мың несиелер берді.

Дегенмен, олар негізінен айтарлықтай жоғары мөлшерлемемен тұтынушылық мақсаттарға жұмсалуда.

Ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керек.

Сондықтан Үкіметке қаржы реттеушілермен бірігіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасы мен кешенді шаралар жасауды тапсырамын.

Үстіміздегі жылы қосымша 3 миллиард теңге қарастырылсын.

2012-2015 жылдары бұл қаржыландыру жыл сайын 10-15 миллиард теңгеге көбейтілсін.

Мемлекеттік желі бойынша берілген микронесиелердің барлық 100 пайызы тек өз ісін ұйымдастыруға ғана жұмсалуы тиіс.

Жоғарыда айтылған мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру ондаған мың ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді.

Сондықтан атқарушы биліктің барлық деңгейлері мен «Нұр Отан» партиясынан үлкен түсіндіру жұмыстары талап етіледі.

Үкіметке алдағы жылдан мотивациялы ақшалай төлемдерге көшуді тапсырамын.

Басты мәселе – масылдықты еңсеру.

Жұмыссызға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін грант берілетін болады.

Кедейшілік проблемаларын мемлекеттік жәрдемақы есебінен жұмсарту емес, шешу керек.

Мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмектесетін болады.

 

2.5. ТКШ-ны жаңғырту

 

Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі.

Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды.

Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді.

Бұл – біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі.

Көптеген жылдар бойы коммуналды сектор қалған-құтқанды бөлу қағидаты бойынша қаржыландырылып келді. Соның салдарынан 2008 жылға қарай коммуникациялардың 72 пайызы жөндеуді немесе ауыстыруды қажетсінді.

«Жол картасы» аясында біз 2009 және 2010 жылдары ТКШ нысандарын жөндеу бойынша үлкен жұмыс жүргіздік.

Бұл жұмысты жалғастыру қажет.

Сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет.

Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесі 32 пайыздан 2015 жылға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс.

Жаңғыртылған жүйелердің ұзындығы 2015 жылға қарай ел бойынша тұтастай алғанда 31 мыңнан астам шақырымды құрайтын болады.

Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен біздің банктерімізді тарта отырып, жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен азаматтарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және реконструкциялау үшін қаржыландырудың бірлескен арнайы тетіктерін ұсынады.

ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жыл сайын 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, оны жүзеге асыруға 1,5 миллион адам – көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары қатысады.

Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу мен қалпына келтіруге қаржы жинақтауды ынталандыру мен қосыла қаржыландырудың тетігін жасауды тапсырамын.

Біз тек осылай еткенде ғана тұрғын үй жағдайын жақсартып, азаматтардың өз мүлкін сақтауға жауапкершілігін жоғарылата аламыз.

 


<== previous lecture | next lecture ==>
Білім беру | Сапалы ауыз су
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 1.366 s.