![]() |
Мiтiн жоймас адамзат ! 6 страницаDate: 2014-03-19; view: 1013. Маркстік философияда бұл мәселе керісінше шешілгенмен, сол нәтижеге келді. Дүниені ешқандай Абсолюттік Идея тудырған жоқ. Ол мәңгілік өзінің ішкі қайшылықтары арқылы дамып жатқан материалдық Дүние. Өз даму барысында ол тіршілікті тудырып, соңынан тарихқа саналы пәнде – адам табиғи түрде келеді. Ол өз санасында Табиғаттың заңдылықтарын бейнелеп, құбылыстарды зерттеу арқылы объективті дүниедегі үрдістердің мән-мағнасын аша алады. Соның нәтижесінде ғылым мен философия Дүниеге келіп, адам жағалай ортаны өзінің шығармашылық іс-әрекеттері арқылы өз өміріне лайықты қылып қайта өзгертеді. Маркстік философия сана мен рухты материалдық болмыстан шығарғанмен, олардың салыстырмалы дербестігін, тәуелсіздігін, өзі туғызған материалдық дүниеге қайта әсерін тигізетінін мойындайды. Қорыта келе, айтайын дегеніміз, материализм мен идеализмнің екеуі де өз дамыған формаларында реализм бағытына толығынан қосылмағанмен, - жақындай түседі. Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын да толығынан мойындап, я болмаса, оларды Болмыстың құндылығы жағынан тең екі жағы ретінде түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материализм мен идеализмнің біржақтылығын мойындамайды. Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған “бірінші мұғалім” – Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натурфилософиясындағы негізгі жетістіктерді Платонның идеалистік идеяларымен ұштастырып “материя” мен “форманың” екеуінің де тең құндылықтығын айтады. Оның формуласы: “материясыз - форма, формасыз – материя жоқ”. Бұл формуланы нақтылай келе, материяны “мүмкіндік” (dynamіs), форманы “шындық” (energeіa), іске асушылық ретінде түсінеді. Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. Оны ол энтелехия, яғни, рухани күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол Платонның “эйдостарына” жақын. Бірақ, Платонның идеялары ерекше Әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері материямен бірге берілген. Өйткені, Шындық - материя мен форманың бірлігінен туады, соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді. Жоғарыдағы көзқарас “жан-дүние” категориясын талдауға да үлкен жаңалық енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес “сезімдік” өтпелі Дүние мен “Эйдос әлемі” екі ортасындағы дәнекер емес, ол – белсенді рухани өмірлік күш-қуат. Реализм өзінің жалғасын Орта ғасырлардағы схоластика ағымында тапты. Бірақ, олар рухани күштің басымдылығын Құдай идеясынан іздеді. Жаңа дәурірдегі Декарттың философиясында реализм бағыты ашық дуализмге айналады. Өйткен себебі, Декарт екі бір-біріне тәуелсіз субстанцияны – дене мен жанды мойындайды. Мұндай қайшылықты шешу жолында ол оларды бір-бірімен біріктіретін Құдайды мойындауға мәжбүр болды. Құдай- мәңгілік Абсолютті субстанция, ал дене мен жан субстанцияларына келсек, оларды жаратқан сол Құдайдың өзі. Декарттың философиясына қанағат тұтпай, голландия ойшылы Б.Спиноза монистік реализм бағытын тудырады. Оның ойынша, бір ғана субстанция бар – ол Құдай, немесе Табиғат, - шексіз субстанция. Ал, дене мен жанға келер болсақ, олар осы субстанцияның негізгі атрибуттары, яғни, қасиеттері. Сонымен, тағы да Аристотельге қайтып оралғандай болдық. Бірақ, “материя” мен “форманың” орнына “созылу” мен “ойлау” принциптері келеді. Осындай көзқарасқа сәйкес, енді материя мен формадан тұратын жеке зат – субстанция емес, ол жоғарыдағы шексіз қасиеттердің шектелген көрінісі – модустары ғана. Өйткені, созылған заттың шегі бар, ол кеңістіктің шектелуі деген сөз, қабылдау болғаннан кейін ойлаудың да шектелуіне әкеледі. Сонымен, реализм бағытында пайда болған “материя мен форма” категориялары, “дене мен жанға”, соңында “созылу мен ойлауға” ауысты. ХХ ғ. ұлы философы П.Т. де Шарденді де реалистік бағыттың үлкен тұлғасы ретінде қарауға болады. Оның ойынша, жаратылған Дүниенің екі күш-қуаты бар: бір жағынан, ол тангенциалдық, яғни физикалық энергия болатын болса, екінші - осы Дүниені біріктіріп даму жолына итеретін радиалдық, яғни, психикалық, рухани күш. Адамзат тарихының Дүниеге келген сатысынан бастап радиалдық рухани күш толығынан ашылып, адамның саналы іс-әрекеті арқылы Жаратылған Дүниені әрі қарай жетілдіріп болашақта Жер бетінде ноосфераның қалыптасуына әкеледі,- дейді ұлы ойшыл. (қараңыз: П.Т. де Шарден. Феномен человека. М.,Прогресс.,1988) Қорыта келе, реализм бағытының бүгінгі таңдағы философиядағы болашағының басымырақ екенін айтқан жөн. Енді “материя” мен “рух” жөніндегі қазіргі ғылымдағы тұжырымдарға тоқталған жөн сияқты. а)материалдық болмыс Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйенсек, материалдық Дүние осыдан 20 млрд. жыл бұрын болған “Ұлы Жарылыстың” нәтижесінде пайда болды. Оған дейін материя өзінің сингулярлық, яғни бірнүктелік орасан-зор қысымдық жағдайында болған (нүкте көлемі – атомдай – 10 - минус 8 дәрежедегі см., болса, қысымдығы 10 – 94 дәрежедегі г./см!!!). Мұндай жағдайда өмір сүрген материяның ішінде қандай үрдістердің болғаны жөнінде ешкім ешқандай болжам айта алмайды. “Ұлы Жарылыстың” нәтижесінде негізінен материяның құрылымының үш деңгейі пайда болды: 1. Макроәлем, ондағы заттардың көлемі адамзат тәжірибесімен салыстырмалы; кеңістік - мм., см., км., ал уақыт – сек., мин., сағ., жыл ұзақтығымен беріледі; Микроәлем – көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерден тұрады. Олардың көлемі 10 минус 8 –ші ден 10 минус 16 дережедегі см. болса, өмір сүру ұзақтығы – 10 минус 24 дәрежедегі сек. дейін. Мегаәлем – орасан-зор Ғарыштағы объектілер. Олардың бір-бірінен қашықтығы сәуле жылымен есептелсе, өмір сүру уақыты миллиардтаған жылдарға созылады. Әрбір әлемнің шеңберінде өз өмір сүру заңдылықтары бар. Сонымен қатар, олар бір-бірімен өте тығыз байланыста екенін айтып кеткен жөн. Бүгінгі таңда ашылған материяның екі түрін келтіруге болады. Оның бірі – табиғаттың заты болса, екіншісі – физикалық өрістер. Олардың бір-бірінен айырмашылығы : зат бөлшектерден – атомдардан тұрады, ал өріс – бөлінбейді; заттың бөлшектерінің тұрақты салмағы (массасы) бар, өрісте – жоқ; заттың өткізбейтін, я болмаса аз өткізетін қасиеті бар, өріс - өткізгіштігімен танылады; Өрістің тарауы сәуленің жылдамдығына тең болса, заттың жылдамдығы бінеше дәрежеде одан төмен. Егер бізді жағалай қоршаған макроәлемді мыңдаған жылдар бойы адамзат зерттеп келсе, микроәлем мен мегаәлем соңғы ғасырларда ғана танылуда. Бүгінгі таңда микроәлемнің құрамында 300-ге жуық элементарлық бөлшектер ашылып, олардың қасиеттері зерттелуде. Соңғы жылдары мегаәлемді зерттеуде де қомақты нәтижелер бар. Олардың бірі - Ғарыштың үне бойы кеңейуідегі үрдісі болса, екіншісі – реликтік ( relіc,- лат.,- қалдық) радиотолқындардың таралуы болды. Осы екі жаңалықтың негізінде “Ұлы Жарылыс” теориясы жасалған болатын – оны бүгінгі таңдағы ғалымдардың көпшілігі мойындады. Ғарышты зерттеудегі келесі жаңалық - “қара нүктелер”, ғалымдардың пайымдауынша, олар сөнгеннен кейін коллапсқа (collapse,- ағылш. сөзі, - құлдырау) ұшыраған алып жұлдыздар. Біздің галактикадағы “Магеллан тұмандығындағы” жақында ашылған “үлкен жарылыс” – жаңа жұлдыздардың Дүниеге келуінің айғағы. Сонымен, бір жағынан жұлдыздар уақыты келгенде сөніп коллапсқа ұшырап “қара тесікке” айналып жатса, екінші жағынан жарылыстың негізінде жаңа жұлдыздар Дүниеге келіп жатыр. Қорыта келе, материалдық Дүние үне бойы өзгерісте, қозғалыс пен даму үрдісінде екенін қазіргі жаратылыстану ғылымдары көрсетіп отыр. Біздің білетініміз - өкінішке орай, өте аз. 14.3.Қозғалыс. Кеңістік. Уақыт. Санның сапаға, соңғының санға өтуі қозғалыс арқылы жүреді, ал оның өзі кеңістік пен уақытты талап етеді. Олай болса, қозғалыс – бүкіл болмыстағы дүниенің өмір сүру тәсілі болып шығады да, кеңістік пен уақыт - қозғалыстағы дүниенің формасы ретінде қаралуы тиіс. Жалпы түрде қозғалысқа қысқаша анықтама беруге болады – ол Дүниедегі қайсыбір өзгеріс, байланыс, іс-әрекет. Әрине, мұндай анықтаманың мазмұн жағынан тұрпайы екенін де жасыруға болмайды. Бүкіл философия тарихындағы ізденістер оның аса қиындығын көрсетеді. Қарапайым тәжірибенің нәтижесінде сонау көне заманда- ақ ойшылдар Дүниенің ағым екенін, бір нәрсе дүниеге келіп, екіншісі кетіп жатқанын байқаған. Тіпті ұлы Гераклит қозғалыстың астарында қарама-қарсылықтың күресі жатыр деп меңзеген. Сонымен қатар, Парменид пен Зенон оған қарсы шығып, қозғалыстың ішкі сырын ашуға мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысқан. Мысал ретінде Зенонның "Садақтан атылған оқ қозғалмайды",- деген апориясын (aporіa,- грек сөзі,- қиындық, шешімі жоқ,- деген мағна береді) келтіруге болады. Зенонның ойынша, атылған оқ әрбір сәтте кеңістіктің бір бөлігінде тұрақтайды, келесі сәтте – келесі орында, оны әрі қарай шексіз жалғастыра беруге болады. Ал тұрақтауға тұрақтауды қосқанда қозғалыс шықпайды, яғни, ол - жоқ. Мұндай көзқарасты уақытында Аристотель сынға алған болатын. Қателік - уақытты бөлек-бөлек "сәттен" тұрады деп есептеуде,- дейді ұлы ойшыл. Әрине, мұндай пікірмен келісуге болады. Осы ойшыл қозғалысты талдауға аса үлкен үлес қосқан болатын. Болмысты талдаудағы ең қиыны, Дүниенің өтпелілігі, бір нәрсенің туып, екіншінің өтуі. Оны Аристотель екі жаңа категория кіргізіп талдайды. Олар шындық пен мүмкіндік (грекше,- energeіa, -шындық, dynamіs,- мүмкіндік, латынша, - actus,- шындық, potentіa,- мүмкіндік). Қозғалыс - заттың ішіндегі мүмкіндіктің шындықта іске асуы, ал оның қайнар көзі - форманың белсенді әрекетінде жатыр. Мысалы, қайсыбір дүниеге келген тіршіліктің ішінде оның болашақ өлімінің ұрығы жатыр, ол оны өмірдің шеңберінен тыс шығармай қоймайды. Кірпіштің үйге айналу мүмкіндігі бар, сонымен қатар ол саз, я болмаса, құмның шындығы т.с.с. Ұлы ойшыл қозғалыстың біршама түрлерін ерекше алып зерттейді. Олар: үлкею, кішірею, пайда болу, жоғалу, сапалық өзгеру, кеңістіктегі орын алмастыру. Орта ғасырдағы ойшылдар қозғалыстың қайнар көзін Құдайдың іс-әрекетінен іздейді (Өзі қозғалмайтын, бірақ, басқаның барлығын қозғалысқа түсірген - Құдай). Жаңа дәуірдегі ойшылдардың ішінде Ф.Бэкон қозғалысты материяның ішкі табиғатынан шығатын белсенділік ретінде түсінеді. Гегельдің түсінігінше, қозғалыс "өміршеңдік", "әрекеттік", "ешқашанда бітпейтін үрдіс", ол ішкі-қажеттіктен туып, "өзіндік қозғалыс" ретінде қаралуы керек. Маркстік философияда қозғалыс категориясы егжей-тегжей талданады. Қозғалысты материяның ішкі қайшылығынан шығатын өмір сүру тәсілі ретінде түсініп, Ф.Энгельс өзінің "Табиғат диалектикасы",- деген көлемді еңбегінде оның 5 түрін ашады. Олар: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік қозғалыс формалары. Әрине, қазіргі ғылым бұл түсініктерді әрі қарай дамытып байытты. Қозғалыстың ең қарапайым түрі ретінде механикалық, яғни кеңістікте орын ауыстыру үрдістері жатады. Бүгінгі ядролық физикада ерекше қозғалыс формасы ретінде элементарлық бөлшектердің бір-біріне өтуін, электромагниттік, гравитациялық, нейтрондық өрістер, атом өзегінің ішіндегі күшті және әлсіз тартыстарды т.с.с. жатқызады. Атомдар мен молекулалардың қозғалысы мен өзара бір-біріне өтуі химиялық қозғалыс формасын құрайды. Заттар мен құбылыстар құрылымының өзгеруі, қысым, жылу, дыбыс пен жарықтың тарауын т.с.с. физикалық қозғалыс формасына жатқызуға болады. Мегагалактикадағы ғарыштық үрдістерді, жұлдыздардың пайда болуы, сөнуін астрофизика зерттейді. Жер бетінде тарихи пайда болған тіршілік әлемі – ерекше ғажап биологиялық қозғалыс формасына жатады. Оған тірі организмдегі үрдістер, жағалай ортамен зат пен энергия аумасуына түсуі, өзгеру мен тұқым қуу, ассимиляция мен диссимиляция, өз-өзін ретке келтіру т.с.с. жатады. Ғалымдар жер бетіндегі тіршілік пайда болғаннан бергі (3,5 млрд.ж.) өзгерістерді ерекше геологиялық қозғалыс формасына жатқызу керек деген пікір айтады. Өйткені, осы уақыттың шеңберінде жер бетінде био-физика-химия-механикалық байланыстардың нәтижесінде әр-түрлі бірінің үстінде бірі орналасқан страталар (қабықтар) пайда болды. Бұл пікірмен келісуге болады. Бүгінгі таңдағы белгілі ең соңғы қозғалыс формасы – ол әлеуметтік Оның ерекшелігі – аамдардың саналы өмірінде, олар өз алдына неше-түрлі мақсат қойып, бір-бірімен бірігіп, жағалай ортаны өз ойына сай етіп өзгертуінде. Тарихи, қозғалыстың жоғары формалары төмендегілердің негізінде пайда болады. Химиялық жер бетіндегі үрдістер физикалық қозғалыстың негізінде пайда болды. Ол дами келе тіршіліктің дүниеге келуіне себеп болды. Әлеуметтік қозғалыс формасының дүниеге келуі жер бетіндегі басқа тіршіліксіз мүмкін емес еді. Сонымен қатар, жоғары қозғалыс формасын төменгі арқылы түсінуге мүмкін емес – ол өз заңдылықтарының негізінде өмір сүреді. Бірақ, төменгі формалар оның ішінде бағынышты түрде сақталып қала береді. Оны көрсететін ең айқын мысалдардың бірі – адам өмірі. Көркемдеп айтсақ, адам - қоғамның атомы. Ол саналы түрде өмір сүреді, оның жан-дүниесі, руханияты бар. Ол өзінің алдына неше-түрлі мақсаттар қойып, оларға жетуге тырысады, ішкі табиғи дарындарын сыртқа шығарып, талантқа айналдырады. Сонымен қатар, ол – биологиялық пәнде, оның басқа тіршіліктер сияқты дене қажеттіктері бар. Оның бауырында өте күрделі химиялық үрдістер үне бойы жүріп жатады, адам басқа заттар мен құбылыстар сияқты кеңістікте орын ауыстырады, оның денесінен неше-түрлі физикалық өрістер өтуде т.с.с. Бірақ, бұл үрдістердің бәрі де әлеуметтік қозғалыс формасына тәуелді болып өмір сүреді. Егер де біз адамды оның биологиялық табиғатына теңесек, онда нәсілшілдік, әлеуметтік дарвинизм, ломброзиандық т.с.с. сияқты кертартпа көзқарастарға тап болар едік. Кеңістік пен уақыт Қозғалыстағы заттар мен неше-түрлі үрдістер кеңістік пен уақыттың шеңберінде өтіп жатады. Ең жалпы түрде алғанда, кеңістік деп заттар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, ал уақытқа келер болсақ - ол дүниедегі болып жатқан уақиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі. Кеңістік пен уақыттың табиғаты жөнінде сонау көне заманнан бастап осы уақытқа шейін, негізінен, екі көзқарас қалыптасты. Олар: субстанциализм - кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы негіздерінің бірі ретінде қарайды және релятивизм (салыстырмалы) – кеңістік пен уақыт қозғалып жатқан неше-түрлі материалдық объектілердің формалары, соған бағынышты. Бірінші көзқарастың негізін жасаған көне грек философы Демокрит болды. Ол өзінің атомистік ілімінде дүниенің алғашқы негізін құрайтын екі бастаманы мойындайды: оның бірі көзге көрінбейтін әрі қарай бөлінбейтін ұсақ бөлшектер –атомдар және ғарыштағы бос кеңістік. Атомдар сол кеңістікте құлдырап келе жатып бір-бірімен соқтығысып табиғатың заттарын тудырады. Яғни, кеңістік – субстанциялық алғашқы негіздердің бірі. Егер дүниедегі атомдар бір сәтте жоғалып кетсе, Дүние құрымайды – кеңістік алғашқы негіздердің бірі болып қала береді. Сол заманның ірі ойшысы Эмпедокл бұл пікірге қарсы шығып: "судағы балыққа қараңызшы – онда бос кеңістік жоқ, бірақ балық қозғалады", - деген пікір айтқан болатын. Яғни, ол бос кеңістік идеясына қарсы шықты. Аристотельдің ойынша да, бос қуыс жоқ, кеңістік – дүниедегі заттардың алатын орны, ал уақыт- қозғалыстың саны, мөлшері. Орта ғасырдағы ойшылдар кеңістік пен уақытты Құдайдың жасампаздық іс-әрекетімен теңеді. Дүние өтпелі болып кеңістік пен уақытта берілген, тек Құдай ғана – мәңгілік, олардан тыс жатыр. Жаңа дәуірде Декарт "бос қуыстық" идеясына қарсы шығып кеңістіктің заттармен толы екені жөніндегі идеясын ұсынды. Олай болса, кеңістік пен созылу – бір. Ол ұзақтық пен уақытты айыру керектігін де айтады. Ұзақтық заттарға тән нәрсе болса, уақыт – сол ұзақтықтың ой өрісіндегі көрінісі. Осыған жақын көзқараста Лейбниц те болды. Кеңістік пен уақыт жөніндегі ерекше ой айтқан Кант болды. Оның ойынша, олар адамға априорлық (тәжірибеден бұрын, тыс ) түрде берілген: кеңістік сыртқы сезімнің, ал уақыт – ішкі сезімнің априорлық формалары. Тек солар арқылы ғана адам өз дүниетанымын белгілі бір тәртіпке келтіре алады. Жалпы алғанда, философия және ғылым тарихында ХХ ғ. дейін кеңістік пен уақыт жөнінде субстанциалық көзқарас басымқы болды. Оған өз үлкен үлесін қосқан ағылшын ғалымы И.Ньютон болған-ды. Ол ғылымға абсолюттік кеңістік (шексіз қуыс) және уақыт (таза біркелкі ұзақтық) категорияларын еңгізіп, олар материядан да, бір-бірінен де тәуелсіз өмір сүреді деген пікірге келеді. Сонымен қатар, адамның санасында салыстырмалы кеңістік пен уақыт жөніндегі түсініктер бар, олар тәжірибеге байланысты өзгерісте болуы мүмкін. Ньютон гравитация (тарту) заңдарын ашу негізінде алыстан әрекет ету теориясын жасайды. Дүниежүзілік тарту күші ғарышта сол сәтте тікелей шексіз тарап объектілерге өз әсерін тигізеді. Сондықтан, уақыт ғарышта барлық жерде біркелкі. Мысалы, жер бетіндегі бір университетте лекция оқылып жатса, басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда сол сәтте басқа зерделі пәнделерге де дәріс жүріп жатуы мүмкін. Бұл классикалық механикада жасалған тұжырымдар болатын. Алайда ХІХ ғ. бастап жоғарыда айтылған көзқарастарға күмәндану басталады. Электромагниттік үрдістерді зерттей бастаған М.Фарадей мен Дж.Максвелл тарту күші қашықтық пен қатар жылдамдыққа байланысты және тікелей тарамайды,- деген пікірге келеді. Ал күштің тарауы сол сәтте емес, белгілі бір шектелген жылдамдықпен жүреді. Соңында, олар сәуле, магнетизм, электр қуатын біріктіріп электромагниттік өрістің әр-түрлі көріністері ретінде қарай бастады. Сонымен, ғарыштағы күштердің жылдамдығының шектелгені Ньютонның алыстан әрекет ету теориясына үлкен соққы жасап, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтарын ашуға белгілі алғышарттар жасады. 1905 ж. ол өзінің кеңістік пен уақыт жөніндегі арнаулы салыстырмалы теориясын жасап шығарады. Бұл теорияның негізінде ғарыштағы ең асқан жылдамдық - сәуле жылдамдығы – 300мың км.сек. деген қағида жатыр. Онымен салыстырғанда, басқа жылдамдықтарды 0-ге теңеуге болады. Мысалы, жердегі дыбыс жылдамдығы 340м.сек. – сәулемен салыстырғанда тұрақты деуімізге болады. Егер де қайсыбір ғарыштағы үрдістің жылдамдығы сәулеге жақындаса, онда оның көлемі қысқарып, уақыт баяулап, салмағы күрт өседі. Дүниедегі жылдамдық шектелгеннен кейін, ғарышта біруақытта болып жатқан үрдістер жоқ. Ғарыштағы әрбір жүйенің өз уақыт есебі бар. Мысалы, жерде жас әйелі мен бір жасар баласын қалдырып, 25 жасар космонавт сәулеге жақын жылдамдықпен ғарышқа ұшып, бір жылдан кейін қайтып келсе, оны 51-дегі баласы қарсы алады екен ! Әкесі 26-да, баласы 51-де! Өйткені, ғарыш кемесінің ішіндегі уақыт баяулайды да, жердегі уақыт есебі бұрынғыдай бірқалыпты жүре береді. Әрине, бұл теоретикалық қиял, оның іске асуы мүмкін емес. Ол іске асқан жағдайда ғарыш кемесінің көлемі жоғалып бара жатқан нүктеге айналар еді ! Екіншіден, ондай жылдамдыққа жету үшін бүкіл Дүниенің күш-қуатын жұмсау керек болар еді, ал, ол – мүмкін емес. А.Эйнштейн 1916 ж. өзінің жалпы салыстырмалы теориясын жасайды. Оның түйіні - ғарыштағы орасан зор объектілердің гравитациялық тартым арқылы жағалай қоршаған кеңістікті қисайтуы болып табылады. Сонымен, кеңістік пен уақыттың қасиеттері ғарыштағы объектілердің массасының (салмағының) бөлінуіне байланысты өзгеріп отырады екен. Бұл тұрғыдан алғанда 2000 жылдан артық ғылымда еш дау туғызбаған Евклид геометриясының негізгі қағидалары жер бетіндегі адамдардың практикалық қызметіне бейімделген тұрпайылынған кеңістік теориясы болып шықты! Неміс ғалымы Б.Риман сфералық кеңістіктің ( үлкен шардың үстіндегі кеңістік) қасиеттерін зерттеп, оның үстінде сызылған тура сызықтан тыс орналасқан нүктенің үстінен бірде-бір тура сызыққа параллельді сызықты жүргізуге болмайды – бәрі де онымен тоғысады деген пікірге келеді. Сфералық кеңістіктің үстіндегі үш бұрыштың қосындысы 180 градустан асып түседі ! Псевдосфераның геометриясын зерттеген орыс ғалымы Н.И.Лобачевский мен венгр Я.Больяй керісінше нәтижеге келді - үш бұрыштың қосындысы 180 градустан аз болып шықты. Сонымен қатар, оның үстінде бір тура сызыққа қосылмайтын көп сызықтар болуы мүмкін. Олай болса, кеңістік пен уақыт жөніндегі мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген субстанциялық көзқарастың қазіргі ғылыми зерттеулерге қайшы келгенін байқаймыз. А.Эйнштейннің өзі айтқанындай: " Мәселенің түйіні мынада: егер де таңғажайып болып Дүниеден барлық материалдық заттар жоғалып кетсе, кеңістік пен уақыт қала берер еді деп бұрын есептеген болатын. Ал салыстырмалы теорияға сәйкес- заттар мен бірге кеңістік пен уақыт та құрдымға кетер еді. Яғни, кеңістік пен уақыттың қозғалыстағы материядан тыс өзіндік болмысы жоқ, олар тек оның формалары ғана.
|