Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Есім хан (1598-1628) 16 page


Date: 2015-10-07; view: 4882.


Астық өндіру экстенсивті әдістермен жүргізіле берді. Топырақ эрозиясы күшейіп, жердің құнарлы қабаты желге ұшты. Елді мекендер салуға, инфрақұрылымдар жүйесіне мыңдаған гектар құнарлы жерлер бөлінді. Жайылымдар мен жем-шөп дайындайтын алқаптардың көлемі тарылды. Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. Бұл жағдай ет жəне сүт өнімдерінің тапшылығын туғызды. Ұжымшарларға МТС-тердің ескі техникасын қымбат бағамен сатты.

Еңбекті ұйымдастырудағы ғылыми көзқарастың жоқтығынан біраз жылдан кейін астық өндіру қарқыны төмендеді. Алтыншы бесжылдық (1956-1960 ж.ж.) жоспардың орындалмауын жасыру үшін белгіленген жетіжылдық (1959-1965 ж.ж.) жоспар да орындалмады. Жетіжылдық жоспарда белгіленген жалпы өнімді 70%-ға өсіру орнына 15% өнім алынды.

Сырттан келушілер көп болып, қазақтар ата қонысында азшылыққа айналды. 1960 жылдардың басына дейін 2 млн-ға жуық адам келді. Олардың басым көпшілігі славян тектілер еді. Тың игерудің алғашқы жылдарынан кейін қоныс аударушылар өнеркəсіпті қалаларға шоғырландырылды. Қала халқының үлесі 1939 жылғы 28%- дан 1959 жылы 44%- ға дейін артты. 1959 жылы халық саны 9 млн 295 мың адамға жетті. Аталған мерзім ішінде Одақ халқы 9,5%-ға көбейгенде, Қазақстанда бұл көрсеткіш 52,8% болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша, жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни 29% ғана болды.

Тың игеру науқанында республиканың ұлттық-демографиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Тың игерушілерге адам мекендемеген құла түзге, иесіз далаға бара жатқандықтары туралы ұлтық намысты қорлайтын теріс түсінік берілді. Осыдан қазақ халқының əдеп-ғұрпына, салт-дəстүріне, мəдени ескерткіштеріне менсінбей қараушылық орын алды. Тың игерілген аймақтарда қазақ мектептерінің саны күрт азайып, қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз жабылды, ұлт тіліндегі əдебиеттің халық арасына таралу аясы тарылды. Осының барлығы қазақ тілі мен мәдениетінің келешегінің көмескіленуіне əкеп соқтырды.

1950 жылдардың ортасынан бастап, Қытайда тұратын қазақ диаспорасы Қазақстанға қайта оралуына мүмкіндік алды. 1960 жылдардың басына дейін 200 мың қазақ келді.

Теміртау металлургия комбинатының құрылысы “Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс” деп жарияланды. Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына сырттан жұмыс қолы көптеп əкелінді: 1958 жылы – 132 мың, 1959 жылы – 170 мың.

Жастар Теміртаудағы əлеуметтік жағдайдың ауырлығына, яғни тұрғын үйдің, азық пен ауыз судың жетіспеуіне байланысты ашық наразылыққа шықты. Қалада жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, қарулы қақтығыстар болды. Үш күннен кейін тәртіпсіздік тоқтатылып, кінәлілер қатаң жазаланды.

1950 жылдары мал шаруашылығының материалдық-техникалық жабдықталуы өте төмен деңгейде қала берді. Жағдайды жақсарту бағытында шешім қабылданып, қаулылар шығып жатты. Малды бағып-күтудің жаңа əдістері енгізілді.Техникамен жабдықтауға көңіл бөлінді. Жемдік дақылдар егісінің көлемі ұлғайтылды. Малшыларды материалдық ынталандыру шаралары жүргізілді. 1956 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы мал басы 67,4%-ға көбейіп, 39 млн-ға жетті.

Конспект сұрақтар

1.1940-1950 жылдары республикада пайда болған қала саны:

2.1956 жылы республикада жиналған астық мөлшері:

3.1959 жылғы жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі:

4.1965 жылғы мал саны:

5.Теміртаудағы наразылықтың болу себебі:

6.Тың жерлерді игеру туралы шешім қабылданған мерзім:

7.Тың жерлер игерілген аймақ:

8.Тың игеру жылдары шығынға ұшыраған шаруашылық саласы:

9.Тың игеруге қатысты республика басшылығына сайланған қайраткер:

10.Тың игеру саясатындағы ең басты қауіпті құбылыстар:

20. Мәдениеттің дамуы: Ғылым және өнер

1950 жылдар ішінде мәдениетті дамыту жағдайы біртіндеп түзеле бастады. 1946 жылғы маусымда Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылды. Тұңғыш президенті - ғалым, Кеңестік Қазақстан ғылымын ұйымдастырушы Қ.И.Сəтбаев болды. Ғылым ордасын құруға көмек көрсеткен орыс ғалымдары: С.И.Вавилов, И.П.Бардин, А.М.Панкратова. 1946-1949 жылдары Академияның ғылыми-зерттеу мекемелері халық шаруашылығына енгізу үшін 900-ден астам ұсыныс жасады. 1950-1965 жылдары ғылыми-зерттеу институтының, филиалдар, бөлімшелер саны 38-ден 84-ке көбейді. Ғылыми қызметкерлер саны 3,3 мыңнан 18,2 мыңға өсті. Өскеменде, Қарағандыда, Шымкентте ірі ғылыми орталықтар бой көтерді.

Қ.И.Сəтбаев бастаған ғалымдар тобына минералды шикізаттар мен кен орындарының табиғатта таралу заңдылығын ашып, металлогендік жəне болжамдық карта жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді.

1950 жылдары қоғамдық ғылымдарды зерттеу ауқымы кеңейтілді.

ҚазМУ-де философия факультеті ашылды. 1958 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Философия жəне құқық институты құрылды. 1961 жылы Тіл білімі, əдебиет жəне өнер институттары ашылды. 1957-1959 жылдары “Қазақ КСР тарихының” екі томдығы жарияланды. Ә.Марғұлан көшпелілердің қола дәуіріндегі тарихы мен мәдениетін зерттеді. Партия тарихы барлық жоғары оқу орындарында өтілетін ең негізгі пəнге айналды.

Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП ХХ

cъезінен кейін әділетсіз жазаға ұшыраған С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров есімдері ақталды. Алайда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов есімдері жабулы күйінде қала берді. Олардың көркем туындылары оқырмандарға жетпеді.

1947 жылы М.Əуезовтің “Абай ” романының екі кітабы аяқталды. 1949 жылы шығарма КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.1955 жылы “Абай жолы” эпопеясы жазылды. 1959 жылы М.Əуезовке Лениндік сыйлықтың берілді. С.Мұқанов “Сырдария” романында замандастарының өмірін, еңбегін,арман-мақсаттарын нанымды бейнеледі. “Өмір мектебі” трилогиясында жазушы туған халқының тарихи жолына баға берді. 1949 жылы Мәскеуде өткен Қазақ кеңес әдебиетінің онкүндігінде Ғ.Мұстафиннің орыс тіліне аударылған “Миллионер”, “Шығанақ” повестері әдеби қауымның назарын аударды. Кейін жазушы “Қарағанды”, “Дауылдан кейін” романдарын жазды. Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романы 1950 жылдардағы ұлттық прозаның жетістігі болды. Романда дала өміріндегі жаңалықтарды, қазақтардың өнеркәсіпке араласа бастауын суреттеді.

1950 жылдары қазақ поэзиясы неғұрлым байып, алуан түрлі сипат ала бастады. Ə.Тəжібаев сатиралық “Шайтан ”, терең философиялық мәні бар “Портреттер” поэмаларын жазды. Х.Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, “Құрманғазы”, Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”,

Қ.Бекқожиннің “Мариям Жагорқызы”, Ж.Молдағалиевтің “Жыр туралы жыр” поэмалары қазақ кеңес поэзиясының алтын қорына қосылды. И.Шуховтың “Тың игерушілер” очерктер кітабы одаққа танымал шығарма болды. Ұйғыр жазушысы Х.Абдуллин “Гүлстан” повесін жазды. К.Хасанов ұйғыр драматургиясын жасауда көп еңбек етті. Ким Кван Хен бастаған корей жазушыларының дарынды тобы әдебиет сахнасынан көріне бастады.

1946 жылы “Біржан-Сара” операсы қойылды. 1949 жылы осы қойылым үшін сазгер М.Төлебаев, орындаушылар Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, А.Ненашев, Ә.Үмбетбаев, Б.Досымжанов, Ш.Бейсекова КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанды. Сазгер Е.Брусиловский “Дударай”, М.Төлебаевпен бірігіп “Амангелді” операларын жазды. Ұйғыр сазгері Қ.Қожамияров тұңғыш ұйғыр операсы “Назугумды” жазды. 1954 жылы Қ.Қожамияровтың “Ризвангүл” симфониялық поэмасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды.

Сол жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры ұжымы қалыптасты. Я.С.Штейн басқарған жылдары Орыс драма театры қазіргі заман тақырыптарын игеруге бетбұрыс жасады. Н.Сац басқарған Жасөспірімдер театры шығармашылық өрлеу үстінде болды. Қазақ мемлекеттік хор капелласы шығармашылық ұйым ретінде қалыптасты. Дирижер Ш.Қажығалиев басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі ұлттық және әлем классиктерінің шығармаларын орындады.

1952 жылы В.Голубович Қазақ драма театрында М.Əуезовтің “Абай” драмасын қойды. Қойылым КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. 1950 жылдары театр сахнасынан берік орын алған пьесалар:

Ə.Əбішев – “Достық пен махаббат”, Ə.Тəжібаев – “Жалғыз ағаш орман емес”, Ш.Хұсайынов – “Кеше мен бүгін”. Қазақ КСР Мемлекеттік əн жəне би ансамблі жастар мен студенттердің дүниежүзілік VI фестивалінің лауреаты атанды.

Жас суретшілер Қ.Телжанов “ Жамал”, “Атамекен”, С.Мәмбеев “Тауда”, “Киіз үй қасында”, М.Кенбаев “Шопан әні”, “Сұхбат” суреттерінде бейне әсерлілігіне, психологиялық тереңдікке қол жеткізе білді. А.Ғалымбаева мен А.Степанов салған порттреттерінде адамның көңіл күйі мен толғаныстарын шынайы бейнеледі. М.Лизогуб, Ә.Қастеев сияқты қылқалам шеберлері тарихи-революциялық тақырыпқа, индустриялық пейзаждарға бой ұрды. Республиканың өз мүсіншілер тобы өсіп шықты.

Конспект сұрақтар

1.1950 жылдардағы ұлттық прозаның жетістігі болған шығарма:

2.1950 жылдары жоғары оқу орындарында өтілетін ең негізгі пəн:

3.1954 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ұйғыр симфониялық поэмасы:

4.«Атаманның ақыры» кинофильмінің қоюшы-режиссерін белгілеңіз:

5.В.Голубович 1952 жылы Қазақ драма театрында Мұхтар Әуезовтің қай драмасын қойды:

6.Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған, Карлагта қамауда болған академик, селекционерді көрсетіңіз:

7.Қазақ КСР ҒА-ның Философия және құқық институты қашан құрылды:

8.Қай жылы «Тiл бiлiмi, әдебиет және өнер институттары» құрылды:

9.“Өмір мектебі” романын авторы:

10.Ж.Молдағалиевтің қазақ кеңес поэзиясының алтын қорына қосылған поэмасы:

11.Тарихи-революциялық тақырыпқа, индустриялық пейзаждарға бой ұрған қылқалам шеберлері:

12.Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті:

21. Тоқырау жылдарындағы Қазақстан. Қоғамдық-саяси дамудың қайшылықтары

Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда әлсіреп кетті. КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор түрінде көріне бастады. КСРО-дан іргесін аулақтатып əкеткен мемлекеттер: Югославия, Египет, КХДР, ҚХР. Дамудың жаңа бағытына құлшыныс 1968 жылғы Чехословакияда болған оқиғалардан айқын көрініс берді. 1970 жылдардың 2-жартысы нда социализмнің кеңестік нұсқасынан бас тарту, демократиялық қоғам орнату жолындағы күрес Польшада революциялық қайта құрулар жүргізуге ұласты. “Ынтымақ” қоғамдық ұйымы Польшаның 1980 жылдардағы дамуына ықпал етті.

 

1970 жылдардың соңында Қытай экономикасында түбегейлі өзгерістер басталып, ел экономикасының тұтастай оңды дамуына алып келді. Ал КСРО-да Ішкі істер министрлігінің, МҚК-нің және әскердің күшіне сүйенген компартия кез келген бөгде пікірге жол бермеуді қатты қадағалап отырды. Новочеркассскідегі, Грузиядағы, Балтық республикаларындағы оқиғаларға қатысқандар қатал жазаланды. Қалыптасқан режімге наразылық түрі – диссиденттік етек ала бастады.

 

1960 жылдардың 2-жартысында КСРО-да коммунизм құрудың негіз үш мақсаты орындалмайтыны белгілі болды. Социализм жүйесі елдерінде социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы туындады. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған салтанатты мəжілісте Л.И.Брежнев “ кеңес халқының өткен тарихи даму жолының басты қорытындысы кемелденген социалистік қоғам орнату болып табылады” деп мəлімдеді. Бұл партия теорияшыларына коммунистік болашақты белгісіз мерзімге сырғыта салу мүмкіндігін ашып берді.

Кеңес қоғамының даму үдерісіндегі бітіспес қайшылықтардың бірі КСРО-ның 1977 жылғы 7 қазанда қабылданған Конституциясынан көрініс тапты. “Кеңес қоғамының басты жəне бағыт беруші күші, оның саяси жүйесінің ұйытқысы КОКП” екендігі айтылды. Компартия билігі конституциялық күшке ие болды.

 

1978 жылғы наурызда Қазақ КСР Конституциясының жаңа жобасы бүкілхалықтық талқылауға түсті. Небәрі бір жарым ай ішінде талқылау жүргізілген болды. 1978 жылғы 20 сəуірде Қазақстан Компартиясының мақұлдауымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында қабылдану рәсімінен өтті. Республикадағы ең жоғарғы заңды билік органы – Жоғарғы Кеңес те, атқарушы билік – Министрлер Кеңесі де толық партиялық бақылау аясында жұмыс істеді.

Республика партия ұйымының басшысы - мемлекеттің басшысы міндетін атқарды. Республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып 1960 жылдан Д.А.Қонаев сайланды. 1962 жылдан бастап екі жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды. 1964 жылдан бастап қайтадан бірінші хатшы болып, 1986 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды.

Конспект сұрақтар

1.1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі кезең атауы:

2.Д.Қонаевты қай жылы Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшылығынан алып тастады:

3.Л. И. Брежнев КОКП ОК-ның бірінші хатшысы болып сайланды:

4.Польшаның қандайы ұйымы 1980 жылдары елдің дамуына ықпал етті:

5.Республикадағы Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесi кімнің бақылауында жұмыс атқарды:

6.Тоқырау жылдары қай елдер КСРО-дан iргесiн аулақтатып әкеткен мемлекеттер:

7.Қай жылы Кеңес Одағының әскері Ауғаныстанға кіргізілді:

8.Қай жылы ҚХР экономикасында түбегейлi өзгерiстер басталды:

9.Д.А.Қонаевтың республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып сайланған мерзімі:

10.Л.И.Брежнев 1967жылы ел тарихының басты қорытындысын тұжырымдады:

22. Тоқырау жылдарының идеологиясы және КОКП-ның ұлттық саясаты

Тоқырау кезеңінің идеологиясында орыстандыру саясаты басты бағыттардың бірі болып қалыптасты. Хрущевтік-брежневтік әкімшілік әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан жерде тарихи жаңа қауымдастық – кеңес халқын жасау ниетін көздеді. Коммунистік әкімшіліктің “халықтардың мызғымас достығы”, “ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы жəне бірігуі” туралы тезистері жүзеге асырылып жатты.

 

1960 жылдард ың ішінде Мəскеуде қазақ студенттерінің тұңғыш ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы – “Жас тұлпар” құрылды. Басты ұйымдастырушысы – Мұрат Əуезов. Көмекшілері А.Қадыржанов, Б.Тайжанов болды. Мақсаты: бұқараның ұлттық санасын ояту, жоғарғы органдарға ұлт қатынастарына қатысты нақты ұсыныс айту.

 

“Жас тұлпар” ұйымы алғашқыда 800 студентті біріктірді, кейін Алматы, Ақмола, Шымкент, Ленинград, Киев, Одесса, Павлодар, Ригада құрылды. Қарағандыда “Жас қазақ”, Семейде “Тайшұбар” деп аталды. 1970 жылдары ұйымның ықпалымен “Гүлдер”, “Дос-Мұқасан”, “Айгүл” ансамбльдері құрылды.

 

1975 жылы Олжас Сүлейменовтің “АЗиЯ” атты тарихи-лингвистикалық талдау кітабы жарық көрді. “Игорь жасағы туралы жырды” талдай келіп, бұл жыр славяндық жəне түркілік этностық əлем шекарасында дүниеге келген және жырда екі көрші мəдениеттің шындықтары көрініс тапқан деген тұжырым жасады. Алайда ұлыдержавалық шовинизм идеологтарына бұл ұнамады. Бас идеолог М.Сусловтың басшылығымен тойтарыс беріліп, кітап тауар айналымынан алынып тасталды, жаңа басылымына тыйым салынды.

 

Еділ бойындағы автономиялық құрылым таратылғаннан кейін жүздеген мың неміс Қазақстанға қоныс аударған болатын. 1979 жылғы көктемде КОКП ОК-і Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының мүдделерін аяққа басудың көрінісі еді. Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы А.Коркин басшылық ететін арнайы комитет құрылды. Болашақ неміс автономиясының əкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы деп белгіленді. Автономия құрамына Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары енгізілмек болды. 1979 жылғы 16-19 маусымда Целиноград жастарының наразылығы болып өтті. Олар “Қазақстан бөлінбейді”, “Неміс автономиясына жол жоқ” деген транспаранттарын көтерді. “Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз” ұраны айтылды.

 

Облыс басшылары автономия құрылмайтындығын мəлімдегеннен кейін ғана наразылық білдірушілер тарады. Толқулар легі көптеген елді мекендерде болып өтті. Партия ұйымдары, МҚК бұл шерулер туралы хабардың таралмауын қамтамасыз етті.

Конспект сұрақтар

1.1960 жылдары құрылған Мəскеуде оқитын қазақ студенттерінің бейресми ұйымы:

2.1979 жылы Целиноград жастарының шеруге шығу себебі:

3.1960 жылы Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» бейресми ұйымының негізгі ұйымдастырушысы:

4.«Жас тұлпар» бейресми ұйымы Семейде қандай атпен әрекет еттi:

5.«Жас тұлпар» бейресми ұйымы Қарағандыда қандай атпен әрекет еттi:

6.Комитеттің шешiмi бойынша Неміс автономиясының әкімшілік орталығы етіп қай қаланы белгіледі:

7.Олжас Сүлейменовтiң “Аз и Я” кітабы жарыққа шықты:

8.Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президентін атаңыз:

9.Қай жылы КОКП Орталық Комитетi Қазақстан аумағында Немiс автономиясын құру жөнiнде шешiм қабылдады:

10.Бас идеолог М.Сусловтың басшылығымен тойтарыс берілген кітап:

11.“Гүлдер”, “Дос-Мұқасан”, “Айгүл” ансамбльдері құрылды:

23. Өнеркәсіпте қалыптасқан жағдай. Экологиялық дағдарыстардың көрініс беруі

1964 жылдың қазанында болған пленумында КОКП Орталық Комитеті шаруашылық мәселелерін шешудегі субъективтілікті, волюнтаристікті және өктемдікке әуестікті айыптады.

 

1965 жылғы қыркүйек пленумында өнеркəсіпті аумақтық ұстаным бойынша басқарудың тиімсіз болып шыққандығы сөз болды. Енді өнеркəсіпті салалық ұстаным бойынша басқару, өнеркəсіп салалары бойынша одақтық-республикалық министрліктер құру қажет деп ұйғарылды. Кəсіпорындар дербестігін арттыру, шаруашылық есепті дамыту, экономикалық ынталандыру мен материалдық көтермелеу ұсынылды. Кәсіпорындарға пайда, баға, салық, несие категорияларын іске қосуға рұқсат етілді. Жаңа шаруашылық реформалары деп аталған бұл шаралар 1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі қабылдаған “Өнеркəсіпті басқару органдарының жүйесін өзгерту жəне мемлекеттік басқарудың кейбір органдарын қайта құру туралы” заңда дәйектелді.

Кəсіпорындардың шаруашылық дербестігі ұлғайып, жоспарлаудың жаңа тəртібіне көше бастады. 1967 жылдың соңында 193 кəсіпорын, 1970 жылы кəсіпорындардың 80%-ы көшірілді. Экономиканы дамытуды көздеген шаралар соғыс ракеталарын көбейту мен екі жүзге тарта ұлтты орыстандыру саясатының көлеңкесінде қалып қойды.

1960-1980 жылдары республиканың отын-энергетика кешені жоғары қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Жамбыл электр станциясы, 1972 жылы Қапшағай электр станциясы салынды. Электр қуатын өндіру артты: 1970 жылы - 34,7млрд. квт/сағ., ал 1984 жылы - 74,6 млрд. квт/сағ-қа жетті.

1970 жылдары көмір өндіру өркендеді.1984 жылы Қазақстанда шығарылатын көмірдің көлемі 1970 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артты. Жылдық өнім 125,5 млн тоннаға жетіп, Одақ бойынша өндірілетін көлемнің 17,6%-ын құрады.

1960 жылдардың екінші жартысында Маңғыстау түбегінде мұнай өндіру мен өңдеу жұмыстарының көлемі арта бастады. 1965 жылы Жаңаөзеннен алғашқы мұнай өндірілді. Жетібай арқылы Ақтауға мұнай мен газ құбыры, Атырау арқылы Самараға мұнай құбыры тартылды. Ембіде мұнай өндіру ісі жаңа қарқын алды. Маңғыстауда газ өңдейтін зауыт салына бастады. 1970 жылдардың алғашқы жартысында мұнай өндіру - 1,8 есе, газ өндіру - 2,5 есе артты.

Шығыс Қазақстан республикадғы түсті металлургияның аса ірі орталығына айналды. 1960 жылдары Лениногор мырыш зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты салынды. 1970-7980 жылдары Шығыс Қазақстан мыс-химия комбинаты салынды. Жезқазғанда, Жезкентте, Қашарда, Қарағандыда жаңа кен байыту комбинаттары, Павлодарда алюминий зауыты іске қосылды. Темір кенін өндірудің жылдық өнімі 1984 жылы 24 млн. тоннаға жетті.

Химия өнеркəсібі жедел қарқынмен дамыды. 1960 жылдардың екінші жартысында Ертіс химия- металлургия зауыты, Атырау мұнай- химия зауыты салынды. 1970 жылдары республика сары фосфор өндіруден одақта жетекші орынға шықты. Ақтөбе мен Жамбылда суперфосфат зауыттарының қуаттылығы ұлғайтылды. Қазақстан машина жасаудың металды көп қажет ететін қарапайым түрімен айналысты. Бұл сала құрастыру деңгейінде ғана дамыды. 1960 жылы Павлодардағы машина жасау зауытының негізінде құрылған трактор зауыты, Ақмоладағы “Қазауылмаш” зауыты, Семейдегі арматура зауыты саланың басты кәсіпорындары болды. Бұл жылдары Текелі аккумулятор зауыты, Өскемен конденсатор зауыты, Кентау трансформатор зауыты, Семей кабель зауыты, Алматы төмен вольтты аппараттар зауыты салынды. Алайда республика экономикасы шикізаттық-өндірушілік бағытта қала берді. Республика аумағында орналасқан әскери өнеркәсіп кешендерінің жергілікті билік органдарына бағындырылмауы оларды шамадан тыс еркінсітіп жіберді. Олар ресурстарды үнемді пайдаланбады, ортаның тазалығын сақтамады.


<== previous lecture | next lecture ==>
Есім хан (1598-1628) 15 page | Есім хан (1598-1628) 17 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.099 s.