Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Есім хан (1598-1628) 18 page


Date: 2015-10-07; view: 5927.


Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісіндегі қадам 1987 жылы жасалды. М.Горбачев кеңес қоғамы дамуының негізгі кезеңдеріне талдау жасады. Сталинизмнің жан түршігерлік қылмысты әрекеттері жайында ашық айтылды. Алайда КОКП басшылығы қайта құруды баянды ете алмады, көптеген жолсыздықтар мен заңсыздықтарға жол берді. 1986 жылдың желтоқсанына дейінгі бір жыл сегіз ай ішінде республикада қоғамдық-саяси даму бағыттарын қозғаған реформалар болған жоқ. Бұл жағдай Қазақстандағы басшылықты ескі тәсілмен – бір күнде ауыстыра салу әрекетіне итермеледі.

40 жылдан астам Қазақстан үкіметінің, республика партия ұйымының басшылығында болған дарынды қайраткер Д.А.Қонаев (1912-1993ж.ж.) КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне дейін көтерілді. Д.Қонаев тұсындағы қол жеткен жетістіктер: табиғи байлықтарды игеру кең ауқымда жүргізілді, ауыр өнеркəсіп өсу үстінде болды, ұлт зиялы қауымы жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумында ұйымдастыру мəселесі қаралды. КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский ұсынысымен Д.А.Қонаевтың орнына Г.В.Колбин тағайындалды (1986-1989).

Г.В.Колбин Грузияда республикалық партия ұйымының екінші хатшысы, Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Орталық баспасөз “ұлтаралық қатынастар мəселелерін жақсы білетін маман” деп жазып жатты.

Қоғамда жарияланған мақсаттар мен нақты өмір арасындағы күрделі қайшылық нəтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына əкеп тіреді. Қоғамдық- әлеуметтік, мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселесінің шиеленісуі жастарды ашық қимылға еріксіз алып келді. Басшылықтың ауыстырылуы жаппай наразылықтың шығуына түрткі болды.

1986 жылғы 17 желтоқсанда Алматыда Брежнев атындағы алаңда жаппай толқу басталды. Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Лениндік ұлт саясатының дұрыс жүргізілуін, республиканың егемендігін сыйлауды, жергілікті халық арасынан саяси қайраткерлердің шығуына кедергі келтірмеуді, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуын қамтамасыз етуді талап етті.

Брежнев атындағы алаңдағы шеру бейбіт жəне саяси сипатта болды.

18 желтоқсанда сағат 13-те алаңға əскери училищенің жеке құрамасы енгізіліп, Орталық Комитет үйі қоршауға алынды.

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара училищесінің курсанттары ерекше қатыгездік көрсетті.“Бұрқасын-86” атты құпия жедел жоспар жасалды. Ол жоспар бойынша жастарға қылмыскер немесе ұлтшыл деп айдар тағып, арандатушылық бағытқа бұрып жіберуге мүмкіндік алды. Бұл жоспар кейіннен әдейі құртылып жіберілгені белгілі болды. Шеруді тарату кезінде сойылдар, саперлік күректер, үйретілген иттер, өрт сөндіруші машиналар , бронды транспортерлер пайдаланылды. Ұсталған жастарды аязда бірнеше сағат бойы қар үстіне жатқызды. Жастарды қаладан алысқа əкетіп, жұқа жəне су киімдерімен түнгі аязда ұстады.

Бейбіт шеру күшпен басылғаннан кейін, аса қатыгездікпен және мейірімсіздікпен жаппай жазалау басталды. Желтоқсан оқиғаларын тексеру комиссиясының төрағасы М.Шаханов Швеция мен Англияның университеттерінде оқыған дәрістерінде көрсетілген мәліметтер бойынша: 8,5 мыңға жуық адам ұсталып, жаза тартты. 1720 адам жарақат алды. 99 адам сотталды, оның екеуі өлім жазасына кесілді. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам жұмыстан қуылды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. 246 студент оқудан шығарылды.

Желтоқсан құрбаны - Қайрат Рысқұлбеков, Алматы архитектура құрылыс институтының студенті. Оған “жасақшы С.Савицкийді өлтірді” деген айып тағылды. Құқық қорғау жүйесінің 5 қызметкері “кісі өлтірушіні тез тапқаны үшін” марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Қайраттың өлім жазасына кесілуі дүниежүзілік қауымдастықтың наразылығын тудырды.Чехословакияның,Польшаның, Венгрияның, АҚШ-тың қоғам қайраткерлері мен зиялыларынан қарсылық хаттары келіп жатты. Қайрат абақтыда жұмбақ жағдайда қаза тапты. Желтоқсан оқиғалары алғашқы күннен бастап халыққа бұрмаланып түсіндірілді. Алматыға арнайы жіберілген КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцевтің нұсқауы бойынша бұл оқиғаларды “Маскүнемдер мен нашақорлардың бұзақылық, ұлтшылдық арандату əрекеттері” деп түсіндірілді.

1986 жылғы Алматы оқиғалары қазақ топырағына ұлттық санасын намысы жетелеген қайсар буынның келгенін әйгіледі. Желтоқсан оқиғалары Кремль әкімшілігінің саяси мәдениетінің мейлінше төмендігін айқындады. Кәсіпорындарда темір таяқтармен, шынжырлармен қаруланған 16 мың адамнан тұратын жасақты орыс және өзге славян ұлтынан құру арқылы компартия басшылары екі ұлттың – қазақ пен орыстың арасына сына қағып, дүрдараздық психологияны өршітті. Желтоқсан оқиғалары кейінгі кезеңде экономикалық реформалардың, әлеуметтік бетбұрыстардың соны қарқынмен өрістеуіне себеп болды.

Конспект сұрақтар

1.16 желтоқсанда 1986 жылы Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынған кім:

2.1986 жылы Д.Қонаевтың орнына кім тағайындалды:

3.Желтоқсан оқиғасына байланысты ұйымдастырылған жедел жоспар:

4.Желтоқсан оқиғасының қайраткерін көрсетіңіз:

5.Қай жылы Д.А.Қонаев Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы болып сайланды:

6.Қайрат Рысқұлбековке тағылған айып:

7.Алматыдағы жаппай наразылықтың шығуына түрткі болған жағдай:

8.Жаңа саясат жүргізудің негіздері айқындалды:

9.Желтоқсан оқиғаларына КОКП-ның берген сипаттамасы:

10.Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы:

11.Желтоқсан оқиғасында ұсталып, жаза тартылған адам саны:

12.Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісі басталды:

29.Қоғамды жаңарту шараларының қарқын алуы

Қазақстанда Г.Колбин генерал-губернатор миссиясын атқарды. Республика кадрларының жоғарғы легін тазалаудан өткізді. 1989 жылы КСРО халық депутаттарының I съезінде Халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне сайланып, Қазақстаннан кетті.

1989 жылы маусымда Қазақстан КП Орталық Комитетінің 1-хатшылығына Н.Назарбаев келді. Халықты “қазақ ұлтшылдығы” деген айыпты атақтан арашалауға күш салынды.

1987 жылы қазақ жəне орыс тілдері туралы Қаулылар шықты. 1989 жылы 22 қыркүйекте “Қазақ КСР-дегі тілдер туралы Заңды” республиканың Жоғарғы Кеңесі қабылдады. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып жарияланды. Республикада қазақ тілін қайта түлету жəне дамыту жөнінде жұмыстар атқарылды. 1990 жылдың маусымынан 1991 жылдың маусымына дейін қазақ тілінде тəрбиелейтін 482 балабақша, қазақ тілінде білім беретін 155 мектеп, 4 кəсіптік-техникалық училище ашылды. Іс қағаздарын қазақша дайындайтын жəне қазақ тілінде басатын мамандар даярлайтын кəсіптік-техникалық училище жұмыс істеді. Жоғары оқу орындарында қазақша факультеттер, бөлімдер ашылды, қазақ тілін үйрететін топтар құрылды. Өзге ұлттық топтардың – татар, украин,неміс, ұйғыр, түрік тілдерінде оқытатын мектептер ашылды.

Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология мен ғылым мəселелері жөнінде әр жылдары қабылдаған бірқатар қаулыларының күші жойылды. Бұл шаралар тыйым салынып келген көптеген көркем шығармаларды терең зерттеуге мүмкіндік туғызды.

1988 жылы Қазақстан компартиясы ОК-нің қаулысымен 30-50-жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы ақталды. Ақын, философ Ш.Құдайбердіұлы (1858-1931), жазушы əрі ғалым Ж.Аймауытов (1889-1931), жазушы, педагог М.Дулатұлы (1885-1935), тіл, əдебиет, саясат, ғылым, журналистика салаларында мол мұра қалдырған А.Байтұрсынұлы (1873-1937), атақты ақын, белгілі саясатшы, педагог М.Жұмабаев (1893-1938 ).

Баспасөз беттерінде көрнекті қоғам жəне мəдениет қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметтерінің шындықтары айтылған материалдар жариялана бастады. Олар – Ə.Бөкейханов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, Қ.Жұбанов.

Конспект сұрақтар

1.1988 жылғы Қаулымен 30-40-жылдары жазаға ұшырағандардың арасынан шығармашылық мұралары ақталғандар:

2.1930-1950 жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларын ақтау жөніндегі Қаулы қашан шықты:

3.1987 жылы шыққан Қаулы:

4.1989 жылдың маусымында Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшылығына тағайындалған кім:

5.1989 жылы қазақ тіліне қатысты қабылданған заң:

6.1990 жылмен 1991 жылдың аралығында елімізде қазақ тілін үйрететін қанша кәсiптiк-техникалық училище ашылды:

7.1990 жылмен 1991 жылдың аралығында елімізде қазақ тілінде сабақ беретін қанша мектеп ашылды:

8.“Қазақ КСР-iндегi тiлдер туралы Қазақ КСР-інiң заңын” республиканың Жоғарғы Кеңесi қай жылы қабылдады:

9.Қазақ жəне орыс тілдері туралы Қаулылар шыққан мерзім:

10.Қазақстан КП Орталық Комитетінің 1-хатшылығына Н.Назарбаев келген мерзім:

30. Демократияландыру үрдісінің одан әрі жалғасуы

1980 жылдардың соңында қозғалыстар мен саяси бірлестіктер пайда бола бастады. Олардың ішіндегі ең ірілерінің бірі- “Невада-Семей” антиядролық, экологиялық қозғалысы болды. 1989 жылы 28 ақпанда құрылған бұл қозғалыстың жетекшісі – О.Сүлейменов. Мақсаты: Семей ядролық полигонын жабу. Сонымен қоса “5-5” формуласы бойынша əлемдегі ірі полигондарды жою, ядролық соғыс қаупін ыдырату.

1990 жылдың жазында “Азат” азаматтық қозғалысы құрылды.Саяси-əлеуметтік мақсаты: егеменді ел болу, жеке мемлекет ретінде əлемдік қауымдастыққа ену. “Славян” қоғамы Қазақстанда тұратын cлавян текті ұлт өкілдерінің мүдделерін қорғау мақсатында құрылды. Қазақстандық немістердің “Видергебурд” (қайта өрлеу) ұйымының мүшелері көп, қаражаты мол, танымал бірлестікке айналып, Германиямен тығыз байланыста болды. 1990 жылдың соңында саяси-қоғамдық бірлестіктер саны жүзден асты. 1991 жылдың маусымында “Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы” заң қабылданды. Республикада көппартиялық саяси құрылымның негізі қалана бастады.

1989 жылдың күзінде Қазақстанның Жоғарғы жəне жергілікті кеңестерінің сайлауы өтті. Алғаш рет балама кандидаттар дауысқа түсті. 1990 жылға таман партияның барлық іске араласуына шек қойыла бастады. Кеңестер алғаш рет өздерінің төл істерімен айналысып, заң шығарды, мемлекеттің даму үрдісіне қатысты өзекті мəселелерді талқылап, шешімдер қабылдады.

1989 жылғы маусымдағы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ірі бас көтеру болды. Әлеуметтік мәселелер ашық наразылыққа шығуға мәжбүр етті. Олар: жастар арасындағы жұмыссыздық, жұмыс күшін вахталық əдіспен сырттан əкелу, тұрғын үй бөлуде жəне балабақшаға орналастыруда бұрмалаушылыққа жол берілуі, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінің жұмысындағы ірі кемшіліктер.

Əлеуметтік қақтығыстың түрткісі: вахталық әдіспен келгендердің жергілікті халықтың дәстүрлерімен санаспауы, дөрекі түрде кемсітуі. Жанжал алдымен жергілікті ұлт өкілдері мен кавказдықтар арасындағы қайшылықтан басталды. Сырттай қарағанда ұлтаралық қақтығыс сипатында өтті. Бұл жанжал құқық қорғау орындары мен арнайы тапсырмалы əскерлердің күшімен тоқтатылды. Бірақ көптеген мəселелер бұрынғысынша шешілмей қалды.

1989 жылғы шілде айындаРесейдегіКузбасс,Украинадағы Донбасс кеншілерінің ереуілге шығуыҚарағандыдағы

кеншілер ереуіліне ықпал етті. Олар экономикалық жəне саяси талаптар көтерді: еңбекақыны арттыру, азық түрлерін көбейту, шахталардағы жұмыс жағдайын жақсарту. Сонымен бірге Семей ядролық полигонын жабу,одақтық министрліктердің монополиясын жою мәселелерін көтерді.

Ереуілді тоқтату үшін КСРО көмір өнеркəсібі министрінің келуі кеншілерді тоқтатпады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаев шұғыл ұшып келіп, кеншілермен бірнеше кездескеннен кейін ереуіл тоқтатылды. Республика басшылығы кеншілердің талаптарын орындауға уəде берді.

Конспект сұрақтар

1.1989 жылғы маусымдағы ірі бас көтеру болған өңір:

2.1990 жылдың жазында құрылған қозғалыс:

3.1989 жылы ГДР-де, Румынияда, Чехословакияда, Болгарияда болған саяси толқындардың нәтижесінде қандай үкімет орнады:

4.Еліміздегі славян ұлт өкілдерінің мүддесін қорғау үшін құрған ұйым:

5.Қазақстан аймағында құрылған неміс ұйымы:

6.Қай жылы Қазақстан алғашқы Орал казактарының ұйымы құрылды:

7.“Невада-Семей” қозғалысы қандай сипатта болды:

8.Партияның барлық іске араласуына шек қойыла бастады:

9.Қарағанды кеншілерінің ереуілі болған мерзім:

10.Қозғалыстар мен саяси бірлестіктер пайда бола бастаған мерзім:

31. Экономикада қалыптасқан жағдай

“ Қазақ КСР-індегі меншік туралы заң ” бұған дейінгі социалистік қоғамдық даму бағытынан бас тартып, экономикада түбегейлі бетбұрыс жасап, нарықтық қатынастарды енгізудің бастамасы болды. Қазақстан экономикасы да нарықтық қатынастарға бағыт алды, кооперативтер, жекеменшік фирмалар, шағын кәсіпорындар көптеп құрыла бастады.

Республика экономикасына халық шаруашылығының қалыптасқан салалық құрылымы кері əсер етті. Республиканың Ресейге экономикалық тәуелділігі арта берді. 1988 жылы республикадан сыртқа 6,7 млрд. сомның өнімі шығарылды, сырттан 13,8 млрд. сомның өнімі əкелінді. Кейбір кәсіпорындар ұзақ мерзімге тоқтауға мәжбүр болды. 1991 жылы республика кəсіпорындарының 11%-ын құрайтын 533 зауыт пен фабрика жылды шығынмен аяқтады.

1980 жылдардың соңында Орталық тарапынан бақылаудың әлсіреуінен республикалардың тікелей шетелдермен экономикалық, сауда байланыстарын жасау мүмкіндігі арта түсті. Қазақстан сыртқы рынокқа неғұрлым белсенді шыға бастады. Экспорттың 97%-ы шикізаттар, материалдар, жартылай дайын өнімдерден тұрды. “Қазақ КСР-індегі еркін экономикалық аймақ туралы” жəне “Қазақ КСР-індегі шетел инвестициялары туралы” заңдар қабылданды. Республикалық сыртқы экономикалық байланыс министрлігі, Сыртқы экономикалық банк құрылды. Экономикалық ассоциациялардың, корпорациялардың құрылуы сауданың дамуына әсер етті. 1990 жылы сыртқы сауданың көлемі 1,5 есе өсті. Бірлескен кәсіпорындар мен банктер құрыла бастады.

1990 жылғы қарашада “әл- Баракабанк-Қазақстан» банкісі Сауд Арабиясымен бірлесе құрылды. Корея республикасының “Самсунг”

корпорацияcымен байланыс орнады. Қазақстанның Қытаймен сауда байланысы артты. Алматы – Үрімші əуе, Жəркент – Инин тасжол қатынасы ашылды. 1991 жылдың бірінші жартысында республикада 24 елдің қатысуымен 35 біріккен кəсіпорын ресми тіркелді.

Шетел кариталын көптеп тарту үшін шетелдік инвесторлар 5 жылға дейін пайда салығынан босатылды. Біріккен кəсіпорындар көпшілік қолды тауарлар шығаруға тиіс болды.

Конспект сұрақтар

1.1991 жылы республикадағы біріккен кəсіпорын саны:

2.1991 жылы шығынмен шыққан кəсіпорындар саны:

3.1991 жылдың І жартысында Қазақстанда қанша елдiң қатысуымен 35 бiрiккен кәсiпорын ресми тiркелдi:

4.1991 жылы шығынмен шыққан 533 зауыт пен фабрика республика кәсiпорындарының қанша пайызын құрайтын еді:

5.Шетелдер капиталын тарту мақсатында Республикада қабылданған жаңа заңдар бойынша сырттан тартылған инвесторларды қанша жыл салықтан босатты:

6.Қазақстан Корея республикасының қай корпорациясымен байланыс орнатты:

7.Қай жылы елімізден сыртқа 6,7 млрд сомның өнiмi шығарылғанда, 13,8 млрд сомның өнiмi сырттан әкелiнген едi:

8.Қай жылы Сауд Арабиямен бiрiгіп “әл-Баракабанк-Қазақстан” банкi құрылды:

9.Бірлескен кәсіпорындар мен банктер құрыла бастаған мерзім:

10.Нарықтық қатынастарды енгізудің бастамасы болды:

32. Тәуелсіздік жолында. Тәуелсіздік жолындағы қадам

1988 жылдан бастап, Балтық бойындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстар тарапынан жаңа одақтық шарт жасау туралы мәселе қойыла бастады. Бұл мәселе КСРО халық депутаттарының I съезінде көтерілген болатын.

1989 жылғы маусымда КСРО халық депутаттарының І съезінде Кеңес қоғамының дағдарысқа ұшырау себептерін талдауға талпыныс жасалды. Онда нарықтық қатынастарға көшу, жекеменшікті енгізу, тоталитарлық империяның орнына демократиялық, азаматтық, құқықтық қоғам орнату мәселелері ай тылды.

КСРО-дағы реформалардың жүргізілу барысындағы түбегейлі бетбұрыстар осы кезеңнен басталды.1990 жылдың күзінде КСРО құрамындағы республикалар өз егемендіктерін жариялай бастады. Ұлттық республикалардың тәуелсіздікке бағытталған қадамдарын орталық басшылары сепаратизм және жершілдік, ұлтшылдық деп бағалады. Ресей Федерациясының өз егемендігін жариялауы кеңестік жүйеге ауыр соққы болып тиді.

1990 жылы сәуірде республиканың Жоғарғы Кеңесінің ұйғаруымен Қазақ КСР-і Президентінің қызметі тағайындалды. Тұңғыш президент болып Н.Назарбаев сайланды. 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация” қабылдады. Аумағына, табиғи ресурстарына, суына республика ерекше меншік құқығын жариялады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері көрсетілді. Халықаралық қатынаста республиканың дербестік танытатыны айқындалды. Декларацияның тарихи маңызы: республиканы толық тəуелсіздікке бастап апаратын шынайы қадам болды.

Жоғарғы Кеңес жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдады. Тұтас парламенттік аппарат құрылды. Халықаралық қатынастардағы жаңа бағыт ретінде Семейдегі атом полигонының жабылуының маңызы зор болды. Қазақстан Президенті Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру жөнінде, Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорын құру жөнінде, Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде Жарлықтар шығарды. Қазақстан 1990-1991 жылдары Беларусь, Əзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украинамен экономикалық шарттар, ынтымақтастық келісімдер жасасты.

Конспект сұрақтар

1.1990-1991 жылдары Қазақстанның экономикалық шарттар, ынтымақтастық келісімдер жасасқан елдері:

2.1990 жылы Қазақ КСР-i алғашқы Президентiнiң қызметiне кім сайланды:

3.Балтық жағалауындағы республикалардың егемендігін жариялауына билік қандай қарсы шаралар қолданды:

4.Егемендiгі туралы декларацияны қабылдаған Балтық жағалауындағы мемлекеттiң бірін көрсетіңіз:

5.Не себепті 1990 жылы Алматы қалалық партия комитетi үйiнiң алдында жастар жиналып, аштық жариялады:

6.Қай жылдан бастап Балтық бойындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстар тарапынан жаңа одақтық шарт жасау туралы мәселе қойыла бастады:

7.Қай жылы Н.Назарбаев Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды:

8.Қай жылы Қазақ КСР-i Президентiнiң қызметiне тағайындалды:

9.Кеңес қоғамының дағдарысқа ұшырау себептерін талдады:

10.КСРО құрамындағы республикалар егемендіктерін жариялай бастаған мерзім:

11.“Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация” қабылданды:

33.Егемендік жағдайындағы саяси даму

1991 жылдың жазына қарай егеменді республикалар Одақтық шарт қабылдау мәселесіне келіп тірелді. 1991жылы 20 шілдеде Қазақстан Компартиясы ОК кеңейтілген IV пленумы болып, жаңа одақтық шарттың жасалуын жақтаған баламасыз шешім қабылдады. Республикалар өкілдерінің шартқа қол қоюға жиналуына үш күн қалғанда мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды. Тарихта “тамыз бүлігі” деп аталған бұл акцияны ұйымдастырушылар өздерін “Кеңес басшылығы” деп атап, КСРО-ны қайта қалпына келтіруді мақсат етіп қойғандарын мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылысы КСРО-да, сонымен бірге Қазақстанда да үлкен абыржушылық туғызды. 1991 жылы 19-20 тамыз күндері Н.Назарбаев теледидардан мәлімдеме жасады: “Төтенше жағдай жариялау елдің негізгі заңына сәйкес емес, сондықтан да үш адамнан тұратын басшылықтың жарлықтары мен құжаттарының заңды күші жоқ, сонымен қатар олар республикалардың мемлекеттік егемендік туралы декларацияларын аяққа басу болып табылады”.


<== previous lecture | next lecture ==>
Есім хан (1598-1628) 17 page | Есім хан (1598-1628) 19 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 3.571 s.