Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Доцент Кошкинбаев А.С. 2 page


Date: 2015-10-07; view: 714.


Қарахан мемлекеті XI ғ. 30 жж. соңында Батыс хандығы - Мауараннахр (орталығы Бұқара) және Шығыс хандығы – Жетісу мен Шығыс Түркістан (орталағы Баласағұн) болып бөлінеді.

Мемлекет басшысы – хақан (хан) – сонымен Қарахан әулетінің басшысы болып есептелді. Уәзір ханның ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Хан төңірегінде сарай адамдары болды, олардың арасында сарай күзетінің бастығы (қапығ-башы), есік қорғаушылар (қорықшылар), қазынашылар (ағнашылар) және т.б. болды.

Қарахан мемлекетінде аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Хандар өздерінің туысқандары мен жақындарына белгілі бір ауданның, облыстың не қаланың халқынан, сол уақытқа дейін мемлекет пайдасына алынып келген салықты өзіне жинап алу хуқын тарту етеді. Мұндай салық «икта» деп аталады, ал оны жинап алатынды иктадар, ихташы деп атаған.

Халықтың ең басты тірлігі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болған. Сонымен қатар XI-XII ғғ. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда егіншілікпен айналасқан.

Ислам діні мемлекет дініне айналуына байланысты, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға бастайды. Бұл салада Ж.Баласағұнның, М. Қашғаридың, А.Яссауидың есімдері белгілі болады.

Негізгі әдебиет:

1. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. Көне дәуірден біздің заманымыздың XIV ғасырына дейінгі кезең. Алматы, 1996.

2. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

3. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан. Алматы, 1995.

4. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. I том. Алматы, 1996.; II том. Алматы, 1997.; III том. Алматы, 2002.

5. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

6. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

7. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алма-Ата, 1992.

Қосымша әдебиет:

1. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы, 1986.

2. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1991.

3. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы, 1994.

4. Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. Алматы, 2000.

5. Махмұт Қашқари. Түркі тілінің сөздігі. 1-2 том. Алматы, 1996.

6. Махмұт Қашқари. Түркі тілінің сөздігі. 3 том. Алматы, 1998.

7. Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. Алматы, 2002.

8. Кляшторный С.Г., Савинов Д.Г. Степные империи Евразии. СПб., 1994.

Бақылау сұрақтары:

1. Түркілер аз уақыттың ішінде бүкіл Орталық Азияда саяси үстемділікке жетіуінің негізгі себептерін айқындаңыз.

2. Түрік және Батыс-Түрік қағанаттарының ыдырау себептерін ашып көрсетіңіз.

3. Сұлук-қаған тұсында Түргеш мемлекеті ерекше күшейді. Қағанның сыртқы саясатына талдау жасаңыз. Ерлігіне қарай арабтар оған қандай лақап есім берді?

4. 751 жылы арабтар мен қытайлықтардың арасындағы Атлах шайқасының Орталық Азия халықтарының тағдырында қандай тарихи маңызы бар?

5. Қарахан мемлекетінің (940-1210 жж.) ішкі және сыртқы жағдайының гүлденуіне не себеп болды?

 

 

3-тақырып. Қазақстан монғол шапқыншылығы дәуірінде (2 сағат)

1. Монғол империясының құрылуы (XIII ғасырдың басы).

2. Шыңғыс ханның шапқыншылық жорықтары және ұлыстардың құрылуы.

Дәрістің мақсаты:XII ғасырдың соңы – XIII ғасырдың басындағы Орталық Азияның далалы аймақтарындағы саяси ахуалды сипаттау, монғол империясының құрылу себептерін анықтау, тұлғалық қайраткер ретінде Шыңғыс-ханның Орталық Азия халықтарының тарихында алатын орнын көрсету.

Негізгі терминдер: цитадель, шахристан, рабад, ұлыс, құрылтай, Қарақорым, «Отырар апаты», нойон, «Ұлы Ясы», Мауераннахр, Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы.

1.XII ғасырдың аяғында – XIII ғасырдың басында Орталық Азияда Моңғол феодалдық мемлекеті құрылды. Оның негізін қалаған Темучин болды. Тарихтағы бір деректері бойынша ол 1155 ж., екінші бір деректер бойынша 1162 ж. ірі нойон Есугей-бағадурдың отбасында дүниеге келген. 9-жасынан әкесінен айырылып ол жастайынан көптеген қиыншылық пен қорлықтарды кешеді. Ер жете келе, ол негізгі қарсылықтарының барлығын жеңіп, моңғол тайпаларын өзінің қол астына біріктіреді. 1206 ж. Онон өзенінің бойында моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда Темучинді салтанатты жағдайда Шыңғыс-хан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды. «Шыңғыс» сөзінің мәні әлі күнге толық анықталған жоқ. Бірқатар шығыстанушылардың пікірі бойынша, ол түрік-монғол «теңіз», «мұхит» сөздерінен шыққан дейді. Сонымен «Шыңғыс-хан» деген құрам «Мұхит-хан», «Мұхиттің әміршісі», «Әлемдік хан» ұғымын білдіреді.

Шыңғыс-хан заманынан бастап «монғол» сөзі мемлекеттің (Еке Монғол улус – Ұлы монғол мемлекеті), кейінірек тұтас халықтың аты ретінде де қолданныла бастады. Шыңғыс-хан өкіметінің айырым белгісінің бірі – тоғыз шоқтықты «үлкен, тұтас ақ ту» еді, ал ер тоқымы мен ат әбзелдері алтыннан жасалған айдаһарлардың бейнелерімен әшекейленген. Шыңғыс-хан әскери ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алады. Бүкіл жерін оң қанат, сол қанат және орталық атты үш әскери-әкімшілік бөлікке бөлінген. Монғолия 95 әскери-әкімшілік ауданға бөлінді, олар мыңбасы-ноян бастаған мың сарбаздан шығаруға міндетті болған. Хан ордасында қызмет атқаратын және империяда жеңілдікті әскери ақсүйектер жағдайындағы жеке ұлан (саны 10000 адамға дейін) құрылған еді. Көне дәстүрлерге сәйкес, монғолдардың бүкіл әскері ондықтарға, жүздіктерге, мыңдықтарға, онмыңдықтарға, яғни түмендерге бөлінген.Қару ұстауға қабілетті ер адамдарының бәрі осы бөлімшелерде қызмет атқаруға міндетті болған.

Монғол имперясының құрылуы енді мемлекетті басқарудың жалпы, жазбаша тұжырымдалған құқықтық нормалар мен заңдар жинағының қажет екендігін көрсетті.Осы мақсат үшін көшпенділердің әдеттегі құқығы пайдаланылды, алайда оны жаңа жүйеге келтіріліп өзгертілді. Сонымен заңдар мен нұсқаулар жинағы «Ұлы Жаса» немесе «Шыңғыс-ханның Жасасы» деп аталды. «Жаса» - «қаулы», «заң» дегенді білдіреді. Жорамал бойынша «Ұлы Жаса» 1206 ж. жалпымонғолдық құрылтайында қабылданып, 1218 ж. қайта қаралып, 1225 ж. бекітілді.

Шыңғыс-хан өзін хан көтерген ақсүйектердің көңілінен шығу үшін көршілес елдерді жаулап алып, оларды талап-тонау үшін үлкен әзірлік жүргізеді.

1207-1208 жж. қысында Жошы Енисейдегі қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да халықтарын бағындырады. 1211 ж. Шыңғыс-хан әскері солтүстік Қытайға бет алды, ал 1215 ж. таман Қытай имперясының астанасын жаулап алады.

Қытайда моңғолдар соғыс ісінің сол замандағы жоғары техникасымен танысты (көптеген қару-жарақ, қамал бұзатын машиналар). Сөйтіп, ол Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленеді.

Шыңғыс-хан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғыс-ханның Орта Азияға қарсы жорығына жол ашылды.

Ал сол кезде, бүкіл Қазақстан және Орта Азияны мен Мухаммад-Хорезм-шах билеп отырған. Шыңғыс-хан Орта Азияға ашық жорыққа аттану үшін бір сылтау іздейді. Көп кешікпей бір сылтау табылады. 1218 ж. Шыңғыс-хан Отрар қаласына бір сауда керуенін жібереді. Бұл оқиға тарихқа «Отрар апаты» деген атпен кіреді.

2.Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғыс-хан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтарымен қоса жалпы саны 120-150 мың адамнан тұратын әскер құрады. Жорық 1219 ж. қыркүйек айында Ертіс жағалауынан басталады. Моңғол әскері Отырар қаласына таяп келгенде Шыңғыс-хан әскерін бір неше бөлікке бөледі: Шағатай мен Үгедей басқарған бірнеше түменді Отырарды қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен төмен жібереді, үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру үшін жібереді. Шыңғыс-хан кіші ұлы Төлемен әскердің негізгі күштерімен Бұхараға қарай бет алады.

Мухаммад-Хорезм-шах моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді, ол әскери күштерін әр қалаға бөліп қояды. Мұның өзі Шыңғыс-ханға өте қолайлы болады.

1219 ж. қыркүйекте моңғол әскерлері Отырарға келіп, оны қоршауға алады. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азия халық бұқарасының моңғол басқыншылығына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Моңғолдар бұл қаланы 6-ай бойы ала алмады.

Қаланың құлауына опасыздық себеп болады. Әскер басшыларының бірі – Қараджа-хаджиб түнде қала қақпасынан шығып, моңғолдарға өтіп кетеді. Қаланы қоршап тұрған моңғол әскері осы қақпа арқылы қалаға басып кіреді.Осыған қарамастан Гаир (Қаир)-хан бастаған әскердің бір бөлігі мен қала тұрғындары оның ішкі қамалына кіріп алып, бір ай бойы қайыспай қарсылық көрсетеді. Сөйтіп, Отырарды жермен жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол әскерлері Шыңғыс-ханға келіп қосылады. Сыр бойындағы қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанады. Соның бірі – Сығанақ қаласы еді. Бір апта бойы қаланың тұрғындары қорғанады, бірақ моңғолдар қаланы жаулап алып, халқын аяусыз қырады. Содан кейін, Үзгент, Ашнас, Жент қалаларын жаулап алады.

Сыр бойындағы қалаларды жаулап алғаннан кейін Шыңғыс-ханның әскері Орта Азияға басып кіреді. Көп ұзамай Бұхара, Үргенш, Самарқанд қалаларын моңғолдар басып алады. Сонымен, 1219-1221 жж. шапқыншылықтың нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс-хан империясының құрамына кіреді.

Шыңғыс-хан жаулап алған жерлерді түгелдей балаларына бөліп береді. Далалық бөлігі Жошы ұлысының құрамына кіреді, оңтүстік және оңтүстік-шыгыс Қазақстанның бір бөлігі – Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі, батыс Монғолия, Тарбағатай Үгедей ұлысының құрамына кіреді.

1227 ж. Шыңғыс-хан қайтыс болғаннан кейін Еке Монғол улус – Ұлы монғол мемлекетініңханы болып 1229 ж. оның ұлы Үгедей сайланды (1229-1241 жж.). 1241-1246 жж. аралығында таққа ие болған Үгедейдің әйелі – Туракина-хатун, ал 1246-1248 жж. билік Үгедейдің ұлы – Гүюкқа көшеді. Гүюқ-хан қайтыс болғаннан кейін Ұлы монғол мемлекетініңісіне Бату-хан араласады. Үгедей ұрпақтарына қарсы тұрған Бату-хан Төленің ұрпақтарына қолдау көрсетеді. Сонымен, 1251 ж. таққа Төленің үлкен ұлы – Мөңке ие болады. 1259 ж. Мөңке хан қайтыс болғаннан кейін Монғол империясында Төленің ұрпақтары арасында билікке талас-тартыстар басталады. 1260 ж. хандыққа екі хан сайланады: Хубилай және Ариг-Бүға. Бірақ, 1264 ж. Ариг-Бүға Хубилайдың билігін мойындайды. Сол жылы Хубилай-хан Монғол империясының астанасын Қарақорымнан Ханбалыққа (Пекин) көшіреді.

Сонымен, XIII ғ. 60-ші жж. Шыңғыс-хан құрған Монғол империясы бірте-бірте жеке дербес мемлекеттерге бөлінеді: Юань империясы – 1260-1294 жж. (Монғолия мен Қытайда). Бұл мемлекеттің негізін қалаған Хубилай – Төленің ұлы. 1258 ж. Иранда Хулагу Төленің тағыда бір ұлы өзінің дербес мемлекетін құрады.

Негізгі әдебиет:

1. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. Көне дәуірден біздің заманымыздың XIV ғасырына дейінгі кезең. Алматы, 1996.

2. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

3. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан. Алматы, 1995.

4. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. I том. Алматы, 1996.; II том. Алматы, 1997.;III том. Алматы, 2002.

5. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

6. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

7. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алма-Ата, 1992.

Қосымша әдебиет:

1. Өтеміс Қажы. Шыңғыс-наме. Алматы, 1992.

2. Д. Оссон. К. От Чингисхана до Тамерлана / Перевод Н. Козьмина. Алматы, 1996.

3. Кадырбаев А.Ш. Казахстан в эпоху Чингиз-хана и его приемниках. XIII-XIV вв. Алма-Ата, 1992.

4. Кычанов Е.И. Жизнь Темучина, вздумавшего покорить мир. М., 1972.

5. Кычанов Е.И. Чингис-хан. Человек и время. М., 1993.

6. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Саранск, 1960.

7. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.Алматы, 2001.

8. Хукхэм Х. Тамерлан – повелитель тюрков. Алматы, 2002.

Бақылау сұрақтары:

1. XII ғасырдың басында Шыңғыс-ханға монғол тайпаларын біріктіруге және Монғол империясын құруға қандай факторлардың ықпалы мүмкіндік берді?

2. Шыңғыс-хан әскерінің жеңістерінің себептері?

3. Шыңғыс-ханның қайтыс болғаннан кейін Монғол империясының ыдырау себептерінің мәні неде?

4-ші тақырып. XIV-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемелекеттер – (2 сағат)

1. Көшпелі өзбек мемлекеті (Әбілқайыр хандығы)

2. Ноғай Ордасы, Сібір хандығы

Дәрістің мақсаты:Әбілқайыр хандығының, Ноғай Ордасы мен Сібір хандығының саяси-әкімшілік құрылымына және әлеуметтік-экономикалық дамуына сипаттама беру.

Негізгі терминдер: Шайбаниттер, харадж, тағар, Мауераннахр, Түркістан, Хорезм, «Маңғыт жұрты»

1.XV ғ. 20 жж. Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде Қазақстанның кең байтақ даласында Шайбан ұрпағы Әбілқайыр өз хандығын құрады. Тарихта бұл мемлекет Көшпелі өзбек мемлекеті немесе Әбілқайыр хандығы деген атпен белгілі. Шайбаниттер Ақ Орда хандарына қарағанда Алтын Орда тағы үшін күреске қатыспай, өз күштерін орынсыз жұмсамаған, сонымен бірге, олар әмір Темір мен оның ұрпақтарынан айтарлықтай қысым көрмеген. Сонымен, XV ғ. 20 жж. Дешті-Қыпшақ даласында Орда-ежен мен Шайбан ұрпақтарының арасындағы күресте, билік Шайбан ұрпағы - Әбілқайырға көшеді.

Әбілқайыр таққа беделді маңғыт әміршілерінің қолдауымен отырады. Сонымен, 1428 ж. құрылтайда 200-дей ірі ру және тайпа билеушілері Әбілқайырға өздерінің сенімдерін білдіріп хандыққа сайлайды. Әбілқайыр хан болып жарияланып, дербес хандық құрып, өкімет билігін 40 жыл бойы ұстап тұрады. Бұл мемлекеттің территорясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатады. Хандықтың ең алғашқы астанасы Батыс Сібірдегі Турақаласы болады, кейін Орда-Базар мен Сығанаққалалары болады. Бұл мемлекеттің саяси тарихы Осман Кухистанидың «Әбілқайыр-ханның тарихы» және Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди» деген еңбектерінде ашылып көрсетілген.

Әбілқайыр-ханның ру-шежіресі:

Шыңғыс-хан – Жошы – Шайбан – Банийал-Баһадур – Жошы-Бүқа – Бадақүл – Минг-Темір – Пулад – Ибрахим – ДавлатШайх - Әбілқайыр

Хандықтың этникалық құрамы, Ақ Орда халқының құрамы сияқты, өте күрделі болады. Бұған, негізінен Ақ Ордаға кірген тайпалар кіреді (қыпшақ, найман, қоңырат, қаңлы т.б.). Ал XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бірінші жартысында осынау тайпалар «өзбектер» деген жалпы этниқалық-саяси атпен белгілі болады.

Әбілқайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Өзін қолдайтын көшпелі тайпалар ақсүйектерінің көңілінен шығу үшін Әбілқайыр – Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаулаушылық соғыстар жүргізеді.1430 ж. ол аз уақытқа болса да Хорезімді басып алыпҮргеншті талапайға салады, ал 1446 ж. Сырдария бойы мен Қаратау баурайындағы – Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алып, Сығанақ қаласын өз хандығының астанасына айналдырады. 50-жж. Әбілқайыр Мауераннахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартыстарымен пайдаланып, Самарқант пен Бұқараға талау-тонау жорықтарын жасайды.

1457 ж. Сығанақ түбіндегі ойраттармен болған шайқаста жеңіліске ұшыраған Әбілқайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қол астындағы көшпелі тайпалардың бір бөлегі Моғолстанға қоныс аударады. 1468 ж. Әбілқайыр оларға қарсы жорыққа шығады, бірақ жолда қайтыс болады. Сонымен қатар, мемлекеті де құлайды.

2.Алтын Орданың ыдыраукезінде пайда болған аса ірі мемлекеттікбірлестіктің біреуі – Ноғай Ордасы болған еді. Батыс Қазақстанда (Еділ мен Жайық арасында) орналасқан Ноғай Ордасында билеуші, ең бір көп тайпаларының бірі – маңғыт тайпасы болған. Ал «ноғай», «ноғайлар», «Ноғай Ордасы» деген атаулар тарихи әдебиетте тек ғана XVI ғ. басында пайда болған, ал ноғайлықтар өзін маңғыт деп, өз мемлекетін – «Маңғыт жүрты» деп атаған.

Ноғай мемлекетінің негізін қалаған әмір Едіге болған. Оның ұлы Нұраддиннің кезінде (1426-1440 жж.) күшейіп, XV ғ. ортасында Алтын Ордадан толық дербес бөлініп шығады.

Басқа көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Оның құрамына маңғыттардан басқа қыпшақтар мен қаңлылар, қоңыраттар мен наймандар т.б. тайпалар кірген болатын.

Ноғай Ордасы Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық және саяси байланыстар орнатады. Ресей мемлекеті Қазан және Астрахан хандықтарын қосып алғаннан кейін, Ноғай Ордасы бірнеше дербес ордаларға бөлініп кетеді. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлегі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кіреді.

Сібір хандығы XV ғ. 60 жж. XVI ғ. аяғына дейін Батыс Сібір территориясымен, Обь, Тобыл, Есіл бойындағы жерге қоса, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Ертістің оң жағалауындағы жердің бір бөлегін қамтыған.

Сібір хандығының негізгі халқы «сібір татарлары» деген жинақы атпен аталатын болатын.

 

Негізгі әдебиет:

1. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. Көне дәуірден біздің заманымыздың XIV ғасырына дейінгі кезең. Алматы, 1996.

2. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

3. Жолдасбайұлы С. Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан. Алматы, 1995.

4. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. I том. Алматы, 1996.; II том. Алматы, 1997.; III том. Алматы, 2002.

5. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

6. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

Қосымша әдебиет:

1. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965.

2. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. (Аударған, алғы сөзін жазған А. Егеубаев). Алматы, 1986.

3. Мұхамед Хайдар Дулати. Тарих-и-Рашиди. Алматы, 1999.

4. Исин А. Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине XV-XVI вв. Семипалатинск, 2002.

5. Калмыков И.Х., Керейтов Р.Х., Сикалиев А.И. Ногайцы. Черкесск, 1988.

6. Құдайбердиев Ш. Қазақ, қырғыз,түрік һәм хандар шежіресі. Алматы, 1990.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Әбілқайыр хандығының (Көшпелі өзбек хандығының) құрылу үрдісі қалай жүрді?

2. Әбілқайыр хандығының (Көшпелі өзбек хандығының) саяси-әкімшілік құрылымы қандай болды?

3. Ноғай Ордасының және Сібір хандығының халқының этникалық құрылымын анықтап көрсетіңіз.

5-ші тақырып. Қазақ халқының этногенезі (2 сағат).

1. Қазақ халқының қалыптасуының антропологиялық және лингвистикалық аспектілері.

2. «Қазақ» этнонимі.

Дәрістің мақсаты: қазақ халқының қалыптасуының негізгі кезеңдерін анықтап көрсету және «қазақ» деген сөздің мағынасын ашып қөрсету.


<== previous lecture | next lecture ==>
Доцент Кошкинбаев А.С. 1 page | Доцент Кошкинбаев А.С. 3 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 2.52 s.