Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Доцент Кошкинбаев А.С. 3 page


Date: 2015-10-07; view: 709.


Негізгі терминдер:этнос, этногенез, антропология, лингвистика, нәсіл.

1.Жалпы тарихи тұрғыдан алғанда, қазіргі адамзат өсуінің кез келген этномәдени тұтас ортақтық қоғамы нақты географиялық мекендеу ортасындағы сан ғасырлық табиғи-тарихи даму процесінің нәтижесі болып табылады. Осы сан қырлы құбылысты объективті түрде зерделеу көптеген білім салалары мен ғалымдардың талай ұрпақтарының міндеті болып табылады.

Әр бір халықтың этногенез процесінің жалпы схемасы төмендегідей болды: жеке рулар, тайпалар, тайпалық одақтар, халықтар, ұлттар – осылармен қатар тілдер де дамыды. Қазақ халқының қалыптасу үрдісінде бір неше кезеңдерді атап айтуға болады. Қазақстан аумағында және бүкіл Орта Азиядағы этногенетикалық процестердің түп тамыры қола дәуірінен басталады. Қазақ даласын қола дәуірінде мекендеген андронов тайпалары өздерінің нәсілдік типті жөнінен европеидтер (европотекті) болған. Ерте темір дәуірінде қазіргі Қазақстан территориясын сақ, үйсін, қаңлы тайпалары мекендеген. Сақ тайпаларын да антропологиялық жағынан европеоидтық нәсілге жатқызуға болады. Үйсіндер мен қаңлыларда да европеоидтық нәсілге тән белгілері болды, дегенмен олардың бет пішінінде монғолоидтық элементтер біршама күшейе бастады, мұның өзі ғұндардың қоныс аударуына байланысты болды. Қазақстан антропологтардың жинаған деректері бойынша, ғұндар басып кіргеннен кейін жергілікті тайпалардың арасындағы монғол антропологиялық компоненттері бір шама өседі. Келесі кезең «түрік» кезеңі деп аталады. Евразияның далалық өңірлерінде VI-XII ғғ. бір-қатар этникалық-саяси және мемлекеттік құрылымдар өмір сүреді, атап айтқанда, Түрік, Батыс-Түрік қағанаттары, түргештер, қарлұқтар, Қарахан мемлекеті, оғыздар, кимақтар, кыпшақтар. Сонымен, түрік дәуіріндегі этномәдени пішіні түрік, дүниетанымы түрік, европеоидтық-монғолоидтық белгілері бар тайпаларды қазақ халқының физикалық жағынан бірден-бір жақын тікелей алдынғы ата-бабасының түріне жатқызуға мүмкіндік берді. Осы кезде монғол элементтері 50 % өсе түсті.

XIII ғасырда болған монғол шапқыншылығы түрік халқының құрамы мен антропологиялық типіне белгілі ықпал жасап, монғолоидтық белгілерді күшейте түсті (70%). Шыңғыс-хан жорығына дейін-ақ Қазақстан территориясына Монғолияны мекендеген көптеген тайпалар, атап айтқанда, найман, керей, меркіт, жалайырлар қоныс аударды. Алайда монғолдар саны көп түрік халқының арасына бірте-бірте сіңісіп, олардың тілі мен әдет-ғұрпын қабылдайды.

Түрік тайпаларының саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын едәуір өзгерте отырып, монғолдардың үстемдігі Евразия аймағындағы этникалық процестердің дамуын да жаңа арнаға түсірді, бұл аумақтағы тұрақты этникалық құрылымдардың – соңғы ортағасырлар халықтарының қалыптасуын тездетуге ықпал жасады.

XIV-XV ғғ. Қазақстан аумағының тұрғындарына байланысты деректемелерде: «өзбек», «өзбек-қазақ», «моғолдар», «ноғайлар» деген ұғымдары аталды. Бұл атаулар осы кезеңде Қазақстан аумағында өмір сүрген Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы мемлекеттерінің тұрғындарына қатысты айтылады. Олар халықты емес, этносаяси қауымдастықты құрады.

XV ғасырдағы осы этносаяси қауымдастықтардың этникалық құрамы іс жүзінде бірдей болды. Деректемелерде қыпшақ, найман, қоңырат, қарлұқ, үйсін, керей, маңғыт сияқты ірі тайпалардың өкілдері жие аталады.

Қазақ халқының қалыптасуының маңызды кезеңі Қазақ хандығының құрылуымен байланысты. Қазақ хандығы дәуірінде, XV-XVII ғғ. Қазақстанның кең-байтақ аумағындағы тұрғындарға іс жүзінде ортақ, негізгі белгілері мен қазақ этносының өзіне тән материалдық және рухани мәдениеті бекіп жетілді.

Халықтың құрылуы – ұзақ процесс, оның түпкілікті құрылу мерзімін белгілі бір нақты уақыт кезеңімен дәл байланыстыру қиын. Дегенмен тарихи, археологиялық-этнографиялық, антропологиялық және лингвистикалық деректемелер жиынтығы, қазақ халқының құрылу процессі XV-XVI ғғ. негізінен аяқталды деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

2.Зерттеушілер екі жүз жылға жуық уақыт бойы «қазақ» терминінің шығуын түсіндіруге және оның семантикасын ашуға әрекет жасап келеді. Айтылған көзқарастар ауқымы өте кең, алайда, «қазақ» сөзін түсіндіретін түпкілікті пікірді, әзірше ешкім айта алған жоқ.

Қазақ атауының шығу тегі туралы мәселені шешкен кезде зерттеушілердің едәуір бөлігі тайпа атауына терминологиялық сәйкестікті іздестіру жолына түсті.

Тарихнамада қабылданған ұқсастыру жөнінде мынандай негізгі болжамдар бар. Н.Карамзин мен А. Вамберидің пікірін қолдаған зерттеушілер көбінесе Византия императоры Константин Багрянородныйдың (X ғасырдың шені) Кавказдың солтүстік-батысында жатқан «Казахия елі»деп айтқан мәліметтерін келтіреді. Айтылуының үндестігі негізінде авторлар «Казахия» терминінде қазақ этнонимі көрініс тапқпн деп санайды. Сөйтіп осы негізінде қазақ халқы X ғасырдан бастап белгілі болған деген тұжырым жасалады.

Казахия және қазақ халқы атауын ұқсастыру тарихшылардың қосымша материалдар, атап айтқанда, мұсылмандар дүниесінің жазбаша деректемелерінен алынған материалдар тарту мүмкіндігін кеңейтті. Мәселең, араб тарихшысы әрі географы әл-Масудидің (X ғ.) «Китаб ат-танбих ва-ль-ишраф» деген шығармасында Кубань өзені ауданындағы кавказ халықтары мен тайпаларының атаулары арасында кашак этникалық қауымы - әл-касакия атап өтілді. Көрнекті неміс шығыстанушы И. Маркварт бұл екі терминнің бір ғана этнос – касогтардыңатауын беретіндігін көрсетті. Касогтар туралы орыс жылнамаларында да айтылады. «Касог» термині бірінші рет VIII ғасырдың аяғы - IX ғасырдың басында монах Епифанийдің шығармасында ауызға алынады. Бұл ақпардан касах, касахия, касак, кашак, касог атаулар ерте ортағасырлардағы белгілі бір шағын кавказ тайпасын білдірудің әр алуан түрлері болып табылады деген тұжырым шығады. Кавказтанушылар касогтарды Кіші Азияның хетто-несит дәуіріндегі каска/кашка этнонимімен көптен бері жақындастырып жүр. Касогтар автохтондық кавказ тілдерінің біреуінде сөйлейтін абхаз-адыгей тобының ерекше кіші тобына кірген. Тілі, шыққан тегі, тұрмыс жағдайы және дене тұрпатының ерекшеліктері жағынан олардың қазақтардан және олардың түркі тілдес ата-бабаларынан айырмашылығы күшті. Касогтардың этникалық бөліну процестері және соларға байланысты Кавказдан орта ғасырлар дәуірінде Қазақстан аумағына көшуі байқалған жоқ. Сондықтан касогтардың қазақтармен байланысы туралы пікір ешқандай сын көтермейді.

Фин алтайшысы Г. Рамстедке барып тірелетін тағы бір пайымдауды көрсете кетуге болады, ол қазақ терминін монғолдың «хасаг-терген» деген сөз тіркесінен шығарады. «Қасиетті жылнамада» айтылатын бұл қоссөзді ұғым арбаны білдірген. Иранист А. Семенов қолданған бұл көзғарастың еш дәлелі жоқ. Оның иланымды болмайтын себебі – синхрондық тұрғыдан алғанда да, тарихи перспективасы тұрғысынан алғанда да «хасаг-терген» термині Қазақстандағы мекендеген түркі тілділер арасында арбаның атауы ретінде көрініс таппаған.

Енисейден табылған VIII ғасырдағы ертедегі түрік ескерткішінен В. Радлов «қазғақым оғлым» (менің асырап алған ұлдарым) деген тіркесті оқыған. Сыртқы ұқсастығы жағынан ғана емес, сонымен қатар «қазғақ» және «қазақ» терминдері мәндерінің жақындығы негізінде В. Юдин бұл сөздерді салыстыруға болады деген. Зерттеушінің пікірінше, «қазғақым»ұғымындағы «ғ» дыбысының VII-VIII ғғ. түріктердің ауызекі сөзінде қолданылуы әбден мүмкін, ал кейініректе түсіп қалып, бұл сөздің қазақ түріне ие болуы ықтимал. Ол «қазғақ» түріндегі «қазақ» терминін кейіннен этникалық мағынаға ие болған саяси мәні жағынан алып қараған. Бұл көзқарас түркі тілдерінің тарихи фонетикасының заңдылықтарымен үйлеспейтіндігі себепті ол бұдан кейін мамандар тобынан қолдау таппады.

Фирдоусидің (935-1020) «Шахнамасында» қазақ халқы және қазақ хандары туралы айтылғаны жөнінде А. Левшин пайымдауы негізінде кейбір ғалымдар қазақ халқының құрылуын X ғасырға жатқызады. Солай бола тұрса да, ғылыми әдебиетте шығыстанушылар парсы авторының тарихи дастанында «қазақ» термині туралы ешқандай ақпарат жоқ екенін талай рет көрсетті. Бұл түсініспеушілікті түсіндіруге болады, өйткені А.Левшиннің қазақтар туралы өз білімі қаншалықты мол болғанымен, алайда ол араб және парсы тілдерін білмеген.

Сонымен, ұсынылатын болжамдардың көп жағдайларында салыстыруға келмейтін атаулар салыстырылады. Сонан соң, этнонимдер нақты-тарихи көзқарастардың бұкіл жиынтығында емес, қайта оқшау алып қарастырылды. Соның ішінде этникалық процестердің өзі – этностағы уақыт жағынан өзгерістер ескерілмеді.

«Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіздер бар. Бірқатар түркологтардың пікірі бойынша, «қазақ» терминінің бастапқы таралған жері Шығыс Дешті-Қыпшақпен байланысты болған. Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1242жылы мамлюктік Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірінші рет қолданылған деп саналып жүр. Онда «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген мән беріледі. Бұл семантика «қазақ» терминіне әлеуметтік мағына берілген және өз руынан, тайпасынан, мемлекетінен бөлініп шығып, тіршілік құралдарын соғыс істеріне қатысу арқылы тапқан адамдарды білдірген.

Қазаққа айналу институт ретінде ауқымды, сатылы сипатта болды. Ол түркі тайпалары арасында да, араб Шығысының (су луқ), Шығыс Европаның (норвег викингілері), Русь (бродниктері) және т.б, қоғамдарында да орын алды.

Баяндалған материал IX-X ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ қыпшақтарының қоғамында «қазақ» атауымен әлеуметтік, ал XI-XII ғғ. этникалық-әлеуметтік топтардың болғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ал XV ғ. екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болды.

Негізгі әдебиет:

1. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

2. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. I том. Алматы, 1996.; II том. Алматы, 1997.; III том. Алматы, 2002.

3. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

4. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

5. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алма-Ата, 1992.

6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 1997.

7. Маданов Х., Мусин Ч. Ұлы дала тарихы. Алматы, 1994.

Қосымша әдебиет:

1. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1991.

2. Исмагулов О.И. Население Казахстана от эпохи бронзы до современности. Алма-Ата, 1970.

3. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы, 1997.

4. Құдайбердиев Ш. Қазақ, қырғыз,түрік һәм хандар шежіресі. Алматы, 1990.

5. Масанов Э.А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. Алма-Ата, 1966.

 

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ халқының қалыптасу үрдісі неше кезеңдерден тұрады?

2. Қазақ халқының қалыптасу үрдісі қашан аяқталды?

3. «Қазақ» деген сөздің (терминнің) мағнасын ашып көрсетіңіз.

 

6-ші тақырып. XV-XVIII ғғ. қазақтардың қоғамдық-саяси құрылымы (2 сағат)

1. Қазақ қоғамының саяси құрылымы және әлеуметтік жіктелу.

2. Қазақ жүздері және олардың рулық құрамы.

Негізгі терминдер:адат, шариғат, ақсүйек, қарасүйек, сұлтан, төре, қожа, бий, батыр, ақсақал, төлеңгіт, жүз, зекет, ұшыр, соғым, сыбаға, қаналға, жамалға.

Дәрістің мақсаты:XV-XVIII ғғ. қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси құрылымына сипаттама беру және «жүз» деген сөзге тоқталып анықтама беру.

1. XV-XVIII ғғ. казақ қоғамынын ерекшелігі – екі әлеуметтік топқа бөлінуі – ақсүйек және қара-сүйек.Ақсүйектер сырттан ешкімді өткізбейтін жабық әлеуметтік топ болып есептелген. Оларға тек тікелей Шыңғыс-ханның ұрпақтары – сұлтандаржәне Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары болып есептелген – қожаларжататын болатын. Ал қоғамның басқа да әлеуметтік топтары қарасүйектерге жататын. Олардың ішіне – билер, батырлар, ақсақалдар, тархандаркірген. Қарасүйектердің ақсүйектерге қарағанда айырмашылығы – мәртебесі ашық әлуметтік топ болған, оған жеке қасиеттері мен мүліктік жағдайына қарай кез келген адам қол жеткізе алатын.

Барлық әлеуметтік иерархияның ең биігі хан атағы берілген адам еді. Олар төрелердін арасынан сайланған болатын. Хан билігі белгілі бір құқықтармен белгіленді және бірқатар міндеттер атқаруымен байланысты еді. Ханның бұл құқықтары мен міндеттері кем дегенде бесеу болатын

1. Билік етуші әулеттің басшысы және барлық қазақ тайпаларының жоғарғы сюзерені ретінде ханның бұкіл хандық аумағына, ұлысқа қарасты барлық жерге жоғары дәрежеде билік ету құқығы, оның негізгі қызметі мен басты міндетінен – елді сыртқы жаулардан қарумен қорғауынан туындайтын құқығы болды.

2. Соғыс жариялау және бітім жасау құқығы тек ханға берілді.

3. Ханның шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізуге.

4. Ханда өзіне бағынышты адамдарды өлтіру немесе тірі қалдыру құқығы – оның жоғарғы билік міндетінен туындайтын құқығы болды.

5. Сондай-ақ, ханда заңдар және қоғамның барлық мүшелері үшін міндетті бұйрықтар шығару құқығы – оның сол кездегі қоғамдық құрылыс пен тәртіпті сақтау міндетінен туындайтын құқығы болды.

Қазақ қоғамында сұлтандар мәртебесі жоғары, ең беделді әлеуметтік топ болып есептелген және қоғамның әлеуметтік, саяси, әскери өмірінде зор рөл атқарған. Олар Шыңғыс-хан ұрпақтары тармақтарының біріне жататын және жүздердің генеалогиялық қүрылымына кірмейтін адамдар тобын біріктірген. Тек сұлтандардың ғана хан атағына ие болу хұқығы болды.

«Сұлтан»деген сөзалғашқы кезде «билік», «үстемдік»деген мағынада қолданылған. Тек ғана X ғасырдан бастап бұл термин қолында билігі бар белгілі, жеке адамды белгілеген. Мысалы Осман империясында жоғары билеушілерін «сұлтан» деп атаған. Ал Орта Азияда XIV ғ. бастап бұл сөз Шыңғыс-хан әулетінен тараған өкілінің лауазымы болып қолданыла бастады. «Сұлтан» деген сөзбен бірге қазақ қоғамында «төре» деген сөз кеңінен қолданыла бастады. Қазақ төрелері өз тегін Шыңғыс-хан ұрпақтарының үлкен тармағынан – Жошы ұрпақтарынан тараған деп есептеген. Сұлтандардың басқа да қоғам мүшелері алдында ерекше артықшылықтары болған. Атап айтқанда, олар әскери міндеткерліктен басқа ешқандайда міндеткерлік атқармаған, оларға дүре соғуға болмаған және оларды билер соты соттамаған тек хан соты ғана соттай алатын болатын. «Жеті Жарғы» заңдар жинағында сұлтандарға немесе қожаларға тіл тигізген үшін 9 мал ал кол тигізген үшін 27 мал төленген. Ал оны өлтіргендік үшін қарасүйектер арасынан қатардағы 7 адамды өлтіргендік үшін алынатын құнға тең материалдық өтем – құн төлеу көзделген.

Қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды рөл атқарған қожалар болды, олар даақсүйектер тобына жатқан. Барлық салт-жора ғұрыптары – сүндеттеу, үйлену тойы, жерлеу және ас беру - қожалардың тікелей қатысуымен өткізілді.

Қарасүйектердің арасында билер өте маңызды орын алған, олар көшпелі қоғамында сот билігі қызметін жүзеге асырып отырған. «Би» деген сөзді шешен, тапқыр адамдар деп түсіну керек. Билердің күші мен ықпалы дәстүрді білуі, шешендік шеберлігі, қауымдардың мүдделерін қорғай білуі сияқты жеке қасиеттеріне де байланысты болды.

XV-XVIII ғғ. қазақ қоғамында әскер басшылары – батырлардың маңызы мен саяси ықпалы зор болды. «Батыр», «баһадүр» деген түрік-монғол сөзі бастапқыда шайқас алдында жауды жекпе-жекке шақыратын ержүректі білдірген. Кейінен бұл термин сыртқы жаулармен күресте жеке батылдық көрсеткені, не соғыс қимылдарында шебер басшылық жасағаны үшін алатын кұрметті атақ ретінде жиі қолданылатын болатын. Алайда батыр – ержүрек адамның атағы ғана емес, сонымен қатар көбінесе әскери міндеттерді жүзеге асырумен айналысатын адамдардың жеке дара қасиеті. «Батыр» атағы ешқашан мұраға қалдырылатын болмаған, оны тек жеке ерлікпен алған. XVII-XVIII ғғ. батырлардың беделі мен әлеуметтік маңызы өседі, мұның өзі сыртқы қауіпке байланысты болатын.

Қазақтардың үстем табының саны ең көп тобы көшпелі қауымдардың барлық буындарында әлеуметтік-реттеушілік міндеттерді жүзеге асыратын ақсақалдарболды. Қазақтарда ақсақал деген атқа зор интеллектуалдық қабілеті және бай тәжірибесі бар адамдар ғана ие болды.

Сұлтандарға қызметте жүрген адамдар төлеңгіттердеп аталды. Бұл топтың пайда болуы өзара қырқыстарға және жоңғарларға қарсы көпжылдық күреске байланысты, сол кезде жоғарғы биліктегілерге «қызметші» адамдар өте қажет болған еді.

Құлдартәуелді халық топтарына жатты, олар тұтқынға түскен арасынан алынды. Құлдар негізінен жеке қожалықта: мал бағуға, егістікті өңдеуге, ақсүйектердің үй ішіндегі жұмыстарына пайдаланылды. Алайда қазақтарда құлдық кең таралған жоқ.

2.Кез келген этноәлеуметтік организмнің өз аумағы шегінде экономикалық байланыстардың белгілі бір қауымдастығы болады. Қазақ халқыңың ерекше этноәлеуметтік, шаруашылық-мәдени қауымдастықтардың бірі – жүздер болып табылады. Қазақ халқының тарихында – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз.

Жүздердің тарихымен көптеген зерттеушілер айналысты және айналысып келеді, ал бұл мәселе жөніндегі пікірлер әр түрлі. Мысалы, С. Аманжолов ертедегі қазақ жері үш жүзге монғолдарға дейінгі кезеңде – X-XII ғғ. бөлінді деп санайды. Н. Аристов бұл процесті жоңғар шапқыншылығы дәуіріне жатқызады. Ш. Уәлиханов қазақтардың «үш жүзге» бөлінуі «өздері көшіп жүретін жерлерде өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін одақтар құрған» «аласапыран кезге» (Алтын Орданың ыдырау кезеңіне) байланыстырады.

В. Бартольд жүздердің пайда болу себебін қоршаған табиғатқа байланысты көшпелі мал шаруашылығын жүргізу жағдайларының айырмашылығында деп біледі. Осындай аудандардың бірі – Жетісу мен Сырдарияның орта ағысы, екіншісі – Сарысу өзені мен Сырдарияның төменгі ағысы, үшіншісі - қазіргі Батыс Қазақстан аумағы болатын. В. Бартольдтің пікірінше, жүздердің құрылуына да осылайша оқшаулану себеп болған.

В. Бартольдтің пікірін М. Вяткин қолдап және одан әрі дамытып, географиялық фактормен қоса саяси процестер де зор рөл атқарғанын айтты. «Жекелеген ордалардың ерекше саяси одақтар ретінде қалыптасуын» М. Вяткин XVI ғасырдың аяғына жатқызады.

«Бізде», - деп жазады Т. Сұлтанов, - жүздердің қашан және қалай құрылғаны туралы нақты мәліметтер жоқ».Бұдан кейін Т. Сұлтанов XVI ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамы ұйымдасуының бір нысаны екінші нысанымен – Ұлыс жүйесінің жүздерімен біртіндеп ауысуы орын алған деп жорамалдайды.

«Жүз» терминінің шығу тегі туралы нақты пікір және қазақ жүздерінің пайда болу уақытын анықтаудағы үйлесімді келісім осы кезге дейін болмай отыр. Көптеген зерттеушілер қазақ «жүзін» арабтың «джуз» - бір нәрсенің «басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді. Кейбір зерттеушілер бұл ұғымға сандық жағынан қарап, «жүз», «жүздік» деп оларға әскери сипат береді. Қайткенде де қазақ жүздерінің құрылуы негізінде рулардың, тайпалардың белгілі бір географиялық кеңістікте бірігу процессі жатты.

Сонымен қазақ жүздерінің құрылуы – тарихи процесс, ол қазақ халқының этникалық мекенінің қалыптасуымен қатар жүрді. Көптеген этникалық-саяси және шаруашылық факторлар әрекетінің нәтижесінде Қазақстан жерінде негізгі үш этникалық-аймақтық бірлестік – Ұлы жүз (үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, ысты, сіргелі, ошақты, шапрашты, жалайыр, шанышқылы), Орта жүз (арғын, қыпшақ, найман, қоңырат, керей, уақ, тарақты), Кіші жүз (Жетіру – телеу, рамадан, тама, табын, кердері, керейт, жағалбайлы.


<== previous lecture | next lecture ==>
Доцент Кошкинбаев А.С. 2 page | Доцент Кошкинбаев А.С. 4 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 1 s.