Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Доцент Кошкинбаев А.С. 7 page


Date: 2015-10-07; view: 817.


Қазан-желтоқсан айларында Мәскеу түбінде 312, 238, 391, 387-атқыштар дивизиялары, 39-атқыштар, 74, 75-теңіз атқыштар бригадалары үрысқа қатысты.

1942 ж. 17 шілдеде 200 күн мен түнге созылып, Кеңестік қарулы күштердің орасан жеңісімен аяқталған Сталинград шайқасы басталды. Басты бағыттағы ұрыстарға Ақмолада жасақталып, генерал В.И. Чуйковтың 64-армиясының құрамына енген 29-атқыштар дивизиясы қатысты. Қазақстандық екі – 28-гвардиялық және 28-атқыштар дивизиялары – Сталинградтың солтүстік-батысындағы ұрыстарға қатысты. Сталинград шайқасында ерекше өз ерліктерін көрсеткен ұшқыш Н. Әбдіров, минометші Қ. Спатаев т.б. болды.

1943 жылы шілдеде Курск иінінде орасан зор шайқас болды. Курск шайқасында жүзден астам атқыштар дивизиялары, танк корпустары қатысты. Олардың ішінде қазақстандық бірнеше бөлімдер мен құрамалар болды.

100-қазақ ұлттық атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 3-армия құрамында Невель операциясына қатысты. Осы ұрыстарда пулеметші Мәншүк Мәметова ерекше көзге түсті. Ол соғысқа қатысқан 9 мың шығыс әйелдері арасында Кеңес Одағының Батыры атанған алғашқы қарлығашы еді.

Курск иініндегі жеңістен кейін Кеңес Армиясының кең өріс алған жалпы шабуылының аса маңызды бір бөлігі – Днепр өзенінен өту еді. Днепр өзеніндегі ерлігі үшін 123 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олардың арасында атқыштар Т. Ибрагимов, Қ. Ырысбеков, С. Шәкіров, атты әскер Т. Кенжебаев, артиллерист А. Киселев, минометші П. Литвинов т.б. бар еді.

Елдін солтүстік-батыс аудандарын азат етуге Ленинград майданы әскерлерінің құрамында қазақстандық 314-атқыштар дивизиясы, 219-атқыштар полкі белсенділік көрсетті. Волхов майданынан басқа да құрамалармен бірлесе қимыл жасай отырып, 31- атқыштар дивизияласы Новгородты жаудан босатты, осы үшін ол «Новгородтық» атанды. 2-Прибалтика майданы құрамында шабуылға сондай-ақ 391-атқыштар, 8 және 30-гвардиялық атқыштар дивизиялары мен 756- атқыштар полкі қатысты.

Белоруссия мен Батыс Украинаны азат ету жолындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін 30-ға жуық қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

КСРО-ның жау қолында қалған аударында соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ партизандар қозғалысы пайда болды, оған қазақстандықтар да қатысты. Ленинград облысында 220, Смоленск жерінде 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда 3000-дай қазақстандық болды.

Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 11600 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, олардың 497-сі қазақстандық, соның 97 қазақ. Ерекше ерлік көрсеткен 4 жауынгер: ұшқыш-штурмовиктер Т. Бигельдинов, Л. Беда, И. Павлов және ұшқыш-истребитель С. Луганский Кеңес Одағының Батыры атағын екі реттен алды.

Соғыс бітерге қарай сақталған барлық қазақстандық 12 дивизиялары күрметті атаққа ие болды, оның бесеуі бір орденге, төртеуі екі, екеуі үш орденге ие болды, бес дивизия гвардиялық атағын алды.

2.Соғыс басталғаннан бастап республиканың экономикасы әскери бағытқа көшірілді: бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады.

Қазақстанға соғыс жылдары 220 фабрика, зауыт, артель мен өнеркәсіп комбинаты көшіріліп әкелінді де іске қосылды. Олардың көпшілігі (54 зауыт пен фабрика) тамақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің кәсіпорындары болатын. Ал соғыс жағдайына байланысты олар өнімдердің бұрын шығарылған ескі түрлері емес, қару-жарақ пен оқ-дәрінің бірсыпыра жаңа түрлерін шығару жолға қойылды.

1941-1945 жж. республикада барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және жеке ондірістер салынды. Бұлардың қатарына көшіріп әкелінген, оның ішінде металл өндейтін және машина жасайтын зауыттар қосылды, олар миналар, снарядтар, бомбалар және басқа қарулар мен әскери техниканы шығарды.

Қазақстандықтардың майданға көмегі әсіресе 1942-1943 жж. күшейе түсті. Жүзден астам қорғаныс өнеркәсібі орындарының іске қосылуы Қазақстанның әскери-өнеркәсіп потенциалын көтерді. Қарағанды шахтерлері ерен еңбек етті. Төрт жыл ішінде олар 34 млн. тонна көмір шығарды, Орал-Ембі мұнайлы ауданының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 % арттырды. Республика мыс (35 %), қорғасын (85 %) өндірудегі жетекші орнын сақтап қалды. Жалпы алғанда республикада өнеркәсіп өндірісі соғыс жылдарында 37 % өсті. Бұл нәтижелерге еңбектегі үлкен ауыртпалыққа, жоқшылық пен қиыншылыққа қарамай қол жетті. Бірақ соғыс кезінде алда тұрған міндеттерді орындаудың басқа жолы мен әдістері шектелген болатын, сондықтан адамдар майданның талаптарын орындауда күшін де, мүмкіндіктерін де аяған жоқ.

Ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің еңбек жағдайы мен міндеттері күрт өзгерді. Егіншілер мен малшылардың еңбегі ұлан-ғайыр: 1942 ж. 84,3 млн. пұт астық дайындалып, дәнді дақылдардың түсімі орта есеппен әр гектардан 7,9 ц айналды, көптеген озат егіншілер одан да мол өнім өндірді. Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы озат тары өсіруші Ш. Берсиев тарының құрғақшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 ж. әр гектардан 175 ц, ал 1943 ж. 202 ц өнім жинады. Қызылордалық күріш өсірушілер Ы. Жақаев пен Ким Ман Сам күріштен мол өнім алды. Ы. Жақаев 1943 ж. әр гектардың өнімін 172 ц. жеткізді. Каскелен ауданы III Интернационал колхозының звено жетекшісі М. Мұхамедиева қызылшаның гектарынан 600 ц өнім алды.

Мал өсірушілер де күш-жігерін, білім-тәжірибесін аяған жоқ. Жезқазған ауданы Амангелді атындағы колхоздың шопаны Ж. Мұқашев жыл сайын 100 қойдан 180-ге дейін қозы алып, аман өсіріп келді.

Қазақстанның ауыл еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек парызын өтеді: олар 1941-1945 жж. майдан мен елге 5829 мың т. астық, 734 мың т. ет және басқа азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.

 

Негізгі әдебиет:

1. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

2. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. II том. Алматы, 1997.; III том. Алматы, 2002.

3. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

4. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

5. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алма-Ата, 1992.

6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 1997.

7. Маданов Х., Мусин Ч. Ұлы дала тарихы. Алматы, 1994.

Қосымша әдебиет:

1. Абишев Г. Казахстан в период Великой Отечественной войне. Алма-Ата, 1958.

2. Балақаев Т.Б., Алдажұманов Х.С. Қазақстан еңбекшілері – майданға. Алматы, 1985.

3. Белан П.С. Участие казахстанцев в завершающих сражениях Великой Отечественной войны (январь-май 1945 г.) Алма-Ата, 1992.

4. Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг. Сб. документов и материалов. Алма-Ата, 1975.

5. Казахстанцы – Герои Советского Союза. В 2-томах. Алма-Ата, 1975.

Бақылау сұрақтары:

1. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан қандай әскери бөлімдер жасақталып майданға жіберілді?

2. Ұлы Отан соғысы барысында еліміздің батыс аймақтарынан шығыс аймағына өндіріс орындарын ауыстырудың қажетті неліктен туындады?

3. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауды жеңудегі ауыл еңбеккерлерінің қандай рөлі болды?

13-тақырып. 1970-1980 жж. Қазақстан (2 сағат).

1. 1970-1980 жж. елдегі саяси жағдай және ұлтаралық қатынастар.

2. 1970-1980 жж. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы.

Дәрістің мақсаты:Қазақстанның әміршіл-әкімшіл жұйе тұсындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдап түсіндіріп, студенттердің білімін жетілдіру және тарихи тағылым алуға үйрету.

Негізгі терминдер: интернационализм, национализм, идеология, экстенсивті даму, интенсивті даму, «тоқырау» кезеңі.

1.1970-1980 жж. КСРО-ның халықаралық жағдайы нығая түсті, ол дүниежұзілік қуатты державаға айналды. Осы өзгерістердің бәрі Конституцияны өзгертудің қажеттігін туғызды. 1977 жылы 7 қазанда КСРО-ның Конституция қабылданды.

Міндеттері:

· коммунизмің материалдық-техникалық базасын жасау;

· социалистік қоғамдық қатынастарды жетілдіру және коммунистік қатынастарға айналдыру;

· коммунистік қоғам адамын тәрбиелеу.

Тоқырау жылдары әбден бюрократтанған партиялық-мемлекеттік өкімет органдары Конституцияның көптеген қағидаларын жүзеге асырмады, басшы кадрлар мен еңбекшілер арасындағы алшақтық барған сайын ұлғая түсті, ал басшы қайраткерлердің бұқарамен байланысы түрлі жиналыстардың, кеңестердің төрінде отыру арқылы ғана жүзеге асырылды. 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР-ның Жаңа Конституциясы бұрыңғысынша орталық Конституциясының көшірмесі еді. Одақтас республикалардың, соның ішінде Қазақстанның да қолында нақты билік болмады. Лауазымды кадрлардың бәрін Орталық (Мәскеу) бекітетін болатын.

Бүкіл елдің қоғамдық-саяси өмірінде Коммунистік партияның монополиясы бекітілді, ал кәсіподақ пен комсомол ұйымдары оңың қарабайыр орындаушыларына айналды.

Елдің саяси және экономика салаларында парақорлық, жершілдік, рушылдық, ал қоғамда – немқұрайдылық, маскүнемдік пен қылмыскерлік етек алды.

Саяси жүйеде, қоғамның идеологиясында бәз-баяғы догматизм мен антидемократиялық, шын мәнінде, адамға қарсы бағытталған әдістер – волюнтаризм, заңсыздық, екіжүзділік орнықты.

Жалған пролетарлық интернационализм туы астында, іс жүзінде одақтас республика халықтарының арасында орыстандыру саясаты жүргізілді. Орыс тілі халықтардың өзара түсінісу құралынан ресми мемлекеттік тілге айналды, ал мысалы, қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектелді.

Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе ұлттық интеллигенцияның арасында наразылық тұғызды. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.

1979 ж. жазда Ақмолада (Целиноград) болған оқиға ұлттық қатынастардағы қоза түскен қарама-қайшылықтық көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті.

Қазақстанда Неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 ж. көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданған болатын. Бұл Автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.

Автономия облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын тұғызды. 16-19 маусымда Ақмолада студенттердің және облыстың соғыс және еңбек ардагерлерінің демонстрациялары өтті. Олар облыстың басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Бүл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді. Алайда республиканың басшылары мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады.

Ақмола оқиғасының нәтижесі:

· қазақ халқының мүдделерін аяққа басудың көрінісі;

· орталықтың үлтаралық қатынасты жергілікті халықпен есептеспей, әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткендігінің дәлелі.

 

Кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тән белгілер:

· демократияны шектеу;

· еңбекшілерді меншік пен билікке жақындатпау;

· адамның жеке басын аяқасты ету;

· қоғамдық үйымдардың партиялық-мемлекеттік аппаратпен түтасуы;

· сөз бен іс арасындағы алшақтық.

2.1970-1980 жж. республиканың индустриялық потенциялы белгілі дәрежеде өсе түсті. Өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом жұмсалды. Осы жылдары 1000-дай өнеркәсіп орындары мен цехтар қатарға қосылды. Оның ішінде Қазақ газ өндеу зауыты, Шевченко пластмасса зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Қарағанды металлургия комбинатындағы ақ қаңылтыр цехі, Екібастұз және Ермак ГРЭС-лары, Қапшағай су-электрстанциясы, Шымкент және Жамбыл фосфор зауыттары болып табылады. 1975 жылға қарай барлық кәсіпорындар энергетикамен қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыштар өндіру – 1,8 есе, сары фосфор 2,5 есе өсіп, фосфор өнеркәсібі КСРО бойынша алдыңғы қатарға шықты. 1970-1985 жж. өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі – 2 есе, машина жасау, химия өнеркәсібі – 3 есе өсті.

Республиканың экономиканы басқаруды қатан орталықтандырудың жағдайында өнеркәсіптің құрылымы шикізат өндіруге бағытталған сипатын бұлжытпай сақтап қалды. 80-жж. басында республика өнеркәсібінде кен шығаратын салалардың үлесі орта есеппен алғанда елдегімен салыстырғанда 1,7 есе жоғары еді.

70-80-жж. республикада өңдейтін және қайта өңдейтін өндірісінің өсу қарқыны төмен болуына, халық түтынатын тауарлар, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өндірісінің дамуы жеткіліксіз болуына әкеп соқтырды. Нәтижесінде, халық тұтынатын азық-түлік емес тауарлардың 60 % шеттен әкелінді.

Директивалық жоспарлау република экономикасына арасан зор нүсқан келтірді. Нәтижесінде Арал теңізі проблемасы пайда болды:

· жер мен су қорын есепсіз пайдалану;

· мақта мен күріш дақылдарын өсіруге дара үстемдік беру.

 

Экономикалық саясаттың басты міндеті – халықтың әл-ауқатын көтеру деп есептеледі. 1970-1980 жж. елдегі адамдардың тұрмыс деңгейі жақсара бастады:

· жан басына шаққандағы нақты табыс – 2,6 есеге өсті (төменгі жалақы – 70 сомға жетті);

· ауыл тұрғындарының кепілді еңбек ақысы өсті (100-ден 210 сомға);

· 1970-1985 жж. 887,7 мың пәтер түрғызылып, 3 млн. астам адам пәтерлерге ие болды.

 

Дамыған капиталистік елдерден халықтын материалдық тұрмыс деңгейінің елеулі түрде артта қалушылығы күшейді. Бүкіл елде, соның ішінде республикада тұрмыс деңгейінің құлдырау себептері:

· әлеуметтік саланы дамытудағы қалдықты ұстанымның сақталуы;

· тауарлар сапасының төмендігі;

· ақы төлеудегі теңгермешілік;

· қоғамдық меншіктің өктемдігі.

 

Тұрмыс деңгейінің төмендеуінің зардаптары:

· еңбекке немқұрайлы қарау туындады;

· ұрлық, еңбек тәртібінің қүлдырауы, маскүнемдік жаппай құбылысқа айналды;

· тауар зәрулігі күшейді.

Сонымен, 1970-1980 жж. елде ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптасты.

 

Негізгі әдебиет:

1. Абылхожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Кадырбаев А.Ш., Султанов Т.И. Страна в сердце Евразии. Сюжеты по истории Казахстана. Алматы, 1998.

2. Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. II том. Алматы, 1997.; III том. Алматы, 2002.

3. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие/ Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин, И.В. Ерофеева, А.Н. Алексеенко, Г.С. Баратова. Алматы, 2001.

4. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / Н.Э. Масанов, Ж.Б. Абылхожин и др. Алматы, 2001.

5. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. Алма-Ата, 1992.

6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 1997.

7. Маданов Х., Мусин Ч. Ұлы дала тарихы. Алматы, 1994.

Қосымша әдебиет:

1. Жакупбеков С.К. История легкой промышленности Казахстана. Алма-Ата, 1985.

2. Қозыбаев М.Қ. Ақтандықтар ақиқаты. Алматы, 1992.

3. Қонаев Д.А. Өтті дәурен осылай. Алматы, 1992.

4. Кунаев Д.А. О моем времени. Алматы, 1992.

5. Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева. Алматы, 1994.

6. Назарбаев Н.А. Без правых и левых. Алма-Ата, 1991.

Бақылау сұрақтары:

1. 1970-1980 жж. әміршіл-әкімшіл жұйенің күшеюі қоғамның қандай салаларында басымдық танытты?

2. Қазақстанның халық шаруашылығының қандай салаларында қарама-қайшылықтар орын алды?

3. Қазақстанның экономикасы 1970-1980 жж. экстенсивті әлде интенсивті бағыттта дамыды ма?

4. Не себепті экстенсивті экономика экологиялық мәселелерді туғызды?

5. Республикада ұлт мәселеге байланысты қандай қиындықтар туындады?

5 Модуль. Тәуелсіз Қазақстан

14-тақырып. Қазақстан қайта құру және КСРО-ның ыдырауы кезеңінде (2 сағат).

1. Қайта құру саясатының негізгі кезеңдері.

2. Республикадағы қоғамдық қозғалыстардың белсенділігі және көппартиялық жүйенің қалыптасуы (1988-1991 жж.).

3. КСРО-ның ыдырауы және тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуы.

Дәрістің мақсаты:Қайта құру үрдісінің мәні мен маңызын оның республиканың қоғамдық-саяси өміріне тигізген ықпалын ашып көрсету, КСРО-ның құлдырауының себептері мен тағылымын талдап түсіндіру.

Негізгі терминдер:демократияландыру, альтернативтік сайлау, импичмент, интеграция, консолидация, мораторий, саяси плюрализм, азаматтық қоғам, популизм, ұлттық егеменділік.

1.1985 жылғы наурызда партия мен мемлекет басына М.С. Горбачев келді. Одан халық демократиялық тәртіп орнататын шығар деп күтті.

1985 ж. сәуірде партия қоғамды демократияландыру және оны жариялылық негізде қайта құруды жүзеге асыру үшін халық алдында жауапкершілікті өзіне алды: ғылыми-техникалық серпінділікті жеделдету арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұжырымдамасы жарияланды. Бұл стратегиялық бағыт 1986 жылғы 25 ақпан-6 наурызда өткен партияның XXVII съезінің құжаттары мен сонда қабылданған КОКП жаңа Бағдарламасында өзінің көрінісін тапты.

Қайта құруды жеделдету тұжырымдамасына сәйкес 1985-1987 жж. қазіргі заманның талабына сай алға басуға ұмтылыс жасалынды. Бірақ, М.С. Горбачев елдегі қоғамдық-саяси жүйені түбірімен қайта құрумен шұғылданудың орнына негізінен сыртқы саясатпен айналысты.

Осы кезде ел ішінде жариялылық негізінде сын айту бостандығы орын алды, түрлі қоғамдық қозғалыстар құрыла бастады.

Қайта құру саясатында бірнеше кезеңді анықтауға болады:

1-ші кезең – 1985 ж. сәуір айынан бастап – 1986 ж. желтоқсан айына дейін.

2-ші кезең – 1986 ж. желтоқсан айынан бастап – 1989 ж. маусым айына дейін.

3-ші кезең – 1989 ж. маусым айынан бастап – 19991 ж. желтоқсан айына дейін.

Қайта құру – тарихи процесс, ол әміршіл-әкімшіл жүйені жойды. Қайта құрудың жетістіктері мұнымен шектелмейді. Кеңес Одағының сыртқы саясатын жетілдіріп қана қоймай, оны батыл жаңғырту қажет болды. Ол үшін саяси жаңаша ойлау керек еді. Жаңаша ойлау саясаты жеңіске жетті: халықаралық шиеленіс бәсендей бастады, «қырғи қабақ соғыстың» күні аяқталды.

Қайта құрудан тапқан игілігіміз не дегенде алдымен айтарымыз – Кеңес Одағының ыдырауы, ал оның құрамындағы бұрынғы республикалар тәуелсіз мемлекеттер болды.

2.1980-1990 жж. Қазақстандағы қоғамдық өмірдің заңды құбылысы ретінде әлеуметтік-қоғамдық қозғалыстар пайда болды. Алғашқылардың қатарына экологиялық қозғалыс пен 1986 ж. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қоғамдағы қалыптасқан ахуал жатады.

1987 жылдың тамызында ең алғашқы қоғамдық-экологиялық ұйым «Инициатива» құрылды. Оның алдына қойған мақсаты жергілікті тұрғындардың соғысқа қарсы гуманды, бейбітшілік сүйгіш пікірлерінің өркендеуіне қолдау көрсету, қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен әділеттілік, жариялылық, демократиялық принциптерінің сақталуын қадағалау және осы қоғамдық ұйымдар мен енбек коллективтеріне, жекелеген азаматтарға құқықтық көмек пен информациялық және эксперттік ақыл-кенес беру. Кейінірек осы бірлестіктен басқа саяси ұйымдар бөлініп шықты. Мысалы «Жасыл майдан», «Невада-Семей» және «Арал, Балқаш экологиялық мәселелері жөніндегі қоғамдық ұйым» алдымен республикалық артынаң халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысқа ұласты. Экологиялық ұйымдар кейінен Жамбыл, Талдықорған, Өскемен қалаларында құрылды. Жұмысшылар қозғалысы де әлеуметті саяси күшке айналды. Әсіресе Қарағанды көмір бассейнінің кеншілерінің қимылы Кенес Одағының басқа өнірлеріндегі бас көтерулермен тұспа-тұс келді. Экономикалық талаптардан басталғаң қозғалыс біртіндеп саяси мәселеге айысты. 1989 жылдан Қарағанды облыстық жұмысшылар одағының мүшесі ретінде облыстық көтеріліс комитеті жүмыс істеді. Инфраструктураның дамымауы, өндіріс күштерінің дұрыс орналаспауы, жергілікті тұрғындарға жұмыс табылмаса да өзгелерді вахталық әдіспен жүмысқа тарту әдісі әлеуметтік-экономикалық саладағы кезек күттірмейтін мәселерді 1989 жылғы Жаңа Өзең оқиғасы ашық көрсетіп берді.


<== previous lecture | next lecture ==>
Доцент Кошкинбаев А.С. 6 page | Доцент Кошкинбаев А.С. 8 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 5.567 s.