Студопедия
rus | ua | other

Home Random lecture






Египеттіктер 8 page


Date: 2015-10-07; view: 957.


Ресейде туризмнің пайда болу уақыты туралы бірдей пікірге әлі де келген жоқ. Мүмкін оның дамуы ХVІІІ ғасырдың басына жатады.

Орыс мемлекетінде алғашқы саяхаттар танымдық, сауда, саяси және діни мақсаттармен байланысты болды. IX ғ. Княгиня Ольга Византияға барды. Тарихшы С.М. Соловьевтың айтуынша, саяхат жасаудың ең маңызды себептері «дүниенің кереметтерін көруге қызығушылық» болды, өйткені «Констонтинопольде кім болатын болса, сол көтеріліп өсу» престижі болды. Көне Русь ішіндегі де және одан тыс та (Константинополь, Астрахань мемлекеті, Византия, Ұлы Жібек жолы) өтетін көпестердің керуендерінің басқа жерге баруы ең ертедегі саяхаттарға жатты.

Русь жеріне христиандықпен бірге қажылық дәстүрі де келді. ХІІ ғ. басында игумен Даниил Констонтинополь мен Иерусалимге қажылық жасады (бұл саяхаттан кейін тарихқа Даниил-қажы деген атпен қалды). Ол өзінің көрген барлық көріністерін суреттеп жазды. Осылай діни суреттемелердің (сипаттамалар) – «хождения» бастамасын қалады. Бұндай саяхаттардың мақсаты діни бағытта басым болса да, олар үлкен танымдық потенциалда болды. Діни саяхаттардың әңгімелері, суреттемелері табиғат, мәдениет және әртүрлі елдер мен халықтар туралы мағлұматтарды қамтыды. Көпшілік халықтың толық сауатсыздығы кезінде патриархальдік Ресейде қажылықтың құндылығы әртүрлі білімнің көзі ретінде тіпті ХІХ ғ. дейін өзекті болып келді. Қажылыққа баратын негізгі жерлер Палестина, Иерусалим, Афон тауы болды. Орыс жерінен – Сергиев посад, Оптина пустынь, Коренная пустынь және елдің еуропалық бөлігіндегі басқа да монастырьлар.

ХVII ғ. соңында, Петр І басқаруынан бастап, орыс патриархальдық тұрмысына біртіндеп батыс мәдениетінің жаңа лептері ене бастаған кезден, білім алу мақсатымен, танымдық ой-өрісін кеңейту үшін шетелге бару саяхаттар тәжірибелене бастады. Патша Петр І өзі осыған үлгі көрсетті. Ол Ұлы мәскеулік елшілігінің құрамында Батыс Еуропа елдеріне саяхат жасады.

Петр І 1718 жылғы 12 ақпан айындағы жарлығы бойынша Ресейдегі өлкетанудың негізі қаланды. Бұл жарлықта барлық табылған заттар мен жаңадан ашылған жерлер туралы хабар беріп отыру керектігі айтылған. Көп ұзамай Петербургте алғаш өлкетану мұражайы ашылды. І Петрдің өзіде саяхат жасауды ұнатушы болған. 1696 – 1697 жылдары І Петр Еуропаға өзінің алғаш саяхатын жасаған. 1716 – 1717 жылдары І Петр Голландия, Германия және Францияға екі жылдық сапарын шекті. Патшалық Ресейде емдеу мекемелерінің алғаш даму кезеңі ХVIII ғ. келеді. Оның құрылысын 1713 жылы І Петр бастаған. Көне орыс курорттарына Кавказдың минералды сулар курорттары (Пятигорск, Кисловодск, Есентуки, Железноводск,т.б.) жатады. Бұларға 1803 жылы жалпы Ресейлік атақ берілген. ІІ Екатерина 1775 жылы Ресейге танымдық саяхаттардың дәуірін ашты. Князъ Григорий Потемкиннің ұсынысымен ІІ Екатерина уәзірлерімен шетелдік елшілермен империяның бүкіл батыс бөлігін кесіп өтіп, Днепр өзені бойымен жүзіп, салынып жатқан Херсон және Севостополь қалаларын көріп шықты. ХVІІІ ғасырдың өзінде – ақ шетелге саяхаттарды ұйымдастыруға алғашқы қадамдар жасала бастады. Жалпы зерттеулер бойынша ұйымдастырылған туризмнің басталуын 1777 жылға балайды. Бұл жылы шетелдік Вениамин Генш «Московские ведомости» газетіне өзінің «Бөтен елдерге жасалатын саяхаттың жоспары» атты басылымын шығарды. Бұл Ресейліктерді Батыс Еуропа елдеріне топтық саяхат жасауға алғашқы шақыру еді. Оны ұйымдастыруды В. Генш өз жауапкершілігіне алды. В. Генш өз дәуірінің білімді адамдарының қатарынан еді. Ол Еуропа мемлекеттеріне бірнеше рет саяхат жасап, оның маңызды танымдық құндылығын түсінген тұлға еді. Оның жоспарына сәйкес жас дворяндар тобының неміс, италия, француз университеттерінің біріне сапар жасауы қарастырылған.

Маршрут бойынша, ары қарай Швейцария, Италия, Франция елдерінің өнері және фабрика ісімен танысу үшін сапар жасалатын болды. Бұндай саяхаттардың жағдайлары арнайы келісім шартта анықталды. ХVІІІ ғасырда Петербург пен Мәскеу бойынша алғаш жол көрсеткіштер пайда болды. Ал ХІХ ғасырда Ресейдің басқа да ірі қалалары бойынша және Еуропа астаналары бойынша жол көрсеткіштер шықты. 1888 жылдан бастап жолкөрсеткіштерді шығаруға арналған арнайы баспалар ашыла бастады. ХІХ ғасырдың басынын бастап экскурсиялар, жорықтар, саяхаттар мектепте арнайы және жоғары білім алуда оқытудың тәсілі ретінде қолдана бастады. Ресейде ең алғаш туристік ұйымдар Кавказда құрылды. Себебі, Кавказға көне дәуірдің өзінде – ақ саяхатшылар көптеп келуші еді. Оларды тартатындар порттық қалалар еді. Олар мынадай теңіз жағалауының қалалары: Батус (Батуми), Фазис (Поти), Гионос (Очамчира), Питнус (Пицунда), Григлиф (Гагра), Бата (Новороссийск), Горгиппия (Анапа), Диоскурия (Сухуми), және т.т. Ең көп басқарылатыны Фазис пен Диоскурия болды.

1877 жылы Тифлисте Кавказ жаратылыстану қоғамы жанынан Ресейде алғаш рет Альпілік клуб ашылды. Бұл клубтың белсенді мүшесі әйгілі Кавказ зерттеушісі А. В. Пастухов болды.

1878 жылы Альпілік Кавказдық клубпен табиғатты ұнатушылардың қоғамы құрылды. 1888 жылы Тифлисте ең алғаш рет Кавказ бойынша жолкөрсеткіш жасалынды. Оны құрастырушы Е.Вейденбаун болды. Ол Кавказ өлкесінің толық сипаттамасын жасап, 9 маршрут бойынша басты қоныстану пунктерінің, қонақүйлердің, табиғи және тарихи ескерткіштердің сипаттамасын құрған. Бұл кезеңде Ресейде алғаш туристік фирмалар пайда болды. Мысалы, 1885 жылы Петербургте Леопольд Липсонның кәсіпорыны ашылды. ХІХ ғасырдың соңында ресейліктер арасында екінші таулы аймақ Қырым әйгілі бола бастайды. 1880 жылдың соңында Ялтада «Табиғат, таулы туризм және Қырым тауларын ұнатушылардың үйірмесі» ашылды.

1890 жылдың 25 қаңтарында Қырым тау клубы құрылды. Емдік туризммен қатар, ХІХ ғасырда Ресейде Тау туризімінің ролі көтеріле бастады. 1890 жылы Одессада Қырым тау клубы құрылып, кейіннен Қырым-Кавказ тау клубы деп аталынды.

Сонымен, ағартушылық кезеңдегі туризм келесі бағыттарда дамыған:

1. Қажылық саяхаттар; Емдік және сауықтыру мақсатындағы сапарлар;Танымдық сипаттағы жеке саяхаттар;Экскурсия сипатындағы саяхаттар;

7.2 ХІХ соңы мен ХХ басындағы Ресей империясындағы қоғамдық туристік ұйымдардың құрылымы

ХІХ ғасырдың аяғына қарай ресейліктер арасында Қырымның таулары ерекше қызығушылық тудырды. Бұл қызығушылық 1890 жылдың 25 қаңтарында Одессада Қырым тау клубының құрылуына әкеліп тіреді. Ішкі істер министрлігі бекіткен клуб жарғысында алдарына төмендегідей міндеттерді қоятынын баяндады:

1) Қырым тауларына ғылыми зерттеулер жүргізіп, ол жөнінде жиналған мәліметтерді тарату;

2) Тауларға ғылыми немесе өнерлік мақсаттармен келетін жаратылыстанушылар мен суретшілердің тауларға келуін, оларды зерттеуін қолдау;

3) Жергілікті ауыл шаруашылық салаларын, бағбандықты және ұсақ тау өнеркәсіптерін қолдау;

4) Тауда сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау.

Қырымның тау клубы бірінші жылдан-ақ геология, география, флора, фауна, этнография, археология, тарих жөнінде мәліметтер жинап, ол материалдарды баспа бетінде жариялап, Қырымды Ресейдің турисгік ауданы ретінде насихаттауды міндет етіп қойды. 1891 жылы «Қырым тау клубының» алғашқы саны жарық көріп, бұл тұрақты басылым 25 жыл бойы жарияланып тұрды.

Клубтың даңқы жылдан-жылға арта түсіп, олардың экскурсиялық белсенді іс-әрекеті Ресейдің басқа қалаларында клубтың жаңа бөлімшелерінің ашылуына жетеледі. Клуб бөлімшелерінің негізгі іс-әрекеті экскурсиялар ұйымдастыру болды.

1895 жылдың 15 сәуірінде Петербургте Велосипедист туристер қоғамының құрылтай жиналысы болды. Құрылтайдың 27 мүшесі қоғамның іс-әрекетін басқаратын комитет сайлап, комитет қоғамның іс-әрекетінің бағдарламасын жасаумен шұғылданды. Велосипедист туристер бірлестіктерінің пайда болуының негізгі себебі XIX ғасырдың аяғына қарай Ресейде екі дөңгелікті велосипедтердің кең таралуы болса, велосипед ол кездегі дәулетті адамдардың серуеніне ғана қызмет етіп қойған жоқ, көптеген адамдардың қала сыртына ұзап шығып сейіл құруына ыңғайлы құрал бола бастады.

Ресейде велосипедистер коғамының дамуы жайлы деректер Ресейде XIX ғасырдың аяғын ала шыққан журналдарда көптеп кездеседі. Оған Москвадан жарық көріп тұрған «Циклист», «Велосипедист», Петербургтегі «Самокат» журналдарын атауға болады. Ресейдегі велосипедист туристер қоғамының (батыстан ауысқан атауы — «Русский туринг-клуб») — негізгі мақсаты — «жалпы алғанда - туризмнің, жекелей алғанда - велосипед туризмінің дамуына көмектесу» болды.

Ресейдің велосипедист туристер қоғамының (кейінен Ресейдің туристер қоғамы) құрамы қоғамның толық және қоғамның өмірлік мүшелерінен құралды. Қоғамға кіру үшін қоғамның екі мүшесінің ұсынысы болу керек те, қабылдануға дейін қоғамның жалпы жиналысына үміткер болып қатысу керек еді. Қоғамның толық мүшесінің мүшелік жарнасы 2 сом болды. Жылдың мүшелік жарнасы да осы сомаға тең еді. Ал қоғамның өмірлік мүшесі болу үшін кассаға бірден 50 сомнан кем емес ақша төлесе болғаны. Қоғамның құрметті мүшелігіне қоғамның жалпы жиналысында қоғам алдында сіңірген еңбегі бар адамды сайлады. Қоғам 1899 жылдың қаңтарынан бастап «Русский турист» деген ай сайын шығып тұратын журналды жариялап тұрды.

Түйіндей келгенде, Ресейдің тау клубы, қоғамдары және ресейлік туристік қоғамы Ресейдегі туристік қозғалыстардың ірге тасын қаласты, елде көптеген экскурсиялар мен саяхаттар ұйымдастырды. XX ғасырдың басына қарай елдің түрлі тұрмыстық деңгейдегі азаматтарының экскурсияға деген қызығушылығы кейбір қоғамдардың жанынан экскурсиялық комиссия, бюро және комитеттердің құрылуына түрткі болды. Олар жекелеген экскурсиялық топтарға, экскурсанттарға астанамен, губерниялық қалалармен таныстыруда өз қолғабыстарын көрсетті. Түрлі қоғамдар экскурсиялар ұйымдастырумен қатар, жеке туристік конторлар арқылы Ресейде, шет елдерде экскурсия өткізудің басқа да кәсіпкерлік қызметтерін ұсынды. Көрсетілетін қызметтердің арзандығы елдің көп бөлігін қамтыды, сондықтан да экскурсантгар саны көбейді. Экскурсиялық қызмет көрсетуге көліктің, тұрғын орынның, тамақтың және мұражайларды қызықтаудың төлемдерінің бірі кірді. 1910-1915-жылдарда экскурсиялық комиссиялар мен қоғамның түрлі бюроларының саны күрт өсіп, 1915 жылдың аяғына карай Ресейде 100-ге тарта ұйымдар болды.

7.3 ХІХ соңы мен ХХ басындағы Рессейліктердің Жер шарын айналған алғашқы туристік саяхаттары

XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында Ресейдің мектеп, гимназия, коммерциялық училище, кадет корпусы секілді оқу орындарының озық ойлы педагогтары туризм мен экскурсиялық іске ерекше көңіл бөле бастады. Олар экскурсия арқылы ресейлік классикалық оқу жүйесіндегі негізінен теориялық сипат алған оқуынан біршама өзгертуге болатын мүмкіншілік байқап, жаратылыстану пәндерін оқытуды жақсартып, оқушыларды табиғатты жақындатуға болатынын дер кезінде түсіне білді.

Экскурсия бірқатар Ресей оқу орындарының бағдарламаларында оқытуға енгізіліп, білімденудің тиімді формасына және патриоттық тәрбиенің маңызды құралына айналды. Оған Екатеринодар, Симферополь, Қазан, Екатеринослав жәнет.б. қалалардағы гимназиялар мен училищелер жатады. Бесінші Киев гимназиясындағы жазғы экскурсиялар кемі бір айдан астам уақыт өткізілетін болған. 1897 жылы Житомир гимназиясының 17 оқушысы Европаның Вена, Мюнхен, Цюрих, Милан, Генуя, Флоренция, Венеция қалаларын аралады.

Тіпті Сумның реальный училищесінде «Отанмен таныстыру үшін Сум реальный училищесінің оқушыларына саяхат ұйымдастыру қоғамы» деген ұйым жұмыс істеді. Олардың жарғысында «оқушыларға саяхат арқылы өз Отанымен танысуға мүмкіндік беру, осы арқылы оқушылардың өздерін қоршаған ортаға ғылыми қызығушылығын дамыту, табиғат әсемдігін түйсіну арқылы моральдық және эстетикалық сезімдерін өсіру» деген мақсаттарды діттегендігі айтылады. Олардың алғашқы туристік сапары Кавказға және Финляндияға болды.

Экскурсиялық іс-әрекеттің кеңеюіне әсер еткен тағы бір нәрсе ол халық ағарту министрінің 1900 жылғы 2 тамыздағы циркуляры еді. Онда оқушылардың жазғы каникул кезіндегі жұмыс істеуін доғартып, оның орнына оқушылардың каникулы кезінде сауықтыру сейілдері мен саяхаттарды ұйымдастыру ұсынылды.

1898 жылы көктемде Петербург жөне Москваның географтар тобы мен альпинизм әуесқойлары бірігіп Орыс тау қоғамының жарғысының жобасын ұсынды. Дегенмен де ішкі істер министрлігінің сөз бұйдаға салуының кесірінен Қоғам мүшелерінің құрылтай жиналысы 1901 жылдың 23 сәуірінде ғана Политехникалық мұражайда болды.

Қоғамның төрағасы болып Александр Карлович фон Мекк сайланды, ол бұған дейін әлемнің көптеген таулы аудандарын аралап шықты, оның ішінде Кавказ таулары да бар. Монблан шыңына көтерілді. А. К. фон Мекк Ресей тауларының әлемдік жағынан Батыс Европа тауларынан еш кемдігі жоқ екендігіне сенімді болды, сапар саяхат үшін мол мүмкіндіктері бар екенін баяндады. Ол осы мақсатпен Ресейде тау қоғамен ұйымдастырып, Европа мемлекеттерінде альпинистік клубтар ашты. Қоғам жарғысында негізгі міндеттер ретінде тауларды зерттеп, ол туралы мәліметтерді тарату арқылы тау табиғатына экскурсиялар мен саяхаттарды іске асыруды жеңілдетуді көздеді.

XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың аяғында Ресей өкілдері алғашқы жер шарын айналып шығу туристік саяхатын жасады.

1894 жылдың 15 тамызында Минск губерниясының тұрғыны К.К. Ренгартен өз досы Н. Грейнерт екеуі 10 жыл дайындалған әлемді жаяу айналып шығу саяхатын бастады. Маршрутарының бірінші бөлігі Рига қаласынан Двинек, Витебек, Смоленск, Орша, Орел, Дондағы Ростов, Тифлис және Арарат таулары арқылы Ресей шекарасын кесіп өту еді. Грейнерт саяхат қиындықтарына төтеп бере алмай, Ригадан қайтып оралып, Ренгартеннің өзі жалғыз кетті.

Рингартен Каспий теңізінің оңтүстігімен айналып, Ресей шекарасын тағы кесіп өтіп, Орта Азия мен Қазақстан арқылы түркімендер мен кырғыздардың керуендерімен Томбыға келді. Одан кейінгі Байкалға дейін Гоби шөлі, солтүстік Қытай, одан соң пароходпен Жапонияға, АҚШ-қа, Францияға барып, жаяу Германия арқылы Ригаға жетгі Ренгартеннің саяхаты 26 877 шақырымға созылып, 4 жыл 1 ай 12 күн жүрді.

Харбин қаласының сағат шебері А.П. Панкратов өзінің Варанников, Сорокин деген достарымен 1911 жылдың 10 тамызында велосипедпен жер шарын айналу саяхатына аттанды. Панкратовтың достары да жол қиындығына Читаға дейін шыдап, Харбинге қайта оралды. Панкратов Петербургке дейін жетіп, Германияға, Швейцарияға барды. Ол солтүстік Италияға Фука қарлы асуын 2500 м биіктіктегі қысқы климатта асып өтті. Бұның өзі әлемдік жетістік еді. Одан әрі Панкратов Грецияны, Болгарияны, Испанияны, Францияны және т.б. мемлекеттерді аралады. Пароходпен АҚШ-қа барып, Нью-Иорктен Сан-Францискоға дейін жүріп өтіп, Тынық мұхитқа жетті. Одан пароходпен Жапонияға, Қытайға келіп, Панкратов 1913 жылдың 28 шілдесінде Харбинге аман-есен жетіп, өзінің алғашқы велосипедпен жер шарын айналу саяхатын аяқтады. Ол екі жылға жуық мерзім ішінде 50 мыңға тарта шақырым жолды жүріп өтгі. Циклистердің халықаралық ассоциациясы конгресінің сол замандағы велосипедистерге арналған жоғарғы марапаты - Бриллиант жұлдыздын, алтын медальды құрметті лентаны мойнына тақты. Панкратов I дүниежүзілік соғыс кезінде әскери ұшқыш, офицер және Георгий медальдарының толық иегері болды. 1916 жылы ІІанкратов 4 неміс самолетімен жалғыз өзі шайқасып, Двинск жерінде қаза тапты.

Осы заманда Ресейде алғашқы туристік фирмалар пайда болды. 1885 жылы Петербургте Л.Липсонның мекемесі ашылды. Фирма өзінің жарнамалық хабарландыруларында туристерді саяхат кезінді ескерткішті жерлермен таныстырып, олардың жаны мен тәніне жағымды жағдай жасайтынын, жол серіктермен, аудармашылармен, аспаздармен, мініс көліктерімен және түнемеге жатын орындармен қамтамасыз етуге уәде береді.1895 жылы Ресей жерінде Қырым-Кавказ тау клубының Ялта экскурсияның бюросы құрылды.

8-дәріс. КСРО-дағы (1917-1991ж) туризмнің даму тарихы

8.1 Бұрынғы КСРО дағы туризмнің дамуының кәсіпкерлік кезеңіндегі (1890 – 1927 жж.) туризмнің даму ерекшеліктері

8.2 КСРО-дағы 1917-1927 жж аралығындағы туризм мен экскурсиялардың дамуы мен қалыптсу тарихы

8.3 Бұрынғы КСРО дағы туризмнің дамуының орталықтанған ұйымдастыру кезеңндегі (1927 – 1960 жж. соңына дейін) туризм мен демалыстың даму ерекшеліктері

8.4 Әкімшілік – нормативті (1970 – 1990 жж.) және өтпелі кезең (1990 жылдан бастап) туризмнің даму ерекшеліктері.

ХІХ ғасыр соңында және ХХ ғасыр басында Ресейде алғашқы туристік ұйымдар құрылып, Кавказ-Қырым тауларымен танысу және оларды зерттеудің басы ашылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейде бірқатар туристік және экспедициялық ұйымдар пайда болды. 1895 жылы Орыс туринг-клубы құрылды. Бұл клубтың пайда болу себебі, ХІХ ғасыр соңында кең тараған екі дөңгелекті велосипедтер болды. Велосипедтер сол кезеңде қозғалудың жайлы құралына айналып, қала сырты серуендер үшін жиі пайдаланылды. Біртіндеп Орыс туринг-клубы ресейлік туристердің қоғамына айналды. Оның іс-әрекеті бөлімшелер арқылы Ресейдің көптеген аймақтарына жетіп отырды. Қоғамның мақсаты жалпы туризмнің және велосипед туризмнің дамуына көмектесу еді. Орыс туринг-клубы өзінің гүлдену жылдарында 5000 адамның басын қосты. Осылайша, Ресейдің тау қоғамы және туристер қоғамы құрылды. Петербургте, Мәскеуде, Владикавказда, Пятигорскте, Сочиде, Верныйда Ресейлік туристер қоғамының бөлімшесі ашылды. Оны құрушылар әйгілі ғалымдар Д.Н. Анучин, В.И. Вернадский, П.П. Семенов-Тянь-Шанский болды. 1900 жылы Санк-Петербургте құрылған Орыс тау қоғамы Ресейде туризмді насихаттау мен дамытуға септігін тигізе отырып, туристік приюттерді құрды, маршруттарды әзірледі. 1901 жылы Мәскеуде Орыс тау қоғамы ашылып, оның бөлімшелері Владикавказға, Пятигорскте, Сочиде ашылды. Қоғамның мақсаты таулы жерлердегі саяхаттарды дамыту болды. 1902 жылы Кавказдың Қара теңіз жағалауында, Сочиде Кавказ тау клубының бөлімшесі жұмыс істей бастады. Бұл кезеңде велосипедпен алғаш жерді айналып өту саяхатын Анисим Панкратов жүріп өткен. Оның саяхаты 1911 жылдың 30 желтоқсанынан 1913 жылдың 28 маусымына дейін жалғасқан. Ал 1894-1898 жж. алғаш жаяу жерді айналып өту саяхатын Ренгартен жүзеге асырған. Кейбір мекемелерге қала сыртында туристік жорықтарды өткізуге міндетті бөлімшелер ашылды. Олардың алғашқыларының бірі - Наркомпрос болды. Ол өз жұмысын 1917 жылы қараша айында бастады. Оны Н. Крупская басқарды.

Кеңестік Ресей кезеңінде туризмің дамуына үлкен әсерін тигізген Лениннің өзі қол қойған декреттері болды. Мысалы, сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізу, төленетін демалыстар. 1919 жылы наурызда Ленин «Жалпы мемелекеттік маңызы бар орындар туралы» декретке қол қойды. Бұл емдік туризм мен шипалы бұлақтарға ұйымдастырған сапарлардың дамуына септігін тигізді. 1920 жылы Наркомпрос жанынан бірлескен экспедициялық бюро ашылды. Оның мақсаты пролетарлық туризм мен экспедицияларды кеңінен насихаттау еді. Наркомпростың тек бір экспедициялық секциясы 1927 жылы ай сайын 400-ден астам топтық экспедиция өткізіп отырды. 1923 жылы Наркомпрос және мектептен тыс әдістерінің институты туристік топтың оқытушы топ жүргізушілерін оқытты. Білім беру жүйесінің басқа қаладағы жұмысшыларына он күндік семинарлар өткізіп тұрды. Наркомпростың Орталық үйіндегі экспедициялық үйірме мен семинарларда, оның Мәскеудегі аудандық үйлерінде мұғалімдер мен комсомол белсенділері білімдерін арттырды. Олар кеңестік туризмдегі ең бірінші қатардағы кәсіби кадрлар болып саналды.

1918-1920 жж. жорықтар мен сапарлар Мәскеу мен Петроградта губернияның ішінде болса, 1921-1924 жылы туристік сапарлар сыртқы аудандарға шегіне бастады. Кәсіби одақтар мен Наркомпрос 1924-1926 жж. елдегі туристік экспедициялық жұмыстың жетекшісіне айналды. ВЛКСМ туризм бюроларын комсомолдық комитеттер жанынан ашты. Осындай туризм бюросы 1926 жылы құрылды. Бюроның мақсаты жергілікті бұқаралық саяхаттың қоғамына көмектесу, анықтамалық, нұсқаушылық жұмыстарды жүргізу болды. Бұл бюрода мынандай секциялар құрылды: өлкетану, лагерлік, ұзақ уақытты туризм бойынша, қала маңындағы саяхаттар. 1927 жылы бұқаралық туризмнің орталық бюросы алғаш рет еңбекшілерге елдің 6 аймағы бойынша 39 маршрут ұсыну арқылы туризм мен экспедицияның географиясын кеңейте түсті. Бұл мынадай аймақтар: Солтүстік-батыс, Орталық өнеркәсіп, Орта Волгалық, Уралдық, Қырым, Кавказ. 1925 жылы пионер лагерінің ішіндегі ең әйгілісі Артек құрылды.

8.2 КСРО-дағы туризм мен экскурсиялар. 1917-1927 жж. туристік-экскурсиялық жұмыс

Ғылыми әдебиеттерде КСРО-да туризмнің дамуының бірнеше кезеңдері бөліп көрсетіледі. Бірінші (1917-1936) кезең әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың құрылуымен, экскурсиялық және туристік қозғалыстың пайда болуы және ұйымдастырушылық қалыптасуымен сипатталады. Халық шаруашылығын қайта құру мен қалпына келтіру жағдайында еңбекшілердің жаппай демалысын белсендіруге, мәдени құндылықтар мен отан табиғатын зерттеудегі олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған пролетарлық туризмнің алғашқы мекемелері құрылады. Халықаралық туризм шеңберінде мынадай міндеттер қойылады, яғни КСРО серіктері мен шетелдегі прогрессивті қозғалыс өкілдеріне КСРО-дағы социалистік құрылыс желісімен танысуға мүмкіндік беру, және де кеңестік еңбекшілердің шетелге саяхаттары көлемін кеңейту болды.

1918 ж. 12 сәуірінде В.И. Ленин «Патшалар мен олардың қызметтері құрметіне қойылған ескерткіштерді алу және Ресей социалистік революциясының ескерткіштері жобасын әзірлеу туралы» декретке қол қойды. Кремльде атақты ойшылдар мен революционерлердің аттары мәңгілікке жазылған мемориал құрылады. Мәскеуде, Петроградта және басқа қалаларда халық билігі үшін күрескен күрескерлердің құрметіне ескерткіштердің, мемориальді тақталардың құрылысы басталды. Бұл пролетарлық символиканың алғашқы объектісі жаңа революциялық, көрмелік экскурсиялар мен туристік іс-шаралардың да объектісі болды.


<== previous lecture | next lecture ==>
Египеттіктер 7 page | Египеттіктер 9 page
lektsiopedia.org - 2013 год. | Page generation: 0.669 s.